ТІЛІНЕН АЙЫРЫЛҒАН ЖҰРТ – ЖОЙЫЛҒАН ЖҰРТ

ТІЛІНЕН АЙЫРЫЛҒАН ЖҰРТ – ЖОЙЫЛҒАН ЖҰРТ

Халықтың мұң-мұқтажы, елдік мұрат, ұрпақ тәрбиесі, мемлекеттік идея деп сонау балғын жас шағынан-ақ жан аямай шырылдап, шаршы топ алдында жүрген қазақтың ардақты қыздарының бірі белгілі педагог-журналист Сайраш Әбішқызын қалың қауымы да лайықты бағалайды. Бұл ретте оқырман назарына көрнекті қайраткердің сонау 1990 жылдардан бері әр ортада айтқан кейбір ой-толғауы ұсынылып отыр. 

Жауырды жаба тоқығаннан не ұтамыз?

Енді мектеп ісіндегі қайта құруды дәл осы тұстан, қазақ, орыс мектептері жағдайын ашып-жарып, бөле зерттеуден бастау керек. Бұл орайда Қостанай қаласында өткен республикалық ғылыми-практикалық конференция жасқаншақтау болса да, осы бағытта жасалған алғашқы қадам болды. Соңғы уақытқа дейін мұндай салиқалы жиындарда қазақ мектебінің қағажу көріп келгені жасырын емес. 

Алысқа бармай-ақ қояйық. Өткен 1989 жылы 3-4 қазанда Өскемен қаласында республикалық педагогикалық қоғам кеңесінің көшпелі пленумы жұмысы барысында қазақ мектебі туралы бір ауыз сөз ести алмай, қынжылып қайтқанымыз бар. Пленум күн тәртібінен осы қаладағы Жамбыл атындағы қазақ мектеп-интернатының жаңашыл ұстазы Қанипа Бітібаеваның іс-тәжірибесі көрнекті орын алатынына күмәніміз болған жоқ. Амал нешік, пленум жұмысына бұл ұстаз тіпті шақырылмапты да.

...Қостанай қаласында өткен конференцияның бірінші күні жоспарланған шараларға сәйкес біз Боровской ауданы «Каменск-Уральск» совхозының ылғи қазақтар тұратын Шиелі бөлімшесінде болдық. Бөлімшедегі 3 сыныпты шағын кешенді мектеп жағдайымен таныстық. Бұл мектепте шәкірттер 6 жастан бастап оқиды. Үш сыныпты бітіргеннен кейін 9-10 жасар бүлдіршіндердің оқуын одан әрі жалғастыру жолындағы қиямет-қайым сандалысы басталады. 

Жан-жақтағы совхоздардағы мектептерге тарап кетеді. Бірі – интернатта, бірі – ағайын-туыс қолында тұрып оқиды. Жауырды жаба тоқымай ашығын айтсақ, бұл қазақтың ұл-қыздарының дамуын тежеу емей немене?!

...Бөлімше тұрғындарының өз ауылдарында шағын кешенді орталау мектеп ашуға көмек сұрай, жарыса айтқан тілектерін қағаз бетіне түсіріп газетте жарық көргенінше кейінге қалдыруға шыдамай, конференция мінберінен көпшілік назарына салдық. Қостанай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Князевтің шиеліліктерге көмектесетіні жөнінде уәдесін де естідік.

...Орыс тілінде оқып жүрген балалар ата-аналарының ырқымен ұлттың мәдениеттен, ана тілінен алыстап, рухани жартыкеш хал кешуде. Олар қандай білімді, тәрбиелі болса да, өз ұлтына жат адамдар, оның жақсысы үшін жүрекжарды қуана алмайды, ән-күйіне тұшына алмайды, мәдениеті мен әдебиетін білмейді. Рухани кемістік деген осы да.

...СССР Педагогика ғылымы академиясының жаңа президенті, орыс тілін шетелдіктерге оқыту әдістемесінің аса ірі маманы, академик В.Г.Костомаров Алматыға келген сапарында «Вечерняя Алматы» газетінің (14.07.1990 ж.) тілшісіне берген сұхбатында: «Адамның бір-ақ ана тілі бар. Оны екінші тілден үйренуден бұрын меңгеру өте маңызды. Ана тілін жақсы білу – орыс тілін жете меңгерудің алғышарты» деді. Бұдан ана тілінің жас ұрпақтың интеллектуалды дамуының толыққандылығының алғышарты екенін түсіну қиын емес. 

***

Аты-жөнді қазақшалауды мектептен бастайық. 

Ойланып көрелікші. Санамызға әбден сіңісті болған жат жұрттық «..ов-ев, ова-ева-евна, ин-ина-инч...» жұрнақтарының беріктігі сондай, көпшілігіміз, иә, көпшілігіміз, қазаң бола тұра, әр түрлі сылтау, желеуді демеу ғып, тегімізді, аты-жөнімізді «қазақ дәстүрімен қазақша жазбай-ақ жүре бермейміз бе» деген салғырт пиғыл құрығында келеміз. Сөйтіп, біреуіміз ата-баба, әке есімдеріне жабысқан орыс жұрнақтарын қимай, тосылып жүрміз. 

Тағы біреуіміз ата-баба, әке есіміне «тегі», «әулеті» сөздерін қосарлап, ал кейбіреуіміз руымызды, әйтпесе жер атауын қосақтап, ұлттың ортақ мәселеде бір мәмілеге келе алмай, әр жаққа тартып, қожырап тұрмыз. 

Бұл – бүгінгі қазақ ұлты үлкендерінің – зиялы қауым өкілдерінің қазіргі қоғам шарайнасындағы ілгерілеуінің іркілісі көп, жалпы жұртқа түсініксіз, мақсат-мансұғы беймағлұм таласты тірлігінің бір көрінісі.

***

 Қазақ елінде қанша халық бар?

Совет идеологияның санамызға батпандап сіңіп қалған кесірінен кейде өз ұлтымызды өз жерімізде, өз елімізде отырып, этникалық топтар қатарына қосып, жеке мемлекет болғанымызды естен шығарып алатынымыз рас. 

Бұл – империялық дәуірде орыс халқын кеңестік басқа қай ұлттан болсын жоғары қоятын идеология шырмауынан шыға алмай жүргеніміздің бір көрінісі.

***

Қазақтың баласы мектепте қазақша оқысын!

Заң жүзінде ана тіліміз мемлекеттік тіл болса да, өмірде адымын жаза алмай келе жатқаны ақиқат. Неге? 

Ана тілін ардақтауға үндейтін ұлылар не дейді? Ұлы ойшыл Гегель: «Білімділіктің ең басты факторы туған тілінде сөйлеу мен оны сыйлаудан басталады» дейді. Неміс ойшылы Хайдеггер: «Тіл – адамның үйі, баспанасы» депті. «Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт... Ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, ол – күйініш. Ана тілін біліп тұрып, бөтенше сөйлеу – бұл сүйініш» дейді Халел Досмұхамедұлы. «Тәрбие басы – тіл» дейді Махмұт Қашқари. 

Ерікті ел болғанымызға он жылға аяқ басты. Жылма-жыл мектеп түлектері лек-легімен үлкен өмірге сол баяғы «ов, ев, ова, ева» деген орыс кепештерімен аттанып жатыр. 

***

Шаңырақ туралы ой. 

Әкелер жөнінде айтатын болсақ, өзіме бұрынғы әкелер өте беделді болған сияқты ңөрінеді. Өзімнің әкеме, басқа да әкелерге қарайтын болсам, олар отбасында, шын мәнінде, «отағасы» деген атқа лайық болған адамдар. Ал бұлай болуы көп жағдайда әйел адамға, яғни ерлердің зайыбына да байланысты. Тіпті отбасында өсіп жатқан балалардың да әкені сыйлап өсуі аналарға байланысты. Балалардың әкені сыйлап өсуі болашақта адам ретінде қалыптасуы үшін өте қажет. Ұл баланың әке ретінде ертең өзін ұстай білуі, қыз баланың ертең өзінің жұбайын сыйлай білуі әкені сыйлаудан басталады дер едім. 

***

Жақсылардың жақсысы. 

Күләш Бейсенбіқызының зерделі ойшыл, адамның жан дүниесіне үңілетін, ізгілік, жақсылық сезінсе, жас баладай куанатын, сол қуанышымен елмен, жұртпен бөлісуге асығатын асыл қасиеті қаламынан туған мақала-очерктерінен айқын аңғарылып тұрады. Роза Бағланова, Ғазиза Жұбанова, Бибігүл Төлегенова, Нүкетай Мышпаева, Кәмшат Дөненбаева, Роза Рымбаева, Нұржамал Оралбаева, Зайда Ақышева, Розалия Елешева, Зылиқа Тамшыбаева, Мария Аябаева сияқты өнерде, ғылымда, халық шаруашылығының түрлі салаларында ерен еңбектің, ерліктің таңғажайып үлгілерін көрсетіп, абырой асқарына жеткен халқымыздың аяулы қыздары туралы Күләш апайдың қаламымен өрілген небір тамаша туындылар – қайталанбас шыншыл, шебер дүниелер.

Менің зердеме өшпестей болып жазылып қалған бір көрініс – мұның айқын дәлелі. «Совмин» емханасы дәлізінде орындықта отырған Роза апай (Бағланова) менің алдымда сәл оза келе жатқан Күләш апайға бұрылып, қадала қарап, орнынан асығыс көтерілді де, еркелей сөйлейтін әдетімен: «Айналайын, Күләш, көп рахмет, жаным. Мен туралы көп жазылды. Бірақ өзіңнің жазғаның маған ерекше ұнады» деп, ол кісі қозғала бастағаннан-ақ сәлем беріп, тұрып қалған Күләш апайдың қолынан ұстап, ыстық құшағына алып, ерекше ризашылығын қайта-қайта айтып, «жаз, жаз, өзің сияқты жақсы адамдар көп жазуы керек» деген тілегін білдіріп, қимастық көңілмен қолын босатып, жылы қош айтты. Қас-қағым сәтте осындай толғанысты кездесудің куәсі болудың өзі мен үшін үлкен ғанибетті сәт еді. 

***

Ұстаз ұлағаты. 

Жетпісінші жылдардың орта шенінде «Социалистік Қазақстан» газетінің арнаулы беттері жарық көре бастады. Қыз-келіншектерге, аналарға арналған апталық бетін жүргізу, ұйымдастыру жауапкершілігі маған тапсырылды. 

Бұл – мен үшін университеттің соңғы курсында жазылатын дипломдық жұмыспен пара-пар нағыз сынақ, әрі журналистік мүмкіндігімнің шыңдалу мектебі болды. Әлі есімде, «Қаламқас» арнаулы бетінің бірі халықаралық әйелдер мерекесі 8 наурызға орай шығарылды. Оның мазмұндық сапасы, көркемделуі лездемеде аталып өтіп, маған ақшалай сыйлық берілетін болды. 

Бұл – менің журналистік еңбек жолындағы бірінші сыйлығым еді. Сол бетте «Ер-азаматтар лебізі» айдарымен шыққан Әбділда Тәжібаевтың: «Көктегі күн – жалпыға ортақ. Ал әр отбасының, үй ішінің кішкентай күні – әйел» деген пікірі қанатты сөзге айналып кетті. Қазіргі «Егемен Қазақстанның» әйел қауымға арналған «Сырғалымның» сырына үңілген сайын жетпісінші жылдардағы «Қаламқастың» іздерін көргендей боламын. 

***

Әлекеңнің Гүлекеңі. 

Мен ұстаз Күлбарам Сәдуақасқызын аяулы жары Әлекең арқылы танып білдім. Сонау 1985 жылдары Алматыға іссапа келгенде «Мынау Күлбарамның жазғандары еді» деп мақаларын әкел тұратын. Қандай қамқорлық дейсің! Кейін келе Күлбарамның өзімен де жақын танысып, сырлас құрбыға айналдық. 

Орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстой «Жақсы мұғалім болу үшін екі-ақ нәрсе керек: біріншісі – мол білім, екіншісі – үлкен жүрек» деген екен. 

Гүлекеңде осының екеуі де бар. Ол үнемі ізденіс үстінде, еш уақытта тоқтап қалған емес, оның қаламынан шыққан 100-ден аса еңбегі соның айғағы. Өзінің өмірлік кредосы «Еңбек және міндет» деп түсінетін Күлбарам Сәдуақасқызының еңбектері республика деңгейіндегі қолданысқа ие. Күлбарам Сәдуақасқызы мектепте ұзақ уақыт химиядан сабақ беру арқылы жинақтаған іс-тәжірибесіне ғылымды қосып үндестіру арқылы талай белестерді бағындырды.

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері