Тағылым мен талант тоғысқан өнер мерекесі
2026 ж. 13 маусым
2167
0
Жетісу облысы Панфилов аудандық ардагерлер ұйымы кейінгі жылдары тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор бастамалардың ұйытқысы болып келеді. Жыл сайын өңірдегі ардагерлер арасында спорт түрлерінен, ұлттық ойындардан, шахмат пен дойбыдан жарыстар ұйымдастырылып, олардың белсенді өмір салтын ұстануына, қатарластарымен жиі жүздесіп, көңілді демалуына қолайлы жағдай жасалуда. Сонымен қатар аға буын өкілдері жастар тәрбиесіне де ерекше көңіл бөліп келеді. Олар білім беру мекемелерінде, еңбек ұжымдарында және ауылдық елді мекендерде кездесулер өткізіп, патриоттық тәрбие, ұлтаралық татулық, ұлттық құндылықтар мен қазақ халқының салт-дәстүрлерін насихаттауға белсене атсалысады.
Осындай игі істердің жарқын көрінісінің бірі – аудан көлемінде бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған өнерлі ардагерлер байқауы.
«Өнерім – өмірім» атты дәстүрлі байқау сәуір айының басында бастау алып, ауданның барлық ауылдық округтерін қамтыды. Биылғы өнер додасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және жерлесіміз, қазақ өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі әнші-сазгер Дәнеш Рақышевтің 100 жылдық мерейтойына арналды.
Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес өткен байқауға өнерпаз қариялар белсене қатысты. Ән мен күйді, сахналық мәдениет пен ұлттық өнерді қатар алып шыққан ақ жаулықты аналар мен ел ағалары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қатысушылар Дәнеш Рақышевтің орындауындағы және өз шығармашылығынан туған әндерді, халық әндерін шырқап, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қойылымдар ұсынды.
Өнер байқауы аудан орталығы Жаркент қаласындағы мәдениет үйінен басталып, кейін ауылдық округтерде жалғасын тапты. Арнайы құрылған қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалап, олардың шығармашылық деңгейіне жан-жақты сараптама жасады. Әділқазылар қай ауылға барса да өнер додасын асыға күткен көрермендерді көріп, бұл бастаманың халық арасында үлкен қолдау тапқанын аңғарды.
Байқау шарты бойынша қатысушылар концерттік бағдарламалар ұсынып қана қоймай, қолөнер бұйымдары мен сурет көрмелерін ұйымдастырды, көркемсөз оқу шеберліктерін де ортаға салды. Осылайша өнердің бірнеше бағыты қамтылып, аға буын өкілдерінің шығармашылық әлеуеті кеңінен таныстырылды.
Қорытынды кезең аудандық мәдениет үйінде өтті. Онда барлық округтердің үздік өнер нөмірлері мен шығармашылық жұмыстары сараланып, жеңімпаздар анықталды. Ұлы Жеңістің 81 жылдығы мен Отан қорғаушылар күні қарсаңында ұйымдастырылған гала-концертте байқау қорытындысы жарияланып, үздіктер марапатталды. Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Байқаудың жүлде қоры 1 миллион 500 мың теңгені құрап, демеушілердің қолдауымен жеңімпаздарға салтанатты жағдайда тапсырылды.
Бұл игі шара – аға буынға көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі. Өнер арқылы ұрпақ сабақтастығын жалғап, ұлттық мәдениетті насихаттап жүрген ардагерлердің еңбегі қашанда қадірлі. Сондықтан мұндай тағылымды бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табары анық.
Шараға Жетісу облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Райхан Серғазинова, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері Зина Нұрғалиева мен Жамал Дәркенбаева, сондай-ақ Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның музыкалық жетекшісі Гүлнар Дәнешқызы қатысты.
Гала-концерт басталар алдында сахнаға көтерілген аудан әкімі Марат Сағымбек дәстүрлі өнер байқауының аудан тұрғындарының өміріндегі маңызын ерекше атап өтті.
– Биыл өңірімізде өткізілетін мәдени-танымдық іс-шаралардың басым бөлігі жерлесіміз, Қазақстанның Халық әртісі Дәнеш Рақышевтің 100 жылдық мерейтойына арналады. Осы бағыттағы жұмыстар жыл басынан қолға алынып, жыл бойы жалғасады, – деді аудан басшысы.
Сөз соңында аудан әкімі байқау жеңімпаздарына марапаттарын табыстап, қариялардың белсенді өмір салты жастарға әрдайым үлгі екенін айтты.
Байқаудың бас жүлдесі – 250 мың теңге мен аудан әкімінің арнайы дипломы Қоңырөлең ауылдық округінің өнерпаздарына бұйырды. Өнер ұжымын округтік ардагерлер ұйымының төрағасы Елтай Қожақов бастап келді.
Бірінші орынға берілген 200 мың теңге сыйақы мен диплом Жаркент қалалық округінің өнерпаздарына табысталды. Екінші орынды Үлкеншыған және Талды ауылдық округтері иеленіп, әрқайсысы 150 мың теңгеден сыйақы алды. Үшінші орын Басқұншы, Атамекен және Үшарал ауылдарының өнерпаздарына беріліп, әрқайсысына 100 мың теңгеден жүлде тапсырылды.
Ал Көктал, Бірлік, Әулиеағаш, Сарыбел, Шолақай және Айдарлы ауылдық округтерінің өнер ұжымдары арнайы дипломдармен және 50 мың теңгелік ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Байқау аясында ұйымдастырылған көрмеге қатысқан суретшілер мен қолөнер шеберлері де назардан тыс қалған жоқ. Ақан Оймауытов, Мұрат Жиденов, Ерлан Кененбаев, Қайрат Мамырбаев, Мұрат Шалғынбаев, Вера Макеева, Валентина Федосова сияқты суретшілерге, сондай-ақ көне тәсілмен сексеуіл сақарынан сабын қайнататын Рақима Нұрпейісова мен текемет, сырмақ тігудің шебері Тұрсынхан Шалғынбаеваға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Жалпы, бұл жолғы байқауға қатысқан өнерлі ардагерлердің ешқайсысы назардан тыс қалмады. Сонымен қатар ерекше өнерімен көзге түскен бірнеше әнші, биші және күйші алдағы облыстық байқауға жолдама алды.
Гала-концерт барысында байқауға қатысқан өнер ұжымдарының үздік нөмірлері ұсынылды. Екі сағатқа созылған концерт көрермендердің зор ықыласына бөленді. Әсіресе Қоңырөлең ауылының өнерпаздары Елтай Қожақов, Әділхан Молдахметов және Ербол Түлпейісов орындаған халық әндері көрермен көңілінен шықты.
Сондай-ақ Үшарал ауылының ардагері Талғат Ыбрайымұлы орындаған әндер мен Бірлік ауылдық округінің ұлттық аспаптар ансамблінің Нұрғиса Тілендиевтің «Көш керуен» күйін орындауы көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. Жаркент қаласының ұлттық аспаптар оркестрі шебер орындаған «Бозінген» күйі де көрермендерді тәнті етті.
Мұхтар Шахановтың «Тоқшылық» өлеңін оқыған Ләззат Бабаханова мен «Ғашықтық ғаламаты» шығармасын әсерлі жеткізген Нұрқадам Майкөтовтың өнері де көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
Концерт аяқталған соң облыстан келген қонақтар байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Құрметті жаркенттіктер! Сіздердің өңірлеріңізде жыл сайын ұйымдастырылатын ардагерлер арасындағы мәдени шаралар бүкіл облысқа үлгі боларлықтай. Бүгін өз көзімізбен көрген өнерлі қариялардың байқауы – соның айқын дәлелі. Осындай игі бастамаларыңыз жалғаса берсін, – деді Жетісу облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Райхан Серғазинова.
Ал аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов байқаудың ұйымдастырылуына мемлекет қаржысы жұмсалмағанын, барлық жүлде демеушілердің қолдауымен берілгенін атап өтті.
– Осы игі дәстүрдің жалғасуына қолдау көрсетіп келе жатқан кәсіпкерлердің еңбегі зор. Сол азаматтардың арқасында жыл сайын қомақты жүлде қоры жасақталып, өнерлі қариялар марапатталып келеді, – деді ол.
Қорытынды концертке қала мен ауылдардан көптеген тұрғындар келіп, өз өнерпаздарына қолдау көрсетті. Екі сағатқа созылған концерттік бағдарлама көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Әсіресе Қазақстанның Халық әртісі Дәнеш Рақышевтің 100 жылдық мерейтойына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған театрландырылған көріністер көпшіліктің көңілінен шығып, шараның мазмұнын байыта түсті.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ, Қазақстанның құрметті журналисі
Жетісу облысы, Панфилов ауданы
ӘН ДҮЛДҮЛІ ДӘНЕШКЕ АРНАЛҒАН ҚОЙЫЛЫМ СӘТТІ ШЫҚҚАН
Қазақ Елі Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен әйгілі ән дүлдүлі, Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақыштың 100 жылдығына арналған аудандық ардагерлердің өнер мерекесі өте маңызды өткені көрініп тұр. Дәнештің 100 жылдығы Астанада үлкен концертпен басталғаны белгілі. Бізді бейнебаян арқылы тамашалаған Қоңырөлең ауылы ардагерлері қойған Дәнеш Рақыштың өмірінен алынған қойылым қатты қызықтырды. Қоңырөлең ауылына келген сайын досы, ел ағасы Ботай Мырзаұлының шаңырағынан дәм татпай кетпейтін әйгілі әнші-сазгер Дәнеш пен Ботайдың сөз саптасы табиғи шыққан. Бір сәттік дастархан басындағы көріністен ежелгі достардың әдемі әңгімелері мен қазақы қалжыңдарынан күшті сыйластығы айқын көрінеді. Белгілі әнші Әділхан Молдахмет бастаған Қоңырөлең ауылының ардагер өнерпаздары аудандық байқау қорытындысында бас бәйгені жеңіп алуымен құттықтаймыз! «Ел іші-өнер кеніші» деген осы!
Қазыбек ИСА, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты






