Абай мектебіндегі «Қазақ тілі» бағдарламасы кемшін
2026 ж. 08 маусым
104
0
Қазақ білім беру жүйесінде соңғы жылдары «жаңа бағдарлама», «жаңа мазмұн» деген ұғымдар сәнге айналды. Алайда кез келген жаңалықтың шынайы құндылығы оның мазмұнында екені ескерілмей келеді. Мардымды өзгерісі болмаса жыл сайын жасала беретін «жаңа бағдарламалардан» не пайда? Осы тұста, көпшілік үміт артқан Абай мектептері қандай бағыт ұстанып отыр деген сұрақ туындайды.
Абай мектептері – Абай Құнанбайұлы мұрасы мен «Толық адам» іліміне сүйенетін, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытуды мақсат еткен ерекше білім беру кеңістігі. Демек, бұл мектептер үшін тіл – ұлттың рухани өзегі, ойлау жүйесінің негізі болуы тиіс еді. Бірақ осы мақсатқа сай келетін оқу мазмұны қалыптасты ма?
Қолданыстағы қазақ тілі пәнінің бағдарламасында пәнді оқыту мақсаты – мемлекеттік тілді қадірлейтін, оның қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, оқушылардың қазақ әдеби тілі нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуі, сауатты сөйлеуі мен жазуы, лингвистикалық білім негіздерін меңгеруі көзделеді. Бағдарламада тілдік дағдыларды жүйелі түрде дамыту, оқушының шығармашылық қабілетін жетілдіру де айтылған.
Ал эксперименттік «Qazaq National School Programme» бағдарламасының мақсаты ұлттық құндылықтар мен Абайдың рухани мұрасына сүйене отырып айқындалады. Бұл бағдарлама қазақ тілін сыни ойлау, ғылыми талдау, шығармашылық өзіндік пікір білдіру және мәдениетаралық коммуникация құралы ретінде меңгертуге бағытталған. Оқушылардың жоғары деңгейдегі тілдік құзыреттілігі мен мәдениетін қалыптастыру басты назарда ұсталған.
Біздің ойымызша, мектептегі қазақ тілі пәнінің негізгі мақсаты біреу-ақ болады. Ол – дұрыс сөйлеу мен сауатты жазуға үйрету. Жоғарыдағы екі бағдарламада да жанама мақсаттар алдыға шығып кеткен.
Оқу жүктемесіне келсек, екі бағдарламада сағат саны әртүрлі бөлінген.
Қолданыстағы бағдарламада 7-сыныпта аптасына 3 сағат, оқу жылында 102 сағат қарастырылған. 8 және 9-сыныптарда аптасына 4 сағаттан, оқу жылында 136 сағаттан бөлінеді. Бұл жүйеде сынып жоғарылаған сайын пәнге бөлінетін уақыт көлемі артады.
Ал «Qazaq National School Programme» бағдарламасында 7-сыныпта аптасына 4 сағат, оқу жылында 152 сағат берілген. 8 және 9-сыныптарда аптасына 3 сағаттан, оқу жылында 114 сағаттан қарастырылған. Мұнда оқу жүктемесі бастапқы сыныпта көбірек беріліп, кейінгі сыныптарда біршама азаяды.
Жоғары сыныптарда сағат санының азаюы тиімді деп айту қиын. Себебі дәл осы кезеңде оқушылардың тілдік дағдылары тереңдеп, күрделене түседі. Сондықтан бұл сыныптарда пәнге бөлінетін уақыттың қысқаруы оқу сапасына да әсер етуі хақ.
Эксперименттік «Qazaq National School Programme» бағдарламасы бойынша 7–9 сыныптарға арналған оқу бағдарламаларын іске асыру жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарды талдау барысында лексикалық тақырыптардың грамматикалық мазмұнмен жүйелі байланыста берілмейтіні байқалады. Барлық сыныптарда «Адам», «Ар-ождан», «Намыс», «Отбасы», «Отан» сияқты ортақ тақырыптар сақталғанымен, сол тақырыптарға сәйкес ұсынылған грамматикалық материалдар бірізділікке түспеген.
Мысалы, 7-сыныпта фонетика, орфография, лексика және морфология аралас берілсе, 8-сыныпта синтаксиске басымдық беріледі, ал 9-сыныпта стилистика мен құрмалас сөйлем жүйесі қамтылған. Бұл нақты деңгейлік (фонетика → лексика → морфология → синтаксис) жүйемен бірізді ілгерілеу емес.
Бағдарламада грамматикалық материалдар шиыршықталған түрде берілген (бұл туралы бағдарламаның жобасында да айтылған), тек ішкі жүйелілігі толық сақталмаған. Бұл тілдің тұтас құрылымын меңгеруге кедергі келтіреді. Сондықтан оқу мазмұнын жетілдіруде лексикалық тақырыптар мен грамматикалық бірліктердің өзара тығыз байланысын қамтамасыз ету, сондай-ақ грамматикаға басымдық беру өзекті.
Абай мектебі – зияткерлік әлеуетті дамытуға бағытталған білім ордасы болғандықтан, мұнда қазақ тілін оқыту лингвистикалық білімнің тереңдігіне негізделуі керек. Қазақ тілі пәнінің өзегі грамматика болуы орынды. Грамматика тілдің құрылымдық негізін құрай отырып, оқушының тіл туралы теориялық түсінігін қалыптастырады, тілдік құбылыстарды саналы түрде талдауға мүмкіндік береді.
Қазақ тілін тек қарым-қатынас құралы ретінде игеру бұл орта үшін жеткіліксіз. Сондықтан Абай мектебіндегі қазақ тілі пәні өзге аудиторияларға арналған тіл үйрету моделінен алшақтап, лингвистика негіздерін жүйелі түрде меңгертетін академиялық бағытта құрылуы қажет. Мұндай ұстаным қазақ тілін терең танитын, тіл мәдениеті жоғары, ғылыми ойлау қабілеті қалыптасқан тұлғаны тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Тағы бір елеулі кемшілік – тыңдалым мен айтылым дағдыларын бір блокта, ажыратусыз ұсыну. Негізінде мәтінмен жұмыс екі бағыттан тұрады: мәтінді тану және мәтін тудыру. Біріншісіне оқылым мен тыңдалым жатса, екіншісіне жазылым мен айтылым кіреді. Осы жіктеуді негізге алсақ, тыңдалым мен айтылымды бір қатарда қарастыру әдістемелік тұрғыдан қисынсыз көрінеді. Дұрыс ұйымдастырылған оқу үдерісінде мәтін тану (оқылым, тыңдалым) мен мәтінді тудыру (жазылым, айтылым) дағдылары өзара үйлесімді, бірақ бөлек жүйе ретінде параллель дамытылуы тиіс. Әрине, тыңдалым мен айтылым арасында табиғи байланыс бар: оқушы тыңдағанын жазбаша түрде де білдіре алады, сондай-ақ оқыған мәтін негізінде ауызша пікір айта алады. Оқушылардың тыңдалым және айтылым дағдыларын кешенді түрде меңгеруі үшін олардың арасында нақты байланыс орнату маңызды. Тыңдалым мен айтылымға арналған жаттығулардың бір контексте ұсынылуы оқушылардың өзара байланыс орнату дағдыларын дамытуға кедергі келтіреді.
Екі бағдарламаның да мақсатын жоғарыда айттық, білім мазмұны бойынша да кемшіліктер бар: мәтінтану кезінде бағдарламада оның құрылымы, мазмұны және ондағы қолданылатын тілдік бірліктерді тануды мақсат етіп қоямыз, ал дағды қалыптастыру кезінде оларды үлгіге алмаймыз. Бұл – дұрыс емес. Мәтін тану барысында оқушыға осыларды үлгілеп, осындай жанрда мәтін тудыру дағдысын қалыптастыруымыз керек. Ол үшін оқушы мәтінді типтей білуі, әр стильге тән жанрлардың сипатын танып, талдай білуі қажет. Осы дағдыға аса мән берілуі керек. Сонда оған мәтін түзу, мәтін тудыру оңайға түседі.
Жалпы алғанда, ұсынылып отырған эксперименттік бағдарламада тілдік дағдыларды дамыту, оқушының функционалдық сауаттылығын арттыру, мәтінмен жұмыс істеу қабілетін жетілдіру бағыттары ескерілген. Иә, бағдарлама тіл үйретуге бағытталған аудитория үшін, әсіресе шетелде қазақ тілін оқыту тәжірибесінде тиімді әрі нәтижелі құрал бола алар еді. Абай мектебінің негізгі мақсаты қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқыту екенін ескерсек, мұндай бағдарлама мазмұны бұл талапқа толық сәйкес келе бермейді. Мұнда тілдің құрылымдық, теориялық негіздерін жүйелі меңгерту көзделуі керек. Коммуникативтік бағыт бірге жүруі керек, аса басым болмауы керек.
Сондықтан мазмұндық тұрғыдан сапалы әзірленгеніне қарамастан, аталған бағдарламаны Абай мектебі сияқты академиялық бағыттағы білім беру ұйымдарына бейімдеуде жеткілікті деңгейде жауапкершілік пен нақтылық сақталмаған деуге негіз бар. Мұндай жағдайда бағдарлама мақсаты мен оны қолдану аясының арасындағы сәйкессіздік айқын көрінеді.
Динара Мейрамбекқызы,
Қазақ үні