АЛАШ АР-НАМЫСЫНЫҢ АЛДАСПАНЫ ЕДІ

АЛАШ АР-НАМЫСЫНЫҢ АЛДАСПАНЫ ЕДІ

Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері, көрнекті ақын, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Мұхтар Шаханов қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті қаламгер ретінде әдеби жыр жинақтарымен әдебиет сүйер қауымның жүрегінен орын алды. Оның балладалары мен поэмалары дүние жүзі халықтарының жиырмадан астам тілдеріне аударылған. «Махаббат заңы», «Сенім патшалығы», «Сократты еске алу түні» атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған. Ш.Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы мен «Сократты еске алу түні» драмасы көптеген тілдерге аударылған. «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» драмалық туындысы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм шығарды. «Уақыт бедерлері», «Зерде кітабы» атты жинақтары орыс тілінде шықты. Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994), Қазақстан Республикасының Халық жазушысы (1996), БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы сыйлығының, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының «Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының және Қырғыз Республикасы халықаралық «Руханият», түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының иегері. 2002 жылы «Жазагер жады космоформуласы» шығармасы үшін Калифорния Ғылым, индустрия, білім және өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы алтын медалі, Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығы берілген. «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

М.Шахановқа «Жазагер жады космоформуласы» атты шығармасы үшін Калифорния Ғылым, Индустрия, Білім және Өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы Алтын медалі мен Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атағы берілді. «Нобель» сыйлығының 100 жылдығына орай Тамбов қаласында өткен «Нобель» сыйлығы лауреаттары мен нобельшілердің халықаралық конгресінде «Нобель» ақпарат орталығы, «Нобель» қоры, Ресей жаратылыс ғылымдары академиясы бірлесіп бекіткен «Нобельдің Алтын медалімен» марапатталды.

Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы марқұмның жақындары мен туыстарына, барша оқырман қауымға қайғырып көңіл айтады!

Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы

Жарқын бейнесі ел жадынан өшпейді

      Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, 

Қазақстан Республикасының Президенті 

Түркі дүниесінің бір дәуірімен қоштастық

    Қадірлі қазақ ағайындар!

    Қазақ халқының ұлы перзенті, Қырғыз елінің халық ақыны, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Қырғызстандағы тұңғыш елшісі, Шыңғыс Айтматовтың және бүкіл қырғыз халқының досы Мұхтар Шахановтың дүниеден өткені туралы суық хабарды аса ауыр қабылдадым.

     Мұхтар аға бауырлас қазақ халқының ғана емес, көпмиллионды қырғыз халқының да рухани тірегі, ақылшы ағасы еді. Бүгінде қырғыз жұртшылығы тағы бір асқар тауынан, тағы бір рухани тірегінен айырылып, жүрегі қан жылап тұрғандай күй кешуде. Халықта мұндай ұлы тұлғалар туралы: «Оның кетуімен тұтас бір дәуір кетті» дейді. Шынында да, Мұхтар ағаның өмірден өтуімен бүкіл түркі әлемінен бір дәуір кеткендей болды.

     Қазақ бабаларының еркіндік сүйгіш, әділеттілік жолында ештеңеден тайынбайтын рухын бойына сіңірген Мұхтар аға кеңес дәуірінде де, кейінгі жылдары да Отан тағдыры үшін шындықты тайсалмай айтып, жан аямай қызмет етті. Қудалауларға қарамастан, ол өз ұстанымынан бас тартпай, «Желтоқсан» оқиғасына қатысты батыл пікірін ашық білдіріп отырды.

       Қазақ пен қырғыз халықтарына бірдей жақын оның ақындық әрі азаматтық үні тау мен даланың жаңғырығындай естілетін. Әсіресе, ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовпен ағалы-інілі қарым-қатынасы екі халықтың бауырластығын нығайтуда өшпес із қалдырды.

    Отанына адал осындай дарынды ұлынан айырылып отырған қаралы күні бауырлас қазақ халқына және ақынның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. 

Садыр ЖАПАРОВ, 

Қырғыз Республикасының Президенті

Ұлттық сананы дүр сілкіндірген ақын     

    Мұхтар Шаханов – саналы ғұмырын ұлттың рухын көтеруге, отаншылдықты дәріптеуге және жас ұрпақтың бойына дұрыс құндылықтарды сіңіруге арнаған бірегей тұлға. Оның жалынды жырлары мен өткір ойлары талай буынның дүниетанымына әсер етіп, ұлттық сананың жаңғыруына серпін бергені анық.

      Қайраткер қаламгер Парламент депутаты бола жүріп, ел мүддесін бәрінен биік қойды. Халыққа адал қызмет етудің ерен үлгісін көрсетті. Оның азаматтық ұстанымы мен қайсар мінезі қашанда кейінгі толқынға өнеге болып қалады және жарқын бейнесі мен ел үшін атқарған еселі еңбегі халық жадында мәңгі сақталады.

     Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Ағамыздың иманы саламат, жаны жәннатта болсын.

 Мәулен ӘШІМБАЕВ,

ҚР Парламент Сенатының төрағасы

ОРНЫ ТОЛМАЙТЫН ҰЛТ ОҒЛАНЫ 

Ұлтына адал қызмет еткен біртуар тұлға, әйгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты отбасына, туған-туыстарына және халқымызға орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. 

Бұл – ұлт руханияты үшін ауыр қайғы. Мұхтар Шаханұлы азаматтық үнімен, бірегей болмысымен, рухты шығармаларымен қазақ әдебиетіне, қоғамдық ойға зор сілкініс әкеліп, мол олжа салған айтулы ақын, тұғырлы тұлға еді. Тарих тереңінен бастау алған, ұлттық рухпен суарылған жалынды жырларын, жүрек қылын тербейтін әсерлі әндерін жұртшылық жылы қабылдап, жатқа айтты, ерекше ықылас білдірді. 

Тіл мен діл, адалдық пен ар-намыс, әділдік пен шындық, тарих пен тағлым секілді асыл құндылықтар негізгі өзегін құраған ақын туындылары – қазыналы қазақ әдебиетіне қосылған зор үлес. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарымды қаламгердің шығармашылығын, руханиятқа қосқан еңбегін жоғары бағалайды. Осыны ескеріп, бұдан бірнеше жыл бұрын Мұхтар Шахановты еліміздегі ең жоғары марапат – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттады.

Ұлттық рухтың алдаспанына айналған асыл тұлғаның жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталып, салған із, өшпес өнегесі жалғасын таба беретіні сөзсіз. 

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. 

Ерлан ҚОШАНОВ,

ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы

Есімін ел тарихына ертеден-ақ өзі жазды

Мұхтар ағамыз – елдің алғысына, халықтың құрметіне бөленген тұлға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың да оған деген ықыласы ерекше. Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда өткен алғашқы отырысында Президент қайраткерге еліміздің ең жоғары марапаты – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсырған болатын. Бұл көпшілік асыға күткен әрі айрықша қабылдаған елеулі оқиға болды.

Мұхтар Шаханов көзі тірісінде-ақ есімін ел тарихына алтын әріптермен жазды. Әрдайым мемлекет мүддесіне жұмыс істеді. Қайраткерлігімен қоғамды алға жетеледі. Мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін тынбай күресті. Ал шығармашылық еңбегі руханиятымызға қосылған асыл қазына екені даусыз.

Мұхтар ағамызбен бірге тұтас бір дәуір көшкендей күй кешіп отырмыз. Ардақты ағамыздың жақындарына, барша отандастарға ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. Қадірлі ағаның иманы саламат болсын. 

Ерлан ҚАРИН,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі

Сын сағаттарда ерлік өнегесін көрсетті

Барша Қазақ еліне, ағамыздың әулеті мен ағайын-бауырларына қайғыра көңіл айтамын.

    Мұхтар Шаханов шоқтығы биік шығармалары арқылы көзі тірісінде-ақ күллі халықтың ыстық ықыласына бөленіп, алты алаштың ардақтысына айналған біртуар азамат еді.

    Ол ұлт тағдыры сынға түскен елдік істерде азаматтық ұстанымынан таймай, елжандылық пен парасаттылықтың озық үлгісін жасады.

     Қаламгердің өлең әлеміне өрісті өрнек, жаңаша тыныс әкелген тағылымы мол туындылары руханиятымыздың құнды қазынасы болып қала берері анық.

Мұхтар ағамыздың отты да ойлы өлеңдері, қайсар мінезі, әділет жолындағы табандылығы мен елдік мүдде алдындағы адалдығы жұрт жадында мәңгі сақталады.

     Ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! Рухы пейіште шалқысын! Алла тағала ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін! 

      Қош болыңыз, ұлтымыздың ұлы перзенті!

Аида БАЛАЕВА, 

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі

Жүрегі халқым деп соққан рух иесі

Мұхтар ағамыз – қазақ әдебиеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан заңғар тұлға еді. Оның шығармашылығы ұлттық сөз өнерінің көкжиегін кеңейтіп, терең мазмұны және биік азаматтық ұстанымымен ерекшеленді. Ақын еңбектері әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, қазақ руханиятын халықаралық деңгейде танытты. Ол саналы ғұмырын ұлт мүддесіне, әділет пен ақиқат жолына арнап, қайсар мінезі мен биік рухының арқасында халық жадында мәңгі сақталатын өнегелі із қалдырды. Орны толмас қайғыларыңызға ортақпын, марқұмның иманы саламат, жаны жәннаттан болсын. Алла Тағала баршаңызға сабыр берсін! 

 Саясат НҰРБЕК, 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі 

Оның екінші ғұмыры басталды

Ол өзі ешкімге ұқсамайтын ақын еді. Шайырлықты көбіне туған жерді, табиғатты, өсіп-өнген өлкені жырлаудан бастайтындар көп қой. Бұл бірден философиялық өлеңге кірісті. Аңыз-әпсаналарды, басқа да оқиғаларды өршіл рухты оқиғаларға пайдаланды. Сондықтан сәтті сюжеттік өлең жасап, оны асқақ оймен тұжырымдау – бұған өте-мөте тән мәнер болды. Төменде өтіп жатқан жағдайларға шырқау биіктен қарап, ой түю екінің біріне бұйыра бермейтін мінез. Халықтың ішіндегі жәйттерді жақыннан байқау бір бөлек те, жоғарыдан қараудағы көрініс мүлде өзгеше емес пе. 

Екінші қасиеті – трибунаның ақыны. Мысалы, Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский сынды өз өлеңдерін шаршы топтың алдында жатқа оқыған орыс ақындарын білуші едік. Қазақ ақындарының арасында халықты жалт қаратып мінберден саңқылдап, бірден баурап алатын қасиет Мұхтарға тән еді. Бұл да бір айрықша құбылыс қой. Әсіресе, оның «Өркениеттің адасуы» поэмасын Шыңғыс Айтматовтың: «Мынандай терең толғаныспен жазылған романды ешкімнен кездестірген жоқпын!» деп бағалағаны есімде.

Мұхтардың артында мол мұра қалды. Өзінің алмаған сыйлығы да жоқ білем. Нобель сыйлығынан басқаның бәрін алды. Шығармасы әлемнің отызға тарта тіліне аударылған. 

Мұхтарды өлді деуге сыймайды. Оның екінші ғұмыры басталды. Оның мұндағы дүркіреген атақ-даңқы мәні жағынан біріншісінен ешбір кем болмасы анық.

Төлен ӘБДІК, 

Қазақстанның Халық жазушысы.

Жұрттың жүрегіне жерленген бақытты жан

     Бүкіл ғұмырын халқына сарп еткен Мұхтар Шаханов та өтті өмірден. Ол ұлт үшін ұлы күрес үлгісін көрсетті. Оның бүкіл болмысы ұлттың жанайқайы еді. Ұлттың жанайқайы болып өмірден өтті. Ұлттың жанайқайы болып жанды. Өртенді. Өлмей тұрып жұрттың жүрегіне жерленген неткен бақытты едің, Мұқа! Өзің барда еліңе қызмет еттің, енді өзің жоқта елің өзіңе қызмет еткей! Алла алдыңнан жарылқап, жаның жәннат төрінде шалқығай! 

Смағұл ЕЛУБАЙ, 

Қазақстанның Халық жазушысы 

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ АҚЫНЫ ТУҒАН ЖЕР ТӨСІНЕ ОРАЛДЫ 

 Мұхаңның басты аманаты – Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды біз орындаймыз деп семсер ақынның басында серт етеміз!

 Ұлт мүддесін қорғаудағы Ұлы көшті бастаған қаранар аяғының астында шәуілдеп жатқан кәндендерге бұрылып та қараған жоқ…

Дүниеден Қазақтың ұлы ақыны, біртуар тұлғасы Мұқтар Шаханұлы да өтті…

Мұзбалақ Мұқаңмен бірге дүбірлеген тұтас бір дәуір көшіп барады!..

Иә, өмір бойы ақиқат үшін айқасып, шындық үшін күресіп, жалғандықты әшкерелеп өткен ақиық ақын өмірден өтуімен бұл фәни дүниенің шын жалған екенін көрсетіп кетті…

Алыптардың соңғы тұяғы өмірден өтіп барады…

Біз ХХ ғасырдың аңызға да, абызға да айналған алып ақынымен бір дәуірде өмір сүру бақытына ие болып қалдық…

Бізде ақындардың барлығы қайтыс болғасын ғана құрметке бөленіп жатады. Абай да, Мағжан да, Қасым да, Мұқағали мен Төлеген де солай болды. Ал Қазақ даласында мұзбалақ Мұқтар ақындай көзі тірісінде халықтың ыстық ықыласына бөленіп, даңқ биігінде дүрілдеген ақын болған жоқ!

Ақын батыр болуы, Батыр Ақын болуы керектігін,

Ер Махамбеттен кейін айқын дәлелдеген ақын Мұқтар Шаханұлы.

Сондықтан да Мұқаң рухтас Махабетті ұстаз тұтты, пір санады.

Жетпіс жыл жел тимеген Кеңес империясының керегесін алғаш бұзған Желтоқсанның дауылы дауылпаз ақын дауысымен Кремльдің қабырғасын шайқап жіберді. Бұл дүбірі дүниежүзіне жеткен сөзсіз көзсіз ерлік еді…

Мен осыдан бес жыл бұрын парламентке бара салып, Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығында Мұқаңның Кеңес одағы кезіндегі талабы біздің Тәуелсіз елімізде қашан орындалатынын сұрап, мәселе көтердім.

Биыл Желтоқсанның 40 жылдығы! Желтоқсан жалауын көтерген дауылпаз ақынымыз өмірден өтіп барады?!

Мемлекеттік тіл екеу болып дауыс беріліп қойғанда, мінбеге атып шығып, Екінші Желтоқсан болады деп, қайта дауыс бергізіп, Қазақ тілін мемлекеттік тіл еткен Мұқтар Шаханұлы.

Ал мен осыдан бес жыл бұрын парламентке бара салып, Мұқаң салған күрес жолымен Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін көтеріп келе жатқаным елге белгілі.

Мұқаң туабітті ер, намыскер қаһарман! 

Бір мысал келтірейін.

Мұқаң Кеңес одағы кезінде делегациямен Испанияға барғанда, Барселона стадионындағы бұқа сайысын көреді.

Мұндай сайыстар бұқамен айқасушының өлімімен аяқталып жатуы өте жиі болады. Осыны ескертіп айтқан сайыс жүргізушісі бір кезде: «Стадионда қонақтар ішінен бұқамен сайысатын батылдар бар ма? Қане, кім шығады?» –дейді.

Әлемнің көп елінен келген жүз мыңға жуық адам толып отырған стадионда тырс еткен үн жоқ, бір адам шықпайды. Сол кезде бір әйел «біздің арамызда еркек жоқ екен ғой» деп күледі! Мұндайға шыдап отыратын Мұқаң ба, атып тұрып, стадионға бір-ақ секіріп түскен ғой!.. Барып алғасын да, қайта қоймайды, қызылкөз дәу бұқаның алдында қызыл матаны көлбеңдетіп бұлғап тұра қалады…

Қызметкерлер қатты риза болып, бұқаны өздеріне бұрып алып кетіп, Мұқаңа рахмет айтып, қоршап, қошеметтеп стадионнан шығарып салады.

Менің бұл туралы өлеңім бар:

Ұлт мүддесі жолында сап әдемі із,

Ұлтшылдардың көсемінің ұлтыменен жаны егіз.

Барселона алаңында бұқадан да бұқпап ең,

Өз еліңде мүйіздеп жүр санасы жоқ сан өгіз… –

деген.

Стадионда бұқаның алдында тұрған сол фотосын Мұқаң кітабына жариялады, астына менің осы бір шумағым жазылған.

Кейінгі кезде бағымызға біткен ақынның балағына жармасып, шәуілдеген кәндендер де шықты... Бірақ ұлттық мүддені қорғау жолындағы Ұлы көшті бастаған қаранар аяғының астында қыңсылап жатқандарға бұрылып та қараған жоқ, жаншып өте шықты…

Аққа күйе жұқпайды! Күйе жаққысы келгендердің өздерінің қолдары мен беттерінде баттасқан қара күйе қалды…

Бүгін халық екі адамды жерледі… Ұлтшылдар көсемі ақын Мұқтар Шаханұлы халықтың шексіз ықыласына батып кетсе, Біләш сияқты қазақтың жауы халықтың түкірігіне батып өлді…

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ АҚЫНЫ ТУҒАН ЖЕР ТӨСІНЕ ОРАЛДЫ - Қазыбек Иса

✅ Мұхаңның басты аманаты - Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды біз орындаймыз деп семсер ақынның басында серт етеміз! 

✅ Ұлт мүддесін қорғаудағы Ұлы көшті бастаған қаранар аяғының астында шәуілдеп жатқан кәндендерге бұрылып та қараған жоқ…

Дүниеден Қазақтың ұлы ақыны, біртуар тұлғасы Мұқтар Шаханұлы да өтті…

Мұзбалақ Мұқаңмен бірге дүбірлеген тұтас бір дәуір көшіп барады!..

Иә, өмір бойы ақиқат үшін айқасып, шындық үшін күресіп, жалғандықты әшкерелеп өткен ақиық ақын өмірден өтуімен бұл фәни дүниенің шын жалған екенін көрсетіп кетті… 

Алыптардың соңғы тұяғы өмірден өтіп барады…

Біз ХХ ғасырдың аңызға да, абызға да айналған алып ақынымен бір дәуірде өмір сүру бақытына ие болып қалдық… 

Бізде ақындардың барлығы қайтыс болғасын ғана құрметке бөленіп жатады. Абай да, Мағжан да, Қасым да, Мұқағали мен Төлеген де солай болды. Ал Қазақ даласында мұзбалақ Мұқтар ақындай көзі тірісінде халықтың ыстық ықыласына бөленіп, даңқ биігінде дүрілдеген ақын болған жоқ!

Ақын батыр болуы, Батыр Ақын болуы керектігін,

Ер Махамбеттен кейін айқын дәлелдеген ақын Мұқтар Шаханұлы.

Сондықтан да Мұқаң рухтас Махабетті ұстаз тұтты, пір санады.

Жетпіс жыл жел тимеген Кеңес империясының керегесін алғаш бұзған Желтоқсанның дауылы дауылпаз ақын дауысымен Кремльдің қабырғасын шайқап жіберді. Бұл дүбірі дүниежүзіне жеткен сөзсіз көзсіз ерлік еді…

Мен осыдан бес жыл бұрын парламентке бара салып, Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығында Мұқаңның Кеңес одағы кезіндегі талабы біздің Тәуелсіз елімізде қашан орындалатынын сұрап, мәселе көтердім.

Биыл Желтоқсанның 40 жылдығы! Желтоқсан жалауын көтерген дауылпаз ақынымыз өмірден өтіп барады?!.

Мемлекеттік тіл екеу болып дауыс беріліп қойғанда, мінбеге атып шығып, Екінші Желтоқсан болады деп, қайта дауыс бергізіп, Қазақ тілін мемлекеттік тіл еткен Мұқтар Шаханұлы.

Ал мен осыдан бес жыл бұрын парламентке бара салып, Мұқаң салған күрес жолымен Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін көтеріп келе жатқаным елге белгілі.

Мұқаң туабітті ер, намыскер қаһарман!

Бір мысал келтірейін.

Мұқаң Кеңес одағы кезінде делегациямен Испанияға барғанда, Барселона стадионындағы бұқа сайысын көреді. 

Мұндай сайыстар бұқамен айқасушының өлімімен аяқталып жатуы өте жиі болады. Осыны ескертіп айтқан сайыс жүргізушісі бір кезде: “Стадионда қонақтар ішінен бұқамен сайысатын батылдар бар ма? Қане, кім шығады?”-дейді.

Әлемнің көп елінен келген жүз мыңға жуық адам толып отырған стадионда тырс еткен үн жоқ, бір адам шықпайды. Сол кезде бір әйел “біздің арамызда еркек жоқ екен ғой” деп күледі! Мұндайға шыдап отыратын Мұқаң ба, атып тұрып, стадионға бір-ақ секіріп түскен ғой!.. Барып алғасын да, қайта қоймайды, қызылкөз дәу бұқаның алдында қызыл матаны көлбеңдетіп бұлғап тұра қалады…

Қызметкерлер қатты риза болып, бұқаны өздеріне бұрып алып кетіп, Мұқаңа рахмет айтып, қоршап, қошеметтеп стадионнан шығарып салады.

Менің бұл туралы өлеңім бар:

Ұлт мүддесі жолында сап әдемі із,

Ұлтшылдардың көсемінің ұлтыменен жаны егіз.

Барселона алаңында бұқадан да бұқпап ең,

Өз еліңде мүйіздеп жүр санасы жоқ сан өгіз…-

деген.

Стадионда бұқаның алдында тұрған сол фотосын Мұқаң кітабына жариялады, астына менің осы бір шумағым жазылған.

Кейінгі кезде бағымызға біткен ақынның балағына жармасып, шәуілдеген кәндендер де шықты... Бірақ ұлттық мүддені қорғау жолындағы Ұлы көшті бастаған қаранар аяғының астында қыңсылап жатқандарға бұрылып та қараған жоқ, жаншып өте шықты…

Аққа күйе жұқпайды! Күйе жаққысы келгендердің өздерінің қолдары мен беттерінде баттасқан қара күйе қалды…

Кеше халық екі адамды жерледі… 

Қазақтың біртуар тұлғасы, ұлттың ұлы ақыны Мұқтар Шаханұлы халықтың шексіз ықылас, зор құрметінің қуатымен көкке ұшып кетсе, Серікжан Біләш сияқты қаза үстінде қарғыс айтып, Қазаққа жат жиіркенішті қылығымен Қазақ емес екені әшкере болып қалған Ұлттың жауы Халықтың қарғысы мен түкірігіне батып өлді…

“Жүйесіз қарғыс иесін табады” деген осы!

Ақиқат үшін айқасып өткен Мұқаң өмірден өтіп бара жатып та, қазақтың жауын масқара етіп әшкерелеп кетті…

АҚЫННЫҢ АҚЫРҒЫ АМАНАТЫ ОРЫНДАЛДЫ

Кеше ажарлы Алматы, асқар Алатау асқақ ақынын қимай шығарып салды. Алматыдан киелі Отырарды бетке алып шыққан қаралы көш қасиетті Арыстан бапқа маңдай тіреп тоқтады.

Мен қазақтың біраз ұлыларымен қоштасуда болдым. Ғабит Мүсірепов, Қонаев, Өзбекәлі, Шәмшілерді шығарып салуға қатыстым. Кешегі Мұқаңмен қоштасқан Алматыдағы есепсіз қалың елді көріп, ел құрметіне тағы да куә болдық.

Атыраудан бір ақсақал жазыпты. “Мұқтар ақын менің ең сүйікті ақыным еді. Атыраудан қоштасуға бір делегация бара жатыр екен, мені де тізімге қосыңдаршы, зейнетақым бар, жолымды өзім көтеремін”-дейді.

Алматыдан шұбап шығып келе жатқан қаралы көшке қарап тұрған бір қыз: “Мұқтар атамызды біздің Алматыдан алып кетіп барады. Әдемі көшке қарап тұрмын. Ақын мені танымайды ғой, бірақ мен жылап тұрмын”-деп жазады.

Біз Мұқаңа деген мұқым елдің мұндай шексіз ықыласын көріп отырып, Қазақ үшін күрескен айбынды Ақын мен Қазақты 30 жыл билеп-төстегендердің абыройларының арасы аспан мен жердей екеніне көз жеткіздік! Халық құрметін ешкім дүниемен, миллиардтармен сатып ала алмайтынына, Халық құрметі халық үшін қайрат көрсеткен перзентіне ғана жоғары болатынын көрдік. Уақыт бәрін өз орнына қояды деген осы болса керек.

Кіндік қанын кескен Отырардан төрт жасында кеткен бала Мұқтар 80 жылдан кейін дана Мұқтар болып еліне оралды! Әлемді мойындатып келген даңқты ұл енді туған жерден ешқайда кетпейді… осында мәңгілікке жаны жай таппақ. 

Ой ордасы Отырар Адамзаттың ұлы ұстазы Әл Фарабиді де елден аттандырып, ұзақ жыл күткен еді… Қазақ даласын аңсап өткен Ұлы бабамыз туған жеріне жете алмай, шет елде көз жұмды, мың жылдан кейін топырағы келді… Ұлылардың мекенінен аттанған талай ұлы перзенттері туған өлкесіне қайтып оралуды жазбапты.

Ал өмір бойы Отырарын жырлап өткен Ұлы ақын Ұлы Даласына қайтып оралды! Туған жерінің құшағына Мәңгілікке келді!

Біз бәріміз қазір осы тарихи оқиғаға куә болып тұрмыз. Бұл біздің бақытымыз! 

Мұқаң не жазса да, орындайтынын, өлеңі қандай болса, өмірі де сондай екенін осы ақырғы аманатымен де дәлелдеді!

Мұқаңның төрткүл дүниеге белгілі “Төрт анасының” алды Туған жері еді, Жер анасының құшағына келді. Тал бесікке бөленген жеріне енді жер бесікте тербеліп жатуға келді…

Біз кеше Ақынның ақырғы аманатын орындап, өзінің кіндік қаны тамған киелі Отырар еліне, қасиетті Арыстан бап жеріне алып келдік. Аллаға сансыз шүкірлік айтамыз. Артында Серікжан Сейітжан ағамыз секілді сенімді серке інілері бар екен, құдайға шүкір. Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтахан екеуі бастап, Мұқаңның інілері біз, Әлімжан Құртай, Қазыбек Иса, Қалдыбек Құрманәлі, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бауырымыз қостап, ақын денесін туған жерге алып келдік.

Дананың көңілі баладай таза боларын мен Мұқтар ағамның жанында жүріп білдім.

Қос ұлы Қуаныш пен Рауанның қазасы ақынды қатты қажытып кетті…

Өмір болғасын бәрі болады.

Өмір күресіңде қадіріңді білмегендер үшін қабіріңнің басында біз кешірім сұраймыз…

Ақынның еліне деген ең басты Аманаты қалды енді! 

Ол қандай Аманат?!.

Ақиқаттың алдаспан ақыны осыдан 14 жыл бұрын 70 жасқа толғанда да, осы Отырарда 80 жасын тойлағанда да мен “Ақ жолдың” Алаш арыстарына арналған Алтын медалін кеудесіне тағып тұрып, айтып едім: “Қасиетті Қазақ тілін өзінің заңды тұғырына нақты қондырмай, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдамай, Сіздің анау дүниеге аттануға қақыңыз жоқ!» деп едім… Алла ісіне амал жоқ! 

Ақын ағамыз Тіл үшін, Ел үшін өмір бойы күресті.

Ақиық ақынның Алаш мүддесін ойлаған ең басты аманатын енді артыңда қалған ізбасар інілері біз орындаймыз деп семсер ақынның басында серт етеміз!!!

Біз сіздің Ұлы Аманатыңызды орындаймыз, Мұқтар Аға!

Алла алдыңыздан жарылқап, артыңыз қайырлы болсын!

Туған жердің төсінде, жаныңыз жәннаттан жай тауып, Пейіште рухыңыз шалқи бергей!

Бақұл болыңыз, мұзбалақ Мұқтар Аға!

Қазыбек ИСА, 

ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

Алматы – Түркістан-Отырар – Арыстан бап