Егемендік алмаған емле
2026 ж. 09 сәуір
106
0
Еліміз егемен болғанымен, емлеміз тәуелсіз болмай тұр. Қазіргі қазақ емлесі тілдің табиғатын бұзған, бөтен таңбаларға толған, 42 әріптен тұратын әліпбиге негізделіп жасалған еді. Әлі күнге дейін сол әліпбиді қолданып келеміз. Негізгі тілдің табиғатында бары – дыбыс, әріп, соның суреті, оны көреміз, ал дыбысты естиміз. Тілден тілге сөз кіргенімен, дыбыс кіріге алмайды. Қазақ тілінде 28-ақ дыбыс бар. Оны кезінде Ақымет Байтұрсынұлы бізге анықтап берген. Сол 28 дыбыс әлі өзгерген жоқ, оған бірде-бір дыбыс қосылған жоқ, бірде-бір дыбыс кеміген жоқ. Қазақ тілінде қанша дыбыс болса, оның суреті де, таңбасы да сонша (28) болуы керек. Кеңес үкіметінің озбырлығының кесірінен, орыс тілінің кері әсерінен біздегі 42 әріп қазақ емлесін, тілдің табиғатын өрескел бұзып тұр.
Өзге түркілердің егемендік ала салысымен бірден әліппе ауыстыруының, латын қарпіне өтуінің сыры – осы емле ережелерін тілінің табиғатына сай өзгертіп алу, оңдап алу, түзеп алу. Ал біз тәуелсіз ел болғанымызға отыз бес жылға жуықтаса да әлі күнге дейін орыстың, Кеңес үкіметінің тілбұзар жазуын қолданып келеміз. Әлі күнге орыс сөзін сол күйі жазатын әліпбиді пайдалану қазақ тілінің табиғатын, сөз тудыру әлеуетін пайдаланбау, шектеу, қазақ тілінің дыбыс тіркесім заңын бұзу – бұл тілге деген зорлық, бұл тілімізге деген жаулық.
Әріп пен дыбыстың арасы – шартты. Дыбысты қандай таңбамен жазсаң да оның табиғаты өзгермейді. Мысалы, «Б» дыбысын латын таңбасымен, кирилл таңбасымен, араб таңбасымен, Орхон-Енисей таңбасымен жазсаң да мәні өзгермейді, «Б» күйінде қалады, бір адамның әртүрлі киім киіп шыққаны сияқты. Сондықтан латынға өтпей-ақ осы кирилл әліпбиінің өзімен-ақ тілдің табиғатын дұрыстап алуға болады. Өзге әліпбиге көшпеу мәселесін кезінде өткен ғасырдың 90-шы жылдары «осы латынға өтеміз» деп бүкіл түркілер ортақ әліпби ұсынып, үдере көше бастаған кезде Төлеубай Қордабаев, Рабиға Сыздықова, Қайырболат Есенов, Бабаш Әбілқасымов және т.б. ғалымдар көтерген болатын.
Кезінде елдің басшысы латын қарпіне көшуге саяси шешім шығарды: 2017 жылы 11 қыркүйек күні парламентте латын нұсқасындағы қазақ әліпбиінің алғашқы нұсқасы таныстырылды. Одан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығымен бекітілген екінші нұсқасы шықты. Төрт ай өтпей жатып 2018 жылдың 19 ақпанында алдыңғы шығарған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» жарлығына өзгеріс енгізу деп тағы жарлық шықты. Байқап отырғанымыздай, латын әліпбиінің жобасы алдымен парламентте таныстырылды, одан соң тағы екі жарлық шықты. Бірақ тілші ғалымдарының бірауыз болмау себебінен бұл мәселе іске аспай, қазір тіпті тоқтап қалды.
Кирилл әліпбиімен емлені жөндеу мәселесі өзекті болған соң, Тіл комитетінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы №580 қаулысымен бекітілген Республикалық орфография комиссиясы құрылып, қазір жұмыс жасап жатыр. Бірақ жұмысы өте баяу (ішінде бармын), нақты шешімі мардымсыз. Біздіңше, бұл ұзаққа созатын мәселе емес және ұзақ жасалатын да мәселе емес. Бұл – Ақаң айтқан: «Су тоңса мұз болады, натрий мен хлор қосылып тұз болады. Бұл – табиғаттың законы, ондай закон тілде де бар» дегенге сүйеніп; сол законмен жүріп, тіліміздің табиғатына сай етіп, емлені баяғыда жасап алуға болатын іс. Баяғыда... Неге созып жатқанымыз түсініксіз.
Қазір біздің әліпбиімізде орыс әріптері түгел тұрғандықтан, біз сырттан сөз алған кезде орыстың емлесіне сай, орыс қалай жазса, солай жазып жүрміз. Ондай орыстың емлесімен жазылған сөздер біздің тілдің табиғатына жат, тіл дыбыстарының тіркесім заңдылығын бұзып тұр, қазақ тілінің басты заңы сингармонизмге, үндесімге, буын үндесіміне, дыбыс үндесіміне, дауыссыздардың ықпалдасуына өте қайшы. Мұндай құбылысты тіл білімінде варваризмдер деп атайды. Яғни біздің қазір сырттан алып жатқан сөздеріміздің бәрі бүгінгі күннің көзімен қарағанда варваризмдер, ал бұрын кеңес кезінде оны қазақ тілін халықаралық терминдер арқылы байыту деп сендірді. Ал қазір бұл қазақ тілінің ішкі жүйесін құрту, қазақ тілінің ішкі табиғатын, сөз тудыру әлеуетін әлсірету.
Қазақ тілінің әліпби түзудегі ерекшелігі – бір дыбысқа бір таңба. Осы ұстаным Ақымет Байтұрсынұлынан келе жатыр. Бұны кирилл әліпбиі бұзып отыр. Мысалы, «у» деген таңба дауысты «у» және дауыссыз «у»-ды белгілейді деген ереже бар. Қазақ тілінде бір-ақ дауыссыз «у» бар. Бірақ оған бүгінгі әліпбиде екі дыбыстың мәнін беріп қойдық. Керісінше тура сондай үнді «и» дыбысының қазақ тілінде екеуі бар: ұзын «и» деп және қысқа «й». Тілдің табиғатында дыбыс біреу, ал таңбасы екеу болып тұр. Қазақ тілінде «у» да, «и» де дауыссыз. Ал әліпбиде бірі (у) бір таңбамен – кейде дауысты, кейде дауыссыз болады. Ал екіншісін (й-ді) екі таңбамен дауысты и, дауыссыз й деп белгілеп қойдық. Қазіргі әліпбиімізде осындай жүйесіздіктер көп. Мысалы, қазақтың айыу және қойан деген сөздерін я және ю таңбаларымен аю және қоян деп жазып жүрміз. Бұл жерде бар дыбысты жазбай, жазудағы үнем ұстанымын сақтадық деп өзімізді алдап жүрміз. Үнемдеген сол ма, тілімізге 14 артық дыбыс кіргізіп қойдық (в, ё, и, ф, х, һ, ц, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я)! Бұл тілбұзар, озбыр әліпбиден тезірек құтылмасақ, тілімізді әбден тоздырып бітеміз.
Қазақ тілінде сөйлемдегі сөздер сөйлеу кезінде түйісіп немесе жеке-жеке тұрмай, топ құрап, әр топ өзіндік екпін, ырғақпен айтылады. Ырғаққа енетін буындар саны бірдейленіп, артық буындар түсіріліп немесе жетпейтін буындар қосылып отырады. Осы әуезді сөзді айтқан адам бунақты да, буынды да білмейді. Сөзді ырғаққа келтіріп айту үшін немесе буындар санын бірдейлеп айту үшін филологиялық білімнің қажеті жоқ. Бұл жай ғана қазақ сөзінің айтылу табиғаты. Бұның бәрі қазақ сөзінің ырғақпен айтылу заңдылығынан шығып тұр. Ақаң: «...Қазақ емлесінің 70-80 пайызы дыбыс жүйелі» деген болатын. Сондықтан жазу айтылымға да қызмет етуі керек. Бір бунаққа (ырғаққа) кіретін сөздер (буындар) бір-біріне үйлесіп, ыңғайласып айтылуына екі себеп бар: бір жағынан сөйлеу мүшелерінің жұмысы жеңілдейді, әр алуан кедергі тегістеледі, екінші жағынан сөз сазы айтылған сөздің тыңдаушы құлағына жұмсақ тиіп, сөзге әуенді үн беріледі (Рәбиға Сыздық). Міне, қазақ тіліне қазақша емле осы үшін керек.
Осыған орай Мемлекеттік тілді дамыту институты «Қазақ сөздеріндегі дыбыс тіркесімінің бұзылуын автоматты түрде анықтайтын IT бағдарлама» деген жобаның аясында «QAZEMLE» деген мобилді қосымша жасады (https://qazemle.com/text-transformer). Ол – қазақтың емлесін дұрыстауға арналған электронды құрал. Ол үш деңгейден тұрады: біріншісі, «и» мен «у»-дың мәселесін тілдің табиғатына қарай шешу, бұл – қазір жұмыс істеп тұрған, автоматтандырылған жүйе. Дыбыс заңын бұзбайды, буын жігін бұзбайды, біз солай жазуға, тілдің табиғатын сақтауға үйренуіміз керек. Екінші – төл қазақ дыбыстарын дұрыс жазу емлесі. Бұл жерде де дыбыстардың тіркесім заңдылығы, буын жігі, үндесім т.б. барлық заңдылықтар сақталған. Үшінші – сырттан келетін сөздерді жазудың ережесі. Бұл – өте қиын. Бізге жат сөздер өте көп мөлшерде еніп кетті, қазір де еніп жатыр. Бұл варваризмдер тілді жоятын, тілді құртатын, тілдің әлеуетін әлсірететін, тілдің айтылымын бұзатын, әуезділігін бұзатын сөздер. Осыған қатысты 2-3 ереже жасадық. Біріншісі – сырттан келген сөздерді айтылымы арқылы игеру. Ол патша заманында болған ояз, болыс және т.б. сөздердің моделі. Екінші – кірме сөздерді тілдің қазіргі дыбыс тіркесім заңдылығына негіздеу. Осы екі заңдылыққа сүйеніп, біз тілге кіретін жат сөздерді дыбыстық жағынан игеріп алуымыз керек не оған балама тауып аударуымыз керек. Сөз тудырмайтын тіл өледі. Тілді құтқарудың, тілдің табиғатын сақтаудың басқа жолы жоқ.
Бұл кезек күттірмейтін жұмыс мемлекеттің асырауындағы, мемлекеттің қарауындағы мекемелердің ішіндегі тұрақты құрылым арқылы жүзеге асуы керек. Мысалы, termincom жылына төрт-ақ рет отырыс жасайды, әр отырыста ары кетсе мыңнан, мүмкін екі мыңнан сегіз мың термин енгізетін шығар. Бірақ қазақ тіліне бір аптада немесе айда сегіз мың термин еніп жатыр, лексикалық қорымыз жат сөздерге, варваризмдерге толып жатыр. Осыны дұрыстау үшін termincom-ды автоматтандыру керек. Мұнан бөлек Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл Қазына» орталығында, я болмаса А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында тұрақты жұмыс істейтін арнайы құрылым болуы керек. Олар қазақ сөздерінің емлесінің жазылуын нормалап, электронды платформаға жіберіп отыруы қажет. Қазір неше түрлі блогерлер, жорналшылар, мұғалімдер, әркім өзінің білгенін айтады, сөйтіп халықтың арасында терминдерді біріздендіру, қазақ жазуын біріздендіру бойынша әртүрлі хаус пікір пайда болып жатыр. Қазақ сөздерінің емлесі бойынша бір пәтуә шығарып отыратын орган керек. Сол үшін мемлекеттің қарауындағы мекемелер осыны қолға алмағандықтан, «Qazaq Tili» Халықаралық академиясы жанынан Қазақ емлесі (QAZEMLE) жоғарғы кеңесі құрылды. Кеңестің мақсаты – қазақ тілінің сөздерін (терминдерін), сөз тіркестерін және сөйлемдерін дұрыс қолдану үшін тілдің орфографиялық, орфоэпиялық, стилистикалық, лексика-грамматикалық нормаларына сай бекітіп, электронды ресурстар арқылы көпшілікке жариялап отыру. Оның жұмысы көпшіліктің көз алдында болады. Ол құрылым жоғарыда Ақаң айтқандай, тілдің законына бағынып жұмыс істейді.
Бижомарт ҚАПАЛБЕК,
Қазақ үні