ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫЛАРЫНЫҢ КІНӘСІ НЕДЕ?!.
2026 ж. 05 сәуір
47
0
Өз өміріңде өз тіліңмен тіршілік етпесең - сен оны қорғамайсың, әлсіретесің…
Кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері ана тілінің қадір-қасиеті жайлы шешіле сөйлегенді ұнататын: «Тіліміз қандай ұлы, оның тереңдігіне Толстойдың өзі жете алмайды, Абайдың әлемі бөлек» деген тәрізді сөздер аз айтылған жоқ.
Иә, олар ауылда өсіп, қазақ тілінің иірімдерін жан-тәнімен сезінді. Алайда өз балаларына келгенде, оларды орыс мектептеріне беріп, үй ішінде де орысша сөйлесуді әдетке айналдырды.
Мысал керек пе?
Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ілияс Есенберлин, Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Әбіш Кекілбаев, Бауыржан Момышұлы, Сәтімжан Санбаев, Шерхан Мұртаза, Зейнолла Қабдолов, Хасен Әдібаев, Әнуар Әлімжанов, Тахауи Ахтанов, Халижан Бекхожин, Рамазан Тоқтаров…
Осы тізімді жалғастыра берудің өзі артық.
Дәл осы кеңестік кезеңде қазақтың талай қаламгері орыс тілі мәңгі үстем болады деген сеніммен ана тілінен іштей теріс айналды. Бүгінгі күні сол таңдау мен ықпалдың салдарын тартып отырмыз.
Ал сол тұста Балтық елдерінің, грузин, армян, өзбек, украин қаламгерлері өз тілдерінің болашағы үшін жүйелі түрде еңбек етіп жатқан еді.
Сондықтан бүгін «неге біздің балалар әлі де орысша сөйлейді?» деп өзімізді кінәлап, өзгелермен салыстырудың жөні жоқ. Олар бұл жолға әлдеқашан түскен.
Мәселе тек сөзде емес - мәселе жеке өнегеде.
Жазушы - тек кітап жазатын адам емес. Ол - қоғамға бағыт беретін шамшырақ, мінез бен ұстанымның үлгісі.
Егер сен тілдің ұлылығын айтып, бірақ өз өміріңде сол тілде тіршілік етпесең - сен оны қорғамайсың, керісінше әлсіретесің.
Дәл әдеби элита қазақ тілін қалалық өмірдің тіліне, болашақтың тіліне айналдыруы тиіс еді. Бірақ олар, іс жүзінде, алдымен тұрмыста, кейін бала тәрбиесінде орыс тілінің басымдығын мойындады.
Бұл жай ғана жеке таңдау емес еді. Бұл - «болашақ мұнда емес» деген үнсіз белгі болатын.
Қоғам сол белгіні қабылдады.
Сондықтан бүгінгі қиындықтар тек жүйенің не уақыттың салдары ғана емес. Бұл - тілді өмір нормасы ретінде сақтауы тиіс болғандардың өздері одан шегінгенінің де нәтижесі.
Мұның да өзіне тән жауапкершілігі бар.
Сабыр етіңдер, қазақтар! Әр нәрсенің өз мезгілі бар.
Бигелді Ғабдуллин,
Фейсбук парақшасынан