«Ғылым таппай мақтанба»
2026 ж. 06 наурыз
104
1
<Қазіргі жаһандық даму үдерісінде ғылым мен инновация ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономикалық тұрғыдан алға шыққан мемлекеттер жыл сайын ішкі жалпы өнімінің елеулі үлесін ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бағыттайды, себебі ұзақ мерзімді өсімнің тұрақтылығы жаңа білім мен технологиялық жаңалықтардың өндіріске енгізілуімен тығыз байланысты. Халықаралық ұйымдардың, соның ішінде Дүниежүзілік банк пен ЮНЕСКО статистикасының мәліметтері бойынша, ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығын көлемі елдің даму деңгейімен тікелей сабақтас: табысы жоғары елдерде бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары, ал экономикасы дамушы елдерде салыстырмалы түрде төмен болып келеді.
Мысалы, соңғы жылдардағы деректерге сүйенсек, Израиль ғылыми зерттеулерге ішкі жалпы өнімінің шамамен 5–5,5%-ын бағыттап, әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірін көрсетіп отыр. Оңтүстік Кореяда бұл үлес 4,5–5% шамасында, ал АҚШ-та ғылыми-зерттеу шығындары ІЖӨ-нің шамамен 3,4–3,6%-ын құрайды, бұл жылына жүздеген миллиард доллар көлеміндегі инвестицияға тең. Германияда ғылымға бөлінетін қаржы ІЖӨ-нің шамамен 3% деңгейінде, Жапонияда 3% маңайында. Бұл мемлекеттерде ғылымды қаржыландыру көлемінің жоғары болуы технологиялық серпіліс пен инновациялық экожүйенің дамуына негіз болып отыр.
Дамушы елдерде көрсеткіштер анағұрлым төмен. Мәселен, Орталық Азия елдері арасында ғылымға бөлінген қаржының үлесі әлі де шектеулі деңгейде. Қазақстанда ғылымға жұмсалатын қаржы көлемі соңғы жылдары шамамен ІЖӨ-нің 0,12–0,16% аралығында болды. Бұл көрсеткіш халықаралық орташа деңгеймен салыстырғанда төмен болғанымен, өңірлік тұрғыдан қарағанда біршама жоғары саналады. Мысалы, Қырғызстанда ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы ІЖӨ-нің шамамен 0,1% немесе одан төмен деңгейінде, сондықтан Қазақстанның үлесі салыстырмалы түрде жоғары болып тұр. Мұндай айырмашылықтар елдердің экономикалық әлеуеті мен ғылыми инфрақұрылымының даму деңгейіне байланысты қалыптасады.
Қазақстанда ғылымды қаржыландырудың бірнеше тетігі қалыптасқан. Соның ішінде гранттық қаржыландыру кеңінен қолданылады, ол іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүзеге асыруға бағытталған. Әсіресе жас ғалымдарға арналған арнайы гранттық конкурстар ғылыми кадрлардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (ПЦФ) аясында стратегиялық маңызы бар бағыттар бойынша ірі ғылыми жобалар іске асырылады, бұл тәсіл ұлттық басымдықтарды шешуге бағытталған зерттеулерді қолдауға жағдай жасайды. Ғылыми жаңалықтарды өндіріс пен нарыққа енгізуді ынталандыру мақсатында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бағдарламалары жүзеге асырылып келеді, олардың аясында зерттеу нәтижелерін стартаптар мен технологиялық өнімдерге айналдыруға қолдау көрсетіледі.
Осылайша, әлемдік тәжірибе ғылымды тұрақты қаржыландыру елдің инновациялық даму траекториясын айқындайтынын дәлелдейді, ал Қазақстан жағдайында қолданыстағы қаржыландыру механизмдері ғылыми әлеуетті күшейтуге бағытталғанымен, халықаралық көрсеткіштермен салыстырғанда қаржы көлемін ұлғайту қажеттілігі көрініп-ақ тұр. Ғылымға салынатын инвестиция көлемінің артуы экономиканың әртараптануына, жаңа технологиялардың пайда болуына және адами капитал сапасының жақсаруына ықпал етері сөзсіз.
Қазақстанда тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап ғылымды дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындалып, әр кезеңде ғылыми зерттеулерді қолдауға арналған бағдарламалар қабылданып келеді. Әсіресе филология саласында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ғылыми негіздерін жетілдіру, әдістемесін жаңарту мақсатында түрлі жобалар мен зерттеулерге қаржы бөлініп отырғаны белгілі. Соңғы онжылдықтарда қазақ тілінің корпусын жасау, терминологиялық қорды жүйелеу, оқулықтар мен әдістемелік құралдарды әзірлеу, латын графикасына көшу үдерісін ғылыми тұрғыдан сүйемелдеу сияқты бағыттар бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Дегенмен, ғылымның басты миссиясы – қоғам өмірін жеңілдету, күнделікті тәжірибеде нақты қолданыс табатын шешімдер ұсыну екенін ескерсек, бөлінген ресурстар мен қол жеткізілген нәтижелердің арақатынасында сәйкестік жоқ.
Қазіргі цифрландыру дәуірінде қазақ тіліне, мемлекеттік тілге қатысты технологиялар қоғамның барлық саласына еніп, коммуникацияны барынша оңтайландыруы тиіс еді. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ тілінің оқытылуы, зерттелуі және күнделікті қолданысын жеңілдететін цифрлық құралдардың жеткілікті деңгейде емес екені байқалады. Мәселен, кең таралған тілдерде орфографиялық және грамматикалық қателерді автоматты түрде анықтап түзететін жүйелер кеңінен қолданылады, олар жазба мәдениетін қалыптастыруға және тілдік нормаларды сақтауға үлкен ықпал етеді. Ал қазақ тілінде мұндай құралдар әлі де шектеулі, қолжетімділігі төмен немесе функционалдық мүмкіндігі толыққанды емес. Сондықтан біздің зерттеулердің нәтижелері еш көрінбей тұр.
Ғылыми зерттеулерге белгілі бір көлемде қаржы бөлініп отырғанымен, олардың нәтижелерін кең қоғамдық қолданысқа енгізу, цифрлық өнімдерге айналдыру, практикалық тиімділігін арттыру бағытында жүйелі тетіктерді күшейту қажеттілігі айқын сезіледі. Өйткені тіл ғылымының дамуы тек теориялық еңбектермен шектелмей, нақты технологиялық шешімдер арқылы қоғамға қызмет етуі тиіс. Қазақ тілін цифрлық ортада толыққанды қолдануға мүмкіндік беретін автоматтандырылған орфографиялық тексеру жүйелері, интеллектуалды сөздіктер, мәтін өңдеу құралдары сияқты өнімдердің жеткіліксіздігі ғылым мен практиканың арасындағы алшақтықтың бар екенін көрсетеді. Барлық пәндер бойынша осындай жағдай қалыптасқан деуге болады. Сондықтан жалпы елдегі ғылыми саясатты қайта қарау және зерттеу нәтижелерінің нақты өмірде іске асуын қамтамасыз ету мәселесін күн тәртібіне қою керек.
Мұндай жағдайдың қалыптасуына әсер ететін бірқатар институционалдық және әдіснамалық себептер бар. Соның бірі – ғылыми зерттеу тақырыптарының айқын стратегиялық сұранысқа емес, көбіне ғылыми жетекшілердің жеке ғылыми тәжірибесі мен қызығушылық аясына қарай қалыптасуы. Әсіресе диссертациялық тақырыптар көп жағдайда нақты өзектілікке, іргелі ғылыми мәселені шешу әлеуетіне немесе қазақ тіл білімінің жүйелі проблемаларын қамтуына қарай емес, жетекшінің белгілі бір бағытта жинақтаған біліміне сүйене отырып ұсынылады. Мұндай тәжірибе уақыт өте келе зерттеулердің фрагменттелуіне, қайталанатын тақырыптардың көбеюіне және тіл ғылымының стратегиялық міндеттерінің назардан тыс қалуына әкелуі мүмкін. Соның салдарынан ғылыми жобалар нақты әлеуметтік сұранысқа жауап бермей, практикалық жұмсалымы шектеулі болып қалады.
2025-2027 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурста «Әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдар және өнер» бағыты бойынша 173 мекеме жалпы сомасы шамамен 15 млрд теңгеге ие болған. Мысалы, осыншама қаржы жұмсалып, осыншама тақырып қаржыландырылғанымен орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің бағдарламасын жетілдіру мәселесі шешілмеді. Бұған дейін де осындай қыруар жобалар жүзеге асырылған, бірақ орта мектеп 2016 жылдан бері, міне, 2026 жыл болды, он жыл бойы қате бағдарламамен оқып келеді...
Қазақ тілін зерттеуді, оқытуды, қолдануды оңайлататын, жеңілдететін өзекті тақырып, өзекті бағытты таңдап қаржыландыру, практикалық мәнін түсіну, нәтижесін бағалау жағы жетімсіз. Мысал ретінде тіл біліміндегі тілдің қоғамдағы қызметін зерттейтін негізгі сала әлеуметтік лингвистиканың дамуын айтуға болады. Әлеуметтік лингвистика – тілдің қоғамдағы қызметін, тілдік саясаттың тиімділігін, тілдік мінез-құлық пен тілдік таңдаудың әлеуметтік факторларын зерттейтін маңызды ғылыми сала. Алайда Қазақстанда бұл бағыт ұзақ уақыт бойы жүйелі дамымады, жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларында орнықпады. Тіл саясатының нәтижелілігін бағалау, тілдің нақты қолданылу аясын талдау, қоғамдағы тілдік ахуалды ғылыми негізде түсіндіру сияқты мәселелер дәл осы салаға сүйеніп отыруы тиіс! Бүгінгі күні Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында әлеуметтік лингвистикаға қатысты құрылымдардың қалыптаса бастауы оң өзгеріс, алайда мұндай бөлімдердің тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде-ақ ашылуы қажет еді. Бұл бағыттың кешеуілдеп дамуы тіл саясаты мен тілдік жоспарлаудың ғылыми негізінің әлсіреуіне ықпал еткені анық.
Екінші маңызды себеп – қазақ тіліне қатысты ғылыми зерттеулермен айналысатын мамандарға қойылатын институционалдық талаптардың сипаты. Соңғы жылдары докторантураға түсу немесе ғылыми қызметпен айналысу үшін ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеру, Scopus-қа мақала жариялау міндеті күшейтілді, бұл халықаралық ғылыми кеңістікке кірігу тұрғысынан түсінікті талап, әрине, бірақ оның жанама әсерлері де жетерлік. Қазақ тілді ортада қалыптасқан, кәсіби тәжірибесі мол көптеген білікті мамандар шет тілінде мақала жариялау талаптарынан өте алмай, ұзақ уақыт бойы ғылыми бағдарламаларға қатыса алмай, Scopus мақаласы жоқтықтан жобаға жетекшілікке жарамай келеді. Нәтижесінде ғылыми ортада тілдің ішкі мәселелерін терең білетін мамандардың үлесі азайып, ал ағылшын тілін жақсы меңгерген зерттеушілер көбіне салыстырмалы бағыттағы жұмыстарға, әсіресе қазақ және ағылшын тілдерін қатар қарастыратын тақырыптарға көбірек бет бұрады. Бұл жағдай тіл білімінің басқа да өзекті бағыттарының жеткілікті деңгейде зерттелмеуіне алып келеді.
Қазақ тіл білімі саласында ғылыми нәтижелердің айқын көрінбеуіне әсер ететін факторлардың бірі – ғылыми жобалардың нәтижесін бағалаудағы формальды талаптардың басымдығы. Қазақстанда ғылыми жобалар Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы арқылы сараптамадан өтеді және жобаларға қойылатын техникалық талаптар мен күтілетін нәтижелер алдын ала нақты белгіленеді. Соңғы жылдары, соның ішінде 2025 жылға арналған ғылыми гранттық конкурстарда жобалардан күтілетін нәтижелер тізімінде жарияланымдық көрсеткіштердің ерекше көп екендігі қынжылтады. Ғылыми нәтижені тек шыққан мақала санымен өлшеу ақылға сыймайды. Әдетте зерттеу топтарынан Комитет ұсынған ғылыми басылымдарда (ККСОН) белгілі бір саннан кем емес мақалалар жариялау, сондай-ақ халықаралық дерекқорларда, мысалы Scopus немесе Web of Science индекстелетін журналдарда мақалалар шығару талап етіледі. Бұл көрсеткіштер ғылыми сапаны өлшеудің бір құралы ретінде қарастырылғанымен, олардың шамадан тыс формальдануы зерттеу процесінің мазмұнына кері әсер етіп отыр. Зерттеу ұжымдарының едәуір уақыты нақты ғылыми мәселені терең зерделеуге емес, жарияланым санын қамтамасыз етуге, редакциялық процестерді ұйымдастыруға және формальды талаптарды орындауға жұмсалады.
Сонымен қатар жарияланымдық көрсеткіштерді механикалық түрде арттыру талаптарының жүзеге асу мүмкіндігі де әрдайым шынайы жағдаймен сәйкес келе бермейді. Мысалы, бір ғылыми ұйым бірнеше жобаны қатар ұтып алған жағдайда әр жоба бойынша белгіленген мақалалар санын қосқанда ондаған жарияланым қажет болуы мүмкін. Ал Қазақстандағы ККСОН тізіміне енгізілген ғылыми журналдардың саны шектеулі, олардың басылу жиілігі мен қабылдау мүмкіндігі де белгілі бір деңгейден аспайды. Мұндай жағдайда зерттеушілер кезек күтуге мәжбүр.
Объективті себептермен (біреудегінің кілті аспанда) уақытылы шықпаған мақала үшін (Scopus, ККСОН) жоба орындушылар айыппұл төлейді, тіпті басқа да формальды көрсеткіштердің жоқтығынан зерттеу жобасы тоқтатылып тасталуы да мүмкін.
Қазіргі тәжірибеде монография кей жағдайда бір ғана ККСОН тізіміндегі мақала деңгейімен шамалас көрсеткіш ретінде қарастырылып жатады. Яғни көлемі мен ғылыми салмағы мүлде бөлек екі нәтиже формальды есептеуде бірдей саналып отыр. Бұл – абсурд. Мұндай тәсіл зерттеушілерді іргелі еңбек жазуға емес, тезірек жарияланатын мақалаларға көбірек көңіл бөлуге итермелейді. Нәтижесінде терең зерттеу жүргізу мәдениеті әлсірейді, ал монографияның ғылыми жүйе ішіндегі беделі төмендейді.
Біздіңше, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарда зерттеудің негізгі нәтижесі ретінде монография қарастырылуы керек. Себебі монография – бірнеше жыл жүргізілген зерттеудің тұтас қорытындысы, ғылыми тұжырымдардың жүйелі баяндалуы, белгілі бір мәселені жан-жақты ашатын еңбек. Алайда бүгінгі жобалық қаржыландыру жүйесінде монографияның шынайы ғылыми салмағы жеткілікті деңгейде бағаланбай отыр. Жоба аясында монография жарық көргенімен, оның мазмұнына, ғылыми деңгейіне, қоғамға қаншалықты қажет екендігіне, ғылыми қауымдастық тарапынан қалай қабылданғанына терең тексеріс жасалмайды. Ең бастысы – бірнеше жыл жұмыс істеген зерттеу тобының еңбегі тиісті талапқа сай ма, жоқ па деген сұраққа жауап берілмейді. Тексергенде, бәрінен бұрын, сол монографияның жарамдылығы тексерілуі керек қой.
Сонымен бірге ғылыми талаптарда пайдаланылған әдебиеттер тізімінде ағылшын тіліндегі еңбектердің міндетті түрде болуы керектігі жиі аталады. Халықаралық ғылыми айналыммен байланыс орнату маңызды екені сөзсіз, бірақ бұл талап кей жағдайда қазақ тіл білімінің табиғатына толық сәйкес келе бермейді. Қазақ тілінің ішкі мәселелерін зерттегенде негізгі дереккөздердің өзі қазақ тілінде болуы керек. Егер ғылыми бағалау жүйесі ең алдымен шетелдік әдебиеттерге сүйенуді талап етсе, онда ұлттық ғылыми дәстүр мен ғылыми тілдің дамуына жеткілікті көңіл бөлінбейді ғой. Келсе де, келмесе де барлық пәндерге шетелді көзсіз үлгілей беру жөн емес.
Бұл жерде мемлекеттік тіліміздің дамуына қатысты тағы бір маңызды мәселе туындайды: егер ең сапалы ғылыми нәтижелер негізінен Scopus журналдарда ағылшын тілінде жарияланып, ғылыми бедел сол жарияланымдар арқылы ғана өлшенсе, онда қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі қызметі қалай дамиды? Ғылым тілін қалыптастыру – ұзақ әрі жүйелі үдеріс, ол үшін ұлттық тілде жазылған сапалы еңбектердің беделін арттыру, оларға институционалдық қолдау көрсету қажет. Көптеген елдерде ұлттық тілдегі ғылыми басылымдар ғылыми жүйенің толыққанды бөлігі ретінде қарастырылады. Сондықтан ғылыми саясатта халықаралық талаптарды сақтай отырып, мемлекеттік тілдегі ғылыми еңбектердің құндылығын төмендетпейтін теңгерімді тәсіл қажет.
Ғылыми нәтижені бағалауда әлемдік тәжірибеде қолданылып жүрген тиімді тәсілдердің бірі – технологиялық дайындық деңгейі деп аталатын TRL жүйесі. Бұл жүйеде зерттеу нәтижесі 1-ден 9-ға дейінгі деңгей бойынша бағаланады: бастапқы теориялық идеядан бастап, нақты өнімнің практикада қолданылуына дейінгі жол кезең-кезеңімен көрсетіледі. Мысалы, зерттеу нәтижесінде нақты қолданбалы құрал, әдіс немесе технология жасалып, ол тәжірибеде пайдаланылса, оның деңгейі жоғары деп есептеледі. Мұндай тәсіл ғылыми жұмыстың нақты пайдасымен өлшенуіне мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан қарағанда, ғылыми жобалардың нәтижесін дәл осындай логикамен бағалау орынды: зерттеу қоғамға қандай нақты өнім берді, оны кім қолданды, қандай мәселе шешілді – негізгі сұрақтар осы болуы тиіс. Біздіңше, осы талапты күшейте түскен жөн.
Ал осыған дейін ғылыми жоба аяқталған соң жоғарыда айтқан формальды көрсеткіштен құралған есеп тапсырылып, монография жарық көретін де, оның ары қарайғы тағдыры, қоғамға жетуі, қолданылуы қадағаланбайтын. Соның салдарынан зерттеу нәтижелері көбіне қағаз күйінде қалып қоятын. Біздіңше, формальды көрсеткішті түгендеуді қойып, осы TRL-ге күш салуымыз керек.
Тіл білімінде стратегиялық маңызы бар бағыттар белгілі: белгілі бір кезең сайын нормативтік еңбектер жаңартылып отыруы тиіс. Оның үстіне біз тілдік жағынан отарсызданбаған елміз. Әлі кеңестік жүйенің еуроөзек жолынан шыққан жоқпыз. Мысалы, түсіндірме сөздік, орфографиялық сөздік, академиялық грамматика сияқты негізгі құралдар ұлттық тілдің қажеттілігіне сай жаңарып, қолданысқа енгізілуі керек. Мұндай жұмыстарға ғылыми мекемелерге, соның ішінде үкіметтің қарауындағы ұйымдарға мемлекеттік деңгейде тапсырмалар беріліп, қаржы бөлініп келеді. Алайда қоғам бұл еңбектердің нәтижесін күнделікті тілдік тәжірибеде кеңінен сезініп отыр деу қиын. Жоба нәтижесінде жаңа өнімдер шыққанымен, оларды енгізу, насихаттау, қолданысқа бейімдеу жұмыстары жеткіліксіз әрі ол өнімдердің өздері де жарамсыз, негізсіз болғандықтан, тілдік практикада қолданылмайды.
Соның салдарынан қазақ тілінің көптеген нормалары мен ережелері әлі де кеңестік кезеңде қалыптасқан құжаттар мен сөздіктерге сүйеніп келеді. Уақыт өзгерген сайын тілдік орта да өзгереді, сондықтан нормативтік базаның ұзақ уақыт бойы жаңартылмауы тілдің табиғи дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Бұл жағдай қазақ тілінің заманауи коммуникация талаптарына бейімделуін баяулатып, тілдік саясат пен ғылыми зерттеулердің нақты нәтижелілігі туралы сұрақтардың туындауына себеп болып отыр.
Осы айтылғандардың бәрі қазақ тіл білімі саласында ғылыми саясатты қайта ой елегінен өткізу қажеттігін көрсетеді. Ғылымның мәні – есеп тапсыру немесе формальды көрсеткіштерді орындау емес, қоғамның нақты мәселелерін шешу, өмірді жеңілдету, тілдің табиғи дамуына жағдай жасау. Егер ғылыми жобалардың нәтижесі қағаз жүзінде қалып, қоғам оны сезінбесе, онда ғылым өз миссиясын толық атқарып отыр деп айта алмаймыз. Сондықтан ғылыми нәтижені жарияланған мақалалар санымен және формальды талаптардың орындалуымен ғана өлшеу жеткіліксіз, ең басты өлшем – оның қоғамға тигізген нақты әсері болуы тиіс.
Қазақ тілінің қазіргі жағдайы ғылым мен тілдік практиканың арасындағы алшақтықтың бар екенін аңғартады. Бір жағынан, ғылыми жобалар жүзеге асырылып, еңбектер жарық көріп жатыр, екінші жағынан, тілдің қолданылуын жеңілдететін құралдар, заманауи нормативтік негіздер мен цифрлық шешімдер жоқтың қасы.
Ғылыми жүйеде монография сияқты іргелі еңбектердің рөлін қайта бағалау, зерттеу нәтижелерін сапалық тұрғыдан талдау, тіл ғылымының стратегиялық бағыттарын нақтылау керек. Сонымен бірге ғылыми талаптарды белгілеуде ұлттық ғылымның ерекшелігі ескеріліп, қазақ тіліндегі ғылыми өнімдердің беделін арттыруға басымдық берілуі тиіс. Ғылым тілінің (мемлекеттік тілдегі) дамуы – тек ғылыми қауымдастықтың емес, бүкіл қоғамның мәдени және зияткерлік қауіпсіздігімен байланысты мәселе.
Егер ғылыми саясат шынайы нәтижеге, қоғаммен байланысқа және тілдің практикалық қажеттіліктеріне бағытталса, қазақ тілі заманауи әлемде толыққанды қызмет ететін, технологиялық ортаға бейімделген, өмірдің барлық саласында еркін қолданылатын тіл ретінде дамиды. Ал керісінше ғылым мемлекеттік тілдің өрісін шектейтін талаптарға сүйенсе, ондай ғылымның қазақ қоғамына пайдасы шамалы болмақ. Бөлінген ресурстардың далаға кеткені. Сондықтан бүгінгі таңда ең маңызды міндет – ғылымды формальды есептен нақты нәтижеге қарай бұру.
Бижомарт ҚАПАЛБЕК,
Қазақ үні