ЕРСАҒА

ЕРСАҒА

Болыскей шекпен

Алматы түні ызғарлы-ақ еді. Екі курстас ақпанның орта тұсында ұзақ жауған сілбі қарды кешіп, әлдебір межеге асыға, дедектей басып келеміз. Тротуар бойындағы қатар-қатар домалақ шам қараңғы әуеде қалқып тұрған күлгін пиялаға ұқсайды. Солардың көгілжім сәулесі аясында қиғаштай ұшқындаған қылау тірі нәрсеше, бітік қарағай мен шыршаға үлбірей қонақтап жатыр. 

Суық, ылғал ауа арқа мұздатты. Өйтпей қайтсін, өзге жұрт жаппай қыстық киіммен жүр, ал біздің кигеніміз, неге екенін, жұқа пиджак. Әйтеуір, кең, жарық даңғылда ерсілі-қарсылы ағылған жұрт нөпірі қалың. Шалқыған музыкаға қосылып қыз-қырқынның шат күлкісі сыңғырлайды. Осының бәрі көңіл сергітіп, жан жылытатын секілденеді. Кенет серігіме: 

– Әй, осы, сенің болыскей шекпенің бар еді ғой! Ұзын... Ақсұр. Соныңды неге киіп алмағансың? – деп үн қатамын.

Жолдасым қапелімде ойымды ұқпай, сәл аңтарыла бұрылып, баяғының шалдарынша сөз саптауым санасына жеткенде ішегі қата күледі: 

– Һе-е... Аяқ астынан қар жауып кететінін қайдан білейін. Ұнай ма сол саған? Ұнаса сен ки! 

– Жоқ, өзімнің де дәл сондай польский қара плащым бар ғой. Жатақта шкафта тұр. Мен де ойламаппын аяқ астынан күн суытады деп. 

Оянсам... Кәдімгіше тоңазып, тоңып қалыппын. Жаңағы көрініс – түсім екен. Кешкісін моншадан қайтып, креслоға шалқайып отыра қалған бойда көзім ілініп кетіпті. Ыстық будан жүрегің қағып, әлсіреңкіреп шығатының бар емес пе. Перде тасасынан желдеткіштің сәл ашық қалғанын аңдамаппын. 

Қашанда «келе бар, ала бер» дейтін Ерсайын досты ойлап, хабарласуға ниеттендім. Одан сағатқа қарап, қой, апақ-сапақта мазасын алмай, күндіз сөйлесейін деп ұйғарамын. 

Әр кез үстіндегі жалғыз жейдесін шешіп беріп, қалтасындағы соңғы тиынын ұстата салуға даяр тұратыны рас. 

Журналистика факультетіндегі оқуын бітірген соң бірталай уақыт белгілі басылымдарда қызмет етті де, кейін жұртты таңырқатып, суретшілікке ден қойды. Сонда едәуір кезең қылқалам шеберлері үйінде тұрғаны бар. Беріректе «Ерсайынның салоны» атанған әжептәуір ауқымды бөлмесі келімді-кетімді кісіден босамайтын. Ұлан-байтақ елдің түкпір-түкпірінен жететін қайдағы-жайдағының бәрі осы досымызды сағалаушы еді. Бұлардың адаспай, дәл Ерсайынды тауып ала қоюының сыры бір Аллаға ғана аян. Тіпті, қаланың кейбір қағылған-соғылғаны да сол құжырадан шықпаушы еді-ей. О тұста өзінің де тұрақты жұмысы жоқтығына қарамастан, Ерекең талай уақыт осындайларды асырады. 

Арасында үш-төрт күндеп қона жататыны кездесетін. Ішінара «нақсүйерімен» келіп түнейтіндер бар. Ерсайын мұндайда кең кереуетін «жастарға» босатып беріп, өзі іргеге матрас жайып жантая салады. 

Төрдегі төсекте тізесін тартып, тұс-тұстан төнген лампа жарығынан именшіктеп жүз тайдырып, жаңа түскен келінше сынықсып отыратын базбір «қалыңдықтың» кейпін күні бүгінге дейін ұмытпаппын. 

Ортадағы жалпақ үстел ас-судан қайысып тұрады. Бөлме иесі дастарқанын жұтатқан емес. Өзге жеміс-жидек, салаттан бөлек апельсин мен лимон, банан үзілмейді. Екі-үш тұсқа шұжық, бауырсақ қойылады. Ерекең әрбір қонағын құдасынша күтіп:

– Тағы бір шинақ іш... Енді бір шинақ! – деп шай құйып, жаны қалмайды. (Шинақ – шыныаяқ дегені). 

Ішті керілулі кенеп пен палитраға жұққан майлы бояу иісі кернеп, сонадайда беті шүберекпен жабулы мольберт қоңыраяды. Өзара у-ду мейман үй иесінің тықыршып, іске алаңдайтынын қайдан ескерсін, жуыр маңда тарауды ойламайды-ау. Алайда қабақ шытуды білмейтін қожайын бәріне шыдайды. Анда-санда шеберханаға бас сұққанымда осындай ахуалға куә болып, төзіміне таңырқап қайтушы едім. 

Сөйтіп жүріп-ақ небір дүбірлі қойылымын ұйымдастырды. 2000-шы жыл қарсаңында әйгілі неоимпрессионист суретші Винсент Ван Гогтың құрметіне орай «Өнердің құлақкесті құлы» атты көрмесін өткізгені есімде. Бұған «Эксон» мұнай компаниясының менеджері Диляра Садықова мен «Сорос» қорының атқарушы директоры, жазушы Мұрат Әуезов демеушілік жасады. (Көп ұзамай осыны Голландиядағы белгілі қоғамдық ұйым Қазақ еліндегі айтулы оқиға ретінде тіркепті). Сондай-ақ «Эксон-Мобил» холдингінің қолдауымен ретінше «Мамыражай-1», «Мамыражай-2» дегендей экспозициясын өткізуге кіріскен. Бұларға әр кез Айша Ғалымбаева, Сахи Романов, Исатай Исабеков, Амандос Ақанаев, Табылды Мұқат сынды атақты қылқалам шеберлері мен Өтежан Нұрғалиевтей көрнекті қаламгерлер қатысып, кеш иесіне бата берді. Мысалы, сондай вернисаж үстінде осы Өткеңнің: 

– Міне, сіздерге импрессионизм! Бүткіл Париж көшіп келгендей! Енді Парижге бармай-ақ қойыңдар! – деп жиналған қауымды серпілткені естен кетпейді. 

Е-е, айтқандайын, кейініректе Өтежан аға абстракционист Ерсайынның екі қолтумасын әжептәуір қымбат бағаға сатып алып, оның шығармашылығы туралы Ұлттық арнада «Мұның қазақтың қолы жете қоймайтын ұлылыққа ұмтылуы керемет!» деп екі мәрте телехабар жасағанын өзім де жаздым. («Қазақ әдебиеті», 25.05.2001). Ал Амандос аға осы інісі туралы: «Бұл – біздің қазақтың Кола Пиросманишвилиі» – деді. Қылқалам өнері мэтрлерінің бірі Мәжит Бәйтенов «Ерсайын Жапақтың өнердегі көркемдік мәнерін бір ауыз сөзбен қалай түсіндірер едіңіз?» деген сауалға: 

– Мұныкі – дадаизм. Яғни, дүниені кіршіксіз сәбилік сезіммен көріп түйсіну! – деп жауап қайтарды. 

Осындайда әлемге танымал суретші Пабло Пикассоның: «Мен академиялық кескіндеу мен сұңғат өнерін тез игеріппін. Ал әлемді бала көзімен қабылдауды ғұмыр бойы үйреніп келемін; тәрізі, бұл бағытта өле-өлгенше тырбана берермін» деген уәжі тілге оралады... 

Сөйтіп жүріп-ақ Ерсайынның өзі де демеуші ретінде арагідік кейбір жолдастарының кітаптарын шығартты. Оған қоса сол шығармалардың тұсаукесерін өткізіп, жиналған жұртқа фуршет жасап беретін. 



«Әй, қу Жапақ!»...



Ерсайынмен алғаш қалай танысқанымызды білмеймін. ҚазМУ-ге әр тараптан жеткен бойда мидай араласып кеттік пе екен... Ол да, өзге де кейбіріміз жоғары оқу орнына әскер қатарынан кейін келіппіз. Содан ба, қалай болғанда да, тез табысқандаймыз. Албырт шақта Ерекең бәрімізді адалдығымен, аңғырыттығымен, сәбидей сенгіштігімен баурап әкеткендей. Және бүкпесіз, еркін, ештеңеден сескене бермейтін батыл, авантюрист жігіт-ті. Келе-келе бір үйдің баласындай қауысыппыз. Үлкен-кішіміз оны әуелден сонша жақын тартып, «Ерсаға» деп атадық...

Ұстазымыз, профессор Темірбек Қожакеевтің сабақта өзінің «Күлкі – күштілер қаруы» деп аталатын кітабын алуды тапсырғаны еске түседі. 

– Бір киноға кем бар, бір саптаяқ сыраны кем іш, әйтеуір, қалайда сол жинақты алыңдар. Аса қымбат емес. Емтиханда қиналмауға жақсы. Мәні жоғалмайтын құнды оқулық. Баспаханаға болмаса маған одан көк тиын пайда түспейді. Өздеріңе керек, – деді. 

Шынында да, сатиралық жанрлар теориясын тайға таңба басқандай қысқа-нұсқа мәнермен санаңа сіңіріп, ап-анық түсіндіріп беретін, тіпті, екі-үш қайталап оқысаң көкейде жатталып қалатындай тартымды дүние екен.

Темкең апта сайын айналатын әр дәрісінде: 

– Иә, қайттіңдер, алдыңдар ма кітапты? – деп сұрағыштап қояды. Тұс-тұстан шу-шу етеміз:

– Алдық... Алдық, ағай! 

Бір күні: 

– Сен алдың ба-ай, Жапақов? – деп Ерсайыннан сұрап қалып еді, ол арада үш жетідей өтсе де, әлі алмапты: 

– Жоқ, ағай, ала қоймадым. 

Темірбек аға таңырқайды: 

– Өй, оның не... Сен сатираға жақын емес пе едің?! Өзге жұрт түгелге жуық алып болған секілді. Қайда тұрасың өзің? Үй-жайыңның адресін айтшы. Мен апарып берейін! 

Аңғал Ерсайын профессордың мұқатып отырғанын сезбей, тұратын көшесінің аты мен пәтерінің нөміріне дейін баяндап жатыр. Аудитория ду күлді. Факультет деканы да студенттің аңқаулығына тәнті болып:

– Әй, қу Жапақ-қ! – деп ішек-сілесі қатып, көзінен жас аққанша күледі. 

Профессор, әсілі, осы шәкіртін ақжүректігі үшін жақсы көретін. 

Бітіміне сай «Тақиялы періште», «Әулие жігіт» атанған Ерсайынның кіршіксіз жан әлемі бір қарағанда түсініксіздеу туындылары табиғатынан да көрінеді. Мұны оның әлгіндей көрмелердің бірінде білікті өнертанушы, Репин атындағы Санкт-Петербург Академиясы мектебінің түлегі Ирина Юферованың: 

– «Мамыражай – мына вернисаждың сәнді атауы ғана емес. Бұл – суретшінің философиясы, оның шығармашылығының мәнін ашатын кілт. Осы әуезді ұғым Жер-әлемнің көктемгі түлеуі мағынасы мен көңілдің айрықша шаттығын да білдіреді. Ерсайын Жапақтың туындылары – көрермен назарын еріксіз тартатын тосын дүние. Ол біздің қазіргі күмән иектеген, жүйке ширықтырған беймаза дәуірімізде пішін еркіндігі мен сезім шынайылығы, қарапайымдығы мен тазалығы арқылы тамсантады, – деп дөп баса саралағаны бар. Міне, осы мінездеме Ерсайынның жаратылысына да тән. 

Жаһандық жігіт



Ерекеңмен ертеден араласатын өзге ұлттың өкілі көп. 

Ресей жерінде туып, бірінші класқа дейін қазақшаға шорқақ болып өскен бала әкесі жарықтық ұл-қызым орыстанып барады деп іргедегі Орал өңіріне көшіп келген соң енді орысшаны ұмыта бастайды. Міне, ол – осы кедір-бұдыр тілмен-ақ сырт ағайының бәрімен лезде шүйіркелесетін қасиет иесі. Әсіресе, қалай екенін, сүйкімді бикештермен табыса қалатыны тамсантады. Оқта-текте:

– Әне жерде бір әдемі қыз отыр. Өзі ашық-жарқын екен. Жүрсейші, танысасың ба? Жалғызсырап отырған сияқты, – дейтіні болатын. 

– Қой-ей, құрысын. Пәлесінен аулақ. 

Бірақ соңынан: «Қап! Ерсағаңның бетін қақпай, келісе салуым керек пе еді» деп елеңдейсің... 

Ерекең жуысатын жұрттың қайсыбірі, тіпті, шетелдік болып шығады. Оның әрқайсы бір мың доллар көлемінде сатылған отыз-қырық туындысы шет ел асыпты. Мәселен, осы тізімге қарасақ: Юрий Кошкин (Москва), Джон Хохолик (АҚШ, Хьюстон), Иван Хайзер (Дания), ғылым докторы Тимо Пирайнен (Португалия), американдық Ричард Спунер (қазір Алматыда тұрады), Ван-Эйс (Голландия, Гаага), Николас Бриджен (Англия, Лондон), Матвей Флетчер (Англия, Бостон) т.б. 

Қарап отырсақ, осылардың Ерсайын Жапақ картинасына қызығуы бекер емес. Суретшінің әлемді бала көзімен қабылдауы бір басқа, ол өнердегі айшықты қолтаңба мәнерін, бояудағы бөлек колоритін, дара, сиқырлы контраст үйлесімін тапты. 

Ерсайынның нигериялық досы, импрессионист суретші, сәулетші Боб Усорохпен 2000 жыл басында мен де танысқанмын. Ол әлгі қарсаңда келіп, Алматы Архитектура академиясын бітіріпті. Сөйтіп осында қалып, біртіндеп кәсіп ашқан іскер азамат көрінеді. 

Бұл – біздегі құрылысқа «евроремонт» деген үрдіс енді-енді ғана ене бастаған кез-ді. Сөйтіп Бобтың оншақты адамнан тұратын бригадасына қосылып, ағаш шебері ретінде бір айдай жұмыс істеп, сол қиын кезеңде әжептәуір нәпаха айырғаным бар еді. 

Ерсайын шығармашылығына ертеден оң көзбен қарап, қамқорлық жасаушының бірі – Алматыдағы мейрамханалық кешеннің бөлігі ретінде құрылған «Греческая таверна» көркемсурет галереясының иесі Юрий Калаиджиди. Міне, Қазақ еліндегі бейнелеу өнерінің сарапшысы, әмбе коллекционер ретінде танылған осы азамат әр кез суретші досының жеке көрмесін ұйымдастырумен келді. «Ерсайын Жапақ шығармаларында өмірге құштарлықтың ғажайып қуаты бар! Бұл нағыз Ван-Гог іспеттес шебер!» – дейтін-ді ол. 

Ерсағаңның жора-жолдасының көптігі төңірегінде ойлансақ, мұның мәні қиналған шақта әрдайым қасыңнан табылып, көмек қолын созатындығында шығар дейсің. Және жақсылығын қарыз қылмайды. Жасандылығы жоқ. Жан әлемі жарқын. Пейілі кең. Риясыз. Қашанда мейір тұнған Ана жүрегіндей қарапайым. Ниеті рауандап атқан жазғы таңдай арайлы. 

Суретші Саламат Өтемісұлының естелігі оның өте сирек жаратылыс екенін айшықтай түсер: «Бұл кездейсоқтық дегенді қойсайшы. Бірде автокөлік аялдамасында еркегі, әйелі бар бірнеше орыс ағайынның арасында, «естіген құлақта жазық жоқ» деген ғой, солардың әңгімесін тыңдасам, біреуі үйінде пәтерде тұрып, енді қарындастарымен басқа жайға кетіп қалған бір қазақ жігітін бұл дүниеде жоқ адамдай мақтап тұр екен. Қазақты жамандап жатса, әрине, ұнжырғам түсіп, төмен қарап, теріс айналып кетер едім. Жақсының артынан тек жаман сөз емес, жақсы сөз ілесетініне көзім жеткендей болды. Шыдай алмай әңгімеге араластым – себебі, сезім сипаттамаға сендірді: 

– Кешіріңіз, сол жігіттің есімі Ерсайын емес пе? 

– Қайдан біле қойдыңыз?! Иә, Ерсайын! Ол біздің замандасымыз емес, ол не он алтыншы, не жиырма екінші ғасырдың адамы. Үйім Ерсайынсыз құлазып қалды, қайта оралып әшейін тұра берсін. Оны көрсеңіз осыны айтыңыз!

Өз туған інімді мақтағандай күй кештім. Ақын болу шарт емес, азамат болу – парызың дегендей, шіркін, біздің әрбір азаматымыздың артынан осындай сөз ғана ерсе деген арман жетегінде ұзақ уақыт жүрдім де қойдым». («Мамыражай бояулар». Жапақ Е. – «Ер Бәйтерек» ЖШС. – Алматы, 2005. 73-б.).

Ендеше, мұндай жанды, орыс жолдастар айтатындай, «Мировой парень» демегенде қайтесің. 

Ксенияның мұңы

Жиырма жастарда жолыққан Ерсайынның бертінде ақ көйлек киген, өртене сүйген, отқа ораулы жүрегін қолына алып алқына жүгірген... сәттеріне куәмін. 

Оның Жыр дәптеріне қарасаңыз, небір сұлулар портреті қатарына кезігер едіңіз. Әйтеуір, өмірінде көңілін шуаққа бөлеп, жанын тербеген бойжеткен біраз бар. 

Солардың ішінде өзім көрген, әмбе аса ұнағаны Ксения ару еді. (Арада қаншама жылдар өткенде бұл сырдың шетін шығарғаным үшін досым сөкпес). 

Ерсайынға жабырқаған шағында сүйеу болатын сенімді серік, адал жар ретінде сезілетін. Ерсайын десе жанын үзуге даяр екенін аңғарып, қуанғанмын. Қолұстасып шат күлген екеуін алып шаһар көшесінде, самал бел, салқын тау баурайында байқап қалып жүрдім. Жүзі бал-бұл жайнап, бақыт нұрына шомылып келе жататындай-ды. Алайда, амал не, бұлардың тойын көру бұйырмапты. Кейін ғашықтардың арасы алшақтап, жолы екі айырылғанын ұқтым. Түрлі ахуал, түсінбестік... Пешене, анау, мынау дейміз... Мән-жайды қазбалап сұраудың реті келмепті. Ерекең отбасылық жауапкершіліктен гөрі алтын басының еркіндігін жоғары қойды ма, үйелмендік тірліктің өзіне қол емес екенін аңдап, мұңайған жас қалыңдықтың қасынан ақырындап алыстай берді ме екен, кім білсін, әйтеуір, өз-өзін шарқ ұра іздеп, ақыры жан үйлесімін буырқанған бояу ғаламынан, өзі айтатындай, сыршырай мекенінен тапты ғой. Мұның да бәрін тәптіштеуге құмартпаймыз. Былайша жөнтек көрінгенімен, табиғаты күрделі, қайшылықты адам. Түсіну қиын. Сыздаған жүрегін аша қоймайды. Тек өлеңінен «жанардағы жасымды жел кептірді» деген жолдарды оқып, мән-жайды там-тұм түйсінгендей боласың. Сөйтіп, өз жарасын өзі емдеген... 

Бірде... арада біраз жылдар өткенде Ерсағаңның «Штраус вальсін» тыңдап, бүк түсіп торығып отырған сәтін көріп күрсіндім. Махаббат әуені. Реквием. Ескі әуен көзіне не елестетті екен?! Бәлкім, жапырақ сыбдырын, су сылдырын, сайраған құс үнін естіді-ау. Ксенияның күлкісі жетті ме құлағына... 

Штраус әуені десе, қазір мен де көзімді жұмып, ана-оу-у Орал ормандарын ойлаймын. Неліктен екенін, қалың саябақта скрипкасын құйқылжытқан жас Қасым Аманжоловты... Иә, сондағы татар матурлары ынтығатын кәдімгі Қасым шайырды, одан Жайықтың жағасында қолаң шаш украин қызымен сырласып бара жататын бозбала Ерсайынды елестетемін. Әне – өзара тұтасып жатқан аспан мен жер. Толқи лықсыған алқаракөк дария анда жатыр. Сағым ойнаған көкжиекте иықтасып қыз бен жігіт кетіп барады. Қамырықты әуез сыңсиды алыстан... 

Қатар жүрген құрбы-құрдастың көбі Ерсайынды білеміз дер. Тек оның ғұмырбаянының тасада қалған тылсым парағы жеткілікті. Мұнда ол арагідік ағынан жарылып, қаны сорғалаған кейбір шындығын сездіреді. Оны да көп ешкім аңыстай қоймас. Таралымы аз дүниеге кім ден қоя берсін. 

Бір жазбасында: «...Мен, негізі, тыныштық, мамыражай заман болса, анау атақты Ницше, Шопенгауэр немесе өзіміздің Шәкерім сияқты саяқ жүретін, тауда тұратын немесе Тибеттегі «Шамбаланы» тәуір көретін философ болуды армандайтын адаммын. Жаным жалғыздықты қалайды. Жеке қалған шақта дүниәуи ойларды, космологияны, бұл өмірдің есігін неге ашқанымды зерделеп немесе Нумерологияны зерттеп, дәруіш болғым келеді. Өстіп өзімнің ішкі құбылысым туралы өлең түздім» – депті. 

Дүниеге, байлыққа қызықпадым, 

алау таңды, жалқын күнді батырдым! 

Тәрік қылдым жалғанның қызықтарын, 

софыларша ғұмыр сүріп жатырмын. 

Мән іздеймін мағынасыз жалғаннан, 

арман қуам асып түсер арманнан! 

Оңашада арпалысам ойлармен, 

қашып жүрем қаладағы көп жаннан. 

Топшылықты, көпшілікті сүймеймін, 

табылады тұла бойдан үйдей мін. 

Үйлеспеймін, сөйлеместі сөйлеймін, 

өгейлердің ішіндегі өгеймін!... 

Аса кішіпейіл, алқам-салқам көрінгенімен, ділі мықты. Белгілі ұстанымына тастай берік. Сыпайылығының сыртында тұңғиық сыр жатады. 

Үшемнің тәлейі не болды?..

Ерсағаңның әсем аудандардың бірінен үй алуы бірталай ағайынды дүр сілкіндірген шығар. Өзі бұл жөнінде: «...сол 1999 жылы «Мәдениет жылы» деп, бір бөлмелі пәтерге іліккенім бар. Алматыда 1982 жылдан бері 1999 жылға дейін он жеті жыл бойына пәтерден-пәтерге көшіп, тышқан өріп жүрген подвалдарда тұрған шақтарым болды. Бұлай баспана алып, өмірім күрт 180 градусқа бұрылғанына сенбестеймін. Құдайдың қарасқаны шығар дедім ішімнен. Алғаш мені көшірісіп, қуанышымды бөлісіп, шампан ішкен курстасым, жазушы Құлтөлеу Мұқаш пен суретші Айбар Сейтімовті қалай ұмытайын! Олар шын қуанды, менен бетер шаттанып, бетімнен сүйе берді!» – деп жазды. («Мамыражай бояулар». Жапақ Е. – «Ер Бәйтерек» ЖШС. – Алматы, 2005. 23-б.). 

Көп өтпей-ақ бұл шаңырақ Алматыдағы танымал қаламгерлер мен суретшілердің, композиторлар мен әншілердің берекелі «штаб-пәтеріне» айналған. Ерсайынның үйі анау Атыраудан келетін бард-әнші Табылды Досымның жаз жайлау, қыс қыстауы еді. Оның әр сапары біз үшін үлкен мерекеге ұласатын. 

Сондай күндердің бірінде Бас пошта ғимаратында отыр едік, анадайдан бейтаныс бикеш Ерсағаңды қол бұлғап шақырды. Таяу келуден именіп, кібіртіктейді. Отыздардан асқан аяқ-қолы балғадай келіншек. Тек екіқабат па деп қалып едім. Тура бүгін-ертең босана қалатындай шермиіп жүр. Біздің қырықтар шамасындағы кезіміз. 

Селт еткен Ерекең әлгіні таныды білем, өңі бұзылып кеткендей көрінді. Одан жақын барып, екеуі сүт пісірімдей уақыт тілдеседі. 

Қасымызға жүзі сынып, қабағы кіржиіңкіреп, біртүрлі жүдеп келген. Сөйтсек, бұл сонау Суретшілер одағындағы «салоннан» басталған «әңгіменің» жалғасы көрінеді. Әйел қала орталығында үш бөлме үйде жалғыз тұрады екен де, жеті-сегіз ай бұрын бір бөлмесін жалға беруді ұйғарып, Ерсайыннан ыңғайлы пәтерші іздестіруді сұрапты. Маған бір адам қажет, тәртіпті, адамгершілікті болса деген тәрізді. «Іздегенге – сұраған» – Ерекең қуанып кетіп, қолма-қол қасында баспанасыз жүрген жиырма төрт-жиырма бестегі жігітті ұсынады. Кім оңбағанмын, опасызбын десін, бала да лыпылдап, жармаса кеткендей. 

Өзім әлденеше көргенмін о жігітті... Есімі әлде Зиятбек, әлде Зиятбай сияқты, Ерсайынның маңайында есті, салмақты кісінің кейпіне еніп, қылқиып, «рөл» ойнап жүргені байқалатын. Жап-жас адамның тайғанақтау, сужұқпастау екені кейде нұр тайған көзінен-ақ көрінбей ме. Сөздің қысқасы, мына қарындасымыз сол қудан көтеріп қалған. Ал әлгі «данышпан» іштегі нәрестенің үшем екені анықталғаннан-ақ алды-артына қарамай безген боп тұр. Енді опық жеген әйелдің кездейсоқ жолыққан Ерсайыннан «қашқынды» дереу тауып беруін өтінген беті екен. 

P.S.

Сонау болыскей шекпеннің түске кіретіндей реті бар. Өзі де «тағдырлы» киім көрінеді. Үшінші курсқа кіріскен қоңыр күз мезгілі болу керек. Қас қарайған сәтте старостамыз Қарсыбек Көпжасар бастаған оншақты студент дуылдасып, іркесе-тіркесе «Ботаника» бульварының сыраханасынан шығып, жатақханамызды бетке алдық. 

Әлден уақытта жігіттердің бірі: 

– Милиция! – деп ышқынды да, бәріміз жан-жаққа бей-берекет ытқығанбыз. Ректорат ғимаратының сыртындағы тоғай арасын тұс-тұстан ендей өтіп, жатақхана табанында ентіге бас қосқанда, старостамыздың қолға түсіп қалғанын түсіндік. Сол сәтте Ерсайынның плащын Қарсыбек киіп жүрген-ді. Сақшылар қуғанда шекпеннің ұзын етегіне шалынысып қолға бірінші іліккені мәлім болды. Әмбе бойы тәпелтек адам биік, қисық өкше әмірқан туфли киетін. Тапырақтап, бітік терек арасынан шыға алмағандай. Қолындағы пәпкеде топтағы бүкіл ұл-қыздың студенттік билеті бар. Дәл осы күні деканаттан курстан курсқа көшкенімізді растайтын мөр бастырған. Егер құжат милиция қолына түссе, барлық айғақ дайын тұр. Сол себепті ол, жауға тұтылған партизандай, былғары мұқабаны ыңғайлы сәтте будка терезесінің саңлауынан тысқа лақтырып үлгереді. 

Әлден уақытта сақшылар тоқтап, айыппұл төлеуді талап еткенде: «Қазір пәтерден әкеле қояйын» деп әжептәуір қымбат ақсұр плащты «кепілдікке» тастап, жер үйлердің арасындағы жымба-жымбамен заулай қашқан.

Бірақ кейін билет салынған пәпке табылмады. Деканат құжатты қайтадан қалпына келтірмеді. Билетіміздің жоқтығынан оқу бітіргенше бірталай қиындық көрдік. Әйтеуір, Қарсыбек досымыз құтылып шықпағанда сөз көбейіп, іс насырға шабатыны анық-тын. 

Осылайша Ерсағаңның шекпені курс абыройын қорғап қалған еді. 

10.02.2026.

Құлтөлеу МҰҚАШ