ТЕЛҚОҢЫР

ТЕЛҚОҢЫР

Дүниедегі ең мәртебелі, ең абыройлы, ең ұлық мамандық – ұстаздық пен ғалымдық. Құстың қос қанатындай көрінер осы бір күре тамырлы жолда өз сүрлеу-соқпағын салып, абыройлы еңбек етіп, ғажайып жетістіктерге жетіп, артына өлмес-өшпес мол мұра мен мәңгілік із қалдырған тұлғалар аз емес. 

Ғалымдық пен ұстаздықты тең ұстап, Қазақстандағы білім беру ғылымының дамуы мен педагогика саласындағы ғылыми зерттеулер мен оқу үдерісін жетілдіруге елеулі үлес қосып келе жатқан жатқан ғалым-ұстаздың бірі де, бірегейі де педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрсұлу Әлқожаева десем артық айтқаным емес.

Педагогика саласының білгір де білікті маманы, талантты ғалым, зерделі зерттеуші, ұлағатты ұстаз, тәжірибелі тәлімгер Нұрсұлу Сейткерімқызы ұзақ жылдан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетіндегі педагогика және білім беру менеджменті кафедрасында абыройлы қызмет істеп келеді. Практика мен тәжірибені біліктілікпен ұштастыра білген қажырлы еңбегінің арқасында аға оқытушы, доцент, профессорлік сатылық жолдардан сүрінбей өтіп, толағай табыстарға жетті. 2001 жылы «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ағартушылар мұраларындағы имандылық идеялар» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 2012 жылдан 2018 жылға дейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті философия және саясаттану факультеті деканының оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2019 жылдан бері педагогика және білім беру менеджменті кафедрасынның меңгерушісы болып, абыройлы қызмет атқарып келеді. Кафедра ғылыми зерттеулер жүргізіп, педагогикалық мамандар даярлайды. Бұл «талантты тұлға кез-келген жерде өз дарынын дәлелдей алады» дейтін өмірлік қағидаға сәйкес, Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінің 1984-1989 жылдарғы үздік түлегі Нұрсұлу Әлқожаеваның басқару һәм ұйымдастырушылық қабілетінің де жоғары екенін көрсетеді. 1995-1997 жылдары Алматы облыстық заң және экономика колледжінің директоры қызметін абыроймен атқарғаны да, бұл қағиданың өміршеңдігін дәлелдей түседі. 

Нұрсұлу Сейткерімқызы педагогика ғылымының бірнеше маңызды бағыттарында зерттеу жүргізеді. Ғылыми қызметі негізінен педагогикалық зерттеу әдістемесі, білім беру менеджменті, тұлғаның рухани және әлеуметтік дамуы мәселелеріне бағытталған. Ғалым педагогикалық зерттеулердің теориялық және әдістемелік негіздерін саралайды, жоғары оқу орындарында педагогикалық басқару және ұйымдастыру мәселелерін зерттейді, жас ұрпақтың тұлғалық дамуы, құндылықтар жүйесі мен әлеуметтік бейімделуі мәселелерін қарастырады. 

Ғалым педагогика саласында 250-ден аса ғылыми еңбектің, 37 оқу және оқу әдістемелік құралдардың («Педагогикалық менеджмент», «Педагогика», «Жоғары мектеп үдерісіне жаңа педагогикалық технологияларды қолдану», «Иман тәрбие негізі», «Әлеуметтік педагогика», «Тұлғааралық қарым қатынас педагогикасы», «Жоғары мектеп студенттерінің өзіндік жұмысын ұйымдастыру», «Ғылыми педагогикалық зерттеулер негіздері») авторы. Бұл ғылыми еңбектер мен оқу құралдарында негізінен педагогикалық зерттеулердің теориялық және практикалық әдістері қарастырылып, тұлғаның рухани дамуын білім беру арқылы жетілдіру мәселелері зерттеледі. Сонымен қатар, көптеген ғылыми мақалалар жариялаған. Олар педагогикалық тәжірибе мен теорияны байланыстырады, білім беру саласындағы жаңа тәсілдер мен инновациялық әдістерді сипаттайды. Мақалаларда Қазақстан педагогикасының даму тарихы, қазіргі білім беру жүйесіндегі проблемалар және олардың шешу жолдары талданады. Ғалымның мақалалары Қазақстандағы педагогикалық білімнің сапасын арттыруға бағытталған мәселелерді талқылайды және практикалық ұсыныстар береді. Оның педагогика саласына қатысты мәселелерді саралаған ғылыми мақалалары Скопус, Томсон базасындағы журналдарда да үзбей жарияланып тұрады.

Көпшілікке үлгі болар тағы бір асыл қасиеті – еңбекқорлығы мен табандылығы. Ардақты ана, шаңырақтың ұйтқысы, барлық нәзік жынысты жандарға тән тұрмыстық жауапкершілікті сезінуі өз алдына, ғалымдық, ұстаздық, тәлімгерлік, сарапшылық қызметтердің бәріне бірдей қалай үлгеретініне қайран қаласың, тәнті боласың. Оның үстіне көзге көрінетін-көрінбейтін сан түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, педагогикалық қауымдастықтар мен ғылыми конференцияларда баяндамалар жасап, білім беру жүйесіндегі заманауи мәселелерді талқылауға қатысады. Осындай мән-маңызы жоғары мәртебелі жиындардағы баяндамадар, ҚР МЖМБС, ҚР БҒМ типтік оқу бағдарламалары мен ҚазҰУ элективті пәндер құрастырушысы секілді жауапты жұмыстар ерең еңбекті ғана емес, үлкен жауапкершілікті қажет етері сөзсіз. Соның бәріне үлгеріп қана қоймай, тыңғылықты дайындықпен келіп, өзінің абырой-беделін бір мысқалдай да төмендетпей, еңсесін асқақ ұстап жүретініне риза боласың. Бұндай еңбекқорлық пен табандылық кез-келген жас ғалым мен ұстазға таптырмас үлгі-өнеге боларына еш күмәнім жоқ. Әрине, онсыз жеңіс те, табыс та жоқ. Нұрсұлу Сейткерімқызының ғылымдағы бүгінгі жетістіктерінің бәрі де осындай асыл қасиеттеріне байланысты ғой деп ойлаймын.

Н.С.Әлқожаева ғылыми жұмыстар мен ұстаздық қызметпен қатар, шәкірт тәрбиелеуге де ерекше мән беріп, маңыз артады. Оның жетекшілігімен көптеген магистрлік және кандидаттық, PhD докторлық диссертациялар қорғалды. 

Ғалым мақтау-марапаттан да кенде емес. Еңбегі еленіп, лайықты бағаланып келеді. Әл-Фараби атындғы ҚазҰУ – 85 жылдығы, «ЖОО үздік оқытушысы – 2017» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі грантының иегері, «Ы. Алтынсарин» атындағы төс белгісі мен «Білім беру саласының үздігі» медалімен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісімен марапатталған. Нұрсұлу Сейткерімқызының ғылыми һәм ұстаздың еңбегі бұдан да жоғары мемлекеттік марапаттарға әбден лайық.

Сөз соңында, талантты ғалым, ұлағатты ұстаз Нұрсұлу Сейткерімқызын 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтаймыз.

Бұл мерейлі жасқа көрнекті ғалым осындай толағай табыс, тұғырлы жеңіспен келіп отыр. 

Шаңырағына шаттық, еңбегіне жеміс тілейміз.  

Қашанда мерейі үстем, мәртебесі жоғары, абыройы асқақ болсын!

Қазақ ғылымының көгінде жарық жұлдыздай жарқырай берсін!

Самал РАМАЗАНОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті  

Философия және саясаттану факультеті

Педагогика және білім беру менеджменті 

кафедрасының аға оқытушысы