ДАРА ДАРЫНДЫ, ҒЫЛЫМДАҒЫ ІСІ ТӘЛІМДІ

ДАРА ДАРЫНДЫ, ҒЫЛЫМДАҒЫ ІСІ ТӘЛІМДІ

Ғылымдағы жолы тағылымды, ел жанды рухы жалынды, тумысынан дара дарынды, ісі мен өмірі тәлімді жандар болады. Осы ретте ҰҒА Академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаев туралы үзік сырдың тиегін ағытсам деймін.

       Біз даналыққа құштарлық деп анықтайтын адам-ақыл ойының, санасының сөз арқылы өмір сүруі деп ұғынатын адам мен әлемнің қатынасы жайында ғылым деп қабылдайтын философия сан түрлі бояулы әлем. Ал біздің тіліміздегі даналық түсінігі мәні жағынан философияға өте жақын. Қазақ тарихы, қазақтың шексіз даласы, даналықтың озық үлгісі боларлық әлемді танып білудің, зерделеудің сипаттамаларына, даналық ойлар мен философиялық тұжырымдарға аса бай. Қазақ жеріндегі сол асыл ой, рухани інжу маржандарды жүйелі түрде жинақтап, философиялық ойлау мәдениетінің зерттелуіне халқымыздың даналық рухы мен биік болмысын тануда, ойшылдарымыздың дүниетанымын философиялық талдаудан өткізуде қазақ философиясының қара нары, көшбасшы философы атанған философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдімәлік Нысанбаевтың қосқан үлесі шексіз еді. 

      Атап айтқанда, ол – «тарихты біз ақтаруымыз керек, ұлы тұлғаларымызды көрсетуміз керек» деген идеямен өмір сүрді, талапшыл еді, бірақ талапты өз орнымен әділ қойды, Институтта тұңғыш рет қазақ философиясы бөлімін ашты.

      Философиясы жоқ халық болмайды, ал қазақ халқы — дарынды, философ халық. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін философтарға қазақ тарихы, қазақ философиясы туралы ойланып, ұмыт бола бастаған дала даналығын, тереңдік, көркемдік, суырып салма шешендік, тіпті сынмен сұхбаты бар дәстүрлі өзіміздің қазақи ойлау машығымызды зерттеу, қалпына келтіріу мақсаты тұрды. Әбекең қазақ руханиятының бастауларына тарихи-философиялық пайымдаулар жасау аса маңызы болғандықтан, қазақ фислософиясының тарихын зерттейтін арнаулы бөлімнің де ашылуына аса ыждақаттықпен кірісіп, күш салды.

       Әбдімәлік Нысанбаев елімізге белгілі қоғамдық ғылымдар, әсіресе, философия, саясаттану, мәдениеттану және дінтану саласының мықты кәсіби маманы болды. Өзінің туған жері Қызылорда қаласында жоғары білім алып, талантты шәкірт атанды. Облыстық Педагогикалық университетті математика мамандығы бойынша үздік оқып, Сталиндік стипендиат болды. Ғылым іздеген талапшыл жас Алматыға академик Қаныш Сәтбаев басқаратын Ұлттық Ғылым академиясына келді. Дарынды жасты тани білген Қаныш аға оны алдымен даму жағынан кенжелеп қалған ғылыми орта – Философия және құқық институтына жұмысқа орналатырады. Қабілетті жас маманның ғылымға деген құштарлығын кейін келе байқаған академик Қаныш Сәтбаев Мәскеуге аспирантураға оқуға жібереді. Мәскеудің оқуын тауысқан Әбекең кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, елге абыроймен оралады. Біраз жылдардан кейін көп күттірмей докторлық диссертациясын да қорғап, елімізге белгілі айбарлы академик болды. 

       Иә, ол кісінің ең бірінші қазақ ғылымына қосқан қомақты үлесі, істеген жақсылығы – 1991 жылы ел тәуелсіздігін алған алаң-елең алмағайып тұста, ештеңеге қараматсан ғылым-білім мен руханиятта алғашқылардың бірі болып, Ұлттық Ғылым академиясына қарасты Философия және құқық институтында «Қазақ философиясы» бөлімін ашты. Мұның алдында Институтта қазақ тілінде ешнәрсе жазылмады, барлығы тек орыс тілінде жүргізілетін еді. Сол тұста Әбекеңнің: «Уақыт келді, тәуелсіздігімізді алдық, енді өз тілімізді өркендейтейік» – дегенін бүгінде әріптестері мен шәкірттері айтып жүр. Аталған бөлімді жәй ашып қоймай, едел-жедел жұмыс істеуіне мүмкіндік жасады, тікелей өзі бақылады. Нәтижесінде көп ұзамай «Қазақ даласының ойшылдары» деген төрт томдық кітап жарыққа шықты. Және біраз жылдан кейін «Қазақ философиясының тарихы: Ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейін» атты бес томдық кітап шықты. Бұл қазақ ғылымына қосылған керемет жобалардың жетекшісі де, ұйымдастырушысы да өзі болды. 

       Бүгінде Әбдімәлік Нысанбаевтың бүкіл ғұмыры, есімі қазақ ғылымымен, философиясымен бірігіп, біртұтас ұғымға айналып кеткендей. Философия, социология, мәдениеттану, саясаттануға арнаған табаны күректей алпыс жылға жуық уақыт ол үшін үздіксіз ғылыми ізденістер мен ақиқатқа ұмтылыстардан тұрды. Мектеп пен жоғары оқу орнын қазақ тілінде бітіріп, математиканың күрделі философиялық, дүниетанымдық және логикалық, әдіснамалық мәселелерін орыс тілінде зерттеп, Мәскеуде ғылыми дәреже қорғады. Ғылым саласының күллі қуанышы мен қиындығын басынан өткізіп, ғылыми қызметкерлік лауазымнан Институт директоры, «Қазақ энциклопедиясы» бас редакторы дәрежесіне дейінгі барлық жолды жүріп өткен ғалым осы жолда арнасынан аспай, даналыққа бастай, өзі де ғибратты, өнегелі ғұмыр сүрді. Соңғы қызметі – Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры болды.

       Әбекең туралы көп айтуға болады. Өз басым ағамен 1995 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде саясат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген кезімде таныстым. Ол кісінің адамды тани білетін бойында керемет қасиет болды. Өзі жыға танымаса да талантты, қабілетті деген қанша қазақ жастарына кандидаттық диссертация қорғатты, жолдарын ашты. Оның бірқатары бүгінде үлкен мемлекеттік қызметтерде еңбек етіп жүр. Ұлттық дүниетаным, ұлттық мәдениетке деген көзқарасы оң болды. Сосын ғылымға шын жанашырлықпен қарады. Диссертация қорғауларды өте мұқият өткізді. Шәкірттеріне әрі талапшыл, әрі жанашыр бола білді. Маңызды мәселелерге үнемі мемлекетшіл көзқараста баға берді. Мемлекетті қазақ қауымдастығының ұстап тұрған өзегі ретінде соған басым бағыт берді. 

         Ғалым ұлттық және әлемдік философиялық мұраны игеру жастардың ой еркіндігін қалыптастыратынына, жаңа зерттеулер мен оқулықтардың ана тілімізде сапалы және ғылыми негізде орындалуына іргетас болатынына сенді. Осы жолда ғылымға бет бұрған қаншама жасқа ағалық қамқорлығын, ұстаздық қолдауын көрсетіп, жол сілтеді. Ал шәкірттері Әбдімәлік ұстаздарын алыс пен жақынды бірдей көретін бөлекше болмысы, тәртіпті, тазалықты сүйетін ерекше мінезі үшін жандарына жақын тұтты, айрықша қадірледі. 

       Былайғы жұртшылық оның шәкірттері көп дейді. Рас, ол кісінің жетекшілігімен жүздеген шәкірті кандидаттығын, ал қырық шақтысы докторлық ғылыми дәрежесін қорғады. Әр жетекші болғанда, әрине, диссертацияны біреу үшін жазып бермейді ғой. Бірақ ғылыми еңбектегі ең өзекті жайтқа мән беріп: «Сен таңдап алған тақырыбыңда мына мәселені ұмытпа!»,— дейді. Айтарын айтып, қолды бір сілтеп тастай салмайды. Сол ең құндысы, осының өзі үлкен мәселе, үлкен қыры бар ғой. Сосын барын аяғына дейін бақылап, сол мәселе түбіне дейін жетсін деп, соған демеу беріп, соңына дейін бақылап, қолдап, қуаттап отырады. Ағаның сондай бір асыл қасиеті бар еді. 

       Өмірде Әбекең бойын да, ойын да тіп-тік ұстап жүретін. Үсті мұнтаздай өте таза киініп жүретін кісі еді. Өзінің бір естеліктерінде айтатыны бар, (мен де ол кісіден бірнеше рет сұхбат алғанмын), тазалықты өзінің шешесі Рыстай әжеден үйренген екен. Ал Қызылордада оқығанда Тазагүл әженің үйінде төрт жыл жатқан. Олар үйде бір қыл түсірмейді екен. Содан «ұқыптылықты, мұнтаздай тазалықты сол кісілерден бойыма сіңірдім» деп, өзі айтып отыратын еді. 

       Әбекеңнің бір қарағанда түрі өте суық көрінетін. Туған жері Қызылордаға барғанда да, одан кейін жұмыста да, талап қойғыш, қатал көрінетін. Бірақ өз орнымен әділ талап қоятын. Кейін өзі райынан тез қайтатын. Әсіресе, ашуланған кезде қайбір қызметкеріне «жұмыстан боссың» дейді. «Жұмыстан боссың!» дейді де, сосын көңілі түсіп, ертесіне өзі қайтадан звондап тұрады: «Әй, сен қайда жүрсің, келмейсің бе жұмысқа?» деп. Сөйтетін ағалық алқаусыз мінезі бар болатын. Шарт етіп бір ашуланып алып, тез райынан қайтатын сондай бір қызық мінезіді кісі еді.

       Енді жақсы адамда ондай қасиет қайдан келген деген сұрақ туындайды ғой. Қызылорданың ауа райы белгілі. Күн деген бір сәтте бұрқырап кетеді, дауылдатып, боран тұрады, бірақ, артынан күн ашылып, бәрі әп-әдемі, жадырап шыға келеді. Ондай қасиет Әбекеңде де болды. Бірақ артында зіл жоқ. Кектенбейді, ізіне түсіп, одан теріс әсер іздемейді. Сол мезетте шешуге тырысады. Артынан теріс ойлар, ниеттер жалғасып жүрмейді. Сол қасиетін бағалаған адам біледі, бағаламайтын адамдар сырт көзге суық екен, қатаң екен дейді. Ол қатаңдықтың аржағында тәртіпке деген құрмет бар. Себебі, тәртіп пен әділдікті жаны сүйді. 

        Әбекең өмірі тоғызда жұмыста отыратын. Кез келген шақырылған жерге, жиналысқа болсын, басқа бір іс-шара болсын, уақытында барады. Қандай керемет, бұл — сыйлау, адамдарды сыйлай білу керек. Сондай құрметі бар адам еді. Әрине, ол енді пенде болғасын кейбір кемшіліктері болған шығар, артық кетеді, біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Мысалы, кім періште болып туыпты дейсіз, үлкен тұлғалардың әрқайсысынан кемшілік табуға болады.

          Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ғылым саласына да оңай тиген жоқ. Ертеңіміз алаң, бүгініміз бұлдыр. Сол 1991 жылдан Философия, саясаттану және дінтану институтына басшылық еткен Әбдімәлік Нысанбаевтың алдында философиялық бағыттар мен ғылыми кадрлардың негізгі құрамын сақтап қалу міндеті тұрды. Сонымен бірге ескі философияны өзгертіп, жаңа заманның рухани ахуалына лайықты жаңа философияны қалыптастыру қажет еді. Ғалым, білікті басшы ретінде институтты осы қиындықтан алып шықты. 

      Ғылымның үлкен ұйымдастырушысы ретінде ғана ұзақ жылдар бойы осы институттың директоры болды. Философия, әлеуметтану, мәдениеттану, барлық қоғамдық ғылымдар саласындағы ғылыми жұмыстарды ұйымдастырып, бір негізге келтіруші ретінде үлкен рөл атқарды. Сонымен бірге бастаған істі аяғына дейін жеткізетін өте тиянақты басшы болды. Ғылымдағы шәкірттеріне де жанашырлық танытты. Мысалы, мен 2008 жылдары Әбекеңе айттым: «Әбеке, мен кандидаттық диссертация жазуым керек, ғылыммен айналысуым керек» – дедім. «Болды, Болатбек, – деді. – Онда сен кандидаттық диссертацияңа отыр» – деді. Сөйтіп, адамды демеп отыратын, қоштап отыратын, түсінетін тұстары, сондай бір адами қасиеттері көпшілікке үлгі еді. 

       «Ай, сен ана доценттікті алмайсың ба, дәреже бөлек, атағы да бар ғой бұл ғылымның» – деп, сөйтіп жол көрсетіп, демеп отырды. Сол біткеннен кейін, қорғап, кандидаттық дипломды алғаннан кейін: «Ай, Болатбек, сен қорғап болғаннан кейін бір ғылыми мақала, бірдеңе жаздың ба?» - дейді маған. «Жоқ, әлі жазған жоқпын, әлі кандидаттықтың буымен әлі жүрмін» десем: «Сен енді жүре бермей, анау-мынау емес, жақсы бір мақаладан баста» - деді маған. Мінекей, сөйтіп бағыттап, жолға салып жіберіп отыратын сондай бір қасиеті бар еді ағамыздың.

       Ғылымды ұйымдастырушы ретінде ол өзін жоғары деңгейдегі менеджер ретінде көрсетті. Аталған институтта жиырма бір жыл бойы директор болды. Институт небір қиын заманнан өтті. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында айлықтан айлыққа жете алмай жүрді. Көп адамдар кетіп қалды. Әбекең талантты жігіттерді жібергісі келмей, жазған арыздарына: «Әй, сенсіз мына институт бола ма?» – деген кездері де болды. «Болмайды ғой, кетпесеңші, қиындық ол өтер де кетер, бірақ сен ғылымға керексің ғой, сен ғылымның адамысың» – деп жас ғалымдарға жігер бергені де бар. 

           Енді осындай, Әбекеңдей тұлғалардың жолын әрі қарай дамытатын, сол жолды әрі қарай алып кететін жаңа буын керек. Әрине, біз әрі қарай сабақтастықпен мұра ретінде дамытып отыруымыз қажет. Еңбектерін ұмытпауымыз, сілтеме жасап, соны құптауымыз керек. Жастарға реті келіп жатса, осындай кісі бар екенін білдіріп отырсақ игі. Бір жаман жері, жаңа толқын, жаңа ғылым-білімге енді еніп жатқан жастар ғалымдарымызды көбісі білмейді. Жоғары оқу орындарында сабақ беріп жүріп байқағаным, көзі ашық жастарды тәрбиелеуде үлкен қиын мәселелер бар. 

      Қазіргі жастар смартфон мен компьютерге телмірген. Олардың іздейтін ақпараты тіптен басқаша. Ал, Әбекеңдер оқыған кезде олай емес еді. Алғашқы әр ғылым саласының ең мықтыларының шығармаларын іздеді. Кітапханада таңнан кешке дейін шұқылап, мынадай-мынадай ұлы адамдар бар, мына саланың, мынадай мықтылары бар деп, күн мен түн отырды. Ал қазіргі жастардан сұрасаң, хабары жоқ. Тікелей қысқа ғана жауабын жазып алып келеді. Бір тақырып, бітті, одан әрі қарай оларға қызық емес. Міне, осыны өзгертетін заман келген сияқты. Кейбір мамандар қысылып, бір ғана тақырыптың айналасынан шықпайтындарға Әбекең кезінде күлетін еді. «Бұл бір тақырыптың адамы ғой» – деп. Адам әмбебап болу керек, универсал болу керек. Ол саясатты да, мәдениетті де, басқа саланы да, ғылымды да, білімді де білуі керек деп отыратын. Міне, ағаның осы ойы біз үшін үлгі, біз оны әрі қарай дамытуымыз парыз.

        Міне, ҰҒА Академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаевтың өшпес бейнесі, ғалымдық болмысы жайлы естеліктердің бір парасы осындай. Ғылым әлемінде өз ізін қалдырып, айналасындағыларды білім-білігімен, рухани парасаты, адамгершілік мәдениетімен баураған, үлкенге де, кішіге де ұлықтаған ұстаз, аяулы әріптес, құрметі бөлек замандас, арқа сүйер аға бола білген ғалымның ғылыми мұрасы жайлы өз алдына бөлек әңгіме.

      Алдыңғы жылы сексен алты жасына қараған шағында осы ақпан айында дүниеден өткен ұстазым, ғылыми жетекшім Әбдімәлік Нысанбаев тұрған Алматы қаласындағы Төлебаев көшесі, 175 үйге мемориалды тақта орнатылды. Бүгінгі ұрпақ үшін өлмейтұғын ісі, өнегелі еңбегі қалған асыл ағаның аяулы бейнесі сонадайдан мен мұндалап тұр.

 Болатбек Төлепберген, философия ғылымдарының кандидаты