МАҒИРА мен МЕДИЦИНА
2026 ж. 25 ақпан
85
0
«Мағира – ашылмай қалған алтын көмбе», «Бір өзі бүкіл институт жүгін арқалаған», «Жаһанның жасқануды білмейтін, жұмбақ мінезді, жанкешті жолаушы», «Ғажап, ғажап мінезі таңғалатын, өзі өшіріп жүреді жанған отын», «Журналистика пайғамбары»... дегендей тосын теңеу бүгін мерейлі жасқа толып отырған Қазақстанның құрметті жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мағира Қожахметоваға арналғанын біреу білсе, біреу білмес.
Шағында Әлкей Марғұлан, Ғабит Мүсірепов, Мәриям Хакімжанова, Бауыржан Момышұлы, Ермек Серкебаев, Болат Аюханов сынды аңыз тұлғалармен сырласып, қазақтың небір айтөбел ұл-қызының келбетін кескіндеп, «Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай», «Адам құпия», « Жантәсілім», «Жападан жалғыз» сияқты көптеген кітап жазған осынау көрнекті қаламгерді біз бұл жолы мүлде өзге бір қырынан таныстыруға талаптандық.
1. Мағира апай, сізді медициналық журналистикаға алып келген негізгі себеп нендей еді?
– Ұзақ жылдар «Қазақстан әйелдері» журналында қызмет етіп, ойламаған тұста қудалауға ұшырадым. Сол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің ұсынысымен бөлім қызметкерлері Игорь Матвеевич Романов, Ербол Шаймерденов мені жаңадан ашылғалы жатқан «Денсаулық» журналына бас редактор етіп жіберуге көмектесеміз деп, құжаттарымды дайындай бастады. 1990 жылдың көктем айларында журнал редакциясының еңбек коллективі, партия, кәсіподақ комитеттері дүркін-дүркін жиналыс өткізіп, ең соңында жағымсыз мінездеме жазып, мені қаралаған протокол көшірмелерін партияның Орталық Комитетіне жіберіп жатты. (Солардың бірін жақында әріптесім Жұмагүл Солтиева әкеп берді). Бас редакторлық қайда, мені журналистикадан мүлдем аластатуға тырысу әрекеттері (бір жарым жыл бойы) жалғаса берді. Статьямен жұмыстан шығарылдым. Үш күннен соң «Денсаулық» журналының бас редакторы, асыл азамат Бейбіт Қойшыбаев (жоғарыда аталған басшылардың да ықпалымен) мені өзінің орынбасары етіп тағайындады.
Медициналық журналистикаға осындай оқыс себеппен келіп, міне, отыз алты жылдан бері менің бір-біріне ұқсамайтын сан алуан бағыттағы ізденісімнің елеулі тармағына айналыпты. 2005 жылдан бастап жеке жобам бойынша республикалық «Дертке дауа» медициналық, танымдық газетін шығарып келемін. Негізгі мақсаты: халыққа денсаулық туралы түсінікті тілмен ақпарат беру; аурудың алдын алу мәдениетін қалыптастыру; медицина мен қоғам арасындағы көпір болу.
2. Түс көру мен мудра (қол қимылына негізделген жаттығу) тақырыптарын жазғанда ғылым мен мәдени сенімнің арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтауға болады?
– Екеуі бір-біріне ұқсамайтын мүлдем бөлек тақырыптар ғой. Түс көру тақырыбындағы жазбаларымда ғылым мен сенімнің тепе-теңдігін сақтауға ұмтылыс болғанымен, бұл қатаң академиялық ғылымнан гөрі гуманитарлық, дүниетанымдық тепе-теңдік деңгейінде көрінсе керек. Әрине, ғылымға сүйенесің. Алайда бұл тақырыптағы мың, миллион мәлімет, жаңалықтарды ұдайы назарыңда ұстау өте күрделі. Он үш жасымнан көрген түстерімді жаза бастадым. Шешемнің «кішкентай кезімізде Әбдірахман атамыз таңертең оянғанымызда дереу көрген түстерімізді сұрайтын» дейтіні есімде. Өзі де ұдайы көрген түстерін айтып, соған орай көңіл күйі де өзгеретін.
Түс көру тек қана тылсым құбылыс емес, адамның санасы мен түйсігінің жұмысы, психологиялық ахуалдың, ішкі күйзеліс пен үміттің көрінісі. Бұл қазіргі психологиядағы түс туралы ортақ түсініктермен үндес. Яғни түсті мүлде мистикалық абсолютке айналдырудың жөні жоқ. Ғылым жауап бере алмайтын тұстарын ішкі сенім арқылы түсіндіруге тырысамын. Қазақ дүниетанымына тән «ақыл мен жүрек қатар жүруі» қағидасын сақтап, түсті адамның рухани әлемімен, жүрек сезімімен байланыстыра ұлттық танымдағы аян, ишара, ескерту ұғымдарына жиірек сүйенемін. «Түс көруге міндетті түрде мән беру керек» деген догманың да, «түс көру тақырыбы мүлде мәнсіз» деген нигилизмнің де жетегінде кетпеймін. Оқырманның миын қатырғым келмейді, тіпті түстеріне үңіліп, тым қазбалай беруін де қаламаймын. Алда-жалда көрген түсің мазаласа ғана, ойлан. Бірақ жүрек үніне де құлақ ас деймін. Мұның өзі ғылыми тұрғыдан алғанда, яғни менің «Түс – саяхаттарымның» мәтіндері дәлелді зерттеу емес, рухани тұрғыдан – жауапкершілігі бар, сақтықпен жазылған дүниелер десек лайық шығар. Сондықтан ғылым мен сенімнің қатал шекарасын емес, үйлесімін іздеген автормын. Кейінгі жылдары балалардың көрген түстерін зерттеп жүрмін.
Егер ықылас танытса, түс туралы психология, дәстүрлі қазақ танымы, медициналық журналистика контексінде жеке-жеке талдаудың үлгілерімен оқырмандардың «Дертке дауа» жиырма бір жылдық тігіндісінен танысып, оқуларына болады.
Мудра – шығыс философиясы мен рухани тәжірибесіне негізделген ұғым. «Дертке дауа» оны қазақ оқырманының дүниетанымы мен талабына икемдеп, бөтен ілім емес, адам ағзасын танудың бір тәсілі ретінде түсіндіруге ұмтылады.
Мудралар туралы мәліметтер көбінесе шетел тілдерінде немесе күрделі терминологиямен беріледі. Соларды, сирек ақпаратты қолжетімді ету үшін қазақ тілінде, түсінікті, қарапайым түрде ұсыну арқылы кең оқырманға жақындатуды көздеймін.
Газет мудраларды емнің баламасы емес, дәстүрлі емес ем-тәсілдерге мәдени тұрғыдан бейімдеу, денсаулық мәдениетін қалыптастыру, өзін-өзі тану, тыныштану, ішкі үйлесімді табу жолы ретінде көрсетіп, оқырманды саналы түрде денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
3. Медициналық газетті шығарудағы ең үлкен жауапкершілік неде деп ойлайсыз?
– Бұл – ең алдымен адам денсаулығы мен өміріне тікелей әсер ететін ақпараттың сапасына жауап беру. Ол бірнеше маңызды талаптан тұрады:
1. Ақпараттың ғылыми дәлдігі.
Медициналық газеттегі әр дерек дәлелді медицинаға, сенімді ғылыми зерттеулерге сүйенуі тиіс. Халық медицинасы немесе балама тәсілдер айтылса, олардың шектеуі мен ғылыми тұрғыдан дәлелденбегені ашық көрсетілуі қажет.
2. «Зиян келтірме» қағидасын сақтау.
Медицинадағы басты ұстаным осы. Газетте жарияланған материалдар дәрігер кеңесін алмастырмайды, сондықтан оқырманды өзін-өзі емдеуге итермелемеуге, қауіпті тәжірибелерге жетелемеуі тиіс.
3. Оқырман сеніміне адалдық.
Медициналық газет оқырманы – үміт пен сенім іздеген адам. Сондықтан сенсация қуалау, қорқыту, жалған үміт сыйлау – кәсіби этикаға қайшы.
4. Тіл мен түсіндіру мәдениеті.
Күрделі медициналық ұғымдар халыққа түсінікті, күдік туғызбайтын, нақты әрі байыпты тілмен берілуі керек. Сапасыз аударма немесе бұрмаланған терминнің өзі қате шешімге әкелуі мүмкін.
5. Автор мен дереккөз жауапкершілігі.
Материал авторының біліктілігі, кеңес берген дәрігердің кәсіби мәртебесі, дереккөздің ашық көрсетілуі – бәрі оқырман алдындағы адалдықтың өлшемі.
6. Қоғамдық миссия.
Медициналық газет ауруды ғана емес, алдын алуды, емдеуді ғана емес, денсаулық мәдениетін насихаттауы тиіс. Яғни оның миссиясы ой салу, сақтандыру, саналы көзқарас қалыптастыру.
Қысқасы, медициналық газет шығару – жай ақпарат тарату емес, адам тағдырына ортақтасу. Сол себепі мұндай газеттің жауапкершілігі кез келген басылымнан әлдеқайда жоғары.
4. Медицина – өте күрделі ғылым. Оны қарапайым халыққа түсінікті тілмен жеткізудің басты қағидалары қандай?
– Осынау күрделі ғылымның қыр-сырын түбегейлі түсіндіру өте қиын. Қарапайым оқырманға арналғандықтан біздің басылым материалдары қандай да тақырыптың мазмұнын бұрмаламай мағынаны анық-қанық беруге тырысып, мынадай нақты ұстанымға сүйенеді:
1. Аудару емес, түсіндіру. Медициналық терминді сол күйінде қазақшалау жеткіліксіз. Терминнің не екенін, неге маңызды екенін, адам өміріне қалай әсер ететінін түсіндіру қажет. Яғни ғылыми тілден гөрі көпшілік ұғатындай етіп, екі арада мағыналық дәнекер орнату.
2. Бір ой – бір сөйлем қағидасы. Күрделі, ұзақ сөйлемдер оқырманды шаршатады. Әр сөйлем бір ғана негізгі ойды жеткізсін. Артық анықтамалар мен ғылыми айналма тіркестерге жоламаған жөн.
3. Күнделікті өмір тәжірибесімен байланыстыру. Диагноз немесе науқасқа байланысты қандай да түйткілді күнделікті тұрмыстан алынған мысалмен салыстыру, ұқсату арқылы түсіндіру оқырманның қабылдауына жеңіл.
4. Қорқыту емес, түсіндіру. Медицинада қауіпті жағдайлар көп айтылады, бірақ үрей туғызатын сөздерден аулақ болу, «міндетті түрде», «сөзсіз өлім» секілді кесімді тұжырымдарды қолданбау маңызды. Ақпарат мейлінше байыпты, сабырлы болуы тиіс.
5. «Бұл – дәрігердің орнын алмастырмайды» ұғымын ұмытпау. Қарапайым тілмен жеткізу өзін-өзі емдеуге шақыру емес, дәрігерге жүгінудің маңызын түсіндіру алға шығуы керек.
6. Артық уәде бермеу. Ем, тәсіл, кеңес туралы айтқанда, оның мүмкіндігі мен шектеуін қатар көрсету, «бәріне бірдей көмектеседі» деген пікірден аулақ болу.
7. Медицина – диагноздар туралы емес, адам туралы ғылым. Сондықтан мәтінде адам тағдыры, сауығу жолындағы нақты қадамдар алдыңғы қатарда тұруы тиіс.
Қорыта айтқанда, медицинаны түсінікті тілмен жеткізудің басты қағидасы – ғылымға адал болып, адамның жан дүниесіне үңіле сөйлеу. Осы екеуінің теңгерімі сақталғанда ғана медициналық ақпарат пайдалы да қауіпсіз болады.
5. Дәрігер мен журналист арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыруда қандай қағидалар басты назарда болу қажет?
– Екі арадағы қарым-қатынасты қалыптастыру – қоғамға дұрыс, қауіпсіз әрі түсінікті медициналық ақпарат жеткізудің негізгі шарты. Бұл жерде екі тарапқа ортақ бірнеше басты қағидалар бар:
1. Кәсіби жауапкершілік пен этика.
Дәрігер ғылыми дәлелденбеген, расталмаған ақпарат бермеуі тиіс. Журналист медициналық деректі сенсацияға айналдырмай, қоғам денсаулығына зиян келтірмейтіндей ұсынуы керек.
2. Ғылым мен қарапайым тіл арасындағы тепе-теңдік.
Дәрігер күрделі медициналық терминдерді қарапайым, бұрмаланбайтын тілмен түсіндіруге дайын болуы тиіс. Журналист ғылыми мағынаны жоғалтпай, тым жеңілдетуге де, күрделендіруге де жол бермеуі керек.
3. Ақпаратты тексеру және нақтылау.
Журналист дәрігер айтқан деректі қайта тексеруге, қосымша сұрақ қоюға құқылы. Дәрігер материал жарияланар алдында медициналық қателіктерді түзетуге атсалысқаны жөн.
4. Шекараны сақтау.
Журналист диагноз қоюшыға, ал дәрігер журналистік пікір иесіне айналмауы керек. Жеке пациент деректері, емдеу нәтижелері рұқсатсыз жарияланбауы тиіс. Құпиялылық – сенімнің негізі.
5. Манипуляция мен жарнамадан бас тарту.
Дәрігер өз беделін жасырын жарнамаға пайдаланбауы керек. Журналист «керемет ем», «ғажайып нәтиже» сияқты жалған үміт тудыратын тақырыптардан қашқаны абзал.
6. Диалог пен ұзақмерзімді әріптестік.
Бір реттік сұхбат емес, үздіксіз кәсіби диалог орнауы маңызды. Дәрігер мен журналист арасындағы сенім адалдық – кәсібилік – адам өміріне жауапкершілік арқылы орнығады.
6. Қазіргі оқырман медицина туралы қандай тақырыптарға көбірек мән береді? Ал қандай тақырыптар назардан тыс қалып жатыр деп ойлайсыз?
– Ең алдымен біз ғаламдық трендтер, әлеуметтік желілердегі қызығушылықтар мен ғылыми-ақпараттық нарықтағы тенденцияларды ескеруіміз керек. Адамдар интернет пен медиа арқылы денсаулыққа қатысты ақпаратты белсенді іздейді және бөліседі, бірақ бәріне бірдей назар аударылмайтын медициналық мәселелер де бар.
Қазіргі оқырман көбірек мән беретін медицина тақырыптары:
1. Медицинағы инновациялық технологиялар.
Қоғам жасанды интеллект, генетикалық диагностика және жоғары дәлдіктегі емдеу сияқты жаңа технологияларға қызығады. Бұл тақырыптар медицинаның болашағы ретінде қарастырылады және аудитория арасында трендке айналған.
2. Телемедицина және онлайн консультациялар.
Емханаларға бармай-ақ виртуалды түрде дәрігермен байланысу мүмкіндігі қазіргі заманауи трендтердің бірі. Бұл әсіресе пандемиядан кейін қарқынды дамыды.
3. Психикалық денсаулық.
Күйзелу, депрессия, алаңдау секілді психикалық мәселелер көп оқырманның назарын аударады, әсіресе жастар мен әлеуметтік желі пайдаланушылары арасында.
4. Салмақ, диета, өмір салты мен фитнес.
Адамдар салмақ жоғалту, диета, жаттығу мен күнделікті денсаулыққа қатысты кеңестерді изденіп оқиды. Бұл тақырыптар әлеуметтік желілерде жиі көтерілетін контентке айналған.
5. Жаңа емдеу әдістері және ауру туралы жаңалықтар.
Жаңа дәрілер, терапиялар мен ғылыми зерттеулер туралы мақалалар мен жаңалықтар оқырман арасында танымал (мысалы, онкологиядағы жаңалықтар, диабет диагностикасы туралы зерттеулер).
6. Медициналық мифтерді жоққа шығару.
Қате медициналық ақпаратты түзету, вакциналар жайлы фактілерді түсіндіру сияқты тақырыптар аудиторияда үлкен қызығушылық тудырады, өйткені жалған ақпарат көп таралады.
Қандай тақырыптар әлі назардан тыс қалып жатыр:
1. Маңызды, бірақ күрделі қоғамдық денсаулық мәселелері.
Мысалы: денсаулық теңсіздігі, әлеуметтік медициналық детерминанттар (адамдардың туғаннан бастап, қартайғанға дейінгі өмір сүру жағдайлары туралы түсінік), яғни тұрмыстық жағдай, білім, табыстың денсаулыққа әсері медиа мен блогтарда тым сирек, көбіне мамандар деңгейінде ғана талқыланады.
2. Созылмалы аурулар мен профилактикадан гөрі емдеу.
Созылмалы жүрек-қан тамырлары аурулары, өкпе аурулары секілді өзекті мәселелер көп талқыланғанымен, олардың болдырмау, алдын алу шаралары туралы материалдар назардан тыс қалуда.
3. Қоршаған орта мен денсаулық байланысы.
Ауаның ластануы, климат өзгерісі және денсаулық арасындағы байланыс секілді күрделі, бірақ маңызды тақырыптар мүлдем аз оқылады.
4. Зерттеу мен ғылыми процесс туралы түсінікті ақпарат.
Ғылыми зерттеу әдістері, клиникалық зерттеулердің жұмысы, медиа артында жатқан ғылым көп оқырманға түсініксіз әрі сирек талқыланады, сондықтан қызығушылық төмен.
5. Қоғамдық денсаулықтың нақты статистикасы мен бағалауы.
Мамандар үшін маңызды, бірақ кең аудиторияға қиын немесе ақпараттық ауыр болатын қоғамдық денсаулық өлшемдері мен саясаттары әдетте назардан тыс қалады.
Қазіргі оқырман тәжірибелік, технологиялық және өмір салтына қатысты медициналық ақпараттарға белсенді түрде тартылып, әлеуметтік желілерде әрі жаңалықтарда көп талқыланатын тақырыптарды іздейді. Ал денсаулық саясаттары, әлеуметтік мәселелер, ғылыми зерттеулердің терең мәселелері сияқты күрделі, жүйелі тақырыптар әлі күнге дейін көпшілік назарынан тыс қалуда.
7. Қазіргі қоғамдағы медициналық сауаттылықтың деңгейін қалай бағалайсыз?
– Қазір медициналық сауаттылықтың деңгейі орташа, бірақ біркелкі емес. Ақпарат көп, алайда оны дұрыс түсіну, саралау және қолдану қабілеті жеткіліксіз. Бүгінде адамдар ауру атауларын, кейбір дәрілердің атын, «иммунитет», «витамин», «гормон», «стресс» сияқты терминдерді жиі қолданады. Алайда өзін-өзі емдеу кең тараған, интернеттегі кез келген ақпаратқа сену әлі де басым, дәлелді медицина мен балама тәсілдің ара-жігін ажырата алмайтындар көп.
Ақпарат көп, сапа төмен. Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде жалған медициналық кеңес оңай таралады. «Ғажайып ем», «бір күнде жазылады» деген уәделерге сену жиі кездеседі.
Медициналық терминология түсініксіз. Дәрігер тілі көп жағдайда кәсіби, ал халыққа қарапайым түсіндіру жетіспейді. Бұл дәрігерге сенімсіздік тудырады.
Профилактика мәдениеті әлсіз. Көпшілік ауырып қалған соң ғана дәрігерге жүгінеді. Алдын алу, скрининг, вакцинацияның мәні толық ұғынылмаған.
Денсаулық туралы білім мектепте жүйесіз беріледі. Балалар ақпаратты көбіне интернеттен алады.
Сондықтан қазақ тілінде дәлелді, этикалық, жауапты ақпарат тарату үшін дәрігер мен журналист бірігіп жұмыс істеп, бәріне түсінікті, бірақ ғылыми дәл медициналық журналистиканы дамыту қажет.
8. Цифрлық медиа мен әлеуметтік желілер медициналық журналистиканың дамуына қалай әсер етуде?
– Бұлар медициналық журналистиканың табиғатын түбегейлі өзгертті. Ақпаратар, медициналық жаңалықтар, зерттеу нәтижелері, эпидемиялар туралы мәліметтер бұрынғыдай апталап емес, минуттар ішінде оқырманға жетеді. Бұл – қоғамдық денсаулық үшін аса маңызды. Оқырманмен тікелей байланыс бар. Әлеуметтік желілер (Instagram, Facebook, TikTok, YouTube) арқылы журналист пен оқырман арасында кері байланыс орнайды; адамдар өз сұрағын қойып, пікір білдіре алады; нақты қоғамды алаңдатқан мәселелер айқындалады. Сөйтіп, медициналық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік көбейді.
9. Медициналық журналистерге ең алдымен қандай дағдылар қажет деп есептейсіз?
– Ең негізілері: медициналық және ғылыми сауаттылық, терминдерді қарапайым тілмен түсіндіре алу, сенімді дереккөздерді ажырата білу, жаңалық, сараптама, репортаж, сұхбат, т.б. жанр ерекшелігін ескеру, оқырман талабына бейімделіп жазу, пациент құпиясын, этикалық нормаларды сақтау, дәрігерлер мен қарапайым оқырман арасында дәнекер бола білу.
10. Медициналық журналистиканың басты миссиясы қандай?
– Қоғамды дәл, сенімді және түсінікті медициналық ақпаратпен қамтамасыз етіп, адамдардың денсаулыққа қатысты саналы шешім қабылдауына көмектесу, аурулардың алдын алу, диагностикасы және емі туралы шынайы мәлімет беру, ғылыми жаңалықтарды бұрмаламай жеткізу, күмәнді медициналық ақпарат пен мифтерге қарсы тұру, дәрігерлер, ғалымдар мен халық арасындағы түсіністікті арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау.
11. Медициналық журналистерге қандай кеңес берер едіңіз?
– «Дертке дауа» газеті арқылы қазақ журналистикасында медициналық бағытты ағартушылық пен адамтану деңгейіне көтеруге тырысып келемін. Дертті тек биологиялық құбылыс емес, әлеуметтік, психологиялық мәселе ретінде қарастырып, емдеуден бұрын сөзбен, ән, күймен, т.б. дем берудің түрлі әдіс, амалын іздеп, шарқ ұрамын. Осы және жоғарыда айтылғанның бәрі медициналық журналистерге кеңес деп есептеймін.
Дәл қазіргі кезеңде мен үшін кеңес айтудан гөрі гөрі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен ақыл, көмек сұрау әлдеқайда маңызды боп тұр. Биліктің биік сатысында солар, халықтың қайнаған ортасында біз – бір мақсатта еңбек етудеміз. Бірақ арамызда не кәсіби, не іскерлік байланыс жоқ. Салалық басылымдарға министрліктің еш мән бермейтінінен де денсаулық сақтау жүйесінде кемшіліктер белең ала бермек. Сондықтан «Дертке дауа» газетінің халыққа ақпараттық, танымдық, психологиялық көмегімен қатар министрліктің қыруар қызметін де жүйелі түрде көрсететіндей мүмкіндігін ескеріп:
1. «Дертке дауа» газетіне денсаулық сақтау мекемелерінің дәл қазірден жаппай жазыла бастап, мамандардың автор болуына, тұрақты шығармашылық қарым-қатынас орнатуына;
2. Сөйтіп, бірте-бірте таралымының көбеюіне атсалысып, «Дертке дауа» газетін аптасына бір рет шығаратындай жағдайға жеткізіп, жиырма екі жыл сүйіспеншілікпен шығарған басылымды түбегейлі тегін тапсырып, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің органына айналдырып, құрылтайшы болуының нақты шешімін қарастырса деген мақсатым бар.
***
«Жазушы – адам жанының инженері» деген уәж әркімге белгілі болар. Сөйтсек, дарынды қаламгер әлеуметтің жанына үңілуімен бірге оның тәнін емдеудің де қыр-сырына жетік келеді екен.
Жидегүл ӘБДІЖӘДІЛҚЫЗЫ,
журналист