ТАҒЫЛЫМ мен ТАНЫМ ТОҒЫСҚАН ҚОС ТОМДЫҚ ЖАРЫҚ КӨРДІ

ТАҒЫЛЫМ мен ТАНЫМ ТОҒЫСҚАН ҚОС ТОМДЫҚ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Журналист Өмірзақ Ақжігіттің екі томдық «Сұхбаттар» жинағын осы жанрдың озық үлгілерінің бірі деуге толық болады. Автор ел руханиятына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ақын-жазушылардың, академик-ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің тағылымды ойлары мен терең пайымдары тоғысқан рухани қазына. Ұлт болашағына алаңдаған, ел тағдырына бейжай қарамайтын тұлғалардың мағыналы әңгімелері мен шынайы сұхбаттары оқырманды ойға жетелейді.

Кітаптың басты ерекшелігі – әр сұхбаттың кәсіби деңгейі мен мазмұн тереңдігі. Журналист Өмірзақ Ақжігіт әр кейіпкермен сұхбат барысында оның ой-өресіне, таным деңгейіне сай сауал қоя отырып, сол саланың нағыз маманындай еркін ой өрбітеді. Сұрақтары дәлелге, нақты мысалдарға негізделіп, сұхбат берушінің болмысын, көзқарасын терең ашуға мүмкіндік береді.

300-ден астам сұхбаттың ішінен мұқият іріктеліп алынған бұл жазбаларда заман тынысы, ұлттық құндылықтар, рухани сабақтастық пен елдік мұрат кеңінен қамтылған. Кітап мазмұны оқырманды бейжай қалдырмай, ойландырып қана қоймай, рухани серпіліс сыйлайды.

Жинақ тек танымдық еңбектің үлгісі ретінде ғана емес, болашақ және қазіргі журналистика саласында еңбек етіп жүрген журналистерге сұхбат алу жанры бойынша таптырмас тәжірибелік құрал ретінде ұсынуға болады. Мұндағы әрбір сұхбат – сауалды дәл қоюдың, ойды тереңдетудің, кейіпкер болмысын ашудың кәсіби мектебі. Кітап журналистерге сұхбат мәдениетін меңгеруге, ізденіс пен шеберлікті шыңдауға бағыт-бағдар беретін құнды еңбек болып табылады. 

Кітаптың тұсаукесерін марқұмның жылдық асында мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов және ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса кесті. Журналист Өмірзақ Ақжігіттің сұхбаттар жинағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жауғашты Нәбиевтің демеушілігімен жарық көрді.

qazaquni.kz

ӨР ҰЛТШЫЛ ӨМІРЗАҚ

Есімі елге белгілі көрнекті қазақ журналисті, ұлттық мүддемізді қорғап өткен қаламгер-қайраткер Өмірзақ Ақжігіт ағамыздың өмірден өткеніне де бір жылдың жүзі болып қалыпты…

Өтіп жатқан өмір-ай десеңізші… Алла алдынан жарылқасын!

Былтыр ғана, 2024 жылы мамыр айында Шымқалада жемісті жетпіс жасқа толған мерейтойын дүрілдетіп тойлап едік… Өзі араласатын елге белгілі игі жақсылардың бәрін шақырған Өмекең үстінен тастамайтын өзіне құйып қойғандай жарасымды әдемі қазақы шапанды киіп алып, елдің бәрін құшақ жайып қарсы алып, жарқырап жүрген еді!..

Тәуелсіздік жылдары Қазақ журналистикасы Ұлттық партияның рөлін атқарды деген жоғары баға алдымен осы қаламын өткір қару еткен Өмірзақ Ақжігіттей өр тұлғалы қалам қайраткерлеріне қарап айтылатыны анық еді…

Өмекең бұл бағаны республикалық “Жас қазақ үні”, (қазіргі “Қазақ үні” газеті) кезінде айқын дәлелдеп берген болатын...

Қазір бар Қазақ үніне айналған нар “Қазақ үні” газетінде бас редактор болып істеп жүргенде Өмекеңнің жұмысқа берілгені сонша, пәтеріне қайту қаперіне кірмейтін… Түн ауып кеткесін, редакцияда өзіне арнайы жасалған бөлмеде жата салатын. Таңмен таласа тұра салып, тағы да тағамынан бұрын қаламына қол созатын…

Өмекең 2003 жылдан бері жиырма жылдан артық журналистика майданында алдыңғы қатарда қарқынды қайрат көрсетті. "Оңтүстік Қазақстан", "Жас Алаш" газеттерінде арнаулы тілші, "Жалын" журналында жауапты хатшы, "Жас қазақ үні" мен "Қазақия" апталығында бас редактор қызметтерін абыройлы атқарды.

Өмекең халықшыл әкімдермен де тізе қосып, еңбек етті. Арыс пен Сайрамда Айтахановтың академиясынан тәлім алған ол “әкімдердің ақыны, ақындардың әкімі” Ислам Әбішпен де бір майданда жүрді. Исекең Су министрі кезінде халық қазынасының триллионын үнемдегені үшін жазықсыз жала жабылып, түрмеге түскенде, Өмекең әрбір соттың отырысына қатысып, қаламымен араша түсті.

Өмекең газет редакцияларында күнделікті газет шығарумен ғана күйбең тірлік өткізіп қоймай, қазаққа қажетті құнды кітаптар жазып тастады. “Тыныштық жақпайтын адам", "Жауғашты Нәбиев - істің адамы", "Боямасыз өмір", "Мини-Қабуснама" деген тағылымды да, тартымды кітаптардың авторы ретінде де есімі елге белгілі. 

Өмекең қоғамда болып жатқан әрбір қоғамдық-саяси оқиғаларға әділ үн қатып жүрді.

Әсіресе, қазақ тіліне, қазақ мүддесіне қарсыларға қарсы майданда хан болсын, қара болсын, аямайтын біздің “Қазақ үні” газетінің ұстанымы мен Өмекеңнің ұстанымы да бірдей еді. Маған осы мінезі қатты ұнайтын. Өмекеңде бұл өткен ғасырда Кеңес империясына қарсы шыққан Созақ көтерілісін басқарған атақты Cалықбай мергеннің он жеті мергенінің бірегейі болған Ақжігіт атасынан қанында бар. 

Атасы көзмерген болса, Өмекең сөзмерген еді!.. Қаламымен атқанын қаусатып түсіретін…Ондыққа тиетін ойлы сөздері ойып түсетін!

Мәскеуде инженерлік институтты бітірген соң, орыс тілінде де еркін жаза беретін... Бұл қазақ тіліне, ұлттық мүддемізге қарсы өзіміздің орысқұлдарға, ана тіліне миы жетпесе де, министр, әкім, депутат болып жүретін шенеуніктерге, атағы жер жаратын әйгілі қайраткерлерге қарсы жазылған мақалаларды солардың оқитын тілінде жариялау қажет болған кезде қатты кәдеге жарайтын… 

Жүрек ауруынан инсульт алып ауруханға түскенде де, ауырып жатып, “Қазақ үні” газетіне хабарласып, газеттің қалай шығып жатқанын сұрапты қайран Өмекең!.. Содан соң телефон қоңырауларына, хабарламаларымызға жауап ала алмай қалған едік… Ауыр ауру ақыры алып тыныпты…

Өмірзақ Ақжігітті қолдап, демеп келе жатқан, мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбіш ағамыз қаралы хабарды жеткізгенде қабырғасы қатты қайысып тұрды…

Сол кезде өзім ауырып, ем алып жатқандықтан Өмекеңмен қоштасып қала алмағаным, жаназасына қатысып, топырақ сала алмағаным өкінішті болды…

Өмекеңнің қазақ журналистикасына сіңірген зор еңбегі елге белгілі!

Қаламын қаруға айналдырып, халық сөзін сөйлеп өтті… Ақиқаттың Ақ туын биік ұстап, шындықты шырқыратып жазып кетті…

Иә, өмірінің соңына дейін халық сөзін сөйлеуде қару еткен қаламын тастаған жоқ…

Жаңа заман, Әділетті Қазақстандағы түбегейлі өзгерістерді қолдап, Алаш жолын ұстанған “Ақ жол” демократиялық партиясына тілектес болып, сайлауда да, жайлауда да, барлық майданда да өткір, күшті мақалалар жазып, қайрат көрсеткен қаламгерлігі мен қайраткерлігі үшін де біз Өмірзақ ағамызға шын ризамыз.

Сондықтан да, Өмірзақ Әбдуәлиұлын 70 жасқа толған мерейтойында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол" партиясы төрағасы Азат Тұрлыбекұлы парламент және мәслихат депутаттарының атынан құттықтап, партия Президиумы “Ақ жол” партиясының Алаш арыстары құрметіне арналған “Қазақ Республикасына 100 жыл” алтын медалымен марапаттады!

Өмекең қандай жоғары марапатқа да лайықты тұлға еді…

Өмекең анау бір жылы менің әкем Жарылқасынмен бірге “Меркі” шипажайында демалды. Табиғаты тамаша, суының емдік қасиеті мол “Меркі” шипажайын бес-алты жыл басқарған кезінде қазіргі жақсы жағдайға жеткізген Жапар Баубеков деген кәсіподақ саласының қайраткері, Жетісулық ағамыз. Сол кезеңде әкемді демалуға жіберетін болдым. Ол кісіні жалғыз жібергіміз келмей, Шымкенттегі Өмірзақ ағамызға: “Әкеміз шипажайға бара жатыр. Бойдақ шал шипажайда қолды болып кетпес үшін қасына өзіңіздей сенімді серік керек” деп, әзілдеп, екеуін бірге жібердік. 

Шамасы, демалысы мен жорықтары сәтті болған болуы керек, Өмекең әкемізге қатты ұнап қалыпты… Кетер-кеткенше: “Біздің күйеу бала Өмірзақтың жағдайы қалай?”-деп сұрап тұратын… Пейіште рухы шалқи бергей. Өмекең де “әкең мықты қазақ екен” деп қоятын да, әріге бармайтын… Біз де одан әрі қазбаламаймыз, қоя саламыз.

Иә, айтпақшы, көкем айтқандай, Өмекең біздің елге күйеу бала, яғни маған жезделігі бар еді. Сондықтан да Өмекең ұл-қыздарының жетістігі туралы айтып қалса, “Нағашыларына тартқан да. Сіздің мықты боп жүргеніңіз де, біздің Гүлзейнет әпкеміздің арқасы ғой” деп қорытатын едік барлық әңгімені. 

Өмекеңнің жылына дейін кітаптарын шығарайық деген тілектестерінің игі ниеті орындалып жатқанына қуаныштымыз.

Бұл екі томдық кітабына өзінің ұлттың белгілі тұлғаларымен жасаған жазған маңызы зор, сүйекті де, сүбелі сұқбаттары жарияланды.

 Өмекеңнің жарқын бейнесі оны құрметтейтін жандар жүрегінде мәңгі сақталады. Қарымды қаламынан шыққан мәні зор шығармалары оқырмандарымен бірге жасай береді..  

Пейіште рухы шалқи бергей!

Жатқан жері жайлы болсын!

Отбасына, ұрпақтарына құдай ұзақ ғұмыр бергей!

Иманы саламат болсын!

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» орденінің иегері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты.

Қуаныш АЙТАХАНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері:

Рухани мұраға айналған жинақ

– Өмірзақ ініміздің жылдық асы берілген күні оның рухани мұрасы жалғасқандай, сұхбаттар жинағының тұсаукесерінің өтуі – үлкен мәні бар оқиға. Бұл Өмекеңнің өзіне де, оның ұрпақтарына да қуаныш сыйлайтын игі істің бастауы болсын.

Жинаққа қазақтың көрнекті ғалымдары, ірі қоғам қайраткерлері мен алып тұлғаларының мазмұнды сұхбаттары топтастырылған. Өмекеңнің газет беттерінде жарық көрген 200-ден астам сұхбатын кезінде үзбей оқып жүретінмін. Бұл еңбекте сол тұлғалардың өмір тәжірибесі, өнегелі жолы, халқымыздың кешегі мен бүгінгі тарихы кеңінен көрініс тапқан.

Кітап қазіргі және келешек ұрпақ үшін бағыт-бағдар беретін, ой салатын құнды дүние болады деп сенемін. Өмекеңнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Артында қалған ұл-қыздары, немерелері мен жарына амандық тілеймін. Құтты болсын!

Шакиза АҚЖІГІТОВА, бауыры:

Бауырымның есімі ел есінде сақталады

– Бауырым бар саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнап, өз ісімен де, сөзімен де ел есінде қалды. Артында өшпес із, тағылымды өмір жолы қалды. Алла тағала оның о дүниесін жарық етіп, жатқан жерін жайлы етсін.

Өмірзақ бауырым Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, ел ішінде қызмет етіп, өздеріңіздей ел ағаларымен бірге еңбек етті. Халқына адал қызмет етіп, азаматтық болмысын таныта білді. Осындай өнегелі өмір кешкеніне шүкіршілік етемін. Бауырымның есімі мен еңбегі ұмытылмай, жүректерде сақтала берсін.