АТА СӨЗІ – ТАРИХ КӨЗІ
2025 ж. 09 қараша
142
0
Осыдан 275 жыл бұрын өмір сүрген қолбасшы, сәулетші, ағартушы Бекет ата Мырзағұлұлының мұрасы бұ күні тарихи-мәдени ұлттық мұрамызға айналып отыр. Ұлттық мұраны көздің қааршығындай сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау әр қазақтың парызы. Осы сұрақ төңірегінде біз Бекет ата мұрасын зерттеуші, тарихшы Ерқасымов Сәрсенбай Сәметұлымен сұқбаттасқан едік.
Сәрсенбай Сәметұлы Ерқасымов 1985-1991 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. 1989-1996 жылдары Ақтөбе облысының Жарқамыс ауылында тарих пәнінің мұғалімі болып істеген. 1996-2002 жылдары Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекциясының бас маманы, 2002-2004 жылдары Астанадағы Президент мәдениет орталығының тарих бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
– Сәлеметсіз бе, Сәрсенбай аға!
– Ассалаумағалейкум!
– Сіз 1995 жылдан бері Бекет атаның жер асты мешіттерінің тарихи-мәдени маңызын кәсіпқой тарихшы ретінде зерттеп келесіз. Киелі мекенге көлікпен бармай, мұсылмандық ережеге сай Құананбайдың Меккеге жаяу барғанындай 1500 шақырымды қырық күн жүріп жаяу барғаныңыз туралы білеміз. Жақында тағы да Бекет атаның басына зиярат жасап жаяу экспедиция өткізіп келдіңіз. Осы жолы қандай бағыттарды жүріп өттіңіз?
– Ия, әңгімені сәл әріден бастасам. Беке ата Мырзағұлұлы жеті мешіт салған адам. Біз бір мешіт салған адам болса да дәріптейміз. Пір тұтамыз. Бекет ата салған жеті мешіттің төртеуінен бүгінгі таңда қысы-жазы адам аяғы арылмай барып жатыр. Ол Оғланды тауындағы – Оғыланды Бекет ата мешіті. Екіншісі, бұрынғы Бейнеу ауылының күн батыс жағынан 22 шақырым жерде орналасқан мешіт – Бекет ата ескі Бейнеу мешіті деп аталады. Ал, Жемнің бойында Атырауда Қосардан алпыс шақырым жерде Ақмешіт орналасқан. Ақмешіт Бекет атаның кіндік қаны тамған жер. Әкесі Мырзағұл мен шешесі Жәнияның мәңгілік мекені сол жерде. Ал, төртінші мешіті – Тобықты. Ол Маңғыстау облысының аумағында орналасқан. 2020 жылы Түркістан-Қызылорда-Ақтөбе-Маңғыстау облыстарынан 1500 шақырым ұзын жолды қырық күн жаяу жүріп өтіп осы Тобықты мешітіне маңдайымды тірегенмін. Сол тұс Тобықты мешітінің ашылып жатқан кезі еді. Маңғыстау облысында Отпан тауы бар. Бұ жолы жаяу жүру экспедициямды осы Отпан тауынан бастадым. Бұл экспедиция Бекет атаның 275 жылдығына арналды. Жаяу жүріп өткен бағытым Маңғыстау облысы, Шетпе ауданы аумағында өтті. Арқама қап арқалап, екі жаныма суымды салып Отпан тауынан бастап он бір тау жағалап Шетпеге келіп, Тобықты мешітіне қарай тас жолға түстім. Оқырманға түсінікті болу үшін, Отпан тауының тарихына тоқталып өтсем. Неге Отпан тауы деп аталған? Баяғы жаугершілік заманда батырлар, екінші елдің батырларына таудың басына от жағып белгі берген. Ол жау шапты деген белгі. Ал, жайшылықта Наурыз айы келгенде қыстан аман шыққан ағайындар бір-бірімен қуанысып көрісіп қауышатын жер болған. Қазір де қазақы салт-дәстүріміз сақталған ұлттық мәдениетті өрбітіп жатқан қасиет қонған жер. Күллі қазақтың басын қосатын киелі мекен. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен бата алуға адамдар кеп жатады. Шетелдік азаматтар да ағылып келуде. Табиғат жаратылысында Мекке мен Мәдинеде Мұхаммед, Түркістанда құл Қожа Ахмет, Маңғыстауда пір Бекет деп жай атыла салмаған. Бұл сөз ғасырдан-ғасырға мойындатылған сөз.
–Сәрсенбай аға, осындай ұзын арақашықтықты жаяу сапар өткізу оңай емес. Адамға ең әуелі ішкі рухани дайындық пен мығым дене саулығы керек. Бұндай күш-қайрат ерік-жігерді қайдан аласыз?
– Ең әуелі, 250 жылдай бұрын жасалған ата мұрасының құпия сырларын білсем деген құштарлық жетеледі. Беке ата Мырзағұлұлының мешіттері мен «Көк аса» таяғын 1995 жылдан бастап жаяу сапарлау әдісімен экспедициялық зерттеу жүргізіп келемін. 1999-2000 жылы Ақтөбе-Атырау-Маңғыстау облыстары бойынша ата мұрасын зерттеп, дәріптеу мақсатында Бекет атаның 250 жылдық мерейтойына 1444 шақырымды 44 күн жаяу жүріп өттім. Ал, 2009-2010 жылдары Маңғыстау облысында Шетпе-Құрық-Бейнеу аудандарында 250 қашықтықты жаяу экспедиция жасадым. 2020 жылы Түркістан-Қызылорда-Ақтөбе-Маңғыстау облыстарынан 1500 шақырым ұзын жолды жаяулатып қырық күнде жүріп өттім. Бұл жаяу экспедициямды әлем ғалымы атанған әл Фарабидің 1150 жыдығына, Абай Құананбаевтың 175, пір Бекет атаның 270 жылдығына арнаған едім. Бұрын он жыл сайын үлкен сапарлар жасайтынмын. Оған әбден дайындалатынмын. Енді араға он жыл салып отыратын жас емеспін. Жасым алпыстан асып жетпіске таяп қалды. Бұ жолы араға бес жыл салып Беке ата мешіттері арасындағы жүрілмеген бағыттарға жаяу сапар экспедициясына дайындық бастап кеттім. Ала қыстай таңның шыңылтыр аязында шаңғы теуіп, күні-түні жүгірдім. Волейболмен шұғылдандым. Әулие ортақ, су ортақ, пір ортақ деп Қазақстан Республикасындағы республикалық маңызы бар ескерткіш Бекет атаның төртінші – Тобықты мешітінің арасында жүрілмеген бағытты жүріп өтуім керек деген ниетімді Отпан тауы, Шетпе ауданы бағытында тас жолдың бойын жағалап жүріп өттім. Биылғы сапарды 1 масым күні бастадым. Негізі, 2025 жыл келе жатыр дегеннен түрлі спорттық жаттығулар жасап экспедицияға дайындық жүргіздім.
Осы жолғы сапарында күніне қырық шақырым жүріп отырған Сәрсенбай аға 125 шақырымды үш күнде жүріп өткен. Негізі, қырық бір шақырым марафондық дистанция. Кәсіпқой спортшылар қырық бір шақырымды бір күнде жүріп өту үшін алты ай дайындалады.
1444-1500 шақырымдық ұзын жолды түске дейін жиырма бес, түстен кейін жиырма бес шақырым жүріп отырып, күніне елу шақырымды еңсерген екен. Ал, күніне қырық шақырым жүру Сәрсенбай ағаның ең аз көрсеткіші. Зерттеушінің сөзіне зер салсақ, оның бар сыры ғылымда дейді. Ғылымды меңгерген адамның физикалық денесі жерде қалады да, Алла Тағаланың қолдауымен рух күші бүкіләлемдік тартылыс заңымен жоғарыда болады. Осыны Құдай қолдаған дейді қазақта. Құдай қолдамаса жүз метр де жүре алмайтының рас.
– Сіздің осы бастамаңызды мемлекеттік мекемелер тарапынан қолдау болды ма?
–Бір-екі рет Маңғыстау облысының аудандық ішкі саясатына, тарихи-мәдени бөлімдеріне бірлесіп жұмыс жасайық деген ниетпен хабар жіберіп көрген едім, олардан ләм-мим деген хабар болмады. Жалпы жаратылыстың шариғат заңында құпия және жарнама деген бар. Құран кітабында жазулы тұр, екі адам сөйлессе үшіншісі құдай деп. Он адам сөйлессе он біріншісі құдай деп. Бұл көшпенділер салтындағы бір-біріне сендіру үшін айтылған ұлағатты сөз. Мен жарнамадан гөрі осы құпия түрде бір Алла Тағалама сенім арттым.
– Жаяу сапар шым-шытырықсыз өтпейтіні белгілі. Қиындығы да кездеседі. Жол бойындағы бастан кешкен оқиғалар туралы айтыңызшы?
– Ия, рас. Жолға жаяу шыққан адамның ұшыраспайтыны жоқ. Аспан айналып жерге түсердей күннің аптап ыстығында жол бойында арып-ашып жаяу кетіп бара жатқан адамға таңырқап, алып кетейік көлікке отырыңыз деп тоқтағандар болды. Енді біреулер алыстан қол бұлғап бипілдетіп «отыр алып кетейік» деген белгі беріп өте шығады. Жол бойында 729 нөмірлі Газель көлігі тура жаныма кеп тоқтай қалып, «Аға, қайда барасың, ала кетейін» дейді. Мен үйден шығар кезде сапар намазын оқып шығамын. Ол Алла Тағаламен уәделесіп, ант су іштім деген сөз. Мен адамның бақылауында болмасам да, сенің бақылауыңдамын, жаяу сапарымды бұзбауға саған ант етемін деймін. Сол берген антымды бұзбас үшін жігіттерге Алла Тағала алдында берген антымды бұза алмайтынымды айтамын. Сол Газель көлігіндегі азаматтың жанында 7-8 жаста ұлы болды. Мысалы, осы Алла Тағала алдындағы антқа беріктік балаға да, әкесіне де үлкен тәлім-тәрбие береді. Адам баласының адамға деген мейірімін оятады. Аллаға антым берік, көлікке отыра алмаймын деген сөз көкейіне ұялап ойландырған ғой. Біраз алыстап кеткен көлік біршама уақыттан кейін қайта айналып кеп, «Аға, ең бомаса мына бес литр суды алыңызшы» деп тұр. Аптап ыстықтан шаршап келе жатқан адаммын, оны қалай көтерем десем, суыңыз жетпей қалады деп тағы бір ыдыс суды берді. Балаларға рахметімді айтып, жүруді тоқтатпай Тобықты мешітіне қарай аяңдадым. Он бес шақырым жүріп өткенде Шетпеден шыға бере таудың етегінен отыз шақты ағаш үйлер көрінді. Кеш түсіп келеді. Бұл ағаш үйлер «Этномәдени ауыл» деп аталады екен. Алла Тағала қаласа бүгін осы ауылға қона кететін болдым деп іштей қуанып қоямын. Жақындап барып «Кім бар?» деп, дауыс беріп едім, орыс тілінде «Саған кім керек?» деп орыс әйел мен орыс еркек шықты. Сол жердің әкімшісі боп істейтін әйелге өзімнің киелі мекенді жаяу жүріп өтетін жиханкез, зерттеуші екенімді айтып таныстырып, бүгін осында түнеп кетсем дедім. Әлгі орыс әйел, «Бұл жерге кіру үшін бір ай, бір жарым ай бұрын тапсырыс беріп қойуыңыз керек. Сіз бұл үйге кіре алмайсыз» деді. Онда несіне бұл ауылды – Этномәдени ауыл деп қойған деген ой келді маған. Қазақта құдай жолымен келе жатқан адамды, құдайы қонақ деп қарсы алатын. Бұл қазақтың салт-дәстүрін сыйлаған адамдар болса, тіпті өзінің жататын орнын берсе де құдайы қонақты сыйлап алып қалуы керек қой. Біріншіден, қазақ жерінде кәсібін дамытып отырған орыстар. Ал, оның басшысы қазақ болған күннің өзінде де біздің менталитет қазақтың салт-дәстүрін таптап, зейнеткерін сыйламай сыртқа теуіп отырған адам. Үшіншіден, өзіміздің атадан балаға мирас боп келе жатқан салтымызды бұрмалап, тек ақша, ақшаның айналасынан шыға алмай қалған пенде екенін танытты. Және, ең сорақысы орыс әйелдің орысшалап, «Сіздің баратын жеріңіз анау жақта, қашарда. Сонда барсаңыз орын бар» дегесін сол қашарға бардым. Міне, есіктен кіріп төр менікі дегендер осылар ғой. Қазақ болмысын, санасын, өмір салтын түбегейлі өзгертіп жатқан осындайлар. Жаманға тап болсаң, жағаласпа деген қазақпын ғой. Амалым жоқ, шынымен біреу-міреу бар деген оймен қашарға келсем ол жерде адамның исі жоқ. Отырып-отырып қайтадын жолға шықтым. Митыңдап жүріп отырып 43 шақырымда Тиген деген ауыл көрінді. Жақындай берген кезде Беріш атаның ұрпағы Барақ батыр атындағы жер астынан шығып жатқан судан ішіп, дамылдап алып Тиген ауылына жеттім. Ауыл үдере көшіп кеткен екен. Әр жерде қылаң беріп бір-екі үй көрінеді. Көше жағалап әр үйдің есігін қағып шықтым. Бәрінің есігінде қара құлып ілінген. Шет жағында есігі ашық тұрған бір үй таптым. Сол қазақ ас-ауқатын берді. Дәрет алып намазымды оқып, үй ішімен хабарластым. Сол шаңырақта түнеп шығып, таң ата рұқсат сұрап жолға шығып кеттім. Теңіздің жағасы болғасын желдің өзі адамның кеудесін кейін қарай итеріп тұрады. Бекет атаның Тобықты мешітіне қарай бұрылатын жерде қой ауыл тұсынан Ридер деген тоғыстан Монтиген деген жер шығады екен. Сол Монтигенге келгенде тағы бір жолаушы қазақы дәстүрге сай үйіне алып кетіп қонақ еткісі келгенін айтты. Жер жүзіне атағы жер жарған Ақсақ Темір, «Кімде-кім саған жанашырлық танытып, ол туысың, бауырың, мпейлі үлкендер болсын жоспарыңа ақыл қосатын болса, оның ешбірін тыңдама. Тек әуелден өзің межелеген жоспарға жету үшін өз шешіміңмен жүр» деп өсиет қылған екен. Қонаққа шақырған адамдар ренжіп қалмасын деп оларға Ақсақ Темірдің өсиетінен аттай алмай тұрғанымды оның өсиеті мен қазақтың жол мәдениетін, құдайы қонақ рәсімін сақтап ілтипат көрсетіп жатқанына рақметімді айтып, көздеген межеге қарай жол тарттым. Алда он-он бес шақырым қашықтық бар.
–Аға, Беке ата мешітінің ішкі көріністері бұрынғысынан өзгеріп кетті деген сөз халық арасында айтылып жүр. Сіз 1995 жылдан бері зерттеп жүрген мамансыз. Соңғы сапарларыңызда өзгеріс байқадыңыз ба?
– Жалпы, Беке ата он сегіз мың ғаламды тастан қашап салған, он сегіз мың ғаламды алақанында көрген адам. Сол себепті Беке атаның Оғыланды мешітін көп жылғы зерттеулеріме сүйеніп расытхана, яғни обсерватория деп таныған едім. Бұл киелі жерде 250 жыл бұрын Бекет ата шетсіз бен шексіздің сызбасын сызған. Ол қазіргі астрономиялық-геометриляқ ғылыммен тура келеді. Сол таспен қашалып сызылған аспан денелерінің сызбасы бұл күнде итальялық технологиямен жүргізген жөндеуден кейін тегістеліпті. Осы Беке ата мешітіне жөндеу жұмыстарының басында қазаққа жанашыр белгілі тұлғалар болған екен. Олар, «Қойыңдар, бұл дұрыс емес» деп айтуға шамасы келмегені түсініксіз. Бірінші жағдайда айтылуы тиіс мәселе осыдан отыз жыл бұрынғы – 1995 жылғы мешіт қазір ашық аспан астындағы музейге айналып кеткен. Бұған менің қарным ашиды. Қазіргімен салыстырғанда екі мешіттің айырмашылығы жер мен көктей. Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін Мәдениет заңын, тарихи-мәдени мұралар туралы инспекция заңын, мұражай заңы, кітаптык мұрағат заңын қабылдады. Мәдениетті дамыту үшін өзіндік ішкі ережесіне сай заңдар қабылданып бекітілген. Осы заңдар аясында республикалық тарихи-мәдени ескерткіш – Беке ата мешітіне реставрация жұмысының түпнұсқасына келгенде заң бұзушылық бар. Беке ата мешітіне итальия технологиясымен жөндеу жұмысын жүргізген Людмила Добровская деген шеберге мешіттің түпнұсқасын көрсеткенімде, ол мойындамады. Менің осы саланың маманы екендігімді ескеріп айтқан уәждеріме құлақ та аспады. Ендігі тілегім Тобықты мешітінің түпнұсқасын өзгертпесе екен. Ашық аспан астындағы музейге шетел азаматтарынан бастап, төрт құбыласы тең көріп қайтайық деп шалдар мен кемпірлер жүйрік көлігімен кеп жатады. Ал, негізінен әулиелі жерлерге ата бабасының рухына құран бағыштап құрмет көрсетуге, ауруына шипа іздегендер мен түрлі қиындыққа душар болғандар Алла Тағаланың қасиетті жері деп ниетпен келетін. Қазір Бекет атаның мешіттеріне келгендерден соның бір мысқалын көрмейсің.
Ақша төлейді екен деп қымыз, шұбатты ішіп алып манаураған шетелдіктер мен қонақтар дәретсіз теңкиіп киелі жерде ұйықтап жатқаны ешқандай әдебке сай келмейді. Сондықтан, осы Бекет ата мешітіне келушілерге арнайы кесте қойылса деген ұснысым бар. Қазақы ата жолына тәу етіп келгендер мен туристік серуендеу мақсатында келушілер үшін бөлек-бөлек күндер кестесін жасап қойса екен деймін. Одан кейінгі ұсынысым, Бекет атаның Тобықты мешітіне қарай ара қашықтығы Қызған жерінен он екі шақырым. Қазақта ұлы сөз бар он екі мүшең сау болсын деген. Бұл бір. Және, жеті мүшең сау болсын дейді. Адам баласының тілі, діні, түсінігі басқа болғанымен медициналық жағынан алғанда бәрі он екі мүшел сүйектен жаратылған. Он екі мүшем сау болсын деп тілеп барған адам, сол атаға қарай он екі шақырымды жаяу жүріп барса. Сонда сен ашығасың, ашық аспан астында Алла Тағаламен кездесесің, ненің дұрыс-бұрыстығын ұғатын халге келесің. Ғалам қасиетін ұғасың. Бабалар киесін мойындаған жандар осылай етері хақ.
Зүбәйра Әкім,
Қазақ үні