АНА ТІЛІМІЗ: КЕШЕ мен БҮГІН

АНА ТІЛІМІЗ: КЕШЕ мен БҮГІН

Ғасырларға созылған Ресей отарлығы жерімізді иемденумен шектелмей, тілімізге, дінімізге, ділімізге тиісіп, елімізді «орысстан» еткісі келгені белгілі. Мұны аттары қазақ тарихына алтын әріппен жазылып қалған Алаштың алдыңғы толқын өкіл­дері білмеді емес, білді. Ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов «Сот реформасы жайындағы жазбасында»: «Халықтың қалыпты түрде өсуі үшін ол дамудың қандай деңгейінде тұрса да: өзіндік дамуы, өзін-өзі корғауы, өзін-өзі басқаруы және өзіндік соты болуы қажет» деп жазды. Ал атақты педагог Ыбырай Алтынсарин «Оренбург листогіне» Торғай қазақтарының басына түскен апаттар туралы мақала жазып, онда қазақ еліне орыс селендерін әкеліп орнатпақ болған пікірлерге қарсылығын білдіріп, мұның еш­бір ақылға сыймайтынын айтып: «Егер істі дұрыс жүргізе білмесе, онда айттым да қойдым, қазақтар – келешегі жақсы деп үміт етіп отырған осы халық, – тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың» деген болатын. Бұған өткен тарихымыз куә, бүгініміз де ойландырмайды емес. 

1905-1907 жылдардағы орыстың бірінші революциясы бүкіл Ресей халықтарының, оның ішінде қазақ халқының саяси-азат­тық санасына қозғау салды. 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде қабылданған пе­тициядағы тарихи маңызды мәселелердің бірі жаңадан мектеп ашуға және мешіт салу, қазақ тіліндегі діни кітаптарға цензураны жою болды. Ал «Семипалатинский листок» газетінің 1905 жылғы №239 санында жарияланған Мәскеудегі земство және қала қайраткерлерінің соңғы съезінде 4 миллион қазақ халқының өкілі атынан сөйлеген сөзінде Әлихан Бөкейхан қазақ тілді мектептердің қудаланатынын айта келіп, ең жақын мұқтажы өз ана тілін қол­дану екенін атап көрсетті. 

Патшалық Ресейдің саяси жалғасындай болған большевиктер билеген кеңестік жүйе­де де ана тіліміздің жағдайы мәз болмады. Біріншіден, 1926, 1937 және 1978 жылдарғы қабылданған ҚазКСР Конституцияларында қазақ тіліне қатысты еш құқықтық норма болмады. Екіншіден, СССР Халық комиссарлар кеңесі мен БКП(б) Орталық комитетінің 1938 жылғы 13 наурызда қабылдаған «Ұлттық респуб­ликалар мен облыстардың мектептерінде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулысы өз елінде азшылық болып қалған біздің халық үшін зор қиыншылықтарға жол аш­ты. Мәскеу кеше ғана шынайы зиялы қауымының алдыңғы өкілдері қырылып-жойылған бұқара халықтың бұл саясатты жалаулатып алып кететініне сенді. Шынында да солай болып шықты. Саясатшыл белсенділер алға шығып, орыс тілінің үс­тем­дігін орнатуға білек түре кірісті. 1938-1939 оқу жылынан бастап орыс тілі екін­ші-үшінші сыныптарда оқытылды. Осыменен бастауыш класс 5 жылдық бол­сын, оның алғашқы үш жылында ұл-қыздарымыз өз ана тілінде еркін оқып, жаза және сөйлей алсын, сонан соң 4 кластан орыс тілін оқытайық деген баланың жас ерекшеліктерін жете білетін халқымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының өсиетін еске алған ешкім болмады. 

 Сонау Францияда жүріп Мұстафа Шоқай бірнеше мақалаларында Түркі­стан­ның жергілікті халқы бүкіл тұр­ғын­дардың оннан тоғызын құрап отыр­ға­ны­мен басқару мекемелерінде қазақ және өзбек тілдерінің орыс тілімен тең қолданылмай келе жатқаны, бұл тіл­дерде басылымдардың да аз екендігін жаз­ған болатын. Кешегі Кеңес басшылары советтік демократия әлемдегі ең бай демократия деп жар салғанда Қазақ Со­веттік Социалистік Республикасының ас­танасы Алматыда жалғыз ғана №12 қазақ мектебі болып еді. Ал 1997 жылы жаңа ас­тана Ақмолаға көшіп келгенімізде мұнда болған №4 жалғыз қазақ мектебін арнайы Мәжілісте депутаттық сауалдың тақырыбы етіп, мәселенің ілгері жылжуына қозғау салып едім. 

Кешегі генсектердің жеке билігінен тоқыраған кеңестік жүйені қайта құрам деген М.Горбачевтың саясаты тағы да ұлттық аймақтарды оятқаны мәлім. Қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайға сын көзімен қараған халқымыздың алдыңғы қатарлы ұлтшыл азаматтары бұл саясатты туған тіліміз үшін күрестен бастады. Өйткені еркіндік тілден басталады. Тіл - азаттықтың кілті, тәуелсіздіктің тұғыры. Сол себепті жер-жерде қазақ тілі қоғамдары құрылып еді. 

Сонау 1989 жыл еске түседі. Мен ол кезде Қызылорда облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімін басқаратынмын. Алматыдан Қ.Мұхамеджанов, Ә.Қайдар, Ө.Айтбаев, т.б. республикаға белгілі жазу­шы, тіл мамандары келіп, қаладағы Н.Беке­жанов атындағы театрдың ғимаратында үлкен жиын өтті. Облыста «Қазақ тілі» қоғамы құрылады дегеннен соң халық көп жиналды. Көптен қордаланған ойлар мен пікірлерге есік ашылып, олар ор­таға салынды. Үлкен үзіліске дейін де, онан кейін де Қалекеңнің – Қалтай Мұ­ха­меджановтың шабыттана сөйлегені әлі есімде. Сол кездері орыс тіліне де мем­лекеттік мәртебе беру керек деген аты мәлім ақсақал академигімізбен де Қале­кеңнің белбеуді тартыңқырап жіберіп, кү­реске шыққаны жадымда. Қайран, Қалекең-ай!

Осылай «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымы кеңестік дәуірде бастау алып, тәуелсіз ел 

бо­­лып жарияланған 90-жылдардың ал­ғашқы ке­зінде сол уақыттағы қажеттілікке орай бел­сенділік танытып, қызу жұмыс жүргізіп, халықты оятқан болатын. Ерекше еркіндік етек алды. Әуелгі кезде Үкімет тарапынан да тиісті бірсыпыра қолдау болды. Барлық елді мекендерде қоғамның филиалдары, мекемелерде бастауыш ұйымдары құрылды. Осының арқасында қазақ 39 пайыз ғана болып отырып, 1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің кезектен тыс XIV сессиясында «Тіл туралы» заң қабылданды. Қызу тартыс, көсем сөздерден кейін қазақ тілі мемлекеттік мәр­тебеге ие болды. Шындығында бұл елі­міз үшін аса бір сындарлы кезеңде, рес­публикада барлық 16,5 миллиондай ха­лықтың 6 534 616-сы қазақ, 6 227 549-сы орыстар болып отырған жағдайда ана тіліміз үшін үлкен жетістік болатын. 

Ұлттық рухы көтерілген халық өз тіліне ие болу үшін ашық қимылға шығып, ба­тыл қадамдар жасалды. Көп жұмыс жү­зеге асты. Алайда мұндай рухани өрісті, шынайы ұлтшылдық үдерісті ары қарай тиімді жалғастыра алмадық. Алғашқы кезде қолдау көрсеткен, бірақ саяси саналы халықпен жұмыс істеу де, оны басқару да қиын, күрделі болатынын білген, жан жағына жалтақтаған билік Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын бірте-бірте назардан тыс қалдырып, оның жұмысының тарауына жеткізді. Содан тілімізді төрге шы­ғару жолында қалың қазақты оятуға бағытталған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірте-бірте әлсіреп, жер-жерде жұмысы тыйылды. 

Кеше тәуелсіздіктің отыз жылында «Қа­зақстанның болашағы қазақ тілінде» немесе «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек» деп ұрандаттық та, оны нақты іспен жалғастыра алмадық. Сондықтан 1995 жылы қабылданған Ата заңымыздың 7-бабының бірінші тармағында: «Қазақстан Республи­касында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жаздық та, келесі екінші тармағында бұған қайшы: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген норма елімізде ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін тө­­мен­детіп, елімізде қостілділікті қалып­тас­тыр­ды. Ал Ата заңымыздың 93-бабын­дағы «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілетті және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының бар­лық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйым­дас­тырушылық және техникалық жағ­дай­дың бәрін жасауға міндетті» деген маңызды қағида тіпті атаусыз қалды деуге болады.

Хакім Абай өзінің «Жиырма бесінші сөзінде» «орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыс­та зор» дей отырып, орыстың тілін, оқуын, ғылымын білгенде оның «пайдасына ортақ болумен қатар» «зарарынан қашық болуды» да ескерткен еді. Соңғы үш ғана сөзге қазіргі өміріміздің барлық дерлік са­ла­сынан толып жатқан мысалдар кел­тіруге болады. Әсіресе, ана тілімізге деген ұлттық рухымыздың төмендегені, оның мемлекеттік мәртебесін көтере түсу ба­ғытында тиісті құқықтық нормалар қа­былдай алмағанымыз өкінішті. 

Осындай себептерден 1997 жылғы шіл­деде Парламент қабылдаған «Тіл туралы» (бұл орысшасында «О языках») Заңның 27 бабының 15-і орыс тілінің қамын ойлап, қазақ тілі жөнінде табан тірейтін бір қағидатты мәселе қарастырылмады. Заңы­мыздың 4-бабында «Қазақстан хал­қын топтастырудың аса маңызды фак­торы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» дедік те, мін­детті дей алмадық. Араб сөзі «парыз» өз ішінде «айн» және «кифая» болып екіге бөлінеді: «Айн парыз» – әрбір мұсылманға тікелей жүктеліп, өтеуге борышты парыз­дар. Мұсылман бұл парызды жеке өзі орын­дауы тиіс. «Кифая парыз» - кейбір мұсыл­мандардың іске асыруы арқылы барша мұсылманның мойнынан түсетін 

парыз. Ал шындығына келгенде, жоға­ры­дағы Заңымызда халқымызды топтас­тырудың аса маңызды факторы болып саналады деген мемлекеттiк мәртебесі бар тiліміздi меңгеру «кифая парызға» ұқсас болып қалды. Еліміз тәуелсіздікке жеткенмен, бізде ғана «Ана» атымен аталатын Тілімізді тұрақты ұстаным, бойымызға қуат және қоғамымыздағы негізгі қаты­нас құралы ете алмай отырғанымызда. 

Ана тіліміздің тағдырын «Тілдерді қол­дану мен дамытудың мемлекеттік бағ­дар­ламасы» арқылы шешеміз деген теріс тұжырым соңғы отыз жылда орыс тілін кешегі кеңестік кезеңдегідей қоғамда не­гізгі қатынас тіліне айналдырып, ана тіліміз екінші қатарда қалды. Содан қазақ тілінде еркін сөйлей алмайтын, көбіне иығын орыс тіліне тығатын мемлекеттік кадрлар қалыптасты. Өз бала-шағасымен өз тілінде қатынас жасай алмай жүрген ата мен әжелер, болмаса өз тілдерін менсінбей, орыс тілін білгендеріне, азын-аулақ ағыл­шын, қытай тілдерінде сөйлегендеріне мәз болып, өздерін бақытты сезініп жүрген жастар қатары көбейе түсуде. Орыс сынып­тарын ашпасаңдар Мәскеуге жазамын дейтін аналар да көріне бастады. 

Ұлы ғұлама Әл Фараби «Тәрбиеге не­гізделмеген білім қауіпті» деген еді ғой. Оған кешегі тәуелсіздіктің отыз жылы көз жеткізді. Алды академик, соңы бірнеше оқу орындарын бітірген 162 билікке жақын белгілі лауазымдағы кісілердің еліміздің жарты байлығына ие болып отырғаны бұ­ған нақты дәлел бола алады. Егер отбасында тиісті тәрбие ала алмаса, өзге мектепте оқығандар өсе келе өз ата-анасының перзенті болмайды. 86-ға қараған жасымда ондайдың талайын көрдім. 

2008 жылдан бастап президент Н.На­зарбаевтың жолдауына және Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында берген тапсырмасына сәйкес мектептерде үш тілде білім беру, балабақшаларда үш тілді үйрету қолға алынды. Өз тілін ер­кін меңгермей, ұлттық ойлау жүйесі қа­лыптаса қоймаған жас ұрпағымызға бала­бақшаларда үш тілді, қазақ тіліне орыс және ағылшын тілдерін қоса үйретуге ты­рыстық. Балаға бастауыш білімді ана ті­лінде беру керек деген чехтың ұлы педагогы Я.А.Коменскийдің, орыстың атақты педагогы К.Д.Ушинскийдің, қазақтың тұңғыш педагогы Ы.Алтынсариннің, ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының айт­қан ойларымен санаспадық. Жапон­дықтардың балаларын он екі жасқа келгенше өзге тілді оқытпау дәстүрінің түп төркініне көңіл бөлгіміз келмеді. 

Үш тілді үйрету жөнінде құрылған қо­ғамдық комиссия өз жұмысын 2019 жыл­ға дейін жүргізді де, тапсырма толық орындалғаннан соң ол жұмысын тоқтатты. Үш тілді оқытудың пайда-зиянын талдау оның міндеті емес тұғын. Кешегі су­перпрезиденттік басқарудың жұмыс стилі мұны талап ете бермейтін. Айтты, бітті. Сүйтіп «Үш тұғырлы тіл» деп мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілімен қоса, орыс және ағылшын тілдерін мектепті былай қойғанда бала бақшадан бастап үйретуге кірістік. Содан орыс тілі кез келген бала­бақшаның негізгі қолданыс тіліне айналды. Осындай саясаттың нәтижесінде қазіргі республикадағы жеті мыңға тарта орта мек­тептердің 54 пайызы ғана, ал басқа қа­лаларға үлгі болуға тиісті Астанамыз­дағы 92 мектептің 35-і ғана қазақ мектептері. Ал аралас мектептердің көбінде қазақ тілдік орта жоқ, онда ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесімен есептесе бермейді. Сол се­бепті қазір ұл қыздарымыз көбіне орыс тілінде сөйлейді. 

Мұның сыры көбіне жергілікті тиісті мекемелердің ұлттық тіліміздің мемлекет­тік мәртебесіне көңіл бөлмеулерімен тү­сіндіруге болады. Сондай-ақ ата-бабамыз сан ғасыр алысып, талай ардақтыларымыз құрбан болып қол жеткен «Тәуелсіздік» деген қасиетті ұғымды толыққанды сезіне­тіндей ұлттық рухымыздың әлі жетісе бер­­меуінің нәтижесінде 2017 жылға қа­рай елімізде мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға, ал 2020 жылға қарай кемінде 95 пайызды құрауы тиіс деген сөздерді қазір тіпті еске де ала бермейміз. 

Алаш алыптарының бірі ғана емес бі­регейі Мұстафа Шоқайдың 1937 жылы жа­зылған «Кеңестер одағындағы ұлттық мемлекет мәселесі» атты мақаласындағы «Орыс мектептерінде оқып, орысша тәр­бие алған орыс емес ұлт зиялылары, өз­дері меңгерген ғылым-білімдерін туған халқының игілігіне жұмсай алмай, орыс зиялыларының тобын көбейтіп, орыс бі­лімін толықтыру үшін қызмет етті» дегені өткенге емес, біздің бүгінімізге айтылған сияқты. Тіпті министрлік басшыларының мемлекеттік мәртебеге осыдан отыз жылдан астам ие болған өз ана тілінде сөйлей алмауына қысылмайтыны өкінішті. Бұған толып жатқан мысалдар келтіруге болады. Мұндай жағдаймен өзіміз де күнделікті өмірде аз жолығып жүрген жоқпыз. 

Өзім өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарынан ана тіліміздің мәселесімен тұрақты айналып келемін десем, артық айта қоймаспын. Кітаптар да шығардым. Сондағы байқағаным, егер ұрпағымыз отбасында дұрыс тәрбие алмай, оның үс­тіне өзге тілдегі мектепте оқыса, ол күн­дердің күнінде өз ата-анасының баласы бола қоймайды, ұлтына да қызмет ете алмайды. Сондықтан жас ұрпақ ең бі­рін­ші отбасындағы ұлттық тәрбиемен қанат­та­нуы қажет. Онсыз ол ұлттық әлемге көте­рілуі қиын. 

Елімізде аралас мектептердің күн санап елеулі көбейгені жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарынан бірнеше мысалдар келтіре кетейін. Бас газетіміз – «Егемен Қа­зақстанның» былтырғы жылдың 30 та­мыздағы санында жарияланған «Павло­дар: Қазақ мектебінінің жайы қалай?» атты мақалада білім беру басқармасының мәліметінше, өткен оқу жылында облыс бойынша мектеп табалдырығын аттаған 23,5 мыңның 43 пайызы ғана қазақ сыныбын таңдаған. Ал биыл 11 мыңға жуық баланың таңдауы 45 пайыз болып отырған көрінеді. Мұндай жағдайды Солтүстік облыстарымыздың барлығына дерлік тән деуге болады. 

Келесі бір жәйіт. Ана тіліміздің мүшкіл халін «Қазақ әдебиеті» газетінің өткен жылғы 24 қыркүйектегі санындағы «Тіл тілді өлтірмейді, сөйлеуші өлтіреді» деген мақала еріксіз көз алдымызға келтіреді. Газетте «Зерттеулерде жойылып кететін тілдердің алғашқы белгісі «тіл өкілдері өз тілінде бола тұра, сөз арасында үстем тілдердің сөздері мен сөз тіркестерін қосып сөйлейді» делінсе, соңғы белгісі «тілде сөй­лейтін ұрпақ өз қоғамында өз тілінле сөйлеуге ұялатын, намыстанатын халге жетеді» деп жазылған. Бұл белгілер бізде де айқын байқалып келеді. Сонымен қа­тар газет ұрпағымыздың әлі өз тілін мең­гермей, басқа тілдерді оқуы теріс тірлік екенін көрсетіп, былай деп жазыпты: «соң­ғы 10-15 жылдың көлемінде орыс және ағылшын тілдерінің әсерінен қазақ тілінің әдеби нормасына едәуір салмақты залал келгені тіл жанашырларын алаңдатып отыр». Бізде мұндай жағдайды терең тү­сі­ніп, қамқорлық жасайтын шынайы тіл жанашырлары табыла қояр ма екен? Осын­дай жағдайларда ұл қыздарымыздың келешегіміз не болмақшы? 

Жоғарыда айтылған түрлі кемшілік­тер Тәуелсіз елімізде неге орын алып отыр деген заңды сұрақ туады. Мұның басты себебі – осыдан отыз алты жыл бұрын ана тіліміздің ие болған мемлекеттік мәртебесін арттыра түсу бағытында жүйелі жұмыстың болмай отырғанымен ғана түсіндіруге болады. Сәл тереңірек ойлаған адамға бұдан басқа баға беру мүмкін емес. Бұл соңғы қырық жылдай ана тіліміздің дамуын, ол туралы саяси-құқықтық мәселелерге азын-аулақ зер салып, кітап та шығарған кісі­нің шынайы пікірі. Артығырақ кетсем кешірерсіздер.

Қазақстан деп аталатын елімізде бүгінгі күндері қазақ мектептерінің жетіспей отыруы өте өкінішті дегеннен басқаны айта алмай отырмын. Мен Астанадағы №93 мек­теп-лицейде оқушылардың мамандық таңдауы тақырыбына байланысты кездесуде болдым. Бұл оқу орны 1500 оқушыға арналған екен, ал оқитындар саны 3000 көрінеді. Әңгіме жалпы мектеп санының аздығында емес, оларды негізінен келеше­гімізді ойламай, аралас мектеп ету саясатымыздан туындап отыр. 

Мен әсте орыс тіліне қарсы емеспін. Әңгіме қай тілді білмейік, оның ұлттық тілге негізделуінде болып отыр. Бұл - басты мәселе. Ұлттық тіл басқа тілдердің өзіндік ерекшеліктерін де ұғындыра түсумен бірге өз ана тіліңе деген құрметіңді де арттырады. Өйткені қазақ тілі әлемдегі бай тілдердің бірі екеніне көзің жетеді. Сонан соң әрбір ұлт өкілінің табиғаты өз тіліне бейімділігін де ескерген жөн. Әңгіме ұйыстыра білуде.

Халқымыздың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы кешегі соғыс кезінде. «Өз хал­қын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам» деген екен. Меніңше, бұл сөзді әр халықтың өкіліне бейбіт күнде де айтуға болатын қағида. Тіпті мұны «Өз тілін құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам» десе де артық емес сияқты. Өйткені басты мәселе – алла жаратқан пен­денің өзге әлемнен артықшылығы да тілінде, сол тілде сөйлей алу қабілетінде.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Әділетті һәм Жаңа Қазақстан құру туралы терең мазмұнды, кең ауқым­ды, аса күрделі мұрат-мақсатты жүзеге асы­рудағы халқымызды еркіндікке тарту, қоғам мен билік арасында сындарлы диалог орнатуға ұмтылу халқымыздың саяси санасын біршама оятып, қоғамымызда саяси-әлеуметтік оң өзгерістер жаңаша бастау алып отырғанда ұлттық рухымызды көтере түсу аса қажет және аса маңызды дегім келеді. Осы сәтте Мұстафа Шоқайдың «ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болмайды» дегенін еске сала кетейін. 

Елімізде қалыптасқан осындай жағ­дайдан ана тіліміздің жан ашырлары тоқсаныншы жылдарғы жер-жерде құ­рыл­ған «Қазақ тілі» қоғамдарына оралу мақсатын ойлап, осыдан екі-үш жыл бұрын арнайы Республикалық құрылтай өткізуге мұрындық болып еді. Онда пәрменді құ­қықтық нормалар мен шаралардың аса қажеттігі жөнінде аз айтылған жоқ. Сондықтан жаңадан құрылған Халықара­лық «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымына мем­лекеттік органдармен біріге және ана ті­лі­міздің бүгінгі аса күрделі жай-күйін жан-жақты әрі терең түсіне отырып, батыл шаралар жасауына сенім білдіріліп еді. Алайда ала-құла деңгейде құрылған, тіл маңындағы ірілі-ұсақты тірлікпен айналысып, тікелей ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтетін, мемлекеттік мәртебесін арттыратын елеулі шараларға бара алмай, екінші жағынан жергілікті билік тарапынан тиісті қолдау болмай, бүкіл халықты ана тіліміз үшін қозғалысқа келтіруде белсенділік таныта алмай келеді. 

Мен мемлекеттік тіл туралы заң қабыл­дауға уақыт туа қойған жоқ шығар деп ойлаймын. Сондықтан ең алдымен өзімізді өз тілімізге ие ету үшін бірнеше ұсыныс­тарым бар. Біріншіден, кешегі егемендіктің елең алаңында ұлттық рухымызды көтеріп, бел­сенді қызмет атқарған «Қазақ тілі» қоғамдарын жер-жерде қайта құрып, олар­дың халықпен жұмыс істеуін жандандыру керек. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы негізгі мұратын тікелей өз тілімізді еркін меңгеруге, оның қолданыс аясын кеңейте түсуге бұруы қажет. Бұл бағытта жергілікті мемлекеттік ұйымдар тарапынан қолдау керек. Екіншіден, «ана тілін қоғамымызда ұлтаралық қатынас тілі етуіміз қажет» де­ген Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Кемелұлының идеясы Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Тіл туралы заңынан арнайы орын тауып, құқықтық норма болып еніп жатса, дұрыс болар еді. Үшіншіден, қа­зір­гі қазақ тілінің күрделі жағдайы тіл туралы мекемені министрліктен алып, тіл саясатын салмақты жүргізетін, белгілі құқықтары мен міндеттері айқын өз алдына мемлекеттік агенттік етіп құрғаны жөн. Бұл өзгерістің өзі халықты жаңа ойға жетелеуі сөзсіз. Төртіншіден, қазақ мек­тептерінде қазақ тілін бірінші және екінші сыныпта оқытып, орыс тілін үшінші сыныптан бастаған жөн. Бұл ұлтымыздың ұлы ұстазы, жас ұрпақтың ерекшелігін те­рең түсінген Ахмет Байтұрсынұлының жоғарыда жазылған өсиетіне жақын. Ал ағылшын тілін бастауыштан алу керек. Бұл тілге қазір жастардың ықыласы жаман емес, кейінгі сыныптарда оны игеруге үл­гіреді. 

Сөз соңында айтарым: осыдан бір ға­сыр бұрын айтылған Алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» атты ұранының күні туып тұрған сияқты. Кейбіреулер мұны артық санауы мүмкін. Ағайын, бір сәт ойланып қарайықшы. Құрғақ сөз, құрғақ ұраннан ештеңе біт­пейтініне, еш тиімді қозғалыс болмайтынына әрқайсымыздың көзіміз жетті. Мемлекеттік мәртебеге ие болған тілдің біздегі бүгінгі жағдайы тарихы ғасырларға кеткен ешбір мемлекетте жоқ. Сондықтан тілімізді төрге шығару үшін бар рухымызды жиып, тиімді әрекетке баруымыз қажет. Тілдің тағдыры – халықтың тағдыры, әр­қайсымыздың тағдырымыз екенін алдымен өзіміз түсінетін, нақты әрекет ете­тін кез келді деп ойлаймын. Мәселе күр­деленіп кетті. 

 Әбдіжәлел БӘКІР,

 саяси ғылымдар докторы, профессор