ЕЛОРДАДА «РУХ ҚАНАТЫНДА» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

ЕЛОРДАДА «РУХ ҚАНАТЫНДА» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған ақын-сазгер, Мәдениет саласының үздігі, республикалық патриоттық әндер байқауларының бірнеше мәрте жүлдегері Ерқожа Тілепбердиевтің «Рух қанатында» атты шығармашылық кеші өтті.  

Іс-шараның мақсаты – Ата Заңымыздың 30 жылдығын атап өту, оның маңыздылығын насихаттау, азаматтарды мемлекетке адал қызмет етуге шақыру, бірлікке, ынтымаққа және отансүйгіштікке үндеу.

Концерттік бағдарламада автордың көпшілікке беймәлім, әскери-патриоттық, классикалық, лирикалық және эстрадалық әндері шырқалды. Сондай-ақ, Ерқожа Тілепбердиевтің өлеңдеріне ән жазған композиторлар мен оның әуендеріне сөз жазған ақындардың танымал туындылары орындалды. Кеш барысында «Әскери керней», «Жұмақ мекен», «Жалғыз сәт», «Райымбек батыр», «Қазақстаным – Отаным менің», «Офицер мырзалар», «Елдің қорғаны», «Абылай хан» және т.б. әндер көрермен назарына ұсынылды.

Айта кетерлігі, бұл кеште алғаш рет «Қазақконцерт» әртістері мен ҚР Қарулы Күштері құрамындағы өнерпаздар бірлесіп өнер көрсетеді.

Іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Құрмаш Махан, Клара Төленбаева, Нұрболат Арзамас, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Альмадиев, «Құрмет» орденінің иегері Айзада Капонова, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Айбек Әбдіашимов, Біржан Айтахмет, Айдос Саниязбек, ИбраҺим Амин, сондай-ақ, «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Гүлдер» және «Бірлік» ансамбльдері, «Astana Musical» мемлекеттік мюзикл театры, «Халық Қазынасы» ұлттық өнер орталығының әртістері мен мәдениет майталмандары өнер көрсетті.

Сонымен қатар кешке ҚР Қорғаныс министрлігінің ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы, ҚР Ұлттық Ұланының ән-би ансамблінің солистері, «Ерлер» хоры және әскери оркестрі, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі оркестрі, ҚР ҰҚК Шекарашылар қызметі ән-би ансамблінің және Ұлттық Дельфий ойындарының жеңімпаздары қатысты.

Ерқожа Әлғожаұлы Тілепбердиев - 1960 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ол Александр Бородиннің «Половецкие пляски» операсынан үзінді, Алексей Мозговой, швед RnB орындаушысы, композитор Махер Зейннің және т.б. шетел композиторларының шығармаларын қазақшаға аударған. Сондай-ақ, 5-ші дүниежүзілік Көшпенділер ойынында орындалған «Біз біргеміз!», композитор С. Еркімбековтың Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай арнап жазған «Дала қызы», Ұлы Отан соғысының 80-жылдығына арналған «Қарулы күштер», «Ардагерлер» атты әндердің мәтінін және «Қауіпсіздік қорғаны», «Әскери керней» әндерін жазған. Бұған қоса, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының «Дон Кихот» қойылымында «Бесік жыры» әні орындалып келеді.

Е. Тілепбердиев «Талқайнарым тамырым», «Табындырған Тәңіртау», «Дөңгеленген дүние», «Аққулар әуені», «Ана шуағы», «Жүрек үні», «Бақытым байтақ далам», «Балалық шақ бақытым», «Менің әнім – Мұқағали», «Менің рухым – Райымбек» және т.б. партитуралар мен жыр жинақтардың авторы.