«ҚАЗАҚ ҮНІН» КӨПКЕ ЖЕТКІЗУ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

«ҚАЗАҚ ҮНІН» КӨПКЕ ЖЕТКІЗУ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

Республикалық «Қазақ үні» газеті – халықтың үнін көпке жеткізу арқылы ұлттың үніне айнала білген басылым. Осынау газетте табан аудармастан, он алты жылдан бері еңбек етіп келе жатқанымды мақтанышпен айтқым келеді. Бүгінде 25 жасқа толған газетімізді осынау мерейлі мерекесімен құттықтаймын.

Алматыдай алып қалаға алғаш рет табан тіреген кезде жас маман ретінде еңбек жолымды бастаған болсам, бүгінде бір шаңырақтың ұйытқысына айналып, көпбалалы ана атанған жайымыз бар. 

Әсіресе, «Қазақ үні» газетінде қызмет ете жүріп, ұлтық мүддемізді қорғау жолында жүйелі жұмыс істеп, ұлттың үнін көпке жеткізудің абыройлы міндет екенін аңдағандаймыз. 

Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін қорғау жолында жанқиярлықпен еңбек етіп келе жатқан ұжымның ұйтқы болуымен тілге қатысты талай тірліктер атқарылды. Мемлекеттік тілді білмегені үшін жұмыс орнында теперіш көргендердің көпшілігінің де қорғаушысы да, қолдаушысы да біздің басылым болғаны аян. Осынау басылымның негізін қалап, қоғамнан өз орнын табуына ықпал еткен қазақ тілінің жанашыры, белгілі ақын, бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде халықтың қалаулысына айналған Қазыбек Иса ағамыздың мектебінен өтуіміз де кәсіби маман ретінде қалыптасуымызға зор септігін тигізгенін атап өту ләзім.

Қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 180 жылдығымен тұспа түс келген басылымымыздың жиырма бес жылдық мерейтойы құтты болсын! Қаламдарыңыз мұқалмай, ҚАЗАҚ ҮНІН биіктен шырқап, дін аман жүре берейік, қадірлі қаламдастар! Мерекеміз берекелі бастамалар болғай!

Гүлмира САДЫҚ, «Қазақ үні» газетінің жауапты хатшысы