АСПАНДАТЫП ӘЛЕМГЕ ҚАЗАҚ КҮЙІН...

АСПАНДАТЫП ӘЛЕМГЕ ҚАЗАҚ КҮЙІН...

Нағыз төл өнеріміздің қасиетін дүние жүзіне мойындатқан сирек тұлғалардың бірі – Қаршыға Ахмедияров. Сондықтан да бұл есім дәл қазіргі кезеңде терең ұғым тудырып отыр. Кез келгеннің маңдайына жазылмаған мұндай енші. 

Ұғым дегенде, ең алдымен бүкіл болмысынан, суреткерлік жолынан терең талдап, түбегейлі зерттеуге тұрарлық мазмұнды айқындап алуға тура келеді. Отыз жылға жуық Құрманғазы атындағы мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрінде қызмет етіп, әріптестері арасынан белсене шығып, оза шабуға уақыт талабы жібере қоймағаны рас. Іште қайнаған күш-қуатын төңірегіңдегілердің мүмкіндігімен ғана өлшенуге тиіс еді ғой. Және бұған былайғыларға титтей қажеті жоқ ішкі мәдениеті, биязылығы, имандылығы қосылса, өнбойын буған дарынның атойлап сыртқа лықсуы шын мәнінде таңғаларлық жәйт. Өйткені күй өнері талғам таңдайды, бап тілейді. Талғамы биік болғанымен, бабы әркез табыла бермегені анық Қаршығаның. Ұзақ уақыт таптаурын тәртіп, белгілі қатарға әбден дағдыландырған орындаушылық міндеті оны әрі тәрбиеледі, әрі шынықтырды. Асықпай, аптықпай жетті өз мақсатына, өнер профессоры атанды, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ең бастысы, Қаршыға Ахмедияров – елінің ардақты перзенті.

Қазақ ешқашан әнші, күйшіге кенде болмаған. Солардың ішінен бүгінгіге жеткен Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбеттей ұлы шеберлердің шығармалары біздің ұлттық бет-пердемізді шырайландырғаны қандай мақтаныш. Әсіресе, ұлы құбылысқа айналған Құрманғазы мектебінің іргесі сөгілмегені халқымызды қилы-қилы апаттан аман алып қалса керек. Бәлкім мәңгүрттіктен, дінсіздіктен сақтаған шығар. Қаршығаның творчестволық бақыты да міне, осы тұстан айқындалады. Тәңірдің бұйрығынан айналайын дейді осындайда, кіндік қаны тамған Атырау өңірінің Исатай, Махамбет, Құрманғазы, Дина іздері қалған топырақта туып-өсті. Әуелден үлесіне тиген қазына осы екен ойласа. Желдің гуілінен құмның сусылдаған шуылына шейін күй шертетін. Әлем аясындағы үн атаулы осы маңда топтасқандай-ақ. Аспан, бұлт, ойпаң, қырат, сары белдер сағымға ұласып, күй ырғағы төгілетін. Мұны бірақ пәлендей ерекшелік деп қабылдамайтын балаң ниеті. Дүние түгел дерлік осындай әуенмен тығыз сабақтас деп ұққан. Атырау кеңістігін тұтастай билеп-төстеген күй құндағында ержетті, есін жиды. Ауыл тірлігінің сәнін қызықтады, ат жалын тартып, құйындата желмен жарысты, сайын даланың самалын жұтып-ақ құстың тілін үйренді. Бес ұлдың кенжесі – бәрінің еркесі, шаруа күйттегеннен гөрі ән, жырға әуес. Ауыл-аймаққа танымал әнші әкесінің айтқаны кеудесіне өлең болып құйылады, сыр болып сақталады. Ахмедияр әкесі кешкен жағдай таңғажайып ертегідей елес береді кәзір, ал сонау балалық шағында зердесіне түйгені – Құрманғазының қара мылтығы, асылдың көзіндей сақтап, үлкен-кіші қадір тұтқан қимас мүлік. Шаңырақтарының ырысы саналар мылтықпен саятшы Ахмедияр өз әулеттеріне қоса көрші ауылдарды да талай жүдеп-жадаушылықтан, жоқтықтан құтқарғанын, қайырымдылығын басқалардан еститін. Шынымен, Құрманғазы ұстады-ау деп, мылтықты көрген сайын сәби қиялы небір алыс асуларды шарлайтын.

Кім білсін, ұлы тұлғаның тұтынған заты Қаршығаның үйінде сақталуы кездейсоқ емес шығар. Киелі қасиеттің жұғысты болуына әсер еткендей болады да тұрады сол бір қымбат мұра. Құрманғазысыз қазақ ұлтын елестету мүмкін емес қой. Тұтастай келбетімізді құрайтын күйшінің қолы тиген, күші дарыған ескерткіштен өзгеше мән іздеуіміздің себебі көп. Күй патшасынан қалған белгі мен соны қызықтап өскен Қаршыға арасындағы символикалық байланыстың мәні тым тереңде.

Күй қазақтың мінез-қасиетін қалыптастырған, сана-сезімін байытқан, көркемдік ойлау деңгейін көтерген әрдайым. Өкінішке орай, осынау қазынамыздан жұрдай тонала жаздадық. Әртүрлі оркестрлер (әсіресе, ұлт аспаптары) орындауында сақталған күйлермен бірге болып-толдық, пістік-жетілдік дегендей пікір қалыптастырғанымызды несіне жасырамыз. Кемеңгер күйшілеріміздің дәстүрін зерттегенімізбен, оны әрі қарай дамытуға қауқарсыздық таныттық. Орындаушылық мектебін сақтай алғанымызға да шүкіршілік, күй жанрын түп-тұқиянымен құртып жіберетіндей кезеңге таяп-ақ қалып едік әйтпесе. Ұлы күйшілеріміздің туындыларын тірілткен алыптар туралы әңгіме бөлек. Алайда күй құдіретін бастапқы өз мәнінде шеберлікпен жалғастырған Нұрғиса Тілендиевтен кейінгі сирек өкілдің бірі – Қаршыға Ахмедияров. Күй өнерінің өзегін орындаған, жүздеген жылдар аралығынан үзбей жеткізгені үшін қарыздармыз бұ кісілерге. Нұрғиса ағасымен талай концерттік сапарларда бірге жүріп, музыкасын жазған көптеген фильмдеріне қатысты. Киностудияға алдыртып, күй тартқызатын бұған. «Қазақстанның Халық әртісі» атағын алғанда, өзі гастрольде, қуанышы қойнына сыймаған Нұрағасы «Менің Қаршығам Халық әртісі атағын алды» деп, үйдегілерді құттықтауға асыға жетіп, келіншегін Димаш Қонаевпен телефонмен сөйлестіргені аңызға бергісіз.

Тағдырдың сыйы деп қабылдасақ та жөн Қаршығаның бүгінгі творчестволық ізденістерін. Орындаушы ретінде, күй шығарушы автор және ғалым ретінде Қаршығаның суреткерлік болмысын үш қырынан байқауға мүмкіндік бар. Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Махамбет, Абыл күйлерін боздатқандағы сәтін тамашалағандар Қаршығаның орындаушылық шеберлігімен жақсы таныс.

Есін білгеннен күйді аузымен тартатын, дәлірек айтсақ, әкесі мен Қырғи ағасы орындайтын күйлерді со күйінде қағып алатын кішкентай кезінде. Мектеп қабырғасында Қатимолла Ризуанов, Шәмшиден Шәріпов, Қазекеш Мұхтаров, Нариман Үлкенбаев сынды ұстаздары көмегін тигізді. Күйтабақтарының ықпалы зор болды, радиодан берілген күйлерді де қалт жібермейтін. Алматы малдәрігерлік институтында оқыған жылдары осындағы үйірме жетекшісі Нұрахмет Жорабековтің ақыл-кеңесімен өнерге бет бұрды. Бірден академиялық оркестрге қабылданды. Шамғон Қажығалиев, Рүстембек Омаров, Жаппас Қаламбаев, Қали Жантілеуов және басқа да ағалардың аялы алақанын, ыстық ықыласын сезінді. Бірі екіншісіне ұқсамайтын, әрқайсының жеке қолтаңбасы бар қас шеберлердің ортасында тәрбиеленді, шетелдерді аралады, оркестр құрамында гастрольдік сапармен республикамыздың түкпір-түкпірін шарлады.

Күйге жан бітіреді Қаршыға. Жеке орындайтын шығармаларына өзіндік қана қолтаңба тән. Оның түсінігінде әрбір күй – драма, қайғысы, қуанышы, мұңы аралас. Соның бәрін ойшылдықпен жеткізуді қажет санайды, техникалық тұрғыдан қасаңдықты мойындамайды, сірә сондықтан ба, бір тартқан күйін екінші рет дәл сол қалпында қайталамайды. Әрбір орындау сәті құпияға тұнған, тыңдаушылар мен домбыра арасында айрықша қатынас орнап, өзара лықсыған сезім иірімдерінен күйші ғана түйсінер толқындар құралады. Соның бәрін іштей бағыттап, сан алуан тебіреністерді туғызады, алай-түлей буырқаныс кеңістігін жасайды. Тал бойында жасырынған алапат күштің арқасында құс болып сайрайды, бозінгендей боздайды, жан-жануардың қандай да үніне толтырады төңірегін.

Қаршығаның домбыра пернесіне бағындырмайтыны жоқ, тарихты, уақытты сөйлетеді, аңыз сұлбасында жеткен түрлі оқиғаларды қос ішектің қас-қағымына байлап-матап тастайды. Мұндайда тыңдаушының өзі де еркінен тыс қаһарман кейіпкерге айналып кететіндей, іштен тынып, әлгі дір-дір, лүп-лүп, дың-дың қайырымдарын ап-анық сурет көреді. Көңілді кернеген әлде шаттық, әлде күңіреніс орындаушының бойынан ба, ұдайы лықсып, астаң-кестен қылғанын қапелімде ажыратпайсың. Қаршығаның жеке қолтаңбасы да осыдан айшықталады, тіршілік атаулыны түрлі-түсті әлемге ұластырып үлгереді дереу. Яғни оның күй тартқан әр кезеңі бас, аяғы жинақы сахналық нұсқа, көркем туынды. Уақыт пен кеңістікті қатар ойнатып, үнге тәуелді етеді. Ырғақтан нені ғана өрбітпейді, жігер, қайрат, күйзеліс, қуаныш, сағыныш – бәрін!

Музыка адамзаттың ортақ тілі десек, қазақты дүние жүзіне танытар бірден-бір мүмкіндік ұлтымыздың саз өнерінде жасырынған. Кезінде Әміре Қашаубаев Францияны әнімен қалай дүрліктірсе, Қаршыға Ахмедияров Американы күйімен дәл солай ынтықтырды. Мына бір жәйтті осы арада ескерту орынды, европалық па, африкалық па, қандай өнер түрін де толық меңгергені шын қазақтың, түрлі фестиваль, конкурсанттардан жүлделі оралған жерлестеріміздің табысы куә бұған. Опера, симфония, оратория, соната ма, қай-қайсысын да жіліктің майындай шағып әлдеқашан дағдыланғанбыз. Кез келген әлемдік ұлт аспабын үйреніп алғанымыз өз алдына әңгіме. Қандай ғана ұлт, ұлыстың мәдениетін игермедік біз, әрине, мақтанамыз. Мұның астарында біраз гәп бар. Зеректігімізді, алғырлығымызды аңғартады бұл жәйт. Десек те өз лебің, өз деміңнің жөні бөлек қой. Осы түрғыдан есептесек, Қаршығаның қазақ күйін әлемдік деңгейге шарықтатудағы сіңірген еңбегі ұланасыр. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің маңдайға біткен бағымыз екені әлдеқашан дәлелденген. Ал, жеке орындаушылық шеберлігінің күй негізінде асқақтауы тікелей Қаршыға есімімен сабақтас. Профессионалдық биік, әлемдік үлгіге көтерілген дәрежесін айтып отырмыз.

Қазақ күйі Қаршығаның бағын ашты, Қаршыға қазақ күйінің абыройын дүние жүзіне асырды. Біріккен Ұлттар Ұйымының залында тұңғыш домбыра шерткен қазақ жігіті кешкен күй-тағдыр сондықтан да әрі оқыс, әрі оқшау. Қолтаңбасының ерекшелігінен де осылай шығар.

Саналы ғұмыры түгелдей дерлік ән, жырмен байланысты екен. Түсінде де әуендетіп үйренген адамның өз жанынан әлдене шығармауы мүмкін емес-ау. Асылы, күйді шығармайды, күй туады. Хал-ахуалдың түрлі ауытқулары қашан да толғандырмай тұрмайды. Әсерлендірмейтін жәйт кемде-кем ғой мынау жалғанда, соның бәрі мазалайды жүректі тербеп. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ талай дүние туған. Аға-апаларының, әкесінің сүйіктісі болғанымен, мұңның, күйзелудің төркіні кішкентайынан бұған таныс-ты. Үш жасқа толар-толмаста көз жұмған Дәмеш анасы мәңгілік сағыныш ұялатқан көкірегіне. Қандай жағдайда, мейлі, тіпті қуанышта жүрсе де сол сарғайған сағыныштың табы еш алыстамайтын. Қабырғасы қатайсын, көңілі суысын деп те әкесі шыр-шыр еткен сәбиін қоя бергенде, құшақтай құлаған анасының жансыз денесі бірден есін жиғызған. Міне, содан бері өмірдің бақыты, мұңы қатар жарысып, сезінудің лық-лық тасқыны тұла бойын жаулап,билігін жүргізіп келеді. Нендей пейілі де дереу әуенге жалғасады. Оның орындаушылық қабілетін арттырған да бәлкім, осы болса керек. Қандай күйді де зерде елегінен, буын-буыннан сай-сүйегін сырқырата өткізгенде, өзін сол туындының иесіндей сезінетін. Ұлы бабасының «Кішкентай», «Кісен ашқан», «Ақсақ киік», Дәулеткерейдің «Жігер», Тәттімбеттің «Саржайлау», Қазанғаптың «Көкіл», «Аққу» және басқа да көптеген күйлер Қаршыға мәнерінде ешкімді де селқос қалдырмайды. Жоғарыда атағанымыздай, күйлерінен драмалық қақтығыс шиыршық атады. Ішкі қуаттан өрбіген соң титтей жасандылыққа жол қалмайды. Егіледі-егілтеді, тебіренеді-тебірентеді.

Қаршығаның төл туындылары туралы әңгіме әлі алда. Бүгінгі таңда орындаушылық шеберлігімен етене таныс көпшілік үшін оның автор ретіндегі тұлғасы талай-талай жаңалық ашары сөзсіз. Түрлі буырқаныстан туған дүниелерін насихаттауға бертінге шейін асыққан емес. Сонау алпысыншы жылдары оқушы кезіндегі «Жас талаптан» бастап «Қайран әке», «Атырауға» дейінгі күйлері, кім білсін, жүзден асатын шығар. Тәптіштей нақтылауға құлқы жоқ, сезім ағынын есептеу мүмкін бе, жан сарайынан сәт сайын ағыл-тегіл ақтарылар қуат қой бәрі. Соның белгілі мөлшері басқалардың игілігіне айналып жатады. Шүкіршілік, күйлері де таныла бастады ел-жұртына, жан-тәнінен бөлінген қуат енді өзгелерді демегендей. «Көктөбе», «Ақжайық», «Нарын», «Сағыныш», «Толғау», «Қуаныш», «Осака», «Шабыт» және басқа да күйлері халық арасына таралып үлгерді.

Біле білгенге күйдің құдыреті шексіз. Сыртқы ортаның жанды тербейтін көрінісі көп қой, көзге де, көңілге де салмақ салады. Күйшінің әрдайым сергек, елгезек көңіліне қоғамдағы оңды-солды төңкерістер және ықпал етпей қоймайды. Замандастарының мұң-мұқтажымен тірлік кешеді ғой әрбір өнер иесі. Қаршыға да солай. Халқының қанына біткен қасиетін онан әрі байытып, ұлттық сезініп- түйсінуіміздің ешбір елден кем еместігін асқан ыждаһаттықпен дәлелдеп келе жатыр.

Атақ, даңққа бөленгенімен, шынайы өнер шебері үшін творчестволық мазасыздық ұдайы жалғаса береді. Қаршығаның суреткерлік келбеті жан-жақты, қай қырынан да танып насихаттауға лайық.

Қазақтың күйін әлеммен табыстырып төңкеріс жасағанын мойындауымыз қажет, бұл тұрғыда ол сан ғасырлық ұрпақ өкілдерінің арманын жүзеге асырады. Бетховен, Моцарт, Бах тәрізді ұлы композиторлармен иықтас тұрған Құрманғазы мектебінің жеке орындаушылық шеберлігін танытты жер шарына.

Авторлық дүниелерінің кеңістігі кеңеюде. Іштен шыққан соң қай-қайсысы да ыстық өзіне. Ойланып-толғанудан туған күйлерінің бағыттағыш, болжағыш та ерекшелігі кездеседі арагідік. «Атырау» күйі мазасыздандырып жүрген кез. Гурьев қаласының атын өзгертеміз деп, ел азаматтарымен қоса өзі де белсенділік байқатқан. «Атырау» деп ауыстырса ғой» деген үміт өнбойын билеп, қанат біткендей шабыттанды. Туған жерге махаббаты, ел тарихы толғандырды. Бес тармақ өзеннің сағасы ежелден берекелі, құт қонған өлкені мекендеген қолбасшы, батыр, шешен, ақын, күйші, жыршы аталары, апаларының рухы желеп-жебеген бүгінгі ұрпақтың белді өкілі өзі ғой. Есімін елге мәшһүр еткен осы аруақты туған жерінің рухани қазынасы емес пе! Сол қазынадан жастайынан сусындап өспегенде, мына бақытты күніне жетер ме еді, жетпес пе еді. Атырау – алтын бесігі, қайда жүрсе де жадында, анасындай аялаған мейірімін сірә, ұмытар ма. Әлемнің қай бұрышына барсын, қандай қошемет иемденсін, ата жұрттың қадіріне бәрібір жетпейді. Кеудесін кернеген сүйіспеншіліктің жемісі – «Атырау» күйінің жұлдызы оңынан туды. Он шақты күннен кейін Үкіметтің арнайы қаулысымен Гурьев қаласы Атырау болып өзгертілді. Талайдан бері көңілін қобалжытқан күдік сейілді, әуелей ұшқан әуеннен нұр тамшылады.

Қаршыға Ахмедияров өнерінің ендігі бір қыры – ғылыми ізденістері, зерттеулері. Құдайдың бергені демеске лаж жоқ, өйткені Ахмет Жұбановтан кейінгі тұста күй мұраларын жүйелеп жинақтауға пәлендей назар аударылмады. Қолда бардың берекесі қашып, ғасырлардан жеткен бабалар қазынасы ешкімге керек болмай қалды. Мұның аржағындағы қасыретті біреу түсініп, біреу түсінбеді.

Әртіс деген қауымның әдетте әлденеге шұқшиып, архивтерді ақтаруға құлқы бола бермейді. Ел ішін аралағанда қанша жаңалық ашып, небір өнер кенішін байқағандарымен, соны елеп-ескеруге бейқамдығымыз, әлде жалқаулығымыз ба, мойынсұндырмайтыны өкінішті. Жиырмаға толмай-ақ жер-жерді аралаған Қаршыға өз халқының қаншалықты талантты, кез келгені зерек екенін зердесіне мықтап түйген. Тау-тасы, сай-саласы, ойы-қыры, орманы, өзені, шөбі, ағашына шейін әуездетер қазақ даласының қай перзенті де, сыр тартсақ бұлақ тұмасындай сарқырап шыға келетіні ежелден өзіне белгілі. Қай ауылға барса да ән-жырдың, тарихтың шежіресін тыңдауға бейім еді әуелден. Ойлап отырса, соның бәрі тағылым екен. Көкірегіне сақтаған сол кеніштің пайдасы енді тиіп отыр. Қазақтың ән, күй, батырлық эпос жырлары, ертегі, қиссалары тарихымыздың негізін құрайтынын еміс-еміс сезгенімен, жас кезінде естіген көптеген қызық деректерді кәдесіне жаратпапты. Бірақ, Құрманғазы, Махамбет, Махамбет, Дина, Мәмен, Сырым, Исатай, Балаораз, Шернияз, Ұзақ, Сүгір туралы әңгімелер миында мәңгі сақталған. Ұланғайыр алқаптың сан алуан құпиясы, тұтастай ұлттың келбетін бір өздерінің бойына сыйғыза білген осынау қасиетті жандардың төңірегінде қанша аңыз сақталды. Белгісіз күйлері қанша, ауыл ішінде бірден бірге көшіп, әттең бірақ, соны дереу ғылыми талдауға жеткізбейтініміз-ай. Осыны ұққан Қаршыға нақтылы іске көшті. Бұған оның ұзақ уақыт зерделеген ой, пікірі, танымы, ішкі мүмкіндігі көмегін тигізді. Кез келген өнер иесі мұндай азабы мол жұмысқа беттемейді. Сахнаға машықтанған, ілтипатқа әбден етін өлтіріп, даңғаза даңққа мастанғандар ешқашан инемен құдық қазғандай қиын зерттеуге жуымайды. Әрине, бұған кінәлауға да болмайды ешкімді. Қаршығаның азаматтық ерлікке барғанын айтып отырмыз. Әйтпесе бір басына атағы, абыройы жетеді, жеке қамын күйттеп жүре берсе, кім сөгеді. Суреткерлік нышаны ғой бұл, ел қамын ойлап, ұлттық өнер дәстүрін сақтаудың амалынан туған әрекет. Құдай-ау десеңші, күй құдіретіне жетер не бар, күйге қатысты дерек те дәл солай. Ендеше, Құрманғазы, Махамбеттей алыптарға қатысты әрбір әріп, әрбір сөз інжу-маржан.

Осындайда еске түседі, жарықтық әкесі Ахмедияр да сол алыптар тобынан екен-ау. Балалықпен бағалай алмағаны рас шығар. Әттең, туған өңірдің бүге-шігесіне шейін армансыз аралаған, талай жұмбақты ішіне бүккен ардақты әкенің арқасында ғой жеті баланың ержетіп, елінің қадірлісіне айналғаны.

Мойындайды, өнердің қасиетін дәл әкесіндей түсіне қояр ма екен, бүгінгілер. Эстетикалық пайымдаулары қандай еді, шіркін! Аң, құстың тілін, сахараның, құмның әліппесін білгендіктен де солай ма, кім білсін. Қазіргінің академигіне бергісіз сондай ақсақалдардың ықпалы болмаса, қанша байлығымыздан тоналып қалар едік. Әкесі Ахмедиярдың мінез-құлқы, тірлік жасау амалы өмір мектебі екен. Іс-әрекетінен есіп тұрар кемеңгерлікті енді ғана түсінгендей. Өзі тартып жүрген күйлерден әке тағдырын тым кеш аңғарғаны да қызық тұжырымдарға жетелейді. Кішкентайынан етене таныс оқиғалармен қауышқандай әсерге бөленетіні бар ғылыми жұмыстармен шұғылданғанда. Бағалай білсе, әкесінің тоқсан жылға созылған ғұмыры да сүбелі зерттеудің өзегі бола алар еді.

«Өнер» баспасынан 1982 жылы жарық көрген Махамбет Өтемісұлының «Шашақты найза, шалқар күй», 1994 жылы жарық көрген Құрманғазының «Сарыарқа» атты күй жинақтарын өзі құрастырып, талмай ізденгенде, әке алдындағы парызын қоса атқарғандай әсерге бөленген. Дәулеткерей күйлерінің «Жігер», Динаның «Әсемқоңыр» жинақтары да мазасыз еңбегінің нәтижесі. Дайын болғанда, жарық көргенде бәрі оңай, ал шаршап-шалдыққанын елемей әр күйді нотаға түсіру, өңдеу, талдау қанша төзімді қажет етеді десеңізші! Асыл, Есір, Құпшар, Қоңыр, Өскенбай, Мұрат, Алым сынды түбек дүлдүлдерінің күйлерін шығару да келешектің үлесінде.

Аттап басқан сайын әулиенің белгісімен қауыштырар киелі Маңғыстау топырағының әлі де көпшілік тани қоймаған небір өнер шеберлерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу үшін тер төгуде. Ұлтымыздың тума таланттарының ақтаңдақтары жетерлік, тіпті әбден зерттелді дейтін Құрманғазының да қанша құпиясы белгісіз десеңізші. Сарқылмайтын осындай қазынаны бойлауды тағдыр әуелден бұйырған секілді Қаршығаға.

Қашанда елінің мұңын жоқтап, жеткен абыройына масаттанбай, қажырлылықпен тірлік кешіпті. Тылсымға тұнған творчестволық тірлігін айтамыз. Отбасының қызық-қуанышы өз алдына. 

Қызы Раушан Америкада Дүниежүзілік өнер университетін тәмәмдады, скрипка шебері. 

Кенжесі Ербол Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінде фортепиано класын түгесті, талай сайыста жүлдегер болды. Ерлан – экономист. Жары Нұрбике екеуі балаларының тәрбиесіне айрықша көңіл бөледі. Төрт жасынан өнерге баулыған, бұл күндері есімі белгілі Айгүл Үлкенбаева, Сәния Ерғалиева, Ғалым Ахмедияров сынды шәкірттері көп.

Атақты күйші, сазгер, ғалым Қаршыға Ахмедияров – халқымыздың мақтанышы. Бәріне риза, еңбегі еленді, туған елінің қадірлі азаматы. Күйлерінің бағы жанар кезең мүлдем өзгеше эстетикалық биіктерге апаратыны анық. Әрбір шығармасының аңыз, әңгімеге бергісіз мәні болашақта тереңдей түседі деп үміттенеміз. Өзінің өмірі жайлы көркем жазылған Баян Болатханованың «Қазақстанның Қаршығасы» атты деректі повесі бар. Мақала, зерттеулер де, күй-табақтары қаншама. Осының бәрі медет көңіліне.

Тұлабойынан ескен жайсаңдық, ізгілік, туабітті адалдық, әділдік күйші қабылетінің кең шарықтауына әсер етсе керек. Әулеттеріне түгелдей ортақ осы бір имандылық Ахмедияровтардың үлкенді-кішісіне қандай жағдайда да шарапатын тигізіп келеді. Қаршыға дарынының ерекшелігі де табиғаттың өзіндей шынайылығында, жасандылықтан ада екенінде, шырқырай шығандаған шындығында. Атыраудың ардағы Қаршыға Ахмедияров талантын тарау-тарауға бөліп үңілетін, том-том философиялық құнды пайымдаулар жазылатын кезең әлі алда...

***

Бұл мақала 1996 жылы жарияланып, оның біраз фотоларын, жазған ой, пікірлерін алып, журналымызға да жариялай бастағанбыз. Күйлерін тыңдаған сайын әрбір шығарған туындысына бір-бір талдау арнап жазуға құлшынатынмын. Қ.Ахмедиярұлы тақырыбы және стилі жағынан әртүрлі елуден аса күй шығарған екен. Оның ішінде жақындарына арнаған «Қайран әке», «Ақ қайың», «Сағыныш», замандастарына «Ғазиза», «Би», «Қуаныш», «Шамғон Ақжелең», «Нұрғиса», өткеннің өр тұлғаларына арналған «Абай толғау», «Құрманғазы», «Ақжелең» күйлері бар. «Жаңа жыл», «Шабыт», «Осака» т.б. күйлері сырлы сезімді суреттесе, ал «Алтын ұя», «Құрдастар», «Нарын», «Ақжайық», «Атырау», «Атамекен» туындылары қоғамдық өркениетке, туған жер тақырыбына арналған. 

Қ.Ахмедиярұлы күйлерінің ішінде өзгеше бітімді, шоқтығы биік туындылар бар. Автордың дәстүр аясында туындаған күй желісін әртүрлі байланыстар арқылы жалғастырып, музыкалық полифония дестелерімен өрнектеп, дәстүр мен жаңашылдық арасын дәл кіріктіре білуі өте сәтті шыққан. Осы тұрғыда «Нұрғиса», «Сағыныш», «Нарын», «Атырау», «Атамекен», «Ғазиза» күйлері өзінше бір құбылыс десе болады. Ал күйлерінің мазмұнын саралайтын болсақ, үнемі даму сатысында болғанын көреміз. Егер бастапқы күйлері жас талапкер талғамына сай жалынды, балауса келсе, ал кейінгі шығармаларының сомданып толысқанына куә боламыз, соның бір дәлелі тоқсаныншы жылдардан бастап күйлерінде тың леп, толғаныс, талмай ізденіс иірімдері бар. «Абай толғау», «Хамаң толғау» және т.б. шығармаларында автор айтарын дәстүрлі жанрларға сүйену арқылы жеткізген.

Міне, осы туындылары туралы өзімен кеңінен сырласып, әр күйінің мәнін, тарихын қайтадан тәптіштей сұраймын деп жүргенімде, өмірден өтіп кетті. Десек те, өзіне өшпес ескерткіш орнатып кеткені демеу көңілге, өйткені артына қалдырған мол мұрасы ел игіліне айналып, шығармашылығы жан-жақты насихатталуда.

Соның бір дәлелі – 2017 жылдың 17 наурыз күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Күй – құдірет» тақырыбында Қаршыға Ахмедияровты еске алу кеші және Алғи Ахмедияровтың «Өмір белестері» атты кітабының таныстырылымы өтті. Бұл шараға Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Төлен Әбдік, Секен Тұрысбек сынды зиялы қауым өкілдері мен күйшілер, дәстүрлі әншілер, Қаршыға Ахмедияровтың шәкірттері мен отбасы мүшелері, журналистер қатысты. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Төлен Әбдік «Қаршыға екеуіміз өмірде рухани жақын адамдар болдық, көп араластық. Көптеген күйшілер өз бейімдеріне қарай, тек бір өңірдің күйлерін тартады. Ал, Қаршыға болса сан қырлы талант еді. Күй тартудың не бір техникасын шебер меңгерген, «ұлы күйші» деп айтуға тұратын адам. Қаршекеңнің маған арнап арнайы жасатқан домбырасы әлі күнге төрімде ілулі тұр. Әр күні сол домбыраны қолыма алғанда, Қаршығамен бірге отырғандай күй кешемін» – деп тебірене сөйледі.

Күйші, зерттеуші, профессор Карима Сүндетқызы Сахарбаева Қаршыға Ахмедияров шығармашылығын төрт түрлі бағытта қарауға болатындығын атап көрсетеді: 1. Қазақтың музыка мәдениетінде, орындаушылық саласында өзіндік ерекше мектеп қалыптастырган күйшілік өнері; 2. Құрманғазы, Дина, Қазанғап, Дәулеткерей, Абыл, Өскенбай, Тәттімбеттер дәстүрінде көптеген тамаша күйлер шығар- ған композиторлығы; 3. «Шашақты найза, Шалқар күй», «Әсем қоңыр», «Сары арқа», «Жігер» тәрізді әлденеше күй жинақтарының авторы және сондағы күйлердің жинаушысы, зерттеушісі; 4. Халықаралық, Республикалық сайыстардың жүлдегерлерін, бүгінде қалың жүртшылыққа танымал шәкірттер дайындаған ұлағатты ұстаз.

Кезінде Мемлекеттік сыйлық иегері Фариза Оңғарсынова:

Жан-жақтан құрсағанда 

белес-бөгет,

Еңсеңді көтересің елес жебеп.

Ойлайсың осы жігіт күй құдайы 

Кәдімгі Құрмангазы емес пе! – 

деп жырласа, СССР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық иегері Шамғон Қажғалиев: «Қаршыға консерваторияға түспей тұрғанда, дүлдүл домбырашы болатын. Кәсіби білім алу, жан-жақты музыка маманы болу биік мақсат деген ақыл-кеңесімді қабыл алып, кәсіби өнерге бет бұрған Қаршығаны дәл танығанымды мақтанып емес, халқымның перзенті ретінде абыройлы іс тындырдым деп есептеймін» десе, ұстазы, профессор, жоғарғы мектепке еңбегі сіңген қызметкер Құбыш Мүхитов: «Қаршығаны мен заманымыздың Құрманғазысы дер едім, Қаршығаны мақтап емес, Қаршығамен мақтану керек» – деп әркез қайталаумен өтті.

Күйші қолынан өткен мол мұра бірнеше күйтабақ, үн-бейне таспа, теледидар, радио қорында сақтаулы. 14СД тұратын «Күй Қаршыға» топтамасы консерватория радио кешенінде жинақталып, хроникалық жүйемен мазмұндалып, қызы Раушан Ахмедиярованың қолдауымен Америкада шығарылды.

Құрманғазы, Ахмет Жұбанов, Шамғон Қажығалиев есімдерімен қатар аталатын Қаршыға Ахмедияровтың жарқын бейнесі ел, жұртының мәңгі есінде сақталары анық. Данышпан Әбіш Кекілбайұлы айтқандай: «Қара домбыра тұрғанда Қаршыға да тірі. Қазақ тұрғанда қара домбыра да дүлдүл. Мәңгілікпен сырласқан саңлақ ғұмыр жалғаса бермекші».

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА, 

Қазақстанның құрметті жазушысы