АҚСАҚАЛ – ҚОҒАМДЫҚ СОТ
2024 ж. 17 қараша
1120
0
Баукең төсегінде жатқан күйі өлген адамның кейпіне еніп:
– Мен жақында осылай көз жұмамын, – деді суық жымиып.
– Бауке...
– Сен балалар бақшасында жүрген жоқсың, неменеге шоши қалдың?
Кім-кімнен де ойын жасқанбай, еркін айта білуін талап ететін Баукең мінезімен таныс мен:
– Балалар бақшасында жүрейін, жүрмейін, әйтеуір, басымның асқазанымнан жоғары орналасқанына ризамын, – дедім қызулана.
Баукең жымия күлімсіреді. Боп-боз өңіне қан жүгіргендей, жанары сәл-пәл жұмсақ тартты. Ізінше ол өзгеріс лып басылып, қабағы түйіле қалды. Жастықтан басын көтеріп, түзеле отырды.
– Менің өмір тәжірибем мына Жәмила жеңгеңнің өмір тәжірибесінен көп пе, аз ба? Кей күндері: «Мынаны бүйтсең қайтеді, үйтсең қайтеді?» дегенді шығарып жүр. Ондай нәрсеге мен көне алмаймын, қарағым. Бұл қатын түгілі, ғалымдардың, жазушылардың айтуымен бір нәрсе жазып көрген емеспін. Жазбаймын да, жазғым да келмейді. – Иығын қозғап, басын шайқады. – Мұның ол әрекетінен еш нәрсе шықпайды. Неге десең, өзімнің университеттерім, өзімнің ұстаздарым бар. Оларды мен, шырағым, өзгерте алмаймын. Орыстардың: «Каким ты был, таким остался, орел степной, казак лихой» – деген қалжың аралас бір өлеңі бар. Каким я был, таким я останусь. Перевоспитать меня уже поздно, тем более Жамиле...
Осыны айтты да, тұғырда отырған құс секілді терезе сыртындағы сұр аспанға телміре, ұзақ қарады. Көптен бері тысқа шықпағаны қалт есіме түсіп, «шіркін, қайта жасартар құдірет-күш болар ма еді?» деген ойға берілдім.
Ішкі сезімімді танып, біліп қойғандай, Баукең кілт бұрылды. Жанарынан қараңғыны түре қуған таң шапағын көріп, таң-тамаша қалдым. Өмірге деген құштарлық оты маздап тұр. Күпті көңілім жағадан қайтқан толқынға ұқсап, бірте-бірте бастапқы қалпына келе бастады.
– Адам еш уақытта басына түспеген нәрсені түсінбейді, – деді бір кезде Баукең. – Өз басына түскенде ғана, онда да кеш түсінеді. Басыма келеді-ау, жақында мен де қартаямын-ау, өйтем-ау, бүйтем-ау демейді. Сәл тұрмысы түзелсе, мастанады. Түсіндің бе?
– Түсіндім.
– Өтірік айтпа! Түсінген жоқсың! Мені алдай алмайсың. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» дегенді балаларға арналған деп ойлайсыңдар, ол – үлкендерге де, шалдарға да арнап айтылған халық даналығы. Это философское обобщение.
Темекі тұтатып тартып:
– Немене оттауизм болып бара ма? – деді күлімсірей. – Оттауизмге мағына беріп, түсіне білсең, ол да үлкен нәрсе. Онда малға ұқсап оттай берме деген ой жатыр.
Екеуміз де күлдік.
Баукең орнынан тұрмақ болды. Екі-үш рет ауа қармай ұмтылғанымен көтеріліп кете алмады. Көмектеспек болып қол соза беріп едім:
– Потерпи, сынок, сам поднимусь, – деді жұмсақ үн қатып.
Іштей аяп кеттім. Бұл менің Баукеңнің кәрілік торына ілінгенін тұңғыш көруім еді. Бұған дейін ауырып-сырқап, ілбіп әзер жүрсе де сыр берместен еңсесін тік ұстайтын. Дене құрылысы, бүкіл болмыс-бітімі құрыштан құйылғандай сезілетін. Қазір де сыр бергісі келмеген Баукең оң қолын таяныш етіп, орнынан сүйретіліп әзер тұрды. Жұқа барқыт жасыл шапанын иығына желең жамылып:
– Мен қазір келемін, – деп сыртқа беттеді.
Бөлме көрінісі жұпыны. Қоңыр шифоньер мен кітап толы шкафтан өзге көзге түсер мүлік жоқ. Күнбатысқа қараған терезе алдына жазу, одан берменірек тұсқа (мен отырған орындыққа тақау) аласалау журнал үстелі қойылған. Оның төсек жақ шетінде сары май, туралған ет, қазы салынған тәрелке, ақ шәйнек, бір кесе, ал терезе жақ шетінде мүштек, күлсалғыш, қалам-қағаз, журнал, десте-десте хаттар жатыр.
– Бүгін күн бұлтты екен ғой, жел соғып тұр, – деп Баукең бөлмеге еніп, қарсымдағы орындыққа жайғасты. Кең маңдайынан тік төмен құлаған қос сызықтың тереңдей түскенін көріп, қайта көңілсіз күйге ендім.
– Сен неге тұнжыраулысың? Әлде айтқандарымды жақтырмай отырмысың? Онда жөніңді тап!
– Жо-жоқ, Бауке, бәрін жақтырамын, – дедім аптыға сасқалақтап.
– Мен, шырағым, қартайған кісімін. Халқыма берерімді бергем, бірақ көп нәрсені үлгере алмаған сияқтымын. Сол жағын ойлануға, түсінуге, ұғуға кейінгі кезде жағдайым болмай кетті. Оған бір кедергі:
Көктемдей құбылмалы мінезім бар,
Мейлің күл, мейлің сүйсін, мейлің жасқан, –
деген мінезім дер едім. Қырық екі жасымда тағы былай деп жазғам:
– Сыр айтам саған, халқым, ұға білсең,
Дайынмын от пен суға маған сенсең.
Арыңды ақ ниетпен ақтамасам,
Ризамын теріс қолмен бата берсең.
Мұның авторы мен емес – халқым. Бұл, түсінсеңдер менің ғана емес, біздің жігіттердің де анты.
Көпке дейін тұнжырай үнсіз қалып, қайта сөйледі.
– Мен тарихтың адамымын. Оған түсінесің бе? Мені тарихтан ешкім өшіре алмайды. Жоқ, өшіре ме?
Көз алдыма кең жазира төсінде құйрық-жалы желбіреп жүйткіп бара жатқан ақбоз жүйрік елестеп, тағы да үнсіз қалдым.
– Интеллект, интуиция деген екі ұғым бар, шырағым. Интеллект – ойлану, интуиция, сезе білу деген сөз. Құдай маған сол екеуін де аямай-ақ беріпті. Халқым да менен көп нәрсе күткен еді, бірақ бәрін істеу мүмкін емес екен. Әнеугүні «жақсыны көрмек-жарым ырыс», «жақсымен сөйлессең, бір жасап қаласың» деп айтып едім ғой. Адаммен қарым-қатынас – ғылым. Қалай көрдім, қалай тыңдадым, түсіндім деген үлкен мәселе. Соғыс бізді жаумен сөйлесуге үйретті. Жау сырын бермей алдайды ғой. Сөйлескенде «ие, ие» деп өтірік қоштап, кейде хи-хи деп күліп қоятынымыз да бар. – Кеудесін көрсетті. – Күлгенде мына жағында не жатыр, соны байқап, біліп отырамыз. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, сөйлескен адамымның сырын байқап, біліп отыру маған әдет болып кеткен.
Баукең сөзін кілт доғарып:
– Мен сені көрмей отырмын, шам жақ! – деді бұйырып. Орнымнан тұрып, айтқанын тез орындадым. Жеңгей үстімізге еніп:
– Шамды жаққаны несі? Мен бұған көне алмаймын! Күн әлі жарық. Бұл баланың шығын-пығынмен ісі не? Материалды алады да кетеді, – деп шатақ шығарды. – Ешкімді басындыра алмаймын, жетеді басынғандары! Маған арамзалықтың керегі жоқ. Жазғандарың да бір тиынға керек емес!
Жеңгей сұрлана долданып, қолын оңды-солды сермей шатынап:
– Бұл кісі қайтыс болса, өлтірген осы деп мен сені сотқа берем! – деді ентіге сөйлеп.
– Әй, қойсаңшы, біз жұмыс істеп отырмыз ғой.
– Мұндай жұмыстың маған керегі жоқ! Менің мұнсыз да таңым атып, күнім шыққан! Кетеді екен десем, әлі отыр, әлі отыр.
– Әй, тақырып аяқталмай жатыр, бұл қайтіп кетеді?
– Маған тақырып-мақырыптың керегі жоқ. Маған сіздің амандығыңыз керек, – деп жеңгей бөлмеден шығып кетті. Кетіп бара жатып: – Қанша жыл болды, сен баланың материал алуың бітпеді ғой!
Еріксіз езу тарттым. Баукең дауыстай күлді:
– Ұзақ ойнайтын пластинка деп едім ғой... Жарайды, оған мән берме.
Жеңгей ас үй жақтан да айтар сөзін айтып жатыр.
– Бауке, мен қайтайын.
– Е, мынадай айқайдан кейін бұл сөзді сенен басқа кісі де айтады ғой. Жеңгең үшін сенен кешірім өтінем, қарағым.
Мен орнымнан тұрып едім:
– Отыр! – деп Баукең ашуланды. – Мен әлі ойымды аяқтаған жоқпын. Төзімділік деген қайда? Жеңгең барпылдай берсін. Оған көңіл бөлме.
Баукең ұзақ ойға шомып, әлден соң:
– Мен шығармаларымды өзі жаз деген соң жаздым, – деді екі иінінен ауыр тыныстап. – Егер кең отырып жазғанда кең жазар едім. Оған жағдайым, денсаулығым көтермеді. Қағаз бетінде қалып кеткен сөздерім біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Ол өз алдына. Сол себепті мен сендерге әңгіме айтып жүрмін. Зачем жить без работы. Я живу, потому что работаю. Артық айтсам, ғафу өтінем, мен Шоқан Уәлихановтан, Сәкен Сейфуллиннен кейінгі мемуарист –документалистпін. Мен ешқашан шығармаларымда өтірік айтқаным жоқ және өтірік айта алмаймын. Мен намыстың адамымын. Маған өтірік айтқан, майдалық жасаған жараспайды. Ерте заманда өткен кісілер бар, көзімнің тірісінде де өтіп жатыр. Оларды мен ұстаз санаймын. Менен бұрынғы жазушы классиктер болмаса, мен жазушы болмас едім. Егер де маршал Жуков, Рокоссовский, генерал-майор Панфилов, генерал-полковник Чистяков, полковник Курганов, старшина Редин, тағы басқа әскери ұстаздарым болмаса мен полковник Бауыржан Момышұлы болмас едім.
Түсінсең, мені Бауыржан Момышұлы еткен – халық тәрбиесі, халық даналығы. Мен аспаннан түскен жоқпын деп тағы да қайталап айтамын. Менің ортам бар, жақсы да, жаман да кездесті. Біреуін түсіндім, біреуін түсінбедім. Түсінбегенім үшін өз обалым өзіме...
Ас үй жақтан жеңгей тағы әр нәрсені айта бастап еді:
– Әй, айқайды тоқтат! Он бес-жиырма минөтке шыда! – деп Баукең қатты дауыстаған соң, жеңгей жым болды. – Осыдан кейін жұмыс істеп көр?!
Баукең маған ренжи қарады. Мен екі оттың ортасында қалғандай қиналып, жақ ашпадым.
Кенет орнынан тұрып, төсегіне жантайып:
– Жас келгеннің екі қыры бар екен, – деп сөзін жалғады. – Бір қыры – қарт даналығы, екінші қыры – қарт надандығы. Бұл – табиғи шындық. Ақсақал айтты, ой, жарықтық, көпті көрген кісі ғой, пәлен-түген дейміз. Оның сөзі ел аузында қалады. Көрген, білгенінен, түсінгенінен қортынды жасап: «Ой, мұны балаларға, келер ұрпаққа айтайын» дейді. Содан оның сөзі мақал-мәтел боп кетеді. Бұл қарт даналығы. Үлкенді сыйлау – бізде үлкен дәстүр. Мұның өзі, ақылың болса, кішіге қамқорлық жаса деген сөз. Баланың аты – бала, оның тәжірибесі жоқ. Ұрсып-балағаттау-тәрбие емес, керісінше: «Әй, қарағым, мынауың қате», – деуіміз керек. Кішіге кім болса, соның әлі жетеді. Мұны кейбіреуіміз ескермейміз.
...Қазақта «алпыстағы алжыған шал» деген де сөз бар. Бір жағы – шындық, бір жағы – кекесін. Шын мәнінде, алпыстан асқан соң ақыл-есің өзгере бастайды екен. Өзгере бастағанда ұмытшақ бола бастайсың. Кеше естігенің бүгін есіңде қалмайды. «Е, әнеугүні пәленше пәлен деп еді, Құдай атып ұмытып отырғанымды қарашы» дейді қарт-ұмытшақтар.
Ол өз басыма түспесе, бұлай ойламас та едім. Басқа түскенде адам лаж жоқ ойланады әрі әр сөзіне, әр ісіне талдау жасайды екен.
Бұрын бір естігенімді ұмытпаушы едім. Кішкентай кезімнен бастап ұсақ-түйек детальға дейін көз алдыма кеп жарқырап тұратын.
Соңғы кезде байқасам, сол қасиетімнен ажырап барады екем. Оның атын ұмытшақтық дейді. Осыған байланысты кей шалдарға: «Сен алжыпсың» – десең, ашуланады. Бұл – өз ісін әділ талдап, бағаламаудың жемісі, ақымақтықтың көрінісі.
Ақылды шалдар: «Е, қарағым, қартайдық қой, алжымағанда неміз қалды?» деп кәрілікті табиғи құбылыс ретінде түсініп, қабылдайды. Өзіне-өзі «әй, байқап, абайлап сөйле» деп отырады. «Ойбай, кеше пәленшеге бүйтіп айтып едім, дұрыс па, бұрыс па?» деп оңаша ойға батады. Бұл – өз іс-әрекетіне сын көзбен қарап, талдау жасаудың жемісі, ақылдылықтың көрінісі.
Не болса соны талғамай соға беретін кісіні: «Е, мынау алжыпты ғой», – дейміз. Алжу – өзіне өзі бақылау жасауды жоғалту.
Жасың ұлғайғанда өзіңе өзің сын көзбен қарап, талдау жасап отырудың бір пайдасы – әділ болады екенсің. «Бұрынғы көзқарастарым былай екен ғой, қап, мына жерінде кішкене артық кетіппін-ау» деп ойланасың, өкінесің. Неге десең, бұрынғы қызбалық жоқ. Біреуді жақын, біреуді жат тұтпайсың.
Өз іс-әрекетіне талдау жасап үйренбегендер, қартайғанда да бүтін істі бүлдіреді. Ол – алжығандық. Ал алжымаған шалдар айтар сөзін ойланып айтады, істер ісін ойланып істейді. Ондай қарттарға ел-жұрт сеніп: «Мына біздің дау-дамаймызга қалай қарар екен? Алдына барып жүгінейік», – дейді. Олардың талас-тартысын әділ шешсе: «Е, ақсақал айтты, болды» деп екі жағы да тоқтайды. Дау-дамайды әділ шешпейтін кейбір сақалы ағарғандарға жұрт бармайды. «Е, қойшы соны», – деп қолын бір-ақ сілтейді. Алжыған мен алжымағанның айырмасы қандай, ә? Түсініп отырмысың?
– Түсініп отырмын.
– Бұл ауылдың ақсақалы кім еді? – дегенде жұрт оның жасын емес ақылын, әділеттілігін ескереді. «Тура биде туған жоқ» деп ол ешкімге бұрмайды. Қой, сенім артып, алдыма келіп отыр, төрімнен көрім жақын. Әділ болайын, кейінгі ұрпаққа жаман өрнек тастамайын дейді.
Баукең жастықтан басын көтеріп, қайта түзеліп отырды.
– Ақсақал деген атқа бұрын да, қазір де кез келген қарт ие болған емес, ие бола алмайды да. Сақалы бар кейбір ақымақты көңілі қалмасын деп кейде «ақсақал» дейміз. Оған оның бөркі қазандай.
Баукең мысқылдай күлді.
– «Әй, қайдан білейін» деген шалдан ақсақалдық шыққан емес. Күркілдеп жөтеліп отырып дауды әділ шешкен қария ғана ақсақал. Жалпы, ақсақалдыққа рецепт жоқ. Ол адамның жеке қасиетіне байланысты. Содан кейін шал, кемпірдің қартайған кезінде ақылды болуы тұрмысқа, ортаға байланысты. Бағалай білсеңдер, олар (бас бармағын көрсетті) мынандай мектеп. Біз үлкен кісінің алдын кесіп өтпейміз. Мұның өзі оларды көңілдендіреді. Үлкен кісіні көрсек, таниық, танымайық: «Ассалаумагалайкүм!» деп иіліп сәлем береміз. «О, көп жаса, қарағым», – дейді ол риза болып.
Баукең мені сынағысы келгендей:
– Кавказда қарттар неге ұзақ өмір сүреді? – деді.
– Таулы жер, ауа таза, – дей беріп едім:
– Өзің ойлана білемісің?! – деп ашулана дауыстады, – Оның басты себебі, жастар қарттарды сыйлайды. Сыйлау – дәрі. Түсіндің бе?
– Түсіндім.
– Әр жастың өз кезеңі бар, өзінің сапасы, санасы бар. Әр жастың айырмасы бар. Әсіресе, оны елуден асқанда сезесің. Жасы ұлғайған сайын адамдар ойланғыш келеді. Дұрыс ойлана ма, бұрыс ойлана ма, ол басқа мәселе. Оны біздің қазақ жақсы түсінеді. Ақылы шолақ шалдарды «алпысқа жетпей алжыды» дегенге дейін барады. Ал, алпыс бестегіні есі дұрыс болса, «пайғамбар жасынан асты ғой, әлі сергек дейді.
Пайғамбар жасынан асты дегеннің екі мағынасы бар. Бірінші мағынасы – жетпіске жетіп жетіліп отыр деген мағына. «Жетіліп отыр» дегеннің мәні – көп жасады, көпті көрді, немере, шөбере сүйді дегенді білдіреді. Екінші мағынасы – жетпіске жетер-жетпестен жетім бала, жесір қатындай болып отыр ғой деген сөз. Ол күшің кеміп, қатын-бала, келін-кепшіктің алдында қадірің кетті. Масыл боп қашанғы отырасың, қашан өлесің деген сөз. Бізде сексенге жеткен шалдар болған, қазір де бар. Олар да екіге бөлінеді. Сексенге алжымай барған шалдарды қазақтар «сексендегі семсердей» дейді. Бұл мақтағаны. Екінші, «сексендегі серкедей» деген де сөз бар. Серке қой бастайды ғой, қартайсаң да жұртты бастап жүрсің деген сөз бұл.
Тоқсан жасаған да кісілер бар. Тоқсандағы шалды қазекең «тегін емес» деп әулие тұтқан. Алжымай «сіз, біз» деп отырса, «тоқсандағы торқадай» деп мақтаған. Алпысқа келмей алжыған мен тоқсандағы торқадай дегеннің қанша айырмасы бар? Әрине, менің жасымда бабаларым алжыған емес, ақыл-есін жоғалтқан емес. Ол заманның жағдайы, тұрмысы, шаруасы, дүниетанымы бөлек.
Баукең төсегіне қайта қисайды.
– Енді қорытынды сөзімді айтайын. Содан соң үйіңе қайт. Әйтпесе, жеңгең тағы айқайлап жүрер.
Баукең көзін жұмып ойланып:
– Меніңше, қарағым, көп жасау басты мақсат емес, басты мақсат – қолдан келсе, өзіңе де, өзгеге де әділ, адал болып, жұртқа ақсақалдық өнеге таныту. Түсінсең, қарағым, ақсақал-қоғамдық сот...
Мамытбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты