ТАУ ТҰЛҒАСЫ АЛЫСТАН КӨРІНЕДІ
2024 ж. 31 қазан
2082
0
Нұртас Оңдасынов – 120
Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы
Таңғажайып тазалығымен тамсантқан
Нұртас Оңдасыновтың Түркістанда дүниеге келгенін бәріміз мойындаймыз. Алайда өз басым Нұрекеңді Атырауда туған дегім келіп тұрады. Өйткені, ол кісі Атыраудың Атырау болуына, осынау өлкенің ел болып кетуіне, Атырау азаматтарының есейіп ел қатарына қосылуына, үлкен қайраткер болуына бірден-бір еңбек сіңірген адам. Мұны ұмыту мүмкін емес. Оңдасыновтанушы қаламгер Гүлсім Оразалықызының осыдан отыз жыл бұрын шығарған «Нұртас Оңдасынов» деген кітабы бар. Гүлсім сонда біздің Атыраудан шыққан қайраткерлердің естелігін жазып алғанын білеміз. Шындығында, бұл үлкен тарих болып саналады. Гүлсімге қатты риза боламыз. Және Нұрекең Мәскеуде өзінің жазып отырған өмірбаянын жалғастыра алмай отырған кезде соны ары қарай жалғастырып, үнтаспаға жазып алып келген де осы Гүлсім. Олай болса, Оразкүл Асанғазықызы айтпақшы, Түркістан облысы Гүлсімге ізет көрсетуі, құрмет көрсетуі керек-ау деймін. Еңбегі ересен.
Биыл еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарының, консерваторияның, Құрманғазы атындағы оркестрдің, Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығын өткізіп жатырмыз. Бұлардың іргетасы қалай қаланған еді? Бұл Қазақ еліне Нұртас Дәндібайұлы сынды ардагер, көшбасшы перзенттердің арқасында жеткен жақсылық болатын.
1929 жылы астана Қызылордадан Алматыға көшетін тұста Қазақ елі тұтастай екіге бөлінді. Оның біреуі – ұлтшыл алашордашылар да, екіншісі большевиктер еді. Сол кезде «қужақ» Голощекин қазақтарды бір-біріне айдап салып, меңдешовшілер, қожановшылар деген «шылар» пайда болды. Дәл осы шақта совет үкіметі қазақ зиялыларының біраз бөлгін қырып салды.
Неге? Өйткені, Қазақ баласы басқа Орта Азия халықтарындай емес, білімді, оқыған, ізетті, парасатты келетін еді. Мұнда зиялы азаматтар көп-тін. Міне, мақсатты түрде осылардың көзі жойылды. Сорпа бетіне шығатын серкелерден ешкім қалмады. Бірақ сол кезде Жүргеновтер бар болатын, Құдайберген Жұбановтар, Ілияс Жансүгіровтер бар болатын, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфулиндер бар болатын. Әйткенмен, осылардың бірі ұлтшыл, біреуі большевик ретінде 1937 жылы жаппай қырылды. Тек Құдай сақтап, бірен-сараны аман қалды. Сол бірен-саранның жұрнағы біздің Нұртас Оңдасынов ағамыз болатын.
Алайда ол да өзі орман шаруашылығында жұмыс істеп жүрген кезінде бір орыспен көбіне келіспей қалып, қарсы шығып жүреді екен. Сол орыстың өзі 1937 жылы ұсталған. Сонда ол өзінің айтқан сөзінде менің қасымда Нұртас Оңдасынов та болды депті. Алайда өмірі қыл үстінде тұрған жаңағы орыс ең соңында: жоқ, менің қасымда Оңдасынов болған жоқ дейді. Оңдасынов осыдан соң ғана аман қалыпты.
Біздің қазақ соғысқа ең көп адамын жіберген, ең көп байлығын жұмсаған халық. Сол тұста қазақтың жылқысын былай қойғанда, итіне дейін соғысқа қатысқан. Озбыр билік көшеден итті де жинап алып, соғысқа жөнелткен. Итті де мойнына граната байлап, танкінің алдына тастаған. Қазақтың керемет кезіндегі байлығын алу үшін большевиктер не істемеді? Біздің байлығымызды алу үшін, дәулетімізді иемдеу үшін ең мықты, ең қабылетті адамдарымызды ықпалды орындарға қойды. Бірақ Нұртас Оңдасынов тек большевиктерге емес, қазаққа еңбек істеген кісі. Ол шамасының келгенінше, мүмкіндігінің болғанынша туған халқына қалтқысыз қызмет көрсетті. Кейде таң қаламын, осылайша, он үш жыл Үкімет басқарып, сегіз жыл Гурьев облысына жетекшілік еткен жан екі ауыз сөзі үшін Хрущевтің қаһарына іліккен. Біреуі Маңғыстауға теміржол керек емес десе, екіншісі Маңғыстаудың ұлы табыстарын өзіміз игереміз деген. Неге олай істеді Хрущев? Өйткені, оған «маған керек» деп айтатын кісі қажет емес еді. Оған «саған не керек» дейтін адам керек-тін. Міне, сол себептен ол қолайына жақпаған Оңдасыновты орнынан түсірді.
Осы ретте Түркістанда туған Нұртастай қазақтың, елін шексіз сүйген Нұртастай ұлдың намысы еске түседі. Егер де Оңдасынов та басқалар секілді үн-түнсіз айтқанға көніп, айдағанға жүре берсе оны орнынан алмас еді. Бірақ ол елу сегіз жасында өз еркімен арыз жазып қызметтен кетті. Елу сегіз деген қазір жас жігіттің жасы деп есептелінеді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашев: «Біз оны Атыраудан шығарып салдық. Төрт чемодан киім-кешек, екі контейнер кітабымен көшті» дейді. Қазір сөйтіп көшіп көрсінші бір облыстың әкімі. Олай көшу мүмкін емес. Ал Нұртас аға бола, соншалықты тазалығымен, сол ақтығымен, айрықша адалдығымен ешкімге зиянын-залалын тигізбей, осындағы еліме, анау Алматыдағы Қонаевтарға ешбір кесірім тиіп кетпесін деп, Москваға қоныс аударды. Ол кісінің ғажаптығы да осында.
Неміс халқының қалғып бара жатқан намысын оятып, Екінші рейхті құрған канцлер Отто Бисмарк: «Революцияны данышпандар даярлайды, фанаттар жүзеге асырады, бірақ осының қызығын азғындар көреді» депті. Өз ойымша, ұлтын, Отанын шексіз сүйген сол «фанат» – біздің көкеміз Нұртас Оңдасынов еді. Сондықтан Түркістан облысы, мына университет «Нұртас Оңдасыновтың тұлғасы» деген үлкен оқулық жазып, мектеп бағдарламаларына енгізуі керек деген ой айтқым келеді.
Әрине, Нұрекең біздің мұндай құрметімізге ешбір зәру емес. Ендеше бұл әрекет не үшін керек десек, жас ұрпақ үшін, ел үшін қажет қадам екені даусыз. Нұртас Дәндібайұлының жүрген жері, өскен ортасы, талмай атқарған қызметі, іс мәнері басқаларған мүлде ұқсамайды. Ол өзгелердің қолынан келмеген қыруар маңызды шаруа атқарды. Нұрекең бүкіл ғұмырымен туған ел-жұртына ғажайып үлгі-өнеге көретіп кеткен кісі.
Бекет Тұрғараев,
қоғам қайраткері
Заман тудырған Толағай ұл
Қазақ елінің өркендеуіне зор үлес қосқан ұлттың ұлы
тұлғасы Нұртас Оңдасынов шын мәнінде кешегі өзі өмір сүрген уақытта да, бүгінгі кезеңде де айрықша үлгі тұтатын заңғар адам.
Негізі, әділет пен шындық – егіз ұғым ғой. Дүниеде қаншама қисынсыздық болса да, ақыры ақиқат ашылмай тұрмайды. Мысалы, Нұртас Оңдасыновқа қаншама қиянат жасалып, халық мүддесі жолындағы жұмысына бөгет қойылып, жасампаздық ісі бүркемеленсе де, міне, тарихи шындық түбі жеңді.
Нұрекең үкімет басқарған кез Қазақ елінің ең бір ауыр тұстарына тап келгені мәлім. 1937 жылғы зұлматтан көп ұзамай Екінші Дүниежүзілік соғысы басталды. Осындай ауыр шақта да ол тамаша біліктілігімен көрінді. Сондықтан да шығар, өкімет басында отырған қаһарлы Сталиннің өзі оны жоғары бағалағанын байқаймыз. Осының көрінісіндей, аса қатыгез халықтар көсемі Оңдасыновқа он үш жыл бойы мемлекет басқаруға мүмкіндік беруімен бірге, оның өңіріне өз қолымен үш мәрте Ленин орденін қадапты.
Мен өзім Нұртас ақсақалды көрген жоқпын. 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасына байланысты Ақтау қаласына сапар шегіп, республикалық комиссияның құрамында әкімшіліктің өкілі ретінде қатыстым. Сонда халықтың көңіл күйі өте төмен екенін көрдік. Ел-жұрттың сонау қанды оқиғадан кейін дүниеден баз кешкендей, айналаға ызалана, кектене қарап отырған кезі екен. Міне, біздің сондай күрделі, ауыр тұста жұмыс істеуімізге тура келді. Осындай қайшылықты уақытта жергілікті ағайынның еңсесін қалай көтереміз, не істейміз деген сәтте алдымен кезінде мұндағы халыққа қалтқысыз қызмет еткен Нұртас Оңдасыновтай ел ағаларының рухын тірілту бағытындағы іске кірісейік деп шештік. Нұрекеңнің ескерткішін қойдық. Мектептің атын әпердік. Маңғыстау өлкесі ақын-жазушыларының елу томдық кітабын шығардық. Міне, осындай шаруалардан кейін ғана бауырларымыздың жүзі жыли бастаған еді. Ашу-ыза біртіндеп басылды. Бет түзелді.
Кеше ғана Шымкент қаласында нұртастануға қатысты үлкен жиын өтті. Сонда жиналған қауым Оңдасынов есімін мәңгі есте қалдыру үшін бастауыш мектептің Ана тілі пәні мен жоғары сынып оқушыларының Тарих сабағына Нұрекеңнің өмір жолын енгізу туралы мәселе көтерді. Иә, Нұртас, шынында да, елінің бағына туған Толағай тұлғалы ұл еді. Біз жас кезімізде Некрасовтың, Пушкиннің, Тургеневтердің өмір-тарихын оқып өстік. О тұста өзіміздің өткен дәуір шежіресін оқытпайтын кезең еді. Ал қазір Отанымызды гүлдендірген ел перзенттерінің өмірбаянын білуге міндеттіміз. Әрине, мұндай әңгімені аға буын білер, бірақ жас ұрпақтың хабарсыздау екені анық. Олай болса осы бағыттағы жұмыстарды бел шеше атқаруымыз қажет.
Темірхан МЕДЕТБЕК,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
СЕНІҢ ОРНЫҢ – МӘҢГІЛІК!
Нұртас аға! –
Нұр мен тастан жаралған.
Қасиетті топырақтан нәр алған.
Болған оның санасында сан ойлар,
Жүрегінде сан үміт пен сан арман.
Жанын жесе тіршіліктің ағыны,
Лапылдап бір жанған іште жалыны...
Қай кезде де, қай тұста да, қашанда,
Жолдас болған парасат пен сабыры.
Таза болған ақ бұлттай жаны да,
Таза болған қазақилық қаны да,
Таза болған ойы менен сезімі,
Таза болған ұяты мен ары да!
Отқа түсіп жатқан кезде сүйікті ел,
Қапаланып күреңіттің күйіктен.
Сені қанша құлатса да, бәрібір,
Түскен жоқсың тұғырыңнан – Биіктен!
Көріп жүріп бүгінгінің арынын,
Сездің іштей келешектің сарынын.
Ұшар басың көкке қарай ұмтылып,
Тым тереңде жатты сенің тамырың.
Биік еді, биік еді мұратың.
Жан аз еді оны бірақ ұғатын.
Сенің тұлғаң көп пенделер ішінде
Өзгеше боп, ерекше боп тұратын.
Қанша заман келер, кетер жаңғырып,
Сөз бен ісін өткен күнге қалдырып.
Қай заман мен қай кезде де өлмейтін,
Нұртас аға,
Сенің орның – Мәңгілік!