Нұртас еңбегінің қазақ тілі тарихындағы орны
2024 ж. 31 қазан
2022
0
Нұртас Оңдасынов – 120
Нұртас Дәндібайұлы (1904-1989) мемлекет және қоғам қайраткері Қазақстан мемлекетінің қалыптасу кезеңінде сіңірген еңбегі арқасында қазақ тарихында саяси тұлғасы мәңгі шұғыла болып сәулесін шашып тұрады. Нұртастың өндіріс пен мәдениет салаларында сіңірген еңбегі өнегелі құбылыс. Оған ізінде қалдырған өшпес ізі мен замандас достарының куәлік берген естелік әңгімелері дәлел.
Нұртас Оңдасынов үкіметтің ресми ережесі бойынша зейнеткер атанса да, шын мәнінде өмірінің соңына дейін қазақ үшін тынымсыз еңбек етіп пәни дүниеден бақи дүниеге аттанды. Оның мемлекеттік жұмыстан зейнеткерлікке шыққан жылдары жазған парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі мен арабша –қазақша түсіндірме сөздігі қазақ тілінің бастау және даму процессінің зерттелу мен зерделенуінде алар орны айрықша мәнге ие. Менің бұл таным мен пайымыма Иран мен Тұран тарихындағы парсы және түркі елдерінің үш мың жылдық тарихының даму жолының зерттелудегі фактілер айғақ бола алады.
Иран тілінің тарихы шартты түрде үш мың жылдыққа бөлініп қарастырылады. Оның бірінші мың жылдығында Зәрдөшт мұра қалдырған «Авеста» кітабының авеста тілі тарихқа енді. Екінші мың жылдық тілі пәһлеви тілі атауымен тарихта тіркелді. Үшінші мың жылдығы біздің заманның соңғы мың жылдығы. Бұл дәуірі Аболлда Рудаки (858-941) шығармаларымен Иранның парсы дәри тілінің тарихи дәуірі. Бұл дәуірдің тілдік мұрасының жалғасы бүгінгі заманда Иран, Ауғаныстан, Тәжікстан, Үндістан, Пакістан елдерінде парсы тілін қолданыста ұстап соңғы мың жылдығын жалғастырып келеді. Осы орайда Иранның үш мың жылдық тіл тарихын зерттеуге басты құрал сөздіктер екендігі даусыз. Мәселен иран тілінің ежелгі бастапқы мың жылдығын зерттеп-зерделеу үшін неміс ғалымы Фердинанд Юсти (1837-1907) зерттеп жазған «Намнама» кітабы. Бұл кітап ежелгі Авеста кітабының түсіндірме сөздігі. Иранның бастапқы мың жылдық тілін түсініп, оны зерттеу нысанасына алуға Юстидің жазған түсіндірме сөздігі басты құрал. Иран тілінің кейінгі мың жылдықтарына да өз дәуірінде немесе кейінгі жылдары молынан сөздіктер жазылды.
Түркі тілінің тарихы қазақ тілінің тарихымен орайластырғанда үш дәуірді қамтиды. Бірінші дәуір б.з.б. VII-VIII ғасырдағы Тұран патшасы Афрасиаб жоқтауынан бастау алып б.з. VIII ғасырға дейінгі аралықта қолданыста болған түркінің ежелгі дәуір тілі. VIII ғасырдан қазақ хандығы құрылған 1465 жылға дейінгі аралықта түркінің ортағасырлық дәуірінің тілі. Бұл дәуірде түркі тілі араб-парсы тілдерімен саяси-діни себеп-салдарынан етене жақын қарым-қатынасқа түскен дәуір. Біз түркінің аталған ежелгі және ортағасырлық тілінің мән-жайын зерттеп анықтап алуға осы дәуірде жазылған түсіндірме сөздіктерге сүйнеумізге тура келеді. Бағымызға орай түркі тіліне көңіл бөліп өз заманына сай сөздіктер жазған ғалымдар түркі тілінің дұрыс бағытта зерттелуіне мүмкіндік тудырды. Оған Маһмұт Кашғаридың (1029-1101) мұра қалдырған «Түрік түсіндірме сөздігінің жинағы» атты кітабы. Кашғаридың бұл еңбегі зерттеушіге түркінің ежелгі әрі ортағасырлық тілінің зерттелуіне негізі құрал. Өйткені Кашғари аталған еңбегін жазу барысында түркінің көптеген ауыз әдебиетіне тиесілі шығармаларды ел ауызынан жазып алып хатқа түсірді. Соның бірі «Афрасиаб жоқтау» жыры. Бұл жоқтау жыры түгел болмаса да түркі жұрты он сегіз ғасыр бұрынғы қаһраман патшасын жадында сақтап, ауыздан ауызға айтып Кашғари заманына жеткізген. Бұл ел үшін жангешті еңбек еткен Афрасиаб (Алып Ер Тоңа) сынды тұлғаларын ешқашан жадынан шығармай мәңгі жасауына мүдделі екенін байқатады. Ал Маһмұт Кашғари сияқты ғалым аталған түсіндірме сөздігін жазбағанда ежелгі және ортағасырлық түркі тілі күңгірт тартып қалар еді. Сондай-ақ түркінің ортағасырлық тілін зерттеуге Мырза Мәдихан 1759 жылы жазған «Сәнглах-түркі-парсы» сөздігінің орны да зерттеуде ерекше мәнге ие.
VIII ғасырдан қазақ хандығы құрылған 1465 жылға дейінгі аралықта түркінің ортағасырлық дәуірі тілдік тұрғыдан Түркістанның мәдени кеңістігінде үш кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңі – VIII-IX ғасырлардағы араб тілінің үстем болуы. Екінші кезеңі – IX-X ғасырлар аралықта парсы тілінің Саман династиясының билігі (819-1005) және Әбілқасым Фидауси жырлаған «Шаһнама» жыр-дастанының ықпалынан парсы тілінің Амудария-Сырдария арасында үстемдік құруы. XI ғасыр түркінің саяси санасының ояну кезеңі – Қарахан мемлекетінің (942-1212) құрылу мен күйреу кезеңі. Бұл кезеңде саяси сананың оянуы мен түркілік саяси сана психологиясы жаппай халық арасында қалыптасты. Соның арқасында Жүсіп Баласағұн (1017-1077) «Құтты білік», Маһмұт Кашғари (1029-1101) «Түрік түсіндірме сөздігінің жинағы», Қожа Аһмет Ясауидың (1093-1166) «Хикмет» атты шығармаларын түркі тілінде жазып мұра қалдырды. Жоғарыда аталған үш кезең араб, парсы, түркі тілдерінің бір-біріне әбден ықпал жасап, сіңіскен ғасырлар болды. Оның себептері мен салдары ұзақ әңгіме. Қысқасы түркінің жазба әдебиеті араб-парсы сөздерінен көптеп бойына сіңіріп алды. Оған ислам дінін қабылдануы да негізгі фактордың бірі болды. Бұл қолданысқа енген тіл түркі шағатай тілі деп танылды.
Қазақ хандығы (1465-1847) осындай тілдік шаңырағынан дербес хандық мемлекет құрды. Қазақ халқының жаңа саяси дәуірі тілдік тұрғыдан ауыз әдебиетінің өрісінде қалыптасты. Сол себепті түркінің жазба әдебиетіндегі араб-парсы сөздерінің ықпалынан аман қалды.
1847 жылы қазақ хандығының саяси жүйесі жойылды. Соның салдарынан 1847 жылынан 1904 жылға дейін Алаш қозғалысының саяси қайраткерлері саяси майданда орын ала бастағанша қазақ «Саяси өліара дәуірін» бастан кешірді. Осы аралықта қазақтың диалектісіз бір тұтас тілін қалыптастыруға қазақ халқының озық ойлы жыраулары қаһрамандық, діни, тарихи, салт-дәстүр, аңыз-әпсана, ғашықтық тағы басқа бағыттарда жыр-дастандарды молынан жырлап қазақтың кең байтақ жерін ән мен күйге бөледі. Қисса-дастандар ауыздан-ауызға қазақ халқын ауыз әдебиеті арқылы ортақ тілге біріктірді. Екінші жағынан осы аралықта Абай Құнанбайұлы жазба әдебиетке бет бұрып Физули, Шәмси, Сейқали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Хафиз, Дауани сынды шығыстың әйгілі ақындары мен «Қабуснама» сияқты даналық кітаптарды оқып қазақтың ауыз әдебиетінің жанынан жаңа бет ашты. Сондықтан Абай шығармаларының тілі екі топқа бөлінді. Бірі – қазақы ортада қазақ жыраулары, отбасындағы ата-анасының таза қазақ тілін бойына сіңірді. Ол оның өлеңдерінде көрініс тапқан тіл. Оған «Сегіз аяқ» сынды өлең жолдары айғақ. Онда:
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған-
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл.
Екіншісі – шығыстың жазба әдебиетінің философиялық дүниетанымын негізге алып жазған «Қырық бес сөзі» оның қырық бес философиялық трактаты іспеттес. Сол себепті қара сөздері ортағасырлық шағатай түркі тіліне жатады. Онда парсы-араб сөздері молынан бар. Осылай XIX ғасыр аясында аталған өзге тілдерінің сөздері қазақ тіліне енді. Бірақ бұл процесс ұзаққа созылмады. Өйткені алаш әдебиетшілер мен қаламгерлері кейін қазақтың кеңестік дәуірдегі тіл ғалымдары парсы-араб сөздерін қазақыландырды немесе қазақ сөзінің түбірінен жаңа сөздер тудырып тіл тазалығын қамтамасыз етті. Тіл тазалығының дәстүрі қазіргі заманда да жалғасып жатыр. Бұл үрдіс Иранда 1925 жылынан Реза шаһ таққа отырған кезде жүзеге асты. Олар парсы тілін түркі сөздерінен тазартып, араб сөздерін барынша айтылуын парсыландырды. Ал Түркияда Ата Түрік басқарған 1923 жылынан бастап бұрынғы «Османлы түрік тілін» көптеген араб-парсы сөздерінен арылтты. Міне түркі тілінің тарихи даму процессіндегі қазақ тіліне енген араб-парсы сөздері кірме сөздер ретінде Нұртас Оңдасыновтың парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі мен арабша-қазақша түсіндірме сөздігіне ғылыми түрде анық мысалдармен талқыланып енген. Сондықтан қазақ тіліне енген парсы-араб сөздері тіліміздің даму барысында қай мөлшерде орнын сақтай білді? Қандай өзгеріске түсті? Қандай мөлшерде қолданыстан шықты? Тағы басқа сұрақтарға жауап іздегенімізде Нұртас сөздігі негізгі зерттеу құралы болып қала бермек. Фердинанд Юсти парсының ежелгі дәуір тіліне, Кашғари түркі тіліне жасаған игі қызметтерін Нұртас Дәндібайұлы қазақ тіліне жасады.
И.А. Жеменей,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Филология ғылымдарының
докторы, профессор