ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫНА БИЛІК НЕГЕ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАЙДЫ?
2023 ж. 22 мамыр
2078
1
Ұлттық әдебиет пен мәдениеттің, қазақ өнері мен әдеп-ғұрпының, озық салт-дәстүрінің тамыры тым тереңде жатқаны белгілі. Ғасырлар бойы дамып, атадан балаға мирас болып, ұрпақ жалғастығымен бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Қазақтың әдебиеті мен өнері жұмыр жер бетін мекендеген көптеген ұлтардан озық тұрғанын мақтанышпен айта аламыз. Әдебиет пен өнер әрбір ұлттың сан ғасырлық тарихы, рухани өмірінің өлшемі. Ал рухани деңгейі төмен елдің болашағы бұлыңғыр, оның соңы құндылықтарынан жұрдай болып, ұлттық болмысын біржолата жоғалтатыны да ақиқат. Ұлтымыздың айтыс, ән, би, күй, театр, сурет сияқты көптеген өнерінен кейін өмірімізге кенжелеп келген киноның бүгінгі күні алар орны ерекше. Өкінішке орай, соңғы кезде кино саласындағы кейбір келеңсіздіктер көпшілікті алаңдатып отыр...
Кенжелеп келді дегеніміз болмаса кино өнері елімізде бір кездері қарқынды дамығаны есімізде. Әсіресе өткен ғасырдың 60-80 жылдары әдебиеттің ғана емес, кино саласының да «алтын ғасыры» болды десек қателеспейміз. Бұл кезеңде қоғамдық қарым-қатынастар, әлеуметтік мәселелер, жеке кейіпкер психологиясы сияқты терең мазмұнды құбылыстар көркем шығарма тақырыбына айналды. Осы жылдары кино өнері мен ұлттық әдебиет арасындағы байланыстар артып, экранға тарихи, жаңа заман тақырыптары және эпостық шығармалар «Қилы кезең», «Атамекен», «Қыз-Жібек», «Менің атым Қожа», «Тұлпардың ізі», «Гаухартас», «Тақиялы періште» сияқты көптеген кинотуындылар келді. Шәкен Айманов, Сұлтан Ходжиков, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Шәріп Бейсембаев секілді бір топ талантты кинорежиссерлер қазақ киносының дамуына үлкен үлес қосты.
Осы саланың білікті мамандары мен киносыншылардың және көзіқарақты көрермендердің айтуынша өткен ғасырда қарыштап дамыған қазақ киносы мен бүгінгі жағдайды салыстыруға келмейді. Қазір сол кездегідей жұртты сүйсіндіретін сүбелі туындылар өте сирек кездеседі. Көрермендерге ұсынылып жүрген бігінгі кинолар жеңіл-желпі, арзан күлкіге негізделген туындылар болып келеді. Ол кинолардан көрермен эстетикалық, жоғары идеялық тәрбие ала алмайды. Ал шын мәнінде, кино да идеологиялық, тәрбиелік сипаты бар қуатты құрал болып табылады. Сондықтан өнердің бұл түріне үлкен мән бергеніміз жөн.
Олай болса, бүгінгі техника мен технология дамыған заманда қазақ киносы неге өткен ғасырдағы биігіне қанаты қайырылған құстай көтеріле алмай отыр деген сұрақ туады. Оның бір себебін киногерлердің соңғы кездегі жанайқайынан көруге болады. Оқырмандарымызға түсінікті болу үшін оқиғаны басынан бастайық. Даудың басы 2023 жылы наурызда «Ұлттық Киноны Қолдау Мемлекеттік Орталығы» өткізген киножобаларды іріктеу конкурсы көптеген заңбұзушылықтармен өткізгендігінен басталған.
Ұлттық киноны қолдау орталығы осы жылғы мемлекеттік қаржылық қолдауға үміткер ретінде келіп түскен 283 жобаның 153-ін конкурстық іріктеуге қатыстырмай тастаған. Бұл Орталыққа келіп түскен киножобалардың 60 пайызына жуығы деген сөз. Байқаудан шеттелген жүздеген жобалар қатарында былтыр Сарапшылар кеңесі «Ең үздік сценарий» деп жоғары бағалаған режиссер Азамат Шарғынның «Шырмауық» фильмі де бар. Тағы бір айта кетерлігі осы байқаудың сыртында қалған фильмдердің басым бөлігі қазақ тіліндегі жобалар.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бұл қазақ киносына жасаған қиянат пен әділетсіз әрекетіне шыдамаған бір топ киногерлер жоғары жаққа арызды қарша боратты. Киногерлер қауымы «Тәуелсіз комиссия құру арқылы конкурстағы заңбұзушылықтарды тексеру» туралы талап қойып, оны хат түрінде ҚР Президенті Қ. Тоқаевқа, ҚР Премьер-министріне, Президент Әкімшілігіне, Мәдениет және Спорт Министрлігіне жіберіп, арнайы бейнеүндеу де жолдады. Онда Кино орталығы ҚР үш бірдей - «Бәсекелестік туралы», «Кино туралы» және «Тіл туралы» заңдарды өрескел бұзғандары айтылған. Орталықтың жауапты қызметкерлері жауапсыздық танытып, іріктеу бойынша ешқандай хаттама толтырмаған. Уақытында тапсырылған және тіркеу журналда тіркелген жобаның иесіне «сіздердің жобаңыз қабылдау мерзімінен кеш түсті» деп жалған жауап беріп отырған. Киногерлердің айтуынша бұл Орталықта бірде-бір кино саласының маманы жоқ. Киноөндірісте кәсіби біліктілігі жоқ мамандар жұмыс істейтіні секілді тағы да бірқатар кемшіліктер көрсетіп берді.
Бірақ осы уаққа дейін «Еститін Үкімет» киногерлер талабын назардан тыс қалдырумен келеді. Әділін айту керек, жоғары орындардан тек қана ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары ғана қолдау көрсетіп, киногерлер мәселесін шешуді талап етіп шұғыл түрде вице-премьер А.Көлгіновке, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Ораловқа «Ақ жол» фракциясынан Қазыбек Иса, Азат Перуашев, Дания Еспаева, Ерлан Барлыбаев, Ержан Бейсенбаев, Асқар Садықов, «Аманат» фракциясынан Мақсат Толықбай,
ҚХП фракциясы мүшесі Ирина Смирнова депутаттық сауалын жолдады. «Ұлттық киноның тағдырын кімдерге тапсырып отырмыз?!» атты депутаттық сауалды белгілі ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса жариялады. «Дау әділ шешілмесе, Ұлттық киноны қолдау орталығы Ұлттық киноны қорлау орталығына айналып кете бере ме?» - деген сұрақты төтесінен қойды үкіметке. Қоғамда наразылық тудырған осы мәселеге қатысты Мәжіліс депутаттары үкіметтен тәуелсіз комиссия құрып, Орталық өткізген іріктеу нәтижесі бойынша тексеріс жүргізуді, келешекте мұндай келеңсіз жағдай болмас үшін, конкурсқа іріктеудің біркелкі ашық жүйесі жасауды талап етті.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «Ұлттық киноның тағдырын кімдерге тапсырып отырмыз?!» атты депутаттық сауалы қоғамдағы үлкен талқылауға ұласып, көпшілік өз пікірлерін әлі де білдіруде.
Бүкіл қоғам құлақтанған бұл оқиға осыған жауапты, орын алған кемшілікті түзетуге тиісті Мәдениет және Спорт Министірлігі мен «ҰКҚМО» басшылығына қатысы жоқ секілді. Аталған мәселені шешуге мүлде құлықсыз. Бұл немқұрайлылыққа амалы таусылып, ашынған киногерлер 12 мамырда Алматы қаласында «Алматы» қонақ үйінің алдында, Шәкен Айманов ескерткішінің жанына бейбіт митингке шықты.
Олар ешқандай саяси тақырыпты қозғамай, тек қана ұлттық киноны қолдау үшін жарияланған байқаудың қорытындысымен келіспейтінін мәлімдеді наразылық акциясында. Кинорежиссерлер комиссия байқау кезінде тамыр-таныс, бұрыннан бергі серіктестеріне басымдық бергені, алалау кесірінен құнды еңбектер шет қалғанын айтты. Байқаудың алдын ала қорытындысын жарамсыз етіп, мәдениет министрімен кездесуді және ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының басшылығын отставкаға жіберіп, байқауды ашық-әділ өткізуді талап етті. Әкімдік өкілі шаранык заңсыздығын айтқасын тараған кинорежиссерлерді 16 мамырда сол митингте көзге түскенкендерді жауапқа тарта бастады. Ардагер Сантыбаев, Ерлан Төлеутай, Адай Әбелдинов, Нұргелді Садығұлов, Елзат Ескендір, Әрібибек Дәули, Ғали Мырзашев, Азамат Шарғын, Жансерік Шонаұлы сияқты белсенді азаматтарға әкімшілік іс негізінде бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды деп, түрлі көлемде айыппұл салды. Айыппұлдың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асады. Сөйтіп бейбіт шеруге тиым салынбайды деген заңымыз тағы да айдалада қалды.
Қазақ тілді киноның болашағы құрдымға кетіп бара жатқанына дабыл қағып, алаңдаған киногерлер 17 мамыр Алматыда арнайы баспасөз жиынын өткізді. Баспасөз мәслихатына Қазақстан анимациялық студиялар қауымдастығы» ЗТБ Президенті Адай Әбелдинов, режиссерлер Рүстем Əбдірашев, Ғали Мырзашев, Азамат Шарғын, Нұргелді Садығұлов, продюсерлер, Ардагер Сантыбаев, Жансерік Шонаұлы, әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай және басқа да кино өнерінің майталмандары, бірқатар теларналар мен мерзімдік басылымдар журналистері, қала тұрғындары қатысты. «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев осы баспасөз мәслихатына келіп өз пікірін білдіреді деген үміт ақталмады, төбе көрсетпеді.
Баспасөз мәслихатында сөйлегендер ҰКҚМО орталығы құрылған 2019 жылдан бастап, бүкіл қызметі тек дау-жанжалдармен жалғасып келгенін, өйткені əлеуметтік-маңызды жобаларды əділетті, обьективті жағдайда таңдап алудың орнына, көбіне киножобаларды іріктеу «бармақ басты, көз қысты» тəсілімен формалды түрде өтетін айтты. Киногерлердің сайып келгендегі ортақ талабы мынандай болды:
1. «Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы» АҚ-ның жұмысына жан-жақты, ашық жəне обьективті қызметтік тергеу-тексеру жүргізілсін, ол үшін Мəдениет жəне спорт министрілігі, депутаттық корпус, тəуелсіз заңгерлерден Тәуелсіз комиссия құрылып, қосымша наразы топ өкілдерінен бақылаушылар бекітілсін;
2. Сарапшылар кеңесінің жұмысы Тəуелсіз комиссияның қорытындысы шыққанға дейін тоқтатылсын;
3. Тəуелсіз комиссия мен бақылаушыларға конкурсқа жіберліген 130 өтініш пен өтпей қалған 153 киножоба өтінімдерін қайта қарап, тексеріп шығу құзіреті берілсін;
4. Заңбұзұшылықтар мен келеңсіздіктер анықталған жағдайда ҰКҚМ орталығының басшылығы мен жауапты қызметкерлеріне қатысты заңды құқықтық шаралар қолданылып, жауапқа тартылсын!
Талап орынды, оны бүкіл қоғам қолдайды! Ал үкіметтің кино өнерінің болашағына бей-жай қарауы жақсылықтың нышаны емес. Өнерді өшіру – ұлтты өлтіру екенін біздің билік қашан түсінеді екен?..
Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні