АҚ ПЕРІШТЕДЕЙ АБДОЛЛА АҒАМ

АҚ ПЕРІШТЕДЕЙ АБДОЛЛА АҒАМ

Режиссер А.Қарсақбаев туралы сыр 

Менің киноға келген кезім сонау 1965 жылы болатын. Оны енді кинодағы өзіміздің шешеміздей болып кеткен Сара Жорабаева апамыз жақсы біледі. Біз сонау ауылдан қалаға келіп, ауыл өнерпаздарының қорытынды концертін қойып жатқанбыз. Оны біз қазіргі Панфилов бағының ішіндегі Шіркеу маңындағы жазғы эстрада сахнасында жүргізгенбіз. Сара апамыз мені сол жерден ұстап алып, бірден киностудияға апарған. Барған бойда мені бір қолы шолақ адаммен таныстырды. Сөйтсем, ол – үлкен режиссеріміздің бірі Мәжит Бегалин екен. О кісінің түсіріп жатқан «Тұлпардың ізімен» деген фильміндегі Танабай деген кісінің ролін маған қолайлаған сыңайы бар. Мен ол кезде ауылдық жерде мектепте сабақ берем. Ондағы біздің ұстаздық мәдениетіміз бөлек болатын. Ал, мына жердегі елдің қарым-қатынасы сырттан келген маған тіптен тосын боп көрінді. Өйткені, бұлар өздерінің үлкен-кішісіне қарамай, сен деп сөйлеседі екен. Мұндай дөрекі қарым-қатынас маған онша ұнаған жоқ. Сосын «Қой, бүйтіп киноға түскенімше, түспегенімнің өзі артық» деп ішімнен өз ойымды өзім түйдім де, жұрт көзінен тасаланыңқырап, сыртқа шығып кеттім. Бірден автовокзалға барып, «Жаркентім, қайдасың?» деп тайып тұрдым. Ол кезде мен училищенің бірін бітірген бойда, сол жердегі бір мектепке орналасып қалғанмын. Содан 1966 жылдан бастап оған қосымша бокспен де шұғылданып, бірсыпыра баланы жаттықтырып жүрген де жайым бар еді. Оның үстіне домбыра оркестрін де басқарам. Ол аз болғандай духовой оркестірді де қосып алғам. Сол аспаптарда жақсы ойнайтындығымнан болар, бар тізгіңді маған беріп қойған. Жалпы талабым жаман емес. Сол оркестрлермен және жеке ән салатын өнерпаздарымызбен біз де айналамызға таныла бастағанбыз. Жоғарыдағы жағдай сондай сапардың бірінде болған еді. Сонымен қойшы, әйтеуір, бір құтылуын құтылып кеттім ғой. Екінші тұтылуымның жәй-жапсары былай болды. Бір күні менің өнерпаз жігіттерімді бір жаққа алып кетіпті. Бұлар қайда кетті екен деп өз-өзімнен таңырқап жүргенімде, олардың өздері хабар бергізгені. Сөйтсем, оларды киноға түсіруге алып кеткен екен. Сол жақта жүріп, өңкей жас балалар емес пе, өзара төбелесіп қалады. Басқа кісілердің анау-мынау ақылына олар тоқтамайды. Сосын бірсыпырасын милиция алып кетеді. Дәл осы кезде бұларға көмек керек болады. Ол көмекті тек ұстазы ғана жасай алады деп, мұндағы мені шақыртады.

Сонымен не керек, мен сол кино түсіріліп жатқан алаңнан бір-ақ шықтым. Менің шәкіртгерімнің бәрі де шеттерінен сен тұр, мен атайын разрядниктер болатын. Мені мұнда алып келген солардың шатағы ғой. Содан көліктен түсуім мұң екен, қарсы алдымнан баяғы Сара Жорабаева апамыз шығып тұр. Ол кісі жәй тұрмай: 

– Ә, сен бе едің. Оралып келіп, қолыма өзің түстің бе? Өткенде қашып, мені отырғызып кетіп едің. Енді бәлем, айрылмаспын, – деп қарап тұр. 

Қысқасы, мен барысымен шәкірттерімнің де көңілдері тынып, қамалғаңдарын босатып, ол жағдай жөніне түсіп жүре берді. Енді мені жаңағы Сара апамыздың шаруасы кідіртті. Бұл жолғы ол кісінің таныстырам деген режиссері Абдолла Қарсақбаев ағамыз екен. Мен ол кісіні әлі көрген жоқпын. Бірақ қазір келеді деп күтуде екен. Көп ұзамай о кісі де келді, келген бойда Сара апамыз таныстырып үлгерді. Өзі басындағы шашын тықырлап қырғызып тастаған қараторы, көзі баданадай жарқ-жұрқ еткен ботаның көзіндей екен. Менің көзіме алыстан келе жатқанда жан-жағын жайпап келе жатқан батырдай елестеді. Ішімнен «өзің барып тұрған тентектердің бірі боларсың» деп түйгем. Өзім де сондай тентектің бірі едім. Оның үстіне адам танып қалған кезім. Содан амандастық. Ол кезде жиырма бестегі кезім. Сара апамыз: «Мына тентек – балалардың жетекшісі» деп жатыр. Бірақ оған онша мән қойған ол жоқ, иегінің астымен жарайды деді де өте шықты. Сара апай ол жерде бірақ менің ән айтып, түрлі музыка аспаптарында ойнайтындығым, жалпы өнерге жақындығым жайлы ауыз ашқан жоқ. Кешке қарай елдің бәрі әлденеге абыр-сабыр, бір нәрсеге дайындалып жатқандай болды. Бұл дайындықтың үстінде ешқандай да түсірілім болған жоқ, жайбарақат мамыражай жағдай. Кейін барып түсіндім, бұл Құрманбек Жандарбеков ағамыздың туған күні екен. Барша ел соған дайындалып жатқан көрінеді. О кезде әр адамды сыйлау, оның үстіне, жасы үлкен адамды сыйлау ел арасында ерекше болатын. Әсіресе, осы Абдолла ағамыздың фильм түсірердегі әдеті, сол күннен бастап үлкен кісілерді қалдырмай жинап алып, оларға ерекше құрмет жасап және олардың батасын алып отыратындығы әдетке айналып кеткен сынды. Шамасы, олар бір күн болса да Алматыдай қаланың тымырсық ауасынан былай сыртқа шығып, аяқ-қолдарын жазып, бір демалып қалсын дейтін болу керек.

Содан кеш болды. Арамызда бір Өрік дейтін шал болатын. Ол кісіні ел солай атап кеткен сияқты. Сол кісінің Самат деген баласы бар екен. Мені соған тапсырып қойған. Өзі сол кезде суретшілер дайындайтын училищеде оқитын болып шықты. Оның да демалысқа шыққан кезі және мені де жалғызсырамасын деген сияқты.

Сонымен не керек, кешке той басталды. Онда мен атақты ағаларымызды түстеп білмейтін кезім. Сол жерде мен Қанабек, Құрманбек, Бәйділдә және тағы басқа ағаларымды көрдім. Сол жолы олардан кейінгі толқын Матан, Әнуар, Ыдырыс ағаларды да көріп, көңілім бір тасыды дейсің. Екі көзім төрде отырған ұлы шалдардың әрбір қимыл-әрекетінде, әрбір сөйлеген сөзінде болды. Көп ұзамай ән шырқала бастады. Біраздан кейін Сара апай орта жолдан киіп кетіп, мені меңзеп: 

– Ау, ағайындар, ауылдан келген мына жігіттің де біраз өнері бар. Бір қос ауылдың алты ауызын да тындайық, – деуі мұң екен, кезекті бірден маған берді.

Оған дейін де арқам қозып, өзім де осыны тілеп отырғанмын. Қолыма домбыра тиген бетте бойымдағы, ойымдағы бар өнерімді салып, даусым да ашық шығып, әйда, бір құмардан шыққанша сілтейін. 

Өзімнің де қан сорпам шықты. Екпінмен талай жерге барсам керек. Жан-жағымдағы ел сілтідей тынып қапты. Әудем жерден мен де бір сәт тыныстадым. Бар ықылас-ниетім – төрдегі төре шалдарда. Бір кезде олар да риза болғандай, бір-біріне «сен айт, жоқ сен айтқа» салып отыр екен. Бір кезде Қанекең: 

– Әй, Абдолла! – деді көңілі әлде бір нәрсеге риза болғандай. – Сен осы актер іздеп жүрмін дедің бе? – деді де, иегімен мені меңзеп: «Мына баладан артық саған қандай актер керек!» – деген кезде, бұл жақтан Абдолла ағамыз да: 

– Қанеке, өзім де соны байқап отырмын, – деп даусы саңқ ете қалды.

Сонымен қойшы, әйтеуір, маған таң атқанша ән шырқатты. Ертеңіне мені той бітісімен, түсірілім алаңына алып кетті. Барғаннан соң кенет Абдолла ағам маған қарап: 

– Сен осы атқа міне аласың ба? – деп сұрады. Мен оған: 

– Мен атыңызды жайдақ та, жүгенсіз де міне беретін адаммын, – дедім.

– Қандай ат болса да ма? 

– Қандай атыңыз болса да! 

Кенет анадай жерде бір көк буырыл ат тұр екен, соны меңзеп: 

– Мынаған да міне аласың ба? — дейді. 

Сол замат әлгі атқа арт жағынан қарғып міндім. Айнала ел шулап кетті: 

– Ей, мынау қайтеді-ай, мынау қайтеді-ай!..

Атқа отырған бойда омырауының оң-солынан алақаныммен бір-бір соғып едім. Жүген-ноқтасыз ат жайдақ тұрған орнынан тыпыр етпей тұрып қалды. Үстіне кімнің мінгенін ат та сезеді ғой. Абдолла ағамыз да менің мына қылығыма риза болғандай: 

– Түс аттан, білдік жайыңды. Шашыңды тықырлап алып тастаймыз, — деп сол күні шашымды тып-тықыр қылып алып тастады. 

Раиса Михайловна деген гримерші шашымды алып тұрып, бар ақылын айтып жатыр: 

– Жақсылап ойна. Осындай бақытты сәттен айрылып қалма. Мұндай сәттілік өте сирек кездеседі. Бұл кинода Қапан деген кедей кісі бар екен. Осы құлдың ролін жақсылап, жарқыратып шығарсаң бағыңның жанғаны, – деп қояды. Бұл «Қилы кезең» фильмі екен. Ондағы Қапан кедейдің ролінде, жайдақ атқа мініп, ағызып келіп, қызылдардың өкілі Ыдырыс пен Женя Поповтарға Жүністердің шекарадан өтіп кетуге жақын қалғандығын және оны сол кезде тап бастырмай ұстауға болатындығын да ескертіп, көз ілеспестей жылдамдықпен келіп хабарлап, қайта кететін көрінісі бар екен. 

Оның үстіне ол кедей жай жүрмейді, әртүрлі қылжақ әндерді шырқап жүреді екен. Женя Поповтың өзі қалың қазақтардың ішінде өскен, сондай инабатты да аяулы жан еді. Менің мына рөлді ойдағыдай ойнағаныма елдің бәрі риза. Оны мен қас-қабақтарынан байқап жүрмін. Кенет біреу келіп, сені ана үйдегі шалдар тез жетсін деп жатыр дейді. Мен де ішімнен: «Бұларға не жазып қалып едім», – деп екі ойлы күйде барып, сәлем бердім. Ол бұйрық беріп отырған шалдар Қанабек, Құрманбек бастаған үлкендер екен. Абдолла ағамыз оларға өз алдына ақбоз үй тігіп, жағдайын жасап қойыпты. Сол үйге басымды сұғып кірген бойда Құрекең: 

– Өй, шешеңді ұрайын, сен бүгін не бүлдіріп жүрсің, – дегені. Оған мен не дейін. Үн-түнсіз тұрып қалдым. Сонымды байқаған олар да бір кезде жадырап, өзара қауқылдасып: 

– Бері кел, мына жерге отырып, бізбен бірге шәй іш. Жаңа естіп отырмыз. Өзіңе тиісті рөліңді тамаша орындапсың. Енді осы бетіңнен танба! Алғашқы қадамың құтты болсын! Мұны біздің берген батамыз деп ұғын. Мына мен Құрманбек Жандарбековпін, – деп әр сөзін шегелеп айтып шықты. 

Біраз уақыттан соң сырттан Бәкең келді. Бәйділдә Қалтаев, ол кісі де өз аддына жатқан сөздің патшасы екен. 

– Мына кісі Бәйділдә Қалтаев деген ағаң, – деп Құрекең ол кісіні де таныстырып үлгерді. Сөйтсем, өздері жүз грамдатып отыр екен. Бір кезде сөзін тағы маған қарата: 

– Өзің ішуге қалай едің? – деп еді, мен: 

– Жоқ, оған әуестігім жоқ, – дедім. Құрекең маған қулана бір қарап:

– Жарайды онда, бізді соған сенді деп ойла да, жүре бер, – деп бір жымиды.

Сонымен атақты өнер тарландарынан алған осы батаммен сыртқа шықтым. Сол екі ортада Әбекең маған тағы бір көріністі дайындап қойыпты. Дереу қасына шақырып алып, сен осы кеше көптеген ән шырқадың ғой, өзің күлдіргі ән білесің бе? – деді. 

– Иә, білем! – дедім де: «Сары май жақсы сатуға, Сары ат жақсы сатуға, бәрінен де қыз жақсы, құшақтасып жатуға!» – дедім Кенен атамыздың ырғағымен. Маған сүйсіне қарап: 

– Жақсы екен, – деп бір күліп алды. Мұны кешке Нұрғисага айтып ақылдасармыз, – деді. Кешке қарай келген Нұрекең де бұл әнге құлап түсіпті. Сонымен бұл ән де қосымша түсіретін көріністің сәні болып, сценарийге еніп кетті. Нұрағаң да тыңдаған бойда: 

– Міне, міне, нағыз тура келген дүние болды. Нағыз тілегенге сұраған –деп, сәл кідіріп: 

– Әй, сен әлгі бүкіл елді шулатып жүрген, қалқан құлақ сарымысың? –дегені. Мен де өзімше қысылып: – Елдің не деп шулап жүргенін қайдан білейін, – дедім. 

Жаңағы күлдіргі әнмен өзімді-өзім жұбатып келе жатқаным да сәтті шығыпты. Қысқасы, менің бұл киноға келуім, «Қазақфильмге» үлкен жаңалық болыпты. Киноға түсіп жатқаныма да бір жетідей болған. Соларды министрге көрсетіп отыратын заңдылығы бар екен. Ол кезде комитеттің басшысы Федулин деген кісі екен. Сөзге тартушы: 

– Кино қай жерде түсіріліп жатыр еді?

Фильм Жаркенттің сырт жағындағы Сарыбел деген жерде түсіріліп жатқан. Жоғарғыдай түсірілген материалды Федулин, Горшков, Камал Смайылов ағаларымыз қайта-қайта көрген. Сонымен жаңағы үш мықты менің ойыныма қатты риза болыпты. Алдымен Камал ағамыз: 

– Мына бала нағыз актер болайын деп тұр екен? – дейді ғой баяғы. 

Ондағы Камекеңнің ойы аналардың не пиғылда екендігін білу екен. Содан Федулин: 

– Камал Сейітжанович, осы баланы Алматыға алып келу керек. Соның бір ыңғайын табыңдар, – деп ортаға ой тастайды. Оған Михаил Кузьмич косылып:

Бұл баланы толығымен өз қолыма алайын, – депті. Сонымен ол әңгіме біткен.

Сөйтіп, ең бірінші мені Алматыға алдыртуға қозғау салған Камал ағамыз екен де, аналар оны қолдаған. Сонымен бұл кино да түсіріліп бітті. Олар сол бойда өзінің Алматысына кетті. Ал мен болсам, жұртта қалған бұралқы иттей, өзіме орын таба алмай, қаңғып қалғандай болдым. Сол біраз күннің ішінде киношылардың әміріне әбден үйренісіп кетіппін. Қит етсе, сіркем су көтермей, шатақ шығаратын болдым. Бұрынғы әп-әдемі қалыптасып келе жатқан өмірімнің быт-шыты шықты. Оның ашуын төбелестен қайтаратын болдым. «Жаркентте кім төбелесіп жатыр?», «Нұржұман». «Кімді-кім сабап кетіпті?», «Нұржұман сабап кетіпті». 

Қысқасы, кішкентай Жаркентте не төбелес, шатақ болса, Нұржұманның аты сол маңайдан шығып жатты. Тегі, өзімді қоярға жер таба алмасам керек.

Бір күні менің атыма Алматыға шақыртқан жеделхат та жетті. Бұған не істеймін. Мектеп басшылары сөз жоқ бұған жібермейді. Сосын мен тікелей аудан басшыларына бардым. Онда біздің ауданның бірінші хатшысы Сапиев деген кісі. Бүкірова деген апайымыз – екінші хатшы. Олардың ойында ештеңе жоқ, барып кел деп рұқсат берді. Одан мектеп басшыларына келсем, бұлар да аудан басшылары рұқсат бергеннен кейін өздерінше барып кел деп жатыр ғой. Бірақ менің мойнымда екі бірдей оркестр үйірмесі бар, оған бокс секциясын қосқанда қаншама шаруа басшысыз қалатынын сезінбейді. Олардың ойынша, мен барам да қайтатын сияқтымын. Бірақ менің біржола кетіп бара жатқанымды қайсысы білсін.

Сонымен Алматыға да келдім. Камал ағаның алдына да кірдім. Амандық-саулықтан кейін, ағамызға: 

– Аға мен, шынымды айтсам, ана жақта тұра алатын емеспін. Сіздердің жұмыстарыңызға әбден бауыр басып кетіппін. Енді не істейсіздер? – дедім. Ол кісі: 

– Алдымен, мына дыбыстауыңды бітір де аулыңа қайта бер. Кейін қайта шақыртып аламыз, – деген соң, ниеті түзу екендігін біліп, шаруамды бітіріп, елге оралдым. Барғаннан кейін осы мән-жайды жергілікті басшыларға айтып көрсем, олар бет бақтырар емес. Өйткені, онда мен, болашағынан үлкен үміт күттірер жас ұстазбын. Оның үстіне мектеп қабырғасында жүріп спектакль қоямын, екі бірдей (домбыра және үрмелі аспаптар) оркестрім тағы бар. «Аудан көлемінде бізге мұндай маман өте қажет. Жоқ біз сені жібере алмаймыз», – деп қарап түр. Сөйтіп жүргенде, Камал ағаның екінші жеделхаты келді. Бірақ оған ауылдағылар селт ететін емес. Сондықтан әй-шәйға қарамай, Алматы қайдасың деп, қолымда –жеделхат, тартып бердім. Мен әйелім Шолпанға сен оқуыңды оқи бер, ол жақтағы шаруамды бітірісімен сені алып кетем дегенмін. Ол кезде тұңғыш ұлымыз тағы бар.

Алматыға келсем, Камал аға, Федулин және тағы басқа басшылар түгелімен Москвада өтетін жиналысқа кетіпті. Мен олардың орнын сипап қалдым. Білетіндер маған киностудияның директорының орынбасары –Тоқыл Бейбітовке жолығыңыз, – деді. Ол кісіге барып едім: «Сені шақырса, Камал шақырған шығар, мен шақырған жоқпын», – деп жауап қатты. – Егер баратын жерің болмаса, ішке кірер жердегі бөлмеге олар келгенше жата тұр, – деді. Сонымен төрт-бес күн сол жерді паналадым. Бірақ одан нәтиже шықпады. Содан кейін өзімше күн көрейін деп темір жол вокзалына барып, сол жерде жуынып-шайынып жатып жүрдім. Ол жерде де үш-төрт күндей түнедім. Ол жерден мені милициялар байқап қойып қуып шықты. Қонатын жерім жоқ, сандалып жүргенімде бір күні «Мемлекетгік қуыршақ театрына актерлер қабылдайды» деген хабарландыруға көзім түсіп, неде болса, барып, бағымды сынайын деп бел будым. Театрда Тұршабай деген жетекші, Зәркешова деген директор және режиссер Әбдірахман Әсімжанов деген кісілер бар екен. Сынағынан өте қалайын десем мұздай лимонад ішкеннен бе, даусым шықпай, тапсырмасын орындай алмадым. Оның үстіне түрім де түр емес, көшенің қаңғыбасы сияқтымын, сақалым өсіп кеткен. Әсімжанов менің осы түрімнен шошып:

– Жоқ, мынадай көшенің бандитінен ештеңе шықпайды, – деп қабылдамай қойды. Вокзалға келіп, әрі ойланып, бері ойланып, баяғыда осы Алматыға әкеммен (ол кезде әкем қызметте еді) бірге бір апамыздың үйінде болып едік, енді мен сол үйді іздемек болдым. Шамамен осы вокзалдың сырт жағындағы сексеуіл баздан онша қашық емес болатын. Кішкентай шабаданымды алып, солай қарай тарттым. Сол жолы бізді сонау Көксу ауданының бірінші хатшысы болған Мырзабеков деген кісі осындағы иппадромға апарып қайтқан болатын. Сондағы тоқтаған үйіміздің иесі маған жезде боп келетін. Сол үйді іздеп келем. Ол кезде менің бір көрген жерімді ұмытпайтын кезім. Жобалап жүріп таптым-ау, әйтеуір. Арада жиырма жылдай уақыт өткен еді және ол кезде мен бар болғаны бес-алты жаста-ақ едім. Тауып, есікті қағып едім, бір мосқалдау ер адам қақпаны ашты. Бірақ ол мені танымады. Қалай танысын, қазір мен зіңгіттей жігіт болғанмын. Маған таңырқай қарап: 

– Кімнің баласысың? – деді. Мен оған іле: 

– Байжұманның баласымын, — дедім. Есіне түсіре алмады. Осы кезде аржағынан бір әйел адам: 

– Қай Байжұманның? – дегені. Мен де жалма-жан: 

– ЬІқтымбайдың Байжұманының баласымын, – деп едім. Жаңағы апайымыз бар жұмысын тастай салып: 

– Ойбай, қарашығым-ау, жалғызым-ау! – деп айналып-толғанып жатыр. 

Сөйтсем, апамыз бізге тым жақын, аталас болып келетін, менің әкемнің қарындасы екен. Тіпті, одан да жақын ба, қалай? Мені көрген бойда: 

– Алтыным-ау, қайдан жүрсің? – деп бетімнен сүйіп жатыр. Жездем де бізге жиен болып келетін туысқанымыз екен. Бетіме қарап: 

– Мына түріңе жол болсын. Қайдан жүрсің? – деп жатыр. Мен де өз жағдайымды айтып, сөз аяғын «біреуде кегім кетті» деп аяқтадым. 

– Кімде шырағым-ау? – деді.

Мен: 

– Қуыршақ театрында, – деймін. 

Сонымен жайлы орнымды тауып алып, моншаға түсіп, сақал-мұртымды қырып, өзімді-өзім ретке келтіріп, баяғы қуыршақ театрына қайта барайын.

Бұл жолы даусым саңқылдап түр. Олар еріксіз қабылдайтындай болды. Тіпті, әлгі Әсімжанов мені таныған да жоқ. Ол кісі баяғы Жантықты алғаш рет тамаша ойнаған кісі ғой.

Сөйтіп мені қабылдады. Екі айдан кейін, мен оларға өздерінің қабылдамай жібергенін айттым. Олар: 

– Ондайдың қайсыбірі есте қала береді дейсің? – деп сөз аяғын қалжыңға айналдырып жіберді де, қоя салды. Сонымен алты айдай қуыршақ театрының белді актері болып жүрдім.

Ал, әлгі шақыртып жіберген жеделхат қайда?

Кейін олар да келді. Бірақ мен мыналарға бекітіліп қойған соң ол жағына шығу маған ұят және бұлар мені тіркеуге тұрғызып, пәтер де алып беретін болды. Оның үстіне Тұршабай ағамызбен ағайынды бауырдай болып кеттік. Олардың ықыласын белден басу маған өте қиын болды және ол кезде адамгершілік, әдептілік, ізеттілік деген бар дегендей.

Ол кезде қазіргідей емес, кім ақша көп берсе, ойланбастан ауысып жүре беретін. Алты айдан кейін олар, яғни киностудия, мені қайта іздей бастапты. Мұнда мен бес-алты спектакльдің белді актері боп танылып қалған кезім. Сонда да болса бір соғып кетейінші деп барсам, тағы да алдымнан Абдолла ағамның шыққаны. «Балалық шаққа саяхат» атты фильмді түсіргелі жатыр екен. Соған тап келдім-ау деймін. Басты рольдегі Сағатбек деген азаматгың байқауына қатысып, өттім де кеттім. Өткеннен кейін мені тағы Камал ағамыз шақырып жатыр деген соң, барсам, әй-шәй жоқ маған: 

– Әй, сен қуыршақ театрыңды қой! Мына киноға қыруар қаражат төлеп отырмыз. Оның орнына өзіңе төлегеніміз дұрыс қой. Сондықтан бізге қайтып кел. Бәріміз де келдік. Тіркеу керек болса, оныңды да жасаймыз. Үй мәселесі болса, олардан біздің беделіміз биіктеу. Сондықтан сөзді қой, қайта орал, болашағың жаман болмайды, – деді. Мен ол кісіге: 

– Бірден кетіп қалғаным ыңғайсыз болар. Олармен ең болмаса бір рет жол сапарға шығып келейін, содан кейін көрейін, – деп кеттім.

Сонымен қойшы, ақыр соңында баяғы қызықты, дүрмекті киностудияма қайта оралдым. Кімге дейсіз ғой? Тағы да адамды жақсылық жолына жетелейтін ақ періштедей Абдолла ағамның фильміне, нақтылай айтсам, «Балалық шаққа саяхатқа». Бұл жолы да Камал ағаң шақырып жатыр деген соң, бардым. Маған теріс қарап отырған адамды меңзеп, сен мына кісімен бірге түсесің деп қарап отыр. Атақты Нұрмұхан Жантөрин аға екен. 

Сөйтіп, біз Нұрмұхан аға екеуміз 1968 жылы алғашқы киностудияның қызметкері болып штатқа алындық. Бізден кейін де бірсыпыра адамдар келді, бірақ олардың көбі актерлікті, яғни Бабочкиннің курсын бітіріп келгендер болатын.

Мен «Балалық шаққа саяхатқа» түскеннен кейін, құдайым жолымды оңғарайын деді ме, тағы да Камал ағаң шақырып жатыр деген хабар естідім де, іздеп барсам, ағамыз бір үлкен жиынды басқарып отыр екен. Мен ішімнен не бүлдіріп қойдым деп қуыстана кірдім. Төрде ол кісімен бірге Ғабит Мүсірепов, Шәкен Айманов тағы да басқа мықты ағаларымыз отыр екен. Кәмекең мені көре сала: 

– Әй, сені Мәскеудегі әйелің іздеп жатыр ғой, – демесі бар ма! Мен шошып кеттім. «Мәскеуде қаңғырып жүрген қайдағы әйел» – деймін. Сөйтсем, «Московская жена» деген фильмді Эдуард Бочорев деген режиссер жігіт түсіріп жатыр екен. Сондағы бригадир боп ойнайтын өзі қазақ, жас жігіттің роліне мені бекітіп қойыпты. Мені қайдан біліп жүр десем, «Қилы кезеңдегі» ойынымды көріп, сыртымнан бекіткен екен. Сонымен не керек, Мәскеуден бір-ақ шықтым. Рөлді ойдағыдай ойнап шыққаннан кейін, оны көрген Ресейдің, Мәскеудің, оның ішінде Свердловскінің режиссерлері «құда түсіп», қолдан қолға көшіп жүре бердім. Свердловск кинофильмінен кейін көршіміз қырғыздардың режиссерлері де қолқа салып, Төлемішевпен, Болат Шәмиевтермен таныстым.

Мұның бәрінің бастамасы сонау Абдолла ағамыздың «Қилы кезеңіндегі» Қанабек, Құрманбек ағаларымыздың батасымен биікке шырқағандығым өзіме аян. Содан да болар, өз басым қайда жүрсем де, қандай жағдайда болайын, Абдолла ағамды пірім деуден жалыққан емеспін. Алыс жолдан үйіме оралған сайын Абдолла ағама қоңырау шалып хабарласып қоймасам, көңілім әсте көншіген емес. Әр хабарласқан сайын өзім түскен кинолардың мән-жайын, қалай ойнағанымды тәптіштеп, өзінің тоқ етер ойын айтып, менің көлеңкелі жақтарымның көкжиегін кеңітіп, сәулелі нұрын төгіп отыратын. Егер мен рөлдегі жайымды немесе сол киноны түсіріп жатқан топ жайынд онша ашыла алмасам,сұрауын тоқтата салып: 

– Жарайды, ол кино жөнінде кейін көргеннен соң әңгімелесе жатармыз, – дейтін.

Ол кісіні мен қаншалықты жақсы корсем, ол да мені үнемі ойында ұстап жүретіндей көрінетін. Шындығында да, сондай еді. Егер менің бір сәт қолым босап қалса, о кісі мені дереу шақырып алып, ақылын айтып отыратын. Өзі кино түсіріп жатса, ол жерде мен ойнайтын роль болмаса да, әйтеуір, соның бір жеріне қыстырып бағатын. Мысалы, «Біздің Ғанидағы» Қисық дегеннің көрінісі немесе «Бандыны қуған Хамиттан» да сондай рольді тауып ойнатқан болатын.

Кейде үйге келіп, біраз хабарласпай қалсам, ағамыз дереу қоңырау шалып: 

– Әй, не істеп жатырсың? – дейтін.

Мен: 

– Демалып жатырмын! – десем: 

– Демалдырам мен сені! Белің бесіктен шықпай жатып мұның демалғышын! Тез мұнда жет. Менің қасымда жүр. Рөлде ойнаушылардың іс-қимылдарына назар салып жүр, – деп, үнемі қасынан қалдырмайтын, әрі: 

– Сен ешқашан да түсіріліп жатқан киноның маңынан ұзап кетпе, тосырқап қаласың. Бұл да өзінше киелі өнер. Өзіңнің әрқашан да түлеп жүргеніңді қалайды. Егер сен үйде демалам деп біраз күн жатып қалсаң, оның саған онша пайдасы тимейтіндігіне мен кепіл, – дейтін. Болмаған күнде «мына сценарийді оқы, қай жерде не жетіспейді, соны ертең дұрыс болсын, бұрыс болсын айтып бер. Болмаса түсіріліп жатқан жерге назар сал, бір тұсына оқиғаны ажарландыра түсетін сәт керек болса, соны дереу маған айтып отырй, – дейтін. 

Сөйтсем, мұның бәрі мені шыңдау екен ғой. Қасиетіңнен айналайын, қара шал. Сол киноның үстінде оны басқа жаққа шақырып кетсе, әрқашан да өзімнің дайын тұрғанымды байқаймын. Түк те қиналмай, ойнақтап ойнап шығам. Сонда Әбекең өзі белді рөл бермесе де фильм ақсамасын дейді екен ғой жарықтық. Сөйтіп, көзінен ешуақытга таса қылмай жүретін ағамыздың өз өмірі де үнемі арпалыспен өтті ғой.

Өзі жалпақ шешейлікті, жағымпаздықты иттің етінен жек көретін. Қай кезде де, қандай жағдайда да қаймықпай тура сөйлейтін.

Бірде «Қилы кезең» фильмінің жаңа оқылымын бітіріп шыққанбыз. Лелюх, Алтынбек Кенжеев, мен, Абдолла ағам бәріміз машинаға отырып, үйді-үйімізге тарадық. Ол кісіні өз үйінің тұсына әкеп түсіргенімізде машина есігін жаппай, маған қарап: 

– Әй, сен қалсаңшы. Екеуміз біраз таза ауа жүтып, қыдырыстайық, – деп өтініш жасаған. Оған мен: 

– Аға, бүгін шаршадық қой, ертең де күн бар, жолығармыз, – деп көнбей кетіп едім. Бұл жұма күні болатын. Ертеңіне кешке қарай Клара жеңгеміз ағаң жоқ қой деп қоңырау шалды. Содан іздестіре бастадық. Ағамыз сол түні дүниеден қайтыпты.

Бұл кісінің тағы бір қасиеттілігі ғой. Амангелді батырдың ескерткішіне тағзым еткендей, еңкейіп барып жүріп кетіпті. Өзінің де өмірі толған ерлік еді ғой. Қайтейік, қайран өмір солай өшіпті.

Казір менде мынадай ишара бар. Әрбір киноға түсер алдында, осы Абдолла, Нұрмұхан, Кененбай, Ыдырыс ағаларымыздың әруақтарына сиынып алам, соны сезе ме, олардың да әруағы кезекпе-кезек елес беріп отырады. Ал Әбекеңнің жөні бөлек қой. Қазақ кино өнерінде ол кісі теңдесі жоқ асқар тау еді, күш-қуаты бойынан кетпеген жанар тау десе де болғандай. Өйткені, ол үнемі бұрқырап, қайнап жүретін. Үнемі атылуға дайындалып жатқандай, өз ісіне келгенде аз уақытгың ішінде бұрқыратып тастайтын. Ал, балалармен жұмыс істеудегі бұл кісінің шеберлігіне ешкім де жете алмайтын. Оған Мәскеудің немесе шет елдердің режиссерлерінің ешқайсысы да пара-пар келе алмайтын. Өзі сол балалармен ойнап жүріп, сыртындағы операторларға «байқатпай түсіре беріндер» деп белгі беріп отыратын. Қазіргі әлгі жасырын түсірілімдер бар ғой, соның алғашқы соқпағын салған да осы Абдолла ағам ғой деймін. Өйткені, сыртынан білдірмей түсіруді бастаған осы кісі болатын. Ойнап жүрген балалардың тосын түсірілімдерінің шынайылығында сөз жоқ. Кейін монтажға салғанда тіпті керемет шығатынын қайтерсің! Нағыз табиғи ойынның өзі болып шыға келеді. Бізді, мына – Болат Қалымбетов, Досхан Жолжақсынов, Әшір Шоқыбаев, Гүлнәр Досматова сияқты талай өнер жүйріктерін киноға әкелген Абдолла ағамыз бен Сара Жорабаева апамыз болатын. Бұлар – тірлігінің өзінде, өздеріне-өздері үлкен ескерткіш салған жандар, музыка саласында Нұрғиса Тілендиев, суретші Ыдырыс Қарсақбаев сияқты өнер тарландарын алғаш рет киноға әкелген де осы Абдолла ағамыз еді. Сөзді тереңнен тартатын Сауытбек Жұмаділов пен Киізбаевалардың айтуынша, адамның тұла бойындағы бар қабілетін сылып алып, сүлдесін қалдыратын мұндай режиссер жоқ дейтіндей. Ендігі жерде бұ кісінің ісіне жақындайтын Қанымбек Қасымбековтер. Сондай-ақ Сатыбалды Нарымбетов, Болат Қалымбетов пен Рүстем Әбдірашевтердің өзіндік үлкен жолы бар. Шындығында, Әбекеңдер ұмытылуға тиісті емес. Құдайға шүкір, соңынан еретін жастар баршылық. Бұ кісі соларға үлкен мектеп боп қалды ғой.

Мен «Бірінші атты әскер» деген фильмдегі Городовикте Ахаев деген генералды ойнап жүргем. Ол «Төртінші атты әскерді» басқарған, ал Буденный «Бірінші атты әскерді» басқарған. Бұл фильмді Мосфильм түсіріп жатқан болатын. Сонда Женя Жариков пен Жиреновтермен бірге жатып, бірге жүретінбіз. Сондай күндердің бірінде Евгений Жариков маған: 

– Нурик, мен саған бір қызық көрсетейін бе? – демесі бар ма. Ол кезде Абдолла ағамыздың көзі жоқ. Мен оған: 

– Немене көрсетесің? – дедім. Ол: 

– Алдымен Мәскеуге барайық. Сол жақта бір-екі күн демалып қайтайық. Және сол қызықты да сонда көрсетем.  

– Онда кеттік!..

Барғаннан кейін ол: 

– ВГИК-ке де соға кетейік. Ондағы шәкірттеріммен де жолыға кетейін. Жүр, – деді. 

Мен де оған көніп, бірге бардым. Барған бойда алдын ала бізге көрсетуге көрсеткіш құрал ретінде бір фильмнен көрініс дайындап қойыпты. Содан кинокөріністі бастап жіберсін. Бірден көзіме оттай басылды. Өзіміздің Абдолла ағамыздың «Қилы кезеңінен» көріністер. Әсіресе, Жүністі ойнайтын Ахмет Шәмиев пен Ыдырыс ағамыздың көрінісі. Ондағы Ахметтің арғы бетке өтіп, асықпай дәрет алып, қолын жуып тазаланып алғаннан кейін барып, бас киім мен қылышты қолымен ұстағанын және оны Ыдырысқа апарып беруін кинодағы көрнекі құрал ретінде пайдаланатынын көрдім. Бұл не деген керемет десеңші!

Мұны көрген менің қуанышымда шек жоқ. Бүкіл әруақ бір сәт сол жерге жиналғандай болды. Маған керемет әсер етті. Сосын мен оған: 

– Рахмет! Сені Абдолла ағамның әруағы әрқашан да қолдап жүрсін, мұны сенен басқалар да көрсете ме? – дедім. Ол: 

– Жоқ, олар қайта менен өтіне сұрайды. Мен бермеймін. Бірде, тіпті, Андрей Кончаловскийдің өзі де сұраған. Мұны көрген Мәскеудегі әртістер мен режиссерлер бұл кісі жайында: «Ол кісіден ұрпақ бар ма? Ол қайда? Ол кісінің атында көше бар ма? Мектеп бар ма?» – деп көп сұрайды. Мен оларға: «Ол кісінің атында бәрі бар, ол кісіні ешкім ұмытқан жоқ», – деп жауап бердім. Ол кісіні басқа ұлттың өкілдері де қатты бағалайды екен.

Сол кездегі Абдолла ағамыздың кемеңгерлігі мен көрегендігіне қараңыз! Ол биікке өрмелеп бара жатқан Тоқтар да емес, Ыдырыс та емес, ол өрмелеп бара жатқан қазақ халқы еді. Сол қалпымызбен, міне, бүгінгі таңда өз бостандығымызға жеттік. Осы жайды ағамыз күні бұрын айтып кеткен. Кинода небір көріністер бар еді ғой, көбін алып тастағанның өзінде қаншамасы қалған. О, сұмдық-ай, қандай биікке құлаш сермеген. Тіпті, «Балалық шаққа саяхатта» да адамдардың бірін-бірі итермелеп, алға ұмтылған жайлары қаншама. Туған жерін қимаған жандардың да иін тірескен қимылдары нені меңзейтінін енді түсінгендей болдым. Түбінде біздер туған жерге қайта ораламыз дегені екен ғой. Андрей Кончаловскийлер де сонысы үшін қатты құрметтейді екен. Жалпы, актерлердің ішінде Нұрмұхан Жантөрин мен Қасым Жәкібаев, режиссерлердің ішінде Абдолла ағамыз бен Асқар Тоқпановтар өте білімді жандар еді ғой.

Ал, Абдолланың жеке басы атаққа, лауазымға онша құмар емес еді, мақтанға да жоқ болатын. Осыған орай бір айтарым, «Канн» кинофестивалінен ұзынқұлақтан естуімізше, «Үздік режиссер» атағын алған сыңайлы және оны екі жылға Әбекеңе тапсырмай, екі жылдан кейін барып, анық алғанын өзіне хабарлаған кезде, біз қазір ағамыз бұлардың көкесін танытар деп бір шатақ күткенбіз, бірақ ағамыз ешқандай да ашу-ызасыз жауап бергеніне таң қалдық. Сондағы ағамыздың жауабы мынадай болыпты: «Мен өз халқымды әлемдегі ең үздік халық деп есептеймін, сол үздік халықтың ұл-қыздары үздік шығармалар туындатпауы мүмкін емес. Көп болса мен де соның бірі шығармын. Ең алдымен қазағым аман болсын!» – деп қарапайым жауап беріпті де, жайбарақат қалпы жүре беріпті деп естідік.

Басқа түк те айтпай, өз өмірінде ештеңе болмағандай қоңыр қалып танытып, өзінің күнделікті күйбең тірлігімен жүре беріпті. Бұл не деген сабырлылық, бұл не деген қарапайымдылық, кемеңгерлікдесеңші! Біздің Әбекең, менің өміріме тікелей байланысты. Өнердегі әкемдей сыйлайтын Әбекең осындай жан еді, қайтейік?!

Тағы бір қуанышты хабар. Бір күні үйде зерігіп отырып, теледидарды қосып қалсам, «Соңғы жапырақ» деген бір кино жүріп жатыр екен. Өзі орыс тілінде. Бар ықыласымды аударып бара жатыр. Ойнайтындар – Қасым Жәкібаев ағамыз бен бір қыз екен. Сол киноның түсірілуі маған қатты әсер етті. Артынан білдім, Әбекенің жалғыз ұлы – Тоқтардың жүмысы екен. Ішім әжептәуір жылып қалды. «Орнында бар оңалар» деген осы екен ғой деп мәз болдым. Ұрпақ жалғастығы деген осы болар деп өзімнен-өзім масаттанып, Әбекеңдей ұстаз әкемді тағы да көз алдымнан бір өткіздім. Бұл менің сағынышым да болар. Өмір деген осы екен ғой.

Нұржұман Ықтымбаев, 

Қазақстанның Халық артисі, СССР Мемлекеттік сыйлығының, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің бас жүлдегері.