Қожеке күйімен жүздесу

Қожеке күйімен жүздесу

Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында Жетісудың дүлдүл күйшісі, әрі батыры Қожеке Назарұлының туғанына 200 жыл толуына орай «Күй –тағдыр» атты әдеби-музыкалық жүздесу өтті. Жүздесуге өнер мен тарих саласының ғалымдары мен мамандар және игілікті іс-шараны ұйымдастырушысы Алматы Ұлттық медициналық колледжінің ұжымы мен студенттері қатысты. Белгілі ғалым Сағатбек Медеубекұлы мұндай әдеби-музыкалық жүздесу бұрын сонды өтпегені және оны атақты күйші Қожеке Назарұлына арналғанына тоқталды. Өзі батыр, әрі күйші күні бүгінге дейін халыққа танылмай келуін патшалық Ресейдің Жетісу жерін отарлау саясатына қарсы болғандығы үшін қудалауға түсіп, одан кейін Шығыс Түркістан жеріне кетуіне себеп болған деді. Қожеке өз заманында екі жүзден астам күй шығарғандығына тоқталып, өмірі де қиын болғандығын әңгімеледі. Күйшінің өмірі әділеттілік үшін күреске толы болған. Сол үшін түрмеге қамалып, азапты өмір кешкен. Түрме жендеттері арқасына тас көмірдің шоғын басып қинаған. Сонда да қиындыққа шыдап, қолынан домбырасын тастамай өмірден өткендігін баяндаса, Қожеке Назарұлының күйшілік шеберлігін жөнінде Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан Құрманғазы мен Дәулеткерейге, Тәттімбет пен Қазанқапқа және Динаға теңеп, солардың қатарынан орын алатын күйші деп бағасын берді. Алдағы уақытта осы күнге дейін насихатталмай келген күйшінің мектебін ашып, күйлерін нотаға түсіру жұмыстарын қолуға алу керектігіне ниетін білдірді. Сонымен қатар «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағұлы та өз ойын айтып, күйші туралы кітап жазу Қожекені тануда үлкен рөл атқаратын тілге тиек етті.

Жүздесудің бағдарламасы бойынша ел арасында Қожекенің күйін орындап, насихаттап жүрген домбырашылар – Мәлік Тілеуберді мен Дәулет Әділхан «Күй бастар», Талап Қараш «Тас көмір шоғына қарылу», «Айдауда», Бақытхан Жұмақадырұлы «Зар», «Сайрам көл», Талғат Оразаев «Мұңлық-Зарлық», «Арман», Ержан Жәмкенкеев «Қоштасу», Ботагөз Дүнгенбаева «Сарбарпы бұлбұл», А.Құдайбергенов «Көкмойнақ», Айбар Албан Қапездің әні «Меркі», Сәдіқожаның әні «Сары бидай», Нұрданқожа Сұлтанқожаұлы «Әкеме», «Құл пенде», Мұхит Мәкенұлы «Қамбархан», Тасқын Әлімбай «Түрмедегі қинау», Құрманғали Тілеміс «Раушан», Мақсат Сауатай «Шалқайма», Рысбүбі Әмзебек «Көктөбет» деген күйлерді орындап, көпшілікті риза етті. 

АҰК коледжінің студенті Елхан Жандос Құрманғазының «Балбырауын», Алуа Бауыржанқызы Көдек Байшығанның «Ал дариға» мен «Жетісу-Қарқара» әнін шырқады. Концерттік бағдарламада өткен әдеби-музыкалық жүздесуді ұйымдастырушы Алматы Ұлттық медицина колледжінің директоры Тасболат Иембергенов: 

– Қожеке Назарұлының дүниеге келгеніне 200 жыл толуына орай өткізіліп отырған мәдени шараның алғашқы бастамасын біз бастап беріп отырмыз. Біздің студенттер ұлттық өнерді қашанда дәріптейді. Оның ішінде күй өнері ерекше. Домбыра сазы адамның жан дүниесін емдеп ғана қоймайды, кез келген адамның бойына рух беретін, денсаулыққа шипалығы барын өнер. Атақты күйшінің күйшілік, батырлық қырлары алдағы уақытта өз жалғасын табары сөз. Қожеке қазақтың ұлы күйшілер қатарына алдағы уақытта орын аларына сөзсіз, – деп қорытылып, кездесуге келгендерге зор ризалығын білдірді. Жүздесуге Қожекенің шөбересі Тілеуберді Шұғайұлы бастаған туысқандары қатысып, керемет өткендеріне алғыстарын айтса, күйшінің жиендері де өз өнерлерін көрсетті.     

 Жексен Сағымбекұлы, 

Қазақ үні