БАЯҒЫ СЕРІЛЕРДІҢ САРҚЫТЫНДАЙ

БАЯҒЫ СЕРІЛЕРДІҢ САРҚЫТЫНДАЙ

Кәукен Кенжетайұлы туралы сыр

Ғайни КЕНЖЕТАЕВА:

Әкеміз армансыз өмір сүрді

Қазақ киносының корифейі, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық әртісі Кәукен Кенжетаевтың дүниеден озғанына он бес жыл өткен екен. Бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен дара талант иесінің кіші қызы Ғайни әке шаңырағының түтінін түтетіп қалған еді.

Саналы ғұмырын ұлттық өнерімізге арнап, артына өлмейтұғын мұра қалдырған ұлы тұлғаның атын ұлықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – бүгінгілердің парызы. 

Кезінде Кәукен Кенжетаевпен сұхбаттасуға әр келгенімізде, дара талант иесі межелі уақытта үнемі терезеден қарап тұратын... Сосын «келдің бе, бері жүр, нөмірді бас» деп жол көрсетіп, ерекше ықыласпен есікті өзі ашатын. Арасында айналып-толғанып, қалжыңдап та алатын. Ол кісінің жүзінен экраннан көп сомдаған әке образын көретінмін. Жаныма оттай ыстық әкелік мейірім менмұндалайтын...

Бұл жолы қос қызы Ғайни мен Баян қарсы алды. Ол кісілердің «жоғары өтіңіз» деген ілтипатын ести сала, іздеген жоғым алдымнан шығатындай, басқа жаққа мойын бұрмай, өнер иесінің жұмыс бөлмесіне бет алдым.

Барлығы қаз-қалпында. Ештеңе өзгермеген. Тек қара домбырасы мен аңыз адамның өзі жоқ...

Мен алғашқы сауалды бөлмедегі өзгерістен бастадым...

***

Әкем көзі тірісінде бірқатар қолжазбаларын Орталық мемлекеттік мұрағатқа өз қолымен өткізді. Кейіннен Орталық мұражайдан арнайы бөлім ашылып, кейбір заттарын сұрап алды. Туған жері Павлодардағы мұражайға домбырасын, суреттерін, кітаптарын тапсырдық. Өзі жақсы көретін бөркін күйеубаласы Асанәлі Әшімовке тәбәрікке бердік. Қалған дүниелері үйде тұр. Өзі керекті де, керек еместі де жинай беретін адамдардың қатарынан емес еді. Ұқыптылықты, жинақылықты ұнататын. Бөлмесі, өзіңіз көріп отырғандай, сол баяғы қалпында. Артық ештеңе жоқ. Өзі бардағыдай, өзгеріссіз қалдырдық. 

Төсегі басқа бөлмеде тұр. Бұл үйде қазір мен тұрып жатырмын. Үлкен әпкем Баянның үйі жоғары қабатта. Әкем бала кезімізден «бір-біріңмен тату болыңдар, ұрыс-керістен аулақ, бауырмал болыңдар» дейтін. Сол өсиеті әлі күнге жанымызға азық болып келе жатыр. 

«Дұрыс білім алып, жұмыс істеп, өмірден өз орындарыңды табыңдар» деген сөзді жастайымыздан құлағымызға құйып өсірді. Жиен немересі Әселге де үнемі осылай айтатын. Құдайға шүкір, кыздарының бойжетіп, ел қатарына қосылғанын өз көзімен көріп кетті.  


Әкем адамдарды алаламайтын


Бала күнімізде әкем біздің сабағымызға қатал қарайтын. «Дұрыс оқу керек» деп талап ететін. Қалған уақытта өте мейірімді, көңілді. Әзілқой болатын. Анамыз Шабал Бейсекова екеуі елу жылға жуық отасты. Алтын тойларын атап өтеміз деп жүргенде, анамыз қайтыс болды. Әкем қатты уайымдап, жабырқап қалды. Бірақ бордай езілмеді. Он жыл жалғыз өмір сүрді. Қайтадан бас құрау туралы ойланып та көрген жоқ. Үйдің тірегі, арқасүйер панамызға айналды. 

Кішкентай кезімізден тағы бір есімде қалғаны, анам екеуі өте тату еді. Анамыз сабырлы, ақылды кісі-тін. «Әкелерің жаңа қойылымға дайындалып жатыр» деп бізді тыпыр еткізбейтін. Әкем болса, әзілқой, көңілді жүруге тырысатын. Ешқашан екеуінің бір-біріне қабақ шытып, дауыс көтергенін естімеппіз. Жақсы түсіністі. Үйден қонақ арылмайтын. Берісі Мәскеу, арысы шетелдік актерлерге дейін біздің үйден дәм татқан еді...

Әкемнің тағы бір қасиеті, адамдардың барлығына бірдей қарайтын. Үлкен-кіші, бала-шаға, бай-кедей деп бөліп жармайтын. Есік алдына шықса, ойнап жүрген көршілердің балалары қасына жиналып, айналшықтап жүретін. Соларға әлденені айтып, ұзақ-сонар әңгімелесетін. Көршілер де қатты құрметтейтін. Көпшілік ортада, халықпен бірге болғанды жақсы көретін. 

Кейінгі жылдары достарының біразы қайтыс болып кетті. Тоқсан жасқа екінің бірі жетпейтіні түсінікті ғой, бірақ соған кәдімгідей жалғызсырап жүрді...

Тор көйлегін тастамайтын

Бір қызығы, әкем заманауи дүниелерді қабылдай бермейтін. Біздің көріп отырған фильмдерімізге қарап, әсіресе, етек-жеңі қысқалау қыздар мен атыс-шабысқа жағасын ұстап, «не деген сұмдық, көрмеңдер!..» деп ұрсатын. Содан кейін шырттай болып киінгенді аса жақтырмайтын. Торкөз көйлегін үстінен тастамайтын. Бір жаққа барар кезде: «Папа, ел не айтады, қыздары қарамайды екен деп ойлайды ғой. Ең болмаса, біз үшін тасташы үстіңдегіні» деп жалынатынбыз. 

Еркіндікті жақсы көретін. Киген киімінің ыңғайлы болуын қалайтын. Бірде Павлодардың әкімі әкемді құттықтап келетін болды. Біз тағы да көйлегін ауыстырып, ақ көйлек, галстук тағып отыруын өтіндік. Сөйтсек, «маған осы да жарай береді» дейді. Ол кісіні айтқанымызға көндіру мүмкін емес-тін. Үйдегі немесе газет-журналдарға шыққан қай суретін алсаңыз да, көбіне сол көйлекті байқауға болады. 

Сол жолы керекуліктер әкемнің иығына шапан әкеліп жапты. Жерлестері тарту еткен сыйлық болғаннан кейін, сол шапанды үйде үстінен тастамайтын. Алайда 9 мамыр – Жеңіс күнін ерекше жақсы көргендіктен, Олжабай Темірханов, Хамит Бегалин сынды майдандас достарымен бірге костюмін киіп, ордендерін тағып, кеудесін тік ұстап, алаңға шығатын. Бізге әркез «өздеріңнен ештеңе аямаңдар. Қалағандарыңды алыңдар, киіңдер, ішіп- жеңдер» дейтін. Үйге бір дүние алғымыз келсе, еш қарсы болмайтын. «Маған ақша неменеге керек» деп бар еңбекақысын қолымызға ұстататын. Ал зейнетақысын немересіне беретін. Әселді қатты жақсы көрді, оның болашағын көп ойлайтын...

Жастарды жинап, театр ашқысы келетін

Ол кісі жасы тоқсаннан асса да қатты ауырып, төсек тартып жатқан емес. Бірақ соңғы бір жылда дауысы шықпай, біраз әуреге салды. Әнші адам емес пе, дауысының қарлығып қалғанына қатты қиналды. Оған өкпенің қабынуы қосылды. Өкпеге тиген суық бірте-бірте қатерлі ісікке айналып, ақыры алып тынды. Оның үстіне жасы келген адамға операция жасау да тиімсіз болатын. Соған қарамастан, таяққа сүйеніп, шақырған жерден қалмайтын. Қайда барса да немересі Әсел бірге еріп жүретін...

Екі-ақ күн ауырды. Ауа жетпей, біраз қиналды. Мүмкін, жүрегі де шыдамаған болар. Үйде жағдайы болмаған соң жедел жәрдем шақырғанбыз. 

«Жансақтау» бөлімінде бір күн жатып, ертеңіне палатаға шығарған. Аурухананы жек көретіндіктен, таң атқан соң үйге шығарып аламыз деп күткенбіз. Бірақ түн ішінде соңғы демі үзілді. Дауысы шықпағандықтан, қоштасарда ештеңе айта алмады. Әйтеуір, қасында болып, ақтық сапарға абыроймен шығарып салдық...

Қазір әкеміз түскен фильмдердің барлығын ескі ленталарды дискке көшіріп, жаңартып қойдық. Сағынғанда көріп, мауқымызды басамыз. 

Жылдығына қарсы зиратына ескерткіш орнаттық. Тасын Павлодардан әкелді. Анамыз екеуі Кеңсайда қатар жатыр. Армансыз өмір сүрді. Кейде «талантты жастарды жинап, музыкалық драматеатр ашсам» дейтін... 

Біз музыкаға жақын болғанымызбен, актерлік жағынан ешқайсысымыз әке жолын қуғанымыз жоқ. Бірақ әкеміздің атын ардақтап, сағынып өтетініміз анық... 

Әңгімелескен

Қаншайым МӘУЛЕНҚЫЗЫ, 

журналист


Ұстазымның жолын қудым


Ұлы ұстазым Кәукен Кенжетайұлын еске алсам, өзімнің балалык шағымнан өнерге деген құштарлығым, арманым, ол актер болу еді. Өнер инемен құдық қазғандай, ана сүтімен еніп, қаныңда туламаса, өнер қасиетінің қонуында екіталай дер едім.

Менің сол алғашқы актерлік өнерім қазақтың Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының музыкалық-драма киноактерлік бөліміне 1994 жылы оқуға түстім. 

Сол қабылданған күннен-ақ менің бағым өнер қасиетінің тарланы мен үшін алғашқы да ең соңғы ұстазым Кәукен Кенжетайұлы еді. Менің ұстазым ғана болып қоймай, әкемдей болып еді. Әрбір әзілмен айтқан нақыл сөздері, көзінің тірісінде сол кісіден алған сабақтарым кейін ұстазымның жолын қууға ықпал етті. 

Өмірге деген шыншылдықты, уақытты қадірлеу, ол мен үшін ұстазыма деген шексіз парызым деп түсінемін. Қазірге аумалы-төкпелі заманда, өнердің қадір-қасиетінің парқына жетуім – ол тағы да қасиетті ұстазымнан алған өнегем. Ол кісі өнерге қиянат жасаушы болмаңдар деп жиі айтушы еді, Өнер бабалардан сан ғасырлар бойы қаймағы бұзылмай ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ халқына әдебиет пен мәдениетіне деген аманат.

Жылдар жылжыған сайын көз алдыма ол кісінің бейнесі өмірден өзі өтсе де, жылдар мен жаңарып жаңа бір киноның өзгеше образда сомдалып айқындала басталған секілді. Қазақ киносының маңдайына біткен ерекше тұлға, біртуар әнші-актер ретінде, әр қайсысы мен үшін бір төбе.

Төрт жыл бойы баяғы сал-серілердің сарқытындай асыл ағамыздың жеке класынан білім алып, бойындағы қасиеттерін өз бойыма сіңіре алдым деп ойлаймын.

Шыңғысхан Албанбаев, 

шәкірті

Айтар алғысым зор


1977 жылы жаз айында Алматы эстрада және цирк студиясына Арқа мектебінің жезтаңдай әншісі Қайрат Байбосыновтың класына домбырамен ән салу бөліміне студент болып қабылдандым.

Бір күні домбырамды алып әнге дайындалып отырғанмын. Әлі есімде, «Жонып алды» әнін айтып дауыс көтеретін биік тұсына келіп шырқап жатқанымда, есікті ақырын ашып, біреу тыңдап тұрғанын байқадым. Әнді аяқтап бұрылып қарасам, өзіме жүзі өте таныс мейірімді көздері шуақ шашып, бойшаңдау келген мұртты бір ағамыз жымиып, бір риза болған кейіппен қарап тұр екен. 

– Қызым атың кім? Қай ауылдан боласың? Даусың өте жақсы, диапозоның кең екен, – деп қасыма келіп әкелік сезіммен ілтипат білдірді.

Мен қатты қобалжып, қарап қалыппын. Алдыма аты аңызға айналған талантты опера әншісі, тамаша киноактер, біздің бойжеткен кезімізде тамсанып, таңданып қарайтын, қазақ кино өнерінің ең шоқтығы биік туындыларының бірі «Қыз Жібек» фильмінде Төлегеннің әкесі бейнесін ғажап ойнап, бейнелеп шыққан Кәукен ағамыз тұр еді.

Кәукен аға мені көрген сайын үлкен қамқорлықпен жағдайымды сұрап, творчествома жіті көңіл бөліп тұрды.

Студияны бітіріп, Жамбыл атындағы Мемлекеттік академиялық филормониясына конкурстан өтіп, әнші болып қабылданып қуанып жүрген сәтім еді. Мені арнайы іздеп тапқан Кәукен аға Т.Жүргенов атындағы мемлекеттік сурет, өнер-кино институтында тұңғыш рет музыкалық комедия бөлімінің ашылатынын, он төрт студент қабылданатынын, сен де сол институтқа түсіп оқысаң деген ұсыныс айтты. Таңдап, өте талантты деген жастарды іріктеп жатқанын, Роза Рымбаеваны және студиядан сені, Гүлбаршын Тілеубекова, Әсел Мәмбетованы шақырып жатырмын деді.

Кәукен ағадай асыл ағамыздың шақыруын бірден қабыл алып, емтиханнан сәтті өтіп, музыка бөліміне оқуға түстім. Бұл – 1984 жылдың тамыз айы еді. Сол күннен бастап Кәукен ағамыздай үлкен ұстаздың қамқорлығына алынып он төрт студент ұлы мен қызындай болып, өнер әлеміне ендік.

Кәукен ағаның сөзбен жеткізе алмайтын адамгершілік қасиеттері, профессионалдық дәрежедегі ұстаздық тәжірибесі, мінезінің кеңдігі, қарапайымдығы, тектілігі, имандылығы, өнерге, шәкірттеріне деген адалдығы тағы басқа да жағымды жақтарын айта берсек тауыса алмас едік.

Қазір біраз шәкірттері ел аузында, әсіресе, кейінгі табанын таусыла жүріп, көптеген кеңсенің есігін қаға, басшы азаматтардың алдынан өтіп жүріп құрылған музыкалық комедия бөлімін бітірген біз, шәкірттері кең танымалдыққа ие болдық.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Рымбаева, Қазақстан Республикасының өнер қайраткерлері Әсел Мәмбетова, Гүлбаршын Тілеубекова, Қостанай облыстық театрының әртісі, Қазақстан Республикасының өнер қайраткері Қонысбек Бегайдаров және ортамыздан ерте кетіп қалған Кәукен ағаның туған жері Павлодар облысы Баянауыл жерінің түлегі, Кәукен ағаның ұстаздық жолын жалғастырған біздің аяулы досымыз Жайлау Жабағин, т.б. жалғаса бермек.

Кәукен Кенжетаевтың ұстаздық жолынан басқа Абай атындағы опера және балет театрында көптеген жылдар бойы әнші болып, қазақ өнерінің алтын қорында аты алтын әріппен жазылған әйгілі әнші болғаны көпке мәлім.

Мен Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнер тарланы Кәукен Кенжетайұлының шәкірті ретінде өзімді бақыттымын деп есептеймін.

Осындай асыл тұлғадан дәріс алып, өнер әлеміне келуім мен үшін үлкен мақтаныш.

Майра ИЛЬЯСОВА, 

ҚР еңбек сіңірген артисі


Өнердегі әкем еді


Мен 1979 жылы Алматы қаласының Өнер институтында ең алғаш ашылған «Музыкалық комедия» бөліміне оқуға түскен түлектерінің бірімін. Кәукен ағам мені бірден ұнатып: «Сен болашақта Жамал Омарова, Әмина Өмірзақова, Бикен Римова, Сәбира Майқанова апаларың сияқты үлкен әнші, халыққа танымал әртіс боласың. Сен – комедийная актрисасың, оны анық көріп тұрмын» деп өзінің класына алды.

«Музыкалық комедия» бөліміне он үш адам оқуға түстік. Соның ішінде курсымыздың мақтанышы, қазағымыздың ерке қызы Роза Рымбаева да болды. Кәукен аға сол бірге оқыған курстастарымыздың ішінде мені (дауысым меццо-сопрано), Ренат Месербаевты (драматикалық баритон), Тұрарбек Хайралиевті (тенор) қанатының астына алып, бес жыл бойы бізбен күні-түні жұмыс істеді. Жаңа ашылған бөлімнің ең алғашқы түлектері болғандықтан, бәрімізді ерекше жақсы көретін. 

Класқа кіргеннен бастап Кәукен ағам халық әні «Жиырма бес» пен «Баянауыл» әнін айтатын. Әлі есімде, сол екі өлеңді үлкен сезіммен орындайтын, Кәукен ағаның көздерінен от ұшқындап тұратын, оны айтып жеткізу мүмкін емес, көз алдымнан кетпейді. Қолына домбыра түсе қалса, «Жиырма бесті», фортепианоның қасында тұрса болды «Баянауыл» әнін айта беретін, айта беретін. Біз тыңдаудан шаршамайтынбыз.

Ол кезде біздің сабақ 08.50-де басталатын. Таңертең келгелі, сол түнгі сағат 12.00-ге дейін дайындалып, үйге кетпейтінбіз. 

Курсымызда Кәукен ағаның туған жері Баянауылдан келген жігітіміз Жайлау Жабағин (баритон) бізбен бірге оқыды. Кәукен аға екеуі қосылып, күніне кем дегенде төрт-бес мәрте «Баянауыл» әнін шырқайтын. «Баянның табиғаты қандай! Ауасы, тау-тасы, суы, көлі, құстары, халқы ше!..» деп Кәукен ағам сағынышпен тамсанып айтып отыратын.

Кейін сол Баянауылдың табиғатын да, ауасын да, халқын да өз көзімізбен көрдік. Сол жерде мен де өнердің арқасында киноға түсіп, Кәукен ағамды еске алып, көзімнің жасын бір төгіп алдым.

Бұл жалған өмірде барлығымыз қонақпыз. Курсымыздан өмірден өткен достарымыз, жас болса да ең алғашқы профессор Жайлау Жабағин, Ренат Масербаев. Қандай керемет жігіттер еді! Жатқан жерлері жайлы болсын.

Дипломдық жұмыстарымыз «Баумағым» және Кәукен аға өзі жазған «Алдар көсе» болды. «Алдар көсе» спектаклінде мен Сақау қыздың рөлін, Саңырау қызды – Майра Ильясова, тоқалды – Роза Рымбаева, екі шайтанды Ринат Масербаев пен Ербол Шакеев, ал Алдар көсенің рөлін сомдаған Жайлау Жабағин болатын. Керемет дипломдық жұмыстарымыз еді. 

Әттеген-ай, біздің кезімізде техника, теледидарға түсу, қазіргідей ұялы телефон, интернет мүлдем дамымаған, жоқ кезі еді. Әттеген-ай деп қайта айтам. Ойласам жүрегім сыздап, ауырып қалам. Сол кезде біздің курстың жігіттері мен қыздарын үлкен бір театр етіп алып қалғанда ғой! Әттеген-ай! Арман ....

Бірақ Құдайға шүкір, жаман болған жоқпыз. «Звездный курс» болып қалдық. Әлі күнге дейін солай атайды. Өз басым Мәскеуде өткен Дүниежүзілік XII фестивалінің дипломанты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Тамаша», «Аққу-гәкку» әзіл отауының актрисасы болдым.

Алматыда туып-өстім. Және де бір үйден, яғни Тілеубековтер отбасынан үш қыз болдық: Гүлбаршын, Қаракөз, Ботакөз. Ұстазымыз, өнердегі әкеміз Кәукен Кенжетаевтан дәріс алу – бізге деген Алланың сыйы ғой. Біз мақтанбағанда кім мақтанады? Алла тіл-көзден сақтасын!

Әкем Байжұма, шешем Ақжолтай Кәукен ағаны, Шабал Бейсекованы, Байғали Досымжановты үйге талай қонақ етті. Олар болса өздерінің қалжыңдарымен көңіл көтеріп, таң атқанға дейін ән айтып, әңгіме-дүкен құратын. 

Кәукен ағам біздің жетістіктерімізге балаша қуанып, батасын беріп отыратын. Кәукен ағам – асқар тауым, мәңгі жүрегімде. 

Гүлбаршын Тілеубекова,

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі.


Кездесу 

«Аға, қаншаға келдіңіз?»...

 

Кәукен Кенжетаев – әнші, актер, Қазақ КСР-інің халық әртісі, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі. Оның құлақ құрышын қандырар жұмсақ та жағымды баритон дауысын бәріміз де бірден танимыз.

2006 жылы жұмыс бабымен ағамыздың үйіне соққаным бар. Қасыма бір қызымды әдейі ертіп алғанмын. Бізді суретке түсіріп ал деп тапсырғанмын оған. Кәукен аға тоқсан жасын толтырып, жүзге қарай жүз бұрған кез еді. Соны біле тұра:

– Аға, қаншаға келдіңіз? – деп жорта сұрақ қойдым.

Көздері күлімдеп, бетіме үңіле қарады да:

– Оны не қыласың? – деп өзіме қарсы сұрақ қойды. – Әйтеуір, қыз қарамайды. Дауыс жоқ...

Иә, дауысы қарлығыңқырап қалыпты.

– Дауысты халықтың игілігіне жұмсадыңыз ғой, халыққа бердіңіз ғой ол дауысты, – дедім мен. 

– Рақмет! Рас айтасың, – деп арқамнан қақты ұлы әнші. 

Біздің әңгімеміздің үстіне асай-мүсейлерін арқалап, телевидениеден екі-үш адам кіріп келді үйге. Қарияны шаршатып алмайын деп қоштасып шығып кеттім. Арада екі жылдай уақыт өткен соң Кәукен аға өмірден озып кетті...

Мына сурет сол кезде түсіріліп еді. 

Байбота Қошым-Ноғай, 

Ақын

Арнау

Шәкенмен сырласу


Тағы тұрмын қасыңда,

Көтерші бір сәт басыңды.

Тойлайық бірге қосыла,

Сексенге келген жасыңды.


Көп жыл өтті-ау, жан-аға,

Жалғыз тастап кеткенің.

Азабынан оның да

Жылап-сықтап өткенмін.


Арқа тұтар асқарым,

Жалғыз өзің емес пе ең.

Қиын-ақ сенсіз өмірім,

Өттім талай белестен.


Қайғылы қатер бұл заман,

Өтіп кетті талай шақ.

Одан да қалдым мен аман,

Тірі жүрмін мұным хақ.


Аз емес саған айтарым,

Кеудемде жатыр талай зар.

Қос көзіңдей, қос құлының,

Кетті дүние болып тар.


Арашаға келмей шама,

Өкіндім алып қала алмай.

Айып етпе, жан-аға,

Қалдым тек жылай-жылай.


Ажалға кім тұрар,

Алысқан болдық аянбай.

Қаһарлы қатал сұм ажал,

Алып кетті аямай.


Қалдым өлмей тек әрең,

Қатты батты жаныма.

Қалтақтап көнбей мен келем,

Олардан ұзақ жолымда.


Не көрмейді адамзат,

Басқа салса тәңірім.

Күңіренген көңлім қат,

Өтіп барад өмірім.


Қызығым жалғыз Әселім,

Қуанышым, бақытым.

Көре алмай кеттің оны өзің,

Асығыс болып уақыттың.


Айтар сөзім көп еді,

Несін түңіліп толғанам.

Заман да бүгін өзгерді,

Бұрын-соңды болмаған.


Тұр, көтерші басыңды,

Сырласайық оңаша.

Шәкен, Кәукен егіздей,

Құшақтаса жараса...


Есіңде ме,

Ала кілем үстінде,

Асық ойнап отырып,

Сен домбыра, мен әндете,

Шаттық шашып әлемге.

Риза болып жымиып,

Құшақтаушы-ең иығымнан.

Масайрап бір қалушы-ем,


Иіскегенде мойнымнан.

Алыстаған сол күнім,

Қайта айналып келер ме,

Аңсаған сол күндерім?


Әжімді жүзің, әдемі күлкің,

Көз алдымда тұр бүгін.

Достарыңнан аянбай,

Кең құшағың жаюлы.


Төгуші едің аямай,

Алуан-алуан ойыңды.

Жалғыз мен-ақ білуші-ем,

Айтылмаған сырыңды.


Тек тұршы сен бір сәт,

Айтшы жылы сөзіңді.

Тізеңді құшып сүйсініп,

Аймалап сәби балаша.

Сәби болып алдыңда,

Құшар ем сүйіп тізеңді.

Үйде отырам,

Қоңыр күздің кешінде.


Бұрылмайды көңілім,

Енді міне ешкімге,

Есікті ашып кіріп келер аңқылдап.

сықылдысың құшақ жайып өзіме,

Әлі күнге Шәкен-ау,

Екі көзім қараудан,

Жалықпайды есікке.

Кәукен КЕНЖЕТАЕВ