МЕКТЕП ДЕГЕНІМІЗ – ҰЖЫМДАҒЫ ДӘСТҮР

МЕКТЕП ДЕГЕНІМІЗ – ҰЖЫМДАҒЫ ДӘСТҮР

Бірде өте кездейсоқ жағдайда «Как стать знаменитым журналистом?» деген кітапты көріп қалдық. Мәскеуде шыққан екен. Авторы – профессор Ярослав Скворцов. Қалыңдығы үш елідей оқулыққа қызығып көрсек, мұнда кәнігі журналист болудың қыр-сыры егжей-тегжейлі баяндалған екен. Мәселен, тіпті, сұхбат алып отырған кейіпкеріңе сұрақ қоюдың түрлі тәсілдеріне дейін көрсетіледі. 

Бір сәт мұндай кітап бізде неге жоқ деген ой келеді. Көзге кезіндегі Сейдахмет Бердіқұлов «шапанынан» шыққан мүйіздері қарағайдай танымал қаламгерлер қатары елестеп өтті. Иә, бүгінгі отандық бұқаралық ақпарат құралдары қатарында сол баяғы «Лениншіл жастағыдай» журналистика ұстаханасы бар ма? Жалпы, танымал журналист болудың қағидалары қандай? 

Осы ойлар төңірегінде сонау «ЛЖ» мектебінің өкілдері Сапарбай Парманқұл мен Қали Сәрсенбайдан аз-кем сыр тартуды ұйғардық.

1. «Өзің ойға алған нәрсені жазуға тырыс!» 

– Журналист болу қиынның қиыны деп жатады. Рас та шығар. Әйтсе де көкейде лапылдап тұрған от керек. Сол отты алау күйінде жеткізу үшін әдемі идеяларың андыздап келіп қағазға түскенде шашасына шаң жуытпай жатса, шіркін! Өзгеге ой салу дегенде, ол ой ең алдымен журналистің көкейінде бірінші болып бұрқ-сарқ қайнауы керек. Ыждаһаттылық, ізденімпаздық... Бастысы, қиялмен шарттарапты кезген арманшылдық қажет. 

Қызылордада Смағұл деген мұнайшы досым бар. Тастаяқ ойнағанда мына тас, ана тас ыңғайлы деп көрсетіп жатқанда абдырайсың ғой, сол кезде оның айтары: «Мықты болсаң ешкімді тыңдама!». Сол секілді журналистикаға келдің бе, өзің ойға алған нәрсені жазуға тырыс! Ойларың бұла күйінде буырқанып жатсын. Сонда ғана өзгеше тақырып, бәлкім, ешкімнің жазуына ұқсамайтын дүние оқырманға жол табар. Кейбір тұстарда артық, кейбір тұстарда кем шықса да, сенің мінезің, сенің мәнерің, ең керегі – сенің Өзің! 

Ал шеберлік үрдісі жәйіне келсек, мені журналистикаға әкелген Фариза Оңғарсынова апамыз болды. «Қазақстан пионері» газеті тәрбиеледі. «Лениншіл жаста» шыңдалдық. Редактор Сейдахмет Бердіқұловтың мектебі өз ерекшелігімен ынтықтыратын. 

Мектеп дегеніміз не өзі сонда? Меніңше, ол редакциялық ұжымдағы дәстүр. Сейдахмет аға ертеңгі шығар газетті макеттен көріп тұратын. Сол қасиеті қатты әсер етті. Алғашқы курста жүргенде редакцияға келіп тапсырма аламыз. Сол жылдары жас журналист Мереке Құлкенов ағамыздың өз ісіне ұқыптылығынан көп нәрсені үйренуге талпындық. 

Ал, негізі, шеберлікті ешкім үйретпейді, көріп, танып, қабылдауың арқылы қалыптасады. 

2. «Газет жұмысы – таңғажайып әлем»

– Әр дәуірдің өз артықшылығы бар. Айталық, бұрын стиль деген нәрсе болатын. Баяғыда әр журналисті өз мәнері айқындайтын-ды. Ал кейінде олай емес, бәрі сапырылысып кеткен сияқты. Қазір баяндау басым. Десек те, нақтылық бар. Бірақ сөзді нәрлеп, дәмін келтіріп жеткізе алмау жәйі бүгінгі журналистиканың кемшілігі екені де анық. Ескі кадрлер сөз қадірін, жалпы журналистиканың не екенін жақсы біледі. Алайда олардың жаңа заманғы технологиялық процестерге қатысуы нашар, оны игеруі жағынан бейімі төмендеу секілденеді. Ал жастар керісінше, компьютерді де, нарықтың талабын да, бәрін жақсы игерген. Әйтсе де ең қажетті элемент – Тіл жағынан келгенде осал. Телерадио журналистикасында оқиға орнынан бірден репортаждар беріп, тікелей эфирге шығып кететін жағдайлар жиі кездесіп жатады. Ондайда тілдік норма бұзылмай тұрмайды. Ал бірақ ойдың да, тілдің де әрін келтіріп, асықпай, мәнерлеп дайындайтын шұрайлы дүниелер болады. Міне, жас журналистер, әсіресе, осындайда қай жағынан да биіктен көрінсе деп ойлайсың...

 Шынын айту керек, жалпы тарихымызда техникалық творчество жағынан аздап кенжелеу қалғанымызды мойындау да керек шығар. Міне, осы кемшілігіміз газеттерімізде көрініп қалуы мүмкін. Дегенмен, басылымдарымыз дизайн жағынан әлемдік озық деңгейде біршама дамыды деп санауға болады. 

Бізде, әдетте, фотосуреттерді, заставкаларды беруге, тағысын-тағы безендіру істеріне қарағанда жарияланатын дүниенің мән-мағынасына, мазмұнына көбірек назар аударылады. Бірақ баяғы Сейдахмет Бердіқұлов тұсындағы «Лениншіл жастың» техникалық безендіру ықпалы осы күнге дейін жалғасып келеді десем артық болмас. Өзі, «Лениншіл жасты» қазақ журналистикасының космодромы... ұстаханасы дейді ғой. Көптеген шебер қаламгерлер осы қара шаңырақтан түлеп ұшқан. Ең мықты макетшілердің бәрі де сол жерден шықты. Мысалы, Жанат Елшібек, Жарылғап Бейсембай, Ерғали Сағат... Кейінгі Сапарбай Парманқұл, Ертай Айғалилардың бәрі газет макетін қыздың жиған жүгіндей қылып жасайтын. Бұл көбінесе Сейдағаңның талабына да байланысты болатын. О кісі ең алдымен макетке қарайтын еді. Ұнамаса лақтырып жіберетін... 

Өз басым газеттің қара жұмысынан өттім. Екі жыл «ЛЖ»-да корректор болдым, үш-төрт жыл секретариатта істедім. Одан «Егемен Қазақстан» мен «Жетісу» секретариатының да «қазанында» қайнап-пісуге тура келді. Кейінірек «Өркен» газетінде жауапты хатшы қызметін атқардым. Сондағы бір байқағаным, біздің көпшілік қаламгер бауырларымыз техникалық шығармашылыққа салғырттау қарайтын еді. Кейін «Алматы ақшамы», «Ана тілі» басылымдарында жүргенде осынау жәйтке де мейлінше ұқыпты қарауға тырысатын едік...

Жалпы, жазу дегеніңіз – үлкен өнер. Жазуыңа тастай болуың керек. Әсіресе, газеттің жұмысы керемет шеберлікті қажет ететін жатқан бір ғажайып әлем. Қазір оқырманның талғамы да өте биік. Соның талабынан шыға білуің керек. Журналиске қажетті оперативтілік, білім мен тәжірибенің тереңдігі өз алдына, көпшілік күтетін көшелі сөзді... шындықты, күн сайын болып жатқан жаңалықтарды жоғары кәсіби деңгейде нақпа-нақ жеткізіп отыру да оңай іс емес. Міне, сондай үдеден шығатын кадрларды, мықты репортерлерді топтастыру жеңіл дейсіз бе... 

Одн соң жұмысқа жаңадан келетін қызметкерлерге: «Газетке не бересің? Қандай оймен келдің? Міне, осының бәрін қағазға түсіріп бер» дегендей талаптар қойса артық болмайды деген ойдамын. Әлгі адамның белгілі дәрежеде оқу-тоқуы бар және жазу мәнері бөлектеу... Бұған қоса журналистикаға деген шынайы құлшынысы бар адам болса, оның ұсыныстарының ішінен құрығанда он пайыздай бірдеңе табасың. Міне, осындай принциптен кейін барып жұмысқа қабылдаған жөн болар. 

Дегенмен, кейбір қыз-жігіттер кімнің кім екенін... Кімнің өлі-тірі екенін білмейтін жәйттері де кездесіп жатады. Мәселен, Оралхан Бөкейден сұхбат алып кел десең, сенен о кісінің телефонын сұрайтын да адамдар бар. Бұл енді сұмдық жағдай. Оқымайды... Білмейді деген сөз ғой. Сондықтан жас мамандардың дүниетаным деңгейін кеңейтіп отыру ісіне жіті мән берген дұрыс. Өйткені, адам бірден кәсіби маман болып қалыптаспайды. Әуелі нешеқилы сүзбектен өтуге тура келеді.  

Лездемелерде газете не бар, не жоқ деген бағытта ұдайы ақылдасып отырмаса тағы болмайды. Идея ұсынылады, өне бойы тақырыптарды айтып отыру керек... Ойлар талқыланса. Газеттің бейнесі де, қолтаңбасы да осындай-осындай ізденістер арқылы айқындалады. 

Мұндай мектептің жас тілшілерге де берері көп болмақшы. Нағыз шығармашылық адамы ештеңеге қанағаттанбауы керек. Әсіресе, газет қызметкері тойымсыз... рухани ашқарақ болуы шарт. Тоқмейілсу пайда болған сәттен тоқырау басталады. Мақтауға да мастанбаған жөн. Әркім әрқалай қолпаштайды. Біреу мысықтілеумен мақтайды. Ондайды, тегінде, қабылдаудың да қажеті жоқ өзі. Ол табиғи процесс. Жүре беретін үдеріс. 

Біреу мақтайды, біреу даттайды. Ал оны қабылдасаңыз – тоқтағаныңыз. Жалпы шығармашылық процесс тоқырайды. Сондықтан оқу, тоқу... үнемі үздіксіз іздену болмаған жерде газет жұмысы бірден құлдырап, тірнектеп жиған абырой-беделіңізден қолма-қол айрылуыңыз қиын шаруа емес. Француз философы Дидро «Мен халқымды бақытты ету үшін философ болдым» депті. Міне, сондай ниетпен еңбек ететін журналист те газеттің бағы ғой! 

Газеттің жұмысы аса жоспарлауды қажет етпей ме деп ойлаймын. Бұл бір асықпай түрлі сериалар шығарып отыратын баспа емес. «Алдағыны Алла біледі» дегендей, жан-жағыңа қарайсың, әрлі-берлі жүресің, талай-талай шаршы топ арасына түсесің... Ойдың көбі жүре туады.

Баяғыда Ежелгі Римде биліктегілер мәселенің бәрін моншада шешеді екен. Сол сияқты ел ішінде, үлкен орталарда боласың, соның барлығында да құлағың түрік, сергек жүресің ғой... Сондайда көкейге көп нәрселер тоқылады. Е-е, мынаны жариялау қажет екен деп ой түйесің. Одан соң басқа басылымдарды қарап отырғаның дұрыс. Ал егер оларды оқымай, мен ғана мықтымын деген астамшылыққа түссең де ұтылғаның. Айталық, олар сенің жаңа ғана қозғаған тақырыбыңды әлдеқашан жазып қойған!

Осындайда жоспар дегеніңіз газет қызметінде екінші кезектегі ұғым сияқтанады. Журналистердің басы ойдан босамауы тиіс. Жазушылар өз алдына... Кейде бір арықтан секірсең де әдемі ойдан ажырап қаласың....

***

Осындай пікірлерін ортаға салған екі қаламгердің екеуі де «атақты журналист болу» деген тіркесті онша ұната қоймағанын андатты. Кез келген адам ең алдымен өз ісінің нағыз шебері болуға, яғни кәсіпқой мамандыққа ұмтылуы шарт дейді олар. Атақ деген содан соң өзі-ақ келе бермекші. 

Яғни, шеберлік шыңына бастайтын жолда жанкешті енбек қажет. 

Сонау «Как стать знаменитым журналистом?» деп аталған оқулықта да: «Саған егер белгілі бір фактіні тексеруге тура келсе, онда интернетке де сенбе, телефон арқылы алған дерекке де қанағаттанба. Өзіңе қажетті адаммен тікелей барып тілдес. Немесе мен өзімді аса қызықтыра коймаған жәйтті амалсыз жазып шыққан болсам, формалық та, мазмұндық жағынан қанша сәндегеніммен, ондай шала-жансар дүниенің құны оқырман үшін де көк тиын» дегендей пікірлер алға тарылады. Автордың айтуынша, кәсіпті нашар игерген журналистер өздері ұятқа қалып қана қоймай, халық арасында қауіпті жағдай туғызуы мүмкін. Айталық, даярлаған бейне-көріністерінде «Біз қала көшелеріне шығып қарапайым азаматтардың көзқарастарын білдік» деген тіркесті пайдалануға құмар кейбір телевизия тілшілері үш-төрт адамның аузына сөз салу (онда да тек өздеріне қажетті!) арқылы «қоғамдық пікір» қалыптастырады. Мысалы, көптеген Ресей ақпарат құралдары дәл сондай ұшқарылықпен Латвияда орыс мектептерінің жаппай жабылғаны туралы жаңсақ хабар таратқан. Сөйтсек, онда тек жекелеген мемлекеттік мектептер ғана жабылған көрінеді. Ал тексерілмей жарияланып кеткен осы ақпарат каншама аймақты дүрліктірді! Латвияда көптеген орыстілді жекеменшік мектептерге ешкім соқтыққан емес. Міне, өзін де, сүйікті кәсібін де құрметтейтін журналист адам осындай желбуаздықтан сақ болуы керек» дейді Я.Скворцов. 

Әрине, Ресей профессорының мамандық құпияларын меңгеруге арналған оқулығына тамсана берудің реті жоқ. Дегенмен, өзіміздің білікті журналист ағайындардың әрқайсысы анда-санда болсын өздерінің шеберлік лабораториялары туралы сыр бөлісіп отырса сол кітаптан да артық еңбек пайда болар еді-ау деген ой туғаны рас. 

Мәселен, «журналистиканың сүйегін шағып, майын ішкен» қаламгер ағайындар өз тәжірибелерін ортаға салып отырса керемет емес пе...

Мәди МИРАС, 

Алматы