ЕҢБЕГІМЕН ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН АЗАМАТ

ЕҢБЕГІМЕН ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН АЗАМАТ

        Жылдың басы 1-қаңтарда Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінде бірге оқыған курстасымыз, асыл досымыз Қажымұқан Мырзабеков мерейлі жетпіс жасқа толады. Жастығына қарамастан курстағы өзгелерден өзінің сабырлы, салмақты, қарапайым мінезімен ерекшеленген Қажымұқан кейін қандай қызметте болмасын сол қасиетін ешқашан жоғалтқан емес.

         Журналистік еңбек жолын Қажымұқан университетті 1978 жылы аяқтаған соң Алматы облысы сол кездегі Күрті аудандық «Шұғыла» газетінен бастады. Қатардағы қызметкерден бас редактордың орынбасарлығына дейінгі жолды қысқа мерзімде жүріп өтті. Өзінің бұл салада білікті маман екенін таныта білді. Ауданның тыныс-тіршілігін көрсетіп, адамдардың еңбектегі ерекше табыстарын газет арқылы өзгелерге үлгі етіп көптеген мақалалар жазды.

         Кеңестік жүйедегі қатаң талап бойынша партия қайда жіберсе сонда жұмыс істеуге міндеттісің. Ол кездерде аудандық, облыстық тіпті республикалық мерзімді басылымдар түрлі деңгейдегі партия комитеттерінің органы болатын. Газет тікелей партия бақылауында жұмыс істейтін. 1984 жылы Қажымұқан Мырзабеков Күрті аудандық партия комитетінің жалпы бөлім мегерушілігі қызметіне тағайындалды.

       Кеңестік одақ таратылып, егемендік алған алғашқы жылдары кімге болсын оңай соқпағаны белгілі. Экономикалық қиындықтарға қатысты алып кәсіпорындар, мықты деген мекемелер де жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Ежелден келе жатқан Күрті ауданының таратылуына байланысты басқа жұмысқа ауысуына, жеке шаруашылықпен айналысуына да тура келді. «Көппен көрген ұлы той» демекші, бүкіл қоғам басына түскен қиындықты Қажымұқан да қиналмай көтерді. «Қайда жұмыс істесең де халыққа мінсіз, адал қызымет ету керек!» деген ұстанымынан айырылған жоқ. 2002-2009 жылдар аралығында Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округінің әкімі міндетін атқарып, сол бір қиын-қыстау кезеңде жергілікті тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға атсалысты. Қажымұқан Мырзабековтың білікті маман, белсенді азамат екенін байқаған аудан басшылары оны жаңа қызметке шақырып, аудандық мәслихаттың аппарат басшысы етіп тағайындады. Жаңа лауазымда да ол өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, депутаттардың нәтижелі жұмыс істеуіне ықпал етті. Ал депутаттардың нәтижелі жұмысы өз кезегінде қатардағы қарапайым тұрғындардың мұң-мұқтажын ескере отырып, олардың тұрмысын жақсартуға әсер еткені анық. Бұл қызметті Қажымұқан зейнеткерлікке шыққанша абыроймен атқарды.

     Қажымұқан білікті маман ғана емес, үлгілі отағасы. Өмір бойы ұстаздық етіп, балаларға білім, тәрбие берген жұбайы Серікгүл екеуі екі ұл бір қыз тәрбиелеп өсірген бақытты жандар. Балаларының бәрі жоғары білімді мамандар, өз салалары бойынша табысты еңбек етуде. «Баланы өскенше, немерені өлгенше бағасың» деген қазақтың қағидасы қалай тауып айтылған десеңізші. Баларынан көрген 6 немересі бүгінгі күні ата-әжесінің көз қуанышы.

     Уақыт дөңгелегі тоқтаусыз айналады. Оны кері бұру немесе тоқтату мүмкін емес. Күні кеше ғана университет табалдырын жасқана аттаған түбіт мұртты, ұяң жігіт Қажымұқан Мырзабеков ата атанып, жетпіс деген белеске аяқ артты. «Бүгінгі заман өлшемімен жетпіс деген – жігіт жасы! Немере-шөберелеріңнің қызығын көріп, жүз жаса!» дегіміз келеді досымызға.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz