ЕР КӨҢІЛДІ ЕРҒАЛИ

ЕР КӨҢІЛДІ ЕРҒАЛИ

Шардара қаласы Шардара ауданының орталығы болып саналған сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қалада орыс ұлтының өкілдері өте басым болатын. Өнер байқауларында, спорт жарыстарында да өзге ұлт өкілдерінің көптігі кәдімгідей байқалып тұратын. Сонда да болса қазақ ұлтынан шыққан жігіттер өнерде де, спортта да өз талантын көрсете білді, лайықты бағасын ала да білді. Соның бірі – Ерғали Халықов бауырымыз.

Ерғали Бегманұлы 1966 жылы қаңтардың басында Шардара қаласында дүниеге келген. 1 сыныптан 7 сыныпқа дейін М.Әуезов атындағы мектепте, 8-10 сыныптарды Шардара орта мектебінде оқып бітірді. 1983-89 жылдары Қазақ Физкультура институтын үздіктер қатарында бітіріп шығады. Футболға жасынан жаны құмар жігіт институт қабырғасында оқып жүргенде «СКИФ»-Алматы, кейін «Мелиоратор» – Қызылордада «СКИФ» – Шымкент, кейінірек Ташкент облысының Ғазалкент командаларында жасындай жарқырады.

Қазақстанда үлкен футболдан гөрі кіші футбол, яғни, футзалдың өте жоғары деңгейінде дамып кеткені спортсүйер қауымның баршасына белгілі. Ерғали Бегманұлы үлкен футболмен қоштасқан соң футзалдан Алматының «Алиби» командасында ойнап, 1999-2003 жылдары қатарынан 3 рет Қазақстан чемпионы атанып, сонымен бірге Кубок иегері болды. 2000 жылы Қазақстанның құрама командасында Америка Құрама Штаттарының Гватемала қаласында Әлем чемпионатына қатысады. Топтық кезеңде Әлем чемпиондары – Бразилия, Еуропа чемпиондары – Португалия сияқты атағынан ат үркетін елдердің азулы командаларымен ойнап, Қазақстанның әлемдік аламандағы алғашқы қадамын бастап берген де біздің жерлесіміз Халықов Ерғали болатын.

Ерғалидың үлкен футболдағы жетістіктері жөнінде аз да болса жоғарыда айтып өттік, дегенмен, жерлесіміздің футзалда күллі әлемді елең еткізген шағы, сол жылдарда Оңтүстік Африка Республикасының астанасы Кейптаун қаласында, алпыс жеті мемлекеттің командасы қатысқан әуесқойлар арасында өткен Әлем біріншілігі еді. Аса тартысты өткен бұл додада Қазақстан командасы тарихта тұңғыш рет финалға шығып, күміс медальді қанжығасына байлап, екінші орынды қанағат тұтқан. Ал Ерғали Бегманұлы жиырма жеті гол соғып, Әлемдік біріншіліктің «Үздік сұрмергені» атанды. Бұл доп додасы жайында кезінде әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Бұдан артық қандай жетістік бар?! Міне, кіші футбол деп енжарлық танытпай талай ел тамашалаған доп додасында осы саланың жілік майын шағып жеген сайыпқырандардың таңдайын қақтырған біздің жерлесіміз, шағалалы Шардараның шағылында шыныққан шарболат перзенті – Ерғали Бегманұлы бауырымыз.

Әңгімеміздің басында айтып кеткендей, сол кездерде Шардара қаласында қаншама өзге ұлт өкілдері ғұмыр кешіп жатты. Сол тұрғындардың ішінде өзінің жаттықтырушылық қабілетімен және техникалық шеберлігімен талайды мойындата білген, Шардара ауданының құрама командасының белді ойыншысы Әбілаш Қалдаров ағамыз еді. Ерғали Бегманұлының футболдағы спорттық өмірінде осы дәрежеге жетуіне бірден-бір себепші болған Әбілаш ағамыз десек, сірә қателеспейміз. Әбекең сол кездерде көк шалғыны жоқ, айтақыр футбол алаңдарында Ерғалимен бірге Бақытжан Ераханов, Берік Ераханов, Сергей Гришмановский, Сәрсен Дәрібаев, Әбдіқадір Жүнісов, Әмзе Момынов, Бейдулла Тәліпов, Сапар Сманов, Дмитрий Хартамачиди, Нұрғали Тілешов сынды ойыншыларды тәрбиелеп шығарды. Әбіләш аға команданың қалыптасуына аянбай еңбек еткен болса, Құдайберген Маханов аудандық, облыстық жарыстардың іс-қағаздарын, ойыншылардың жарысқа барып-келудегі қаражат жағының барлығын қамдастырып жүретін. Екі азамат та қазіргі таңда Шардара қаласында ғұмыр кешіп жатыр.

Екеуара әңгіме барысында Ерғали бір мезгіл мектептегі оқушылық ғұмырына оралды.

«Шардара орта мектебінде оқып жүргенде мақта терімге баратынбыз. Қоғамдық жұмыстан ешқашан қашқан емеспін. Түс қайта сағат төрт-беске дейін екі жүз келіні ойнап-күліп теріп тастаймын. Ұстаздарым дән риза. Бір күні Мамыр Жалаңбасов ағай, «Ерғалижан, бүгін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Л.Бекжанов келеді екен. Сол кісінің келу құрметіне көбірек терші. Екі жүз келіні күнде теріп жүрсің ғой. Бүгін бір бар күшіңді салып, әрекет жасашы», – деді. Мен сол күні үш жүз елу келі тердім. Кешке қарай менің ұстаздарым – мектеп директоры Жамал Төлешова апай мен Заманбек Озғанбаев ағайлар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Л.Бекжановтың «Достық» кеңшарындағы мақта зауытында өткізген кешкі жиналысында үлкен кісіден мақтау, марапат алып, ұстаздарым да, мен де мәз болып қалған кездерімді әлі де ұмытпаймын. Ол кезде мектеп бітіруші түлектердің мінездемесінде «Қоғамдық жұмысқа белсене араласады» деген сөз жазылса, ол сөзге қай жерде болса да баса назар аударатын. Менің еңбекқорлығым да ақыры өз нәтижесін беріп, Лесбек Өмірзақұлының тікелей араласуымен және менің ең сүйікті ұстаздарым – мектеп директоры Жамал Төлешова апай, Мамыр Жалаңбасов, Заманбек Озғанбаев ағайлардың ықпалымен өзім армандап жүрген Қазақ Физкультура институтының арнайы жолдамасына қол жеткіздім. Менің спорттық өмірімнің қалыптасуына септігі тиген жаны жайсаң жандарды ешуақытта ұмытпаймын», – дейді ғой біздің кейіпкеріміз.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдары-ақ Қазақстан Футбол Федерациясы құрылды. 1994 жылы ФИФА-ның толыққанды мүшесі атанды. 2001 жылға дейін Азиялық конфедерацияға кірген болса, 2002 жылдан бастап УЕФА-ның құрамына өтті. Сол жылдың 25 сәуірінде УЕФА-ның 52-ші мүшесі болып қабылданды. Қазақстанды Футбол Қауымдастықтары Одағы құрамына қабылдау туралы шешім Стокгольмда өткен УЕФА-ның кезекті конгресінде бекітілді. Содан бері 25 сәуір – Қазақстан Футболы күні ретінде аталып өтеді.

Біздің Қазақстан екі құрлықтың, яғни, Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде орналасқан мемлекет. Сондықтан біз спорттың қай түрінен, қай ұйымға мүше болсақ та олқылық етпейміз. Ал мүшелікке енген соң ары қарай сол дәрежеге лайықты еңбек ету – ол сол ұжымның басқару органдарында жүрген азаматтардың адалдығына, өз міндетіне деген құрметі мен имандылығына байланысты. Қазақстанның осындай деңгейге көтерілуіне белгілі саясаткер Рахат Әлиевтің еңбегі зор десек қателеспейміз. Ары қарай Қазақстан футболын дамытып кету үшін балалар мен жасөспірімдер футболын қатты қолдау қажет еді. Өкінішке орай бұл жағы күні бүгінге дейін ойсырап жатқан жайы бар. Сондықтан біз әлі күнге дейін топтық кезеңнен әрі аса алмай жатырмыз.

Мұндай өкініш бір менің ғана емес, қазақстандық мыңдаған жанкүйерлердің жанын тілгілеп кеткені бесенеден белгілі дүние. Міне осының барлығы балалар спортының назардан тыс қалуында. Балалар спортының іргетасы мықты болмай, болашақтан үміт күтпей-ақ қоялық.

Бірді айтып, бірге кеткендей болмайық, десек те, бұл тақырыпқа келгенде Ерғали Бегманұлымен аз-кем сұхбаттасқанның өзінде қазақ футболының жай-күйіне деген көзқарасымыз бір жерден шыққанына қуандым.

Футбол – миллиондардың ойыны. Футбол – командалық ойын. Ал командада ұлттық намыс, ұлттық сезім болмай ол команда ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, жетім құлынның күйін кешкені кешкен.

Қолыма Ерғалидың Португалияның әлемге әйгілі футболшысы Эйсебиомен түскен суреті түсті. Иә, футболдағы алғашқы қадамын атақты «Бенфика» клубынан бастап, өмірінің он бес жылын Португалия құрамасына арнаған, футбол әлемінде көз ілеспес жылдамдығымен, асқан шеберлігімен «Қара қабылан» лақап атпен мәлім болған, кәдулігі Эйзебиу де Силва Феррейра–Эйсебио. Әлем мойындаған футбол серкесі Ерғалидың бойындағы қабілетті байқамаса, қатар тұрып суретке түсе қоймас, сірә..? Мықтылар – мықтыларды тани біледі, мойындайды. Ал керісінше біз өзімізді өзіміз құрметтей алмаймыз. Өсіп бара жатқан ұлымызды да, қызымызды да аяқтан шалып, әжуа қылсақ содан рахаттанатын халықпыз. Әйтпесе, осы уақытқа дейін қанша мемлекетті аралап өнер көрсеткен, өзінің техникасымен талай футбол мамандарын мойындатқан Ерғали сияқты қазақтың қара баласына неге Қазақстан құрамасының тізгінін бермеске?!

Шетелдің жалаңаяқтарына жем бола бергенше, бір сәт жаны да қазақ, тәні де қазақ, ары да қазақ, діні де қазақ, ділі де қазақ бір ұланымызға мүмкіндік берсек қалай болар екен, ағайын?

«Ісіңді көпке сал, көпті Құдайға сал» деген сөз бар. Ендігі әңгіме қазақ футболы үшін жан күйдіріп жүрген қалың қауымда.

Ерғалидай азаматпен ашық-жарқын әңгімеден түйген ой түйіні осы болды.

Халықов Ерғали қазіргі таңда Алматы қаласы, Түрксіб ауданы бойынша тіркеу және жер кадастры бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарып жатыр.

Шардарасының шағаласын сағынғанда отбасымен келіп, бес-алты күн жатып, ағайын-туыспен, құрбы-құрдастарымен қауышып, аунап-қунап кетеді. Елуді еркін еңсерсе де спорттық тұлғасын сақтай білген жерлесімізді біз де сағынамыз.

  Әбдіғаппар Айдаров.