ЦЕЛИНОГРАД КӨТЕРІЛІСІ

ЦЕЛИНОГРАД КӨТЕРІЛІСІ

1979 жылы 16 - 19 маусым аралығында халықтың Целиноград (қазіргі Астана) қаласында болған әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсы наразылық қимылдары. Орталық комитеттің шешімімен Целиноград облысы Ерейментау аумағынан неміс автономиясы құрылу қажет болды. Автономиялық облыстың құрамына Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау облыстарының бірнеше аудандары кіруге тиіс болды. Жоспар бойынша автономиялық облыс орталығы Ерейментау қаласында орналасатын болды. Бұл жөнінде арнайы комиссия құрылып, оған КОКП ОК-ының хатшысы А.Коркин төрағалық етті. 

Еділ бойындағы неміс автономиясы таратылғаннан кейін оның мыңдаған азаматтары Қазақстан жеріне көшірілді (депортация). КОКП 20-съезінен кейін 2-дүниежүзілік соғыс жылдарында таратылған көптеген автономиялы республикалар қалпына келтірілгенімен Еділ бойынан көшірілген немістер жөніндегі шешім қайта қаралмай қалған болатын. Осыған байланысты жер аударылған немістер арасында тарихи отандары – Герман Федереативтік Республикасына (ГФР) көшу мәселесі жиі көтеріле бастады. Бұл процесті тоқтату үшін кеңес өкіметі немістердің тарихи отанына оралуына шек қойды және Қазақстанда неміс автономиялы облысын құру туралы шешім қабылданды. КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының Неміс автономиялық облысын құру туралы (№ 153/ХІ. 31 мамыр, 1979 ж) атышулы қаулысы шықты. Ол шешім 1979 ж. көктемде КОКП ОК Саяси Бюросының мәжілісінде республика үкіметі мен Жоғарғы Кеңестің келісімінсіз қабылданды. Бұл шешімнің конституцияға сәйкес келмейтініне қарамастан, Қазақ КСР-і үкіметі мен Қазақстан Компартиясы ОК елеулі қарсылық көрсете алған жоқ. Себебі түсінікті, қашанда жоғарғы сатының шығарған шешімі төменнен қалтқысыз орындалу керек болатын. 

Автономиялық облыс құрамына Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Көкшетау облыстарының біраз аудандары беріліп, Ерейментау қаласы оның орталығы болып белгіленді. Автономиялық облыс құру туралы мәлімет республикаға тез тарап, қазақ халқының заңды қарсылығын туғызды. 16 маусым күні таңертең негізінен облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен техникумдарының студенттері қаланың орталық алаңына жиналды. Жастар қазақ және орыс тілдерінде: «Қазақстан бөлінбейді!», «Неміс автономиясына жол жоқ!», «Велика республика Казахстан, но она для всех одна!» және басқа да ұрандар жазылған тақтайшалар алып шықты. Митинг Кремльдің неміс автономиясын құру туралы шешімін айыптаған үндеу қабылдады. Облыс басшыларының митингіні тез арада таратуға тырысқан әрекеті іске аспады. Митингіге қатысушылар шеп түзеп, қала көшелерімен ұрандатып өтті. 

Дәл осы кезде ортаға жұлқына шыққан, ақ көйлекті әдемі ару Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Морозовтың жанына жетіп барып: 

- Менің аты жөнім Алтыншаш Бейсембаева, - деді бастырмалатып, даусында білінер - білінбес діріл бар. Ерейментау - киелі өңір. Осы жер үшін батыр бабаларымыз жатжұрттық басқыншыларымен жан аямай, қан төкті. Бұл жер - ата бабадан қалған мұра. Қазақ тірі болса, мұны ешкімге бермейді ! Немістерді неге бұрыңғы мекеніне - Ресейге , Сібірге неге жібермейді ? Ашсын сонда мемлекеттігін ! Қазақ жерінде неміс автономиясы құрылады деген жарлық шыққан күні осы алаңға келіп, өзіме керосин құйып өртеймін ! Ерейментауды немістерге беру - қазақтардың жүрегін тірідей суырып алғанмен тең, кешірілмес күнә, ауыр қылмыс. Жерімнен жаным садаға ! 

- Ашуға булыққан бойжеткен сөзін аяқтай алмай жылап жіберді. Қаршадай қыздың жүрегін жарып шыққан жанайқайын естігенде, жиналған жұрт тебірене толқып, қозғалақтап кетті. Көбі арасында сезімдеріне ие бола алмай, қосыла жылағандар да болды. Думан Рамазан,  «Ақиқат» журналы...

Облыстың және қаланың партия басшылығы тоталитарлық жүйенің дәстүріне сай әрекет жасай отырып, халықтың саяси бюроның ойланбай алған шешіміне қарсы жасалған шеруі мен ашу-ызасын идеологиялық жұмыс дәрежесінің төмендігіне әкеліп саяды. Студенттер жатақханаларына «түсінік жұмысын жүргізу үшін» насихатшылар тобы жіберілді. Автономия құру туралы шешім болған жоқ деп мәлімдеп, облыс басшылығы КОКП ОК Саяси Бюросының автономия облыс құру жөніндегі жобасынан іс жүзінде бас тартты. Келесі шеру 19 маусымда болды. Оны аудандардан келген соғыс және еңбек ардагерлері бастады. Оған 2 - 4 мыңдай адам қатысты. Шеруге қатысушылар облыс басшыларына автономияны құруға қарсы үндеу тапсырды. Целиноградтан кейін шағын митингілер мен шерулер Атбасарда, Ерейментауда, Көкшетауда өтті. 

Бұл бой көрсетулерден соң жазалау науқаны шектеліп, тіпті әкімшілік істері бойынша да сот процесі жүрген жоқ. Алайда республика басшылығы және Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бұл шерулер туралы ақпарат таралмауы үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Баспасөзде, партия активтері мен пленумдарда бұл оқиғалар туралы ештеңе айтылмады. Дегенмен, Целиноград наразылығы туралы қауесет халыққа тарап кетті және ол қазақтардың ұлттық сана-сезімінің оянуына үлкен әсер етті. 


PS: Топ болып тұрған суреттегі жастар арасында сол митингіде сөйлеген Алтыншаш Бейсембаеваның өзі де тұрған сияқты. 

Н. Қошаманұлы, 

Қазақ үні