ТІЛ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ЖЕКЕ САЛАСЫ САРАЛАНДЫ

ТІЛ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ЖЕКЕ САЛАСЫ САРАЛАНДЫ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Арыстанбекұлы Құрманәлиевтің 60 жылдық мерейтойына арналған "Жаңа Қазақстандағы Тіл білімі және сөзжасам мәселелері" тақырыбындағы халықаралық ғылыми- практикалық конференцияда тіл білімінің үлкен саласы - Сөзжасамның өзекті мәселелеріне қатысты баяндамалар жасалды. Атап айтқанда, терминжасамның ерекшеліктері мен даму үрдісі, сөзжасамдық ұя проблемасы, қазақ сөзжасамындағы жаңа бағыттар, қазақ тіл ғылымындағы форсайдтық зерттеулер, түркі сөзжасамының төл қағидаттары, қазақ тілі сөзжасамының қалыптасуы мен дамуы жайында құнды пікірлер айтылып, ортақ шешімдер қабылданды. Конференция барысында сөзжасам мәселесінің әлде де зерттеле түсу қажеттілігі талқыланды.Әсіресе сөзжасамның жаңа бағыттарын қолға алып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптарын ұсыну мәселесі де қатысушылар назарына ілікті.    

 Іс- шара аясында академик Кәрімбек Құрманәлиевтің “ Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя: теория және практика” кітабы таныстырылды.


   Ғылыми жиын соңында университет ректоры, ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов мерейтой иесіне Ұлттық ғылым академиясының “Құрмет грамотасы” мен “Күлтегін” алтын медалін тапсырды.

Қазақ сөзі жан- жақты сөз болған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз мақсатына жеткен, өзекті мәселелерге арналған басқосу болды.