ҚАЙРАН ҚАРҒАШ!

ҚАЙРАН ҚАРҒАШ!

Үзік сыр

Бұл 1917-жылдың кейін болған уақиға. Қаратаудың солтүстігіндегі Бетпақдаланың арғы бетіндегі көтерілістің у шуы басылып, қызыл мен ақтың әскері Бетпақдаланы әлі ойқастап жүрген кез. Қаратаудағы қара бекет қыстың қиын кезінде, адасқан, не тоңған жолаушы жылынып, есін жинайтын бекет еді. Осы бекетте елмен бірге көше алмай , елуден асқан әйел мен жасы он тоғызға толған қызы Қарғаш амалсыз осы Қара бекетті қыстап қалған. Олардың бір сиыры бар еді, соны күнделікті қорек қылып, күндерін көріп отырған. Түн қараңғысы түскен кезі еді. Кіре берісте байланған жас бұзау мен қашар тұр, алдына салынған азғантай шөпті күрт күрт шайнап тұрған. Бір кезде қойдың терісімен қапталған сыртқы есік сықыр сықыр етіп, шалқасынан ашылды да, күпі киген еңгезердей екі жігіт сау етіп кіріп келді.

Соның бірі:

– Апай, даладағы бораннан, адам түгілі алдыңдағы атың көрінбейді, үйіңізге паналап шығуға бола ма? – деп сұрады.

Үйдің үлкені әйел мардымды дауыс шығармай, аузын жыбырлатып бірдеңе деді. Оны елеген еңгезердей екі жігіт жоқ, саптама етіктерімен адымдап төрге озып, жайғаса бастады.

Бұдан соң істік мұртты шоңғал жігіт сөз бастаған:

– Апай, осы елдің адамы болатын шығарсыздар, бізде осы маңдағы Шыңғырлауданбыз. Мен сол ауылнайдың ұлымын, мынау – жылқышы. Бүгін аңға саламыз ба даген екі жорғамыз бар еді, соны сынайық деп шығып едік, құдай ұрып, аласапыран боран соғып кетіп, осы Қарабекетке соғып жан сақтайық дедік, – деді.

Әйел:

– Бізде ет атаулыдан дым жоқ, егер сүтке шыланған нан жейміз десеңдер, дайындап берейін, – деген.

Екі жігітте үн жоқ, тек бас изей берді.

Сонымен көп ұзамай дастарханға сүт пен нан келді. Екі жігіттің денесі жылып, жан біткендей болды. Сонымен демалатын кез болған. Үй иесі әйел екі жігітке, одан төменірек жерге төсек салып беріп, оларға сол төсекті нұсқаған. Өзі қызымен екеуіне пештің жанына көрпе төсеп, сол жерге қисайған.

Әйелді ұйқы қысқасын, көзі жұмылып кеткен екен, бір кезде жанынан біреудің қозғалғанын сезгесін, көзін ашса, біреу қызының үстінде қорбаңдап жатыр. Даладан тоңып келген жігіттерге қолынан келген жақсылығын жасаған әйелдің қаны басына шапты. Бас жағында жатқан насыбай езетін шағын шоқпарды жұлып алып, қызының үстінде жатқан жігіттің басынана ала шоқпармен тартып жіберді. Жігіттің дыбысы шықпастан, домалап түсті. Әйелдің қолындағы шоқпарды көріп, төсегінен тұрған екінші жігіт әйелдің қолын қайырмақ болып, жанталасып еді, әйел оның қақ маңдайынан ұрып, шалқасынан түсірді. Енді шеше мен қыз естерін жинап, енді не істеу керек екенін ойластыра бастаған.

Қан қызуымен шешесі мен қызы екі жігітті далаға сүйреп шығарып, тондарына орап, шанаға салып, арқандап байлап, шананы ойдағы терең өзенге қарай итеріп жіберді. Шана сол бетімен сырғып, терең суға батты да кетті...

Енді екі әйел аттарды әбзелдерімен айдалағы айдап жіберді.

Он шақты күннен кейін Шыңғырлаудың ауылнайы бастаған он шақты адам Қарауылтөбеге ат басын тіреді. Төрге шығып, адам іздеп жүргенін айтты. Ауылнай екі аттың әбзелдерімен ауылдарынан он шақырымдай жерде өлі табылғанын айтты. Ал, шана атымен жоқ, менің ұлым да, қасындағы жылқышысы да жоқ.

– Не мүрделері, не шанасы табылмай отыр деп мұңайды. Кімді кінәларымызды білмейміз, – деп тоқтады.

Оған әйел:

– Аға, біз не айтайық. Өз күнімізді өзіміз әрең көріп отырған адамбыз, – деген.

Ауылнай бастаған он кісі басқа сөзге келместен шығып кетті.

Көктем кетіп жаз келді. Қаратауда Кеңес өкіметі орнаған кез.

Бір күні Қара бекетке екі атты адам келіп, аттарын ағашқа байлады. Біреуі кепкасына жұлдыз қадаған әскери адам екен. Олар үйге кіріп, баяғы адам өлімі туралы сұрады. Әйелдер бірауыздан «білмейміз» десті.

Енді «білмейміз» дегенге не дау бар, келген адамдар, жиналып, шығып кетті. Сол кезде бір қызық басталды , қыздың ішіне күйігі сыймай жүрген бе, үйдің есігін ашып сырттағыларға: «Оларды өлтірген менмін!» деп айқайлап, әскери адамды қайта шақырып алды.

Әскери адам орыс, қазақша түсінбейді, оған қасындағы қазақ «екі адамды өлтірген менмін» деді деп, сол жерде протокол толтырып, қызды тұтқындап, Қаратау уезінің түрмесіне жапқан екен.

Қарабекеттен сотталған қыз үш төрт жылдан кейін жиырма шақты тұтқынмен босап, Қаратаудағы қызылдармен күресіп жүрген банды тобына қосылып, қызылдың әскерлерімен соғысады. Бұл – қыздың жиырма бес жасқа келіп қалған кезі еді. Ол әскери топта жүріп, босанып қалады.

Келіншек баланы екі жасқа дейін өсіріп, бақты. Бірақ, үнемі жорық жағдайы шыдата ма! Иығында асынған винтовакасы, белінде пистолеті бар жауынгер келіншек, неде болса, баласын Қарауылтөбедегі анасына апарып тастауға бел буады.

Сөйтіп Қаратөбел атпен аяңдап, баласына нешетүрлі қызықты ертегілер айтып, Қарауылтөбеге аяңдап келе жатқан. Табиғатта тамаша, күн нұры жан жағын аймалап тұр. Торғай, көкектердің әндері табиғаттың музыкасы тәрізді. Төменде сарқырап өзен ағып жатыр.

Асықпай анасының шаңырағына кірді. Анасы жетпіске тақап қалған, маңдай шашы ағарып кетіпті. Тіпті, кейуана мылтық асынған өз қызын танымай да қалды. Қызы анасын құшақтағанда ғана иісін сезіп: «Құлыным- ай, құлыным ай, аман екенсің ғой!» – деп егіле жылады.

– Апа, – деді қызы, – менің уақытым жоқ. Мынау – немерең Сағынтай, мұны қазір төменгі ауылға алып кетесің, менің артымда қуғын бар. Өз қолыңнан бір кесе сүт татайын, сосын мен де жүремін...

Шешесі немересін көрпеге орап, жылдам төменгі ауылға қарай дедектеп жүгіре жөнелді.

Келіншек винтовкасы мен пистолетін оқтап, Қаратаудың етегіне түсе бергенде, арттынан атылған винтовканың дауысы естілген. Бұрылып қараса, жүз метр жерде қызылдардың отряды тұр екен. Солардың командирі болуы керек, бұған мылтық кезеніп тұр. Келіншектің миына «Атқан сен боларсың-ау» деген ой ғана келді. Оның оғы шамасы, оң жақ өкпесіне тиген тәрізді. Қыз оқтың екпінімен шалқасынан құлаған. Келіншек солақай еді, сол жағындағы кобурадан пистолетін алып, отряд тұрған бетті алып, атып жіберген. Пистолеттің оғы полковниктің қолына тиген болуы керек, қолындағы винтовкасы жерге ұшып түсті. Он шақты солдат жатқан келіншекке келіп, винтовкададан да, пистолеттен де оқты жаудырып жатыр. Келіншектің денесінде оқтан тесілмеген жер жоқ, бірақ әйел көзін ашқан күйі солдаттарға күлімсірей қарап жатты... Келіншек өте сұлу еді, басын тасқа сүйеп, аппақ жүзі күнмен шағылысып, тірі жандай жатыр еді...

Келіншектің шешесі көп ұзамай Шымкентке барып, немересін интернатқа тапсырған. Сағынтай сол интернатта жүріп, Солтүстік Мұзды мұхитқа әскери борышын атқаруға аттанған-ды. Сағынтайдың қоштасарда есінде қалған шешесінің сұлу бейнесі ешқашан есінен шыққан емес. Әскерден оралып, Қаратаудың Қарауылтөбесіне келіп, «Анама арнап ең сәулетті ескерткіш орнатамын» деп армандайтын.

Қаратаудың етегінде тәуелсіздік үшін күрескен Қарғаш есімді сұлу қыздың бейнесі қара таста әлі жатыр.

Әрине, бұл тарихтың бәрі ел есінде.

ЖҰМАТ ӘНЕСҰЛЫ,

ақын.