Ұлы тауға тартқан көш

Ұлы тауға тартқан көш

«Шыңғыс хан жазғытұрым өз жұртына қарай бағыт алды. Жол бойы уәлаяттар мен қалаларға билеушілер мен даруғалар қойып, Әму суынан өтіп, Бұхараға келді. Бұл жерде оған жан-жаққа жіберген ханзадалар мен нояндар қосылды», – деп бастайды Әбілғазы хан «Түрік шежіресінің» «Шыңғыс ханның өз жұртына оралуы» тарауын. Жан-жақтан ханзадалар мен нояндарды қатарына қосып алғанына қарағанда, алдағы үлкен іс-шараның мәніне қаған отбасы ғана емес, өзін қоршаған ортаның да толыққанды түсінгенін қалайтыны байқалады. 

         Қаған жол бойындағы Бұқара шәһәрі маңына тізгінін тежеп, дін иелерін өз құзырына шақырады. Шақырудың мәнісін білмей, бойларын үрей билеген Ашыраф атты қази мен уағызшының көңілдері қағанның жылы жүзін көргенде ғана сабасына түсіпті. Шыңғыс хан оларға мұсылман дінінің мән-жайын білгісі келетінін айтады. «Мұсылман деген Құдайдың құлы деген сөз. Құдай жалғыз, ол ешкімге ұқсамайды, оның түр-тұлғасы жоқ», - деп сөзін қази бастай бергенде: «Оны мен де білемін», - деп кесіпті қаған. Дін иелері сөздерін жалғап, Мұхаммед пайғамбар Алланың елшісі екені, бес уақыт намаз оқып, құлшылық жасау, ораза ұстау, зекет беру, тағы басқа мұсылманшылық шарттары туралы айтқандарын қаған теріс көрмеген секілді. Тек олардың: «Құдайдың Меккеде Қағба атты үйі бар, күш-қуатымыз жетсе, соған барамыз»,- дегеніне келгенде, Шыңғыс хан: «Дүние жүзінің бәрі Тәңірдің үйі емес пе, бір жерге барып керегі не?» - деп, пікірін білдіріпті. Әңгіменің барысында өзі ұстанатын тәңіршілдік пен мұсылманшылықтың қиылыспайтын тұстарын байқаса да, ол туралы сөз қозғамаған қаған дінбасыларының өзіне қандай тілектері бар екенін білгісі келеді. Діндарлар өздерін қорғайтын жарлық беруін өтінеді. Шыңғыс хан мұсылман қауымының бұл өтінішін қанағаттандырыпты. 

          Қаған Бұқарадан өтіп, Самарқандқа келген соң, Жошыға хабаршы жіберіп, оған көштің келе жатқанын мәлім қылады. Әкесінің Ұлытауға бет алған бұл сапарының мән-жайынан хабардар Жошы хан оған тарту ретінде көк, торы, қара, жирен, ақбоз түсті мыңдаған жылқы үйірлерін күнібұрын іріктеуге кірісіп, бұл жұмыстар аяқтала бере Ұлы тауға жол тартқан көш сайын далаға дендей кіріп келе жатты. Мамыр айы жартысынан ауған кезде көкке молынан кенеліп, қоңданған бес түсті бес жүз мың жылқы түлігі (Әбілғазы келтірген дерек) лек-легімен көз алдынан өткенін көрген қаған ұлына ризалығын білдіріп, өз тарапынан Жошыға алтын көзе тарту етеді. Жошы інілерін бауырына тартып, ағалық мейірімін білдіреді. Көшті қарсы алуға келген қағанның туған-туыстары мен құдалары қатарында құнқырат Дай шешеннің ұлы, Бөрте бегімнің інісі, яғни Шыңғыстың құрдасы әрі қайын інісі Алшы ноян бар еді. Жошы ханның жары, Батудың анасы Үкі фужин мен Қалқадағы қара шаңырақта отырған Төленің келіні, яғни Құбылайдың сүйікті жары Жабұн осы Алшы ноянның қыздары, ал Төленің екінші ұлы Жұриқаның жары Бұлағай Алшы ноянның немересі болатын. Содан да Шыңғыс хан әулетінің оған деген ықыласы ерекше. Шыңғыс қағанның Құжын бике және Тамалұн атты қыздарын алған құнқырат нояндары Бұту гүрген мен Дарғы гүрген, сондай-ақ Төле ханның құдасы – Мөңкенің жары Құтықтайдың әкесі Қуылдай атты белгілі құнқырат әмірі қарсы алушылар қатарында бой көрсетті. Шыңғыс қаған олардың бәрін бауырына тартып, мейірімге бөледі. Олар да қуаныштарымен ортақтасты. Көшті қоршаған нөкерлері мен әмірлерінің, сондай-ақ Жошы ханмен бірге алдан шығып қарсы алушылардың дені, сол заманның қатал тәртібіне сәйкес, Шыңғыс қағанның тікелей сұрыптауынан өткен, қалауымен қалыптасқан орданың негізгі құрамы құнқыраттан болатын. 

            Көзі қарақты оқырман осы орайдағы қағанның ұстанымынан хабардар деп ойлаймыз. Дей тұрғанмен осы саясаттың түп негізі болған хан жарлығының дәл қазір қолда бар орысша мәтінін назарға ұсынғанды жөн көрдік: «Когда в роде хун-цзи-ла (кункырат) рождаются девочки, они из поколения в поколение становятся императрицами; когда рождаются мальчики, они из поколения в поколение женятся на принцессах. Пусть непрерывно из поколения в поколение объявляют этот жалуемый указ в первую луну четырех времен каждого года» (цит. по: Мэн-да Бзй-лу). Ежелгі хандық дәстүрдің мүшесі ретінде оның ішкі тәртібін бала жастан ұғып өскен Шыңғыс бұл қағидаттар ескерілмеген жағдайда оның салдары өте ауыр болуы мүмкін екенін білетін. Оның бір көрінісі – Көк түріктер қағанатының ақырғы кезеңінде орын алған қанды қырғынның себепкері Білгі ханның жесірі Бөбек ханымның мекерлігі екені хандар әулетінің санасында өшпестей сақталған. Бұл тарихи оқиға туралы Л.Гумилев былай дейді: «...Білгі хан мен Иоллығ тегін ақсүйектердің өз бетімен кетушілігін басып отырды, бірақ Тәңіріхан кезінде билік жүргізуді ханша-ана, Тоныкөктің қызы По-бек өз қолына алып алды. Орда әдеттегі түріктік принцип бойынша құрылды: хан орталыққа басшылық жасайды, ал шығыс және батыс шадтары – екі қанатқа әмірлерін жүргізеді. Шадтар қандас ханзадалар болды және таңдаулы әскерлерді басқарды: Ханша басқару ісін өзінің сүйкімдісіне, қарапайым тарханға тапсырды, міне бұл жоғары қолбасшылық адамдары арасында күңкіл туғызды. Наразылықтың бетін қайтару үшін ханша батыс шадын өлтіруге өз ұлының көзін жеткізді. Шығыс шады Панкүл өзінің әскерімен хан ордасына шабуыл жасап, ханды өлтірді, сонан соң таққа марқұмның ұлын отырғызды. Алайда Панкүлдің қарсыласы жабғы Құт (қыт. Гуду) жаңа ханды өлтіріп, орнына оның інісін қойды. Әулет қауіп-қатердің астында қалды. Құт өзінің бас-көз болуға қойған адамын өлтіріп, тақты заңсыз иемденіп алды (741 ж.).Тақты заңсыз иемдену іште сақталған барлық өкпе-зәбірдің бұрқ ете қалуына түрткі болып, дала көгалдарында қан судай ақты... Түріктер қателескендерін байқап қалып, Панкүлдің ұлын Озмышхан құрметті атпен хан сайлады. Империя үкіметі Озмышханға империя жағына шығуды ұсынды. Озмышхан олай етуден бас тартты. Бірақ басмалдардың, ұйғырлар мен қарлұқтардың бірлескен күштері ... Озмышханды өлтіріп, оның басын Чаньанға жөнелтті. Алайда, түріктердің ымыраға келмейтін бөлігі қаруларын тастамай, ... Бәймейханның ұлы Құлынбекті таққа отырғызды. Онымен бірге тек ежелгі түрік даңқына берілгендердің неғұрлым табанды бөлігі ғана қалды. 744 ж. күрес әлі жүріп жатты... Тірі қалған өз жақтастарын Білгі ханның жесірі, Тоныкөктің қызы По-бек басқарып, өткеру шартын алдынала келіскен бойда Қытайға алып келді, олар шекаралық әскер сапына қосылды, ал По-бек патшазада әйел құрметті атағы мен кінәздік киім-кешек, қаражат алды...».(«Көне түріктер», 364 бет). Бұл түбі табғаштық ханымның мекерлігінен келіп шыққан хандар әулеті тарихының қаралы беттері болатын. Мыңдаған жылдарды артта қалдырған ежелгі хандық дәстүрдің шынайы өкілі Шыңғыс ханның тектілік туралы арнайы жарлық шығаруының себебі осында жатыр. 

           ...Алдағы бірнеше күндік жолды қарсы алушылармен бірге басқан қарасы мол көшті тау етегіндегі кең жазықта ақбоз үйлерін тіккен рубасыларлардың үлкен тобы қарсы алды. Қағанның қалың елдің ортасына қоныс аударуына орай Ұлытаудың етегінде үлкен ас беріліп, тайқазандардан сыбағалар тартылып, ел-жұрт мәре-сәре болып жатты. Елге мәлім жыраулар мен әнші-күйшілер мерекелік бұл жиынның көркіне айналған. 

           Бірегей ел болудың қуанышы осылай шарасынан асып-тасып жатқан кезде төрт ұлының кенжесі Төленің Қалқа даласындағы «қара шаңырақ» - ордасынан арнайы келген Бөрте бегім мен абысыны, «екінші ханым» – қағанның бесінші ұлы Құлықанның анасы Құлан қатын және қызметшілері қағанның, Рашид ад-Дин «ішіне мың адам сиятын, уықтары алтыннан жасалған» деп сипаттаған Алтын ордасын тігіп, оның іші-сыртын атына сай әрлеумен айналысты. Өзге жұрт үшін түсініксіз, алайда қағанның арманы – «Алаш» елінің ордасы Ұлы тауда осылай орын тепті.

            Ия, түп-негізі, тілі, дәстүр-салты бір болғанымен, руларға бөлшектеніп, бір-бірімен атысып-шабысып жатқан тайпалардан біртұтас елді құрау оңай болмады. Көк түріктер қағанаты құлаған кезде Керей мен Найман есімді ханзадалар еншілік аймақтарында мекен еткен әртүрлі рулар негізінде өздері аттас хандықтар құрып алған болатын. Олар Көк түріктердің Қалқадағы ордасын қорғаған ержүрек ұрпақтардың өкілі – Шыңғыс ханның бірігейік, ел болайық деген ұсынысын қабылдамай, қайта қылыштарын жанып, соғыс ашуға құлықты болды. Қағанат құрамында болған татарлар болса, Көк түріктер елі ыдырауынан кейін алдарынан ашылған мүмкіндікті қалт жібермей, Жужан атанған тұста қолдан шыққан тәуелсіздігін қайтаруға бағыт алған. Хандар әулетімен ежелден іргелес отырып, аралас-құралас тіршілік еткен жалайырлар туралы әңгіме бөлек. Олар Қайду хан әулетімен арадағы оқиғадан кейін айырылған дербестігін қайта қалпына келтіруге ынтық еді. Меркіттермен арадағы даулы мәселе сыздап, қайта-қайта алдан шыға берген. Солай бола тұрса да, Шыңғыс ханды тәуекелді жолға бастаған қандай құдырет?!  

             Ия, ол кездері Көк түрік қағаны Моғұлжан (қытайлық дереккөздерде Могилянь) бас болып, Алып Елетміш, Култегін батырларға, Түн күк данаға, солардың соңын ала Білгі қағанның өзіне арнап төрт ғасыр бұрын тұрғызылған ескерткіштер кешендері мұрты бұзылмай сақталған болатын. Хандар әулеті жыл сайын тамыз айында сонда жиналып, сол асыл әруақтарға атап ас беретін. Теміжүн ат жалын тартып мінгеннен бастап сол дәстүрлі астарға әкесі Есукейге ілесе барып, сондағы әңгімелерді құлағына құйып өсті. Ескерткіштер жанындағы барқыларда ата-баба шырағын сөндірмей отырған қарт тәңіршілдердің әңгімелері тарихтың сабағы іспеттес мазмұнды болатын. Балғын бала Темүжін Алпамысқа арналған жырды сағаттап тыңдаудан жалыққан емес. Елінің хандық дәстүрін жалғастыру туралы арманы сол бір балауса балалық шағында-ақ санасына қонақтаған. Он бес жасынан басталған арман жолындағы күресті толық жеңіспен аяқтаған соң, тізе бүккен елдер мен шаһарларды төрт ұлына еншілеп берген қаған алаңсыз көңіл-күймен Ұлы тауда бой көтерген Алтын ордасы төріне келіп жайғасты. Осы жолда ақылшысы әрі көмекшісі болған кіші әкесі Меңлеке Шыңғыс ханның оң жағында, барлық әмірлерден жоғары орын алды. Одан кейін Тоғышар мен Сүбедей баһадүрлер отырды. Сол қол жағында Бөрте бегімнің інісі, төрт ұлының нағашы атасы Алшы ноян орнықты. Ары қарай отбасының өзге де құдаларынан кейін хандық лауазым иелері – төрт ұлы өз жастарына орай орын алды. Жошы ұлысына қарасты рулардың билері орданың екі қанатына келіп тізе бүгісті. Орда ішіндегілердің бәрі кілең түменбасылар мен мыңбасылар. Қағанның қалауымен әскери және рулық құрылысты ұштастырып-ұластыру елді осылай жұдырықтай жұмылдыруға, темірдей тәртіп орнатуға қол жеткізген. 

             Орда ішінде шыбын ызыңы естілердей тыныштық орнағанда:

             – Ұлыс елім! – деп, сөзін бастады қаған. – Орда керегесіне тұтылған алашада бедерленген таңбаларының нобайынан Жошы ұлысын түзген рулардың қарасы мол екенін көріп отырсыздар. О баста Алтайда орын тепкен алты рудан құралған елді «Алты алаш» деп атап едік... – Өткенге ой жіберген Қаған кідіріп қалды... 

           Кідірістің сәтін пайдаланып, қаған еске алған «Алты алашы» туралы тарихи деректерді ортаға салсақ. Осы орайда ҚР ҒА академигі Тілеуберді Сайдулдиннің пікіріне назар аударайық: «Тарихшыларымыз алты алашқа қазақтың үш жүзін, Ташкент маңындағы құраманы, қырғыз бен қарақалпақты жатқызады. Алаш – ХІІІ ғасырда, қазақтың үш жүзі ХVI ғасырда қалыптасса, қырғыз ешбір тарихи кезеңде қазақпен бір тудың астында болмаған. Саяси іс-әрекетте бұл халықты туысқанбыз деп ішке тарту орынды болғанымен, тарихты ойдан құрастыруға болмайды. Алты алаш жөніндегі тарихи деректер оған Керей, Найман, Меркіт, Қоңырат, Жалайыр және Моңғол жерінде болған Татарды жатқызады. Алтын Орда заманында татарлар басшысының атымен «Ноғай» атанған. Алтын Орда ыдырап, қазақ болған рулар шығысқа қарай қайтқанда, ноғайлар батыста қалған. Ол заманнан қазақ пен ноғайдың қоштасу жырлары сақталған. Шыңғыс ханға бағынған қаншама тайпалардың ішінде алаш атанғандардың мерейі үстем болып, әскердің ең бір айбынды, қуатты құрамы болды. Олардың көрнекті өкілдері әскербасылық, мемлекеттің беделді биік дәрежелерін иеленді».  

           –Бүгін біз алтаудан әлдеқайда көппіз, – деді Қаған сөзін қайтадан жалғап. – Елдікке негіз болған «Алты алашты» ерекше бөлектемей, баршаға ортақ «Алаш» деген атқа тоқтам жасайық.  

          Отырғандардың пікірін білгісі келген қаған жағалай көз салғанда, олардың бәрі:

          – Дұрыс! – Жөн! – дескен.  

           Қазақ мемлекеттігінің бастауындағы «Алаш» қасиетті халықтық атауы тарихи құжатпен хатталмаса да, бірауыздылық жағдайда хан кеңесінде мақұлданып, сайын далаға тамыр жайды. 

             Бұл оқиғаға орайлас аңыз дерегін орыс этнографы А.И.Левшин ел аузынан жазып алып, «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордасы мен даласын суреттеу» атты әйгілі еңбегіне ендіргенін айтар едік. Онда Қазақ хандығы ноғайлармен бір тудың астында құдыретті ел болып дәуірлегені, алайда олар құрған ұлы мемлекет ордасы ішінде туындаған тақ таласы қантөгіске ұласуы, сол бүлікті пайдаланған сұлтандардың жеке-жеке хандықтар құрып алуынан мемлекеттің ыдырауы, бұл күйден Алаша хан бар билікті өз қолына алған соң ғана құтылғаны баяндалады екен. (Қ.Салғара-ұлы, «Қазақтың қилы тарихы», 125 бет). Бұл аңызды дәуірлік тарихи оқиғаларымен ұштастырсақ, Көк түріктер қағанатының соңғы кезеңі мен Шыңғыс хан құрған Алаш елі көз алдымызда көлденеңдеп, Алаша хан жұмбағы да шешімін табады екен.

          – Ал енді ілгеріден белгілі Мұғулстан елі туралы деректерді де сіздердің естеріңізге салсам артық болмас. Көк түріктер ханзадасы, Құтлығ ханның ұлы Моғылжан інісі Күлтегінмен бірге Шу бойы руларын бағындырып, Білгі хан лауазымдық атымен таққа отырғанша он тоғыз жыл, хан атанғаннан кейін де тікелей сол өңірге билік жасапты. Шу бойындағы бұл елдің билеушісінің атымен Моғылстан атануы содан. Біз де өз елімізге осы атты таңдап едік, – деді қаған.

           Қағанның бұл пайымы Л.Н.Гумилевтің «Көне түріктер» монографиясының 288 бетіндегі дерекпен сәйкес келіп тұр: «Мемлекеті мен қаған билігін кеңейту үшін Жетісу іргесін басып алуға тырысып, Қапа ханның немере інілері Могилянь тардуш-шад пен оның он алты жастағы інісі Күлтегін Шу бойы тайпаларына қарай жорыққа шықты және 701 жылы оларды бағындырып алды». Білгі ханға арнап соғылған тас ескерткіште егжей-тегжейлі жазылған бұл деректер барқылардағы шырақшылар арқылы Шыңғыс ханға да мәлім болған сыңайлы.   

        Болашаққа белгілеген жоспары туралы ойларын қаған былай деп баяндады:

         – Бізді жуықтағы жылдары өте көлемді жорықтар күтіп тұр. Сол жағымыздағы бұлғар-башқыр, орман елдерін, батыста Еуропа халықтарын қосып, ұлы мемлекет құру кезекте тұр. Шын-Машын мен Еуропаны жалғап, арада сауда-саттық жолдарын ашсақ, одан елге шаш-етектен пайда түспек. Біз осы мақсатты жүзеге асырсақ, Тәңіріміздің бізге жүктеген өркениетті алға апару міндетін атқарған боламыз.

             Елге арнаған сөздерін осымен аяқтаған қаған сексеннің сеңгіріндегі кіші әкесі Құнқырат биі Меңлекеге мойын бұрып, иек қақты. Абыз қарт Алаш еліне жақсы тілектерін арнап, бата жасады. Жиын көтеріңкі көңіл-күймен тарап, баршасы өз мекендеріне аттанды. Бөрте бегім өзіне тиесілі күзеті мен қызметшілерінің қоршауындағы күймесіне жайғасып, Қалқаға қарай жол тартты. Бұл сапардың қауіпсіздігі Құбылай ханзады мыңдығының жіті бақылауында болды. 

          Үздіксіз ұзақ жылдарға созылған, ақыл-ойы мен бар күш-жігерін алған жорықтардан өзінің қатты қажығанын сезген Шыңғыс хан жаны мен тәніне тыныс беруді ойлап, бірауық аң аулауға шығатын. Сарысу бойында саятшылық кезінде, астындағы тұлпары жүйткіп бара жатып, сүрініп жығылғанда, алдында қашып бара жатқан қара қабан кенет кері бұрылып, атымен бірге құлаған қағанға қарай ұмтылған. Оның пышақтай азу тістерінен тайсалған тазылар қағанға араша түсе алмай, қашқақтады. Қозыкөш жер артта қалған нөкерлерден қайран жоқ. О, құдырет! Қабан атқа да, қағанға да тиіспей, қапталдан өте шықты! (Мына сәйкестікті қараңыз: Қағанның өзі де доңыз жылы дүниеге келген еді ғой!). Қағары бар жандай, қатерден аман қалғанымен, қағанның бұғанасы сынып, төсек тартып жатып қалды. Осы кезде Жошының кенеттен дүниеден өтуі Қағанның жан дүниесіне орасан салмақ түсірді. Қанша мықты болғанымен, ұлын жер қойнына тапсырарда көздерінен сорғалаған жасты тыйя алмады, жан-жүрегімен жылап тұр еді... Ол осы сәтте өмірінің ең бір жарқын беттері артта қалғанын сезген болатын.

             Жошының қырық күндік асынан соң, Алтын ордадағы хан кеңесінде ақыл-парасаты мол, шешімді немересі Батуға «Сайын хан» лауазымдық атымен қоса ұлыстың билігін беретінін мәлім қылды. Одан кейінгі оқиғалар барысы қағанның бұл жолы да дұрыс таңдау жасағанын көрсетті. 

            Арадан жыл өтер-өтпес қағанның өзі бақилық болды. Әбілғазы былай деп жазады: «Шыңғыс хан бұл дүниемен алты жүз жиырма төртінші тауық жылы (жаңаша 1227 ж.) қоштасты. Доңыз жылы туып, доңыз жылы хан сайланып еді. Ханның барлық жасаған ғұмыры алпыс бес жыл еді, жиырма бес жыл патшалық қылды. Үш ай бойы жан-жақтан халық келіп, аза тұтып, ханзадалардың қайғысына ортақтасты». (Бұл жерде «Құпия жерлеу» оқиғасы терістеліп тұр). 

             Немересі Бату атасы өсиет еткен батыс жорығына аттанардан бұрын Шыңғыс қаған мен әкесі Жошы ханға атап салдырған кесенелері Ұлы тауда мызғымастай болып әлі тұр. Тарихи жәдігерлер қатарын Ұлытау өңірінде бой көтерген Жошының қызы Болған ана мен Шыңғыстың екінші ханымы Құлан қатун кесенелері толықтырыпты. Саяси мүдде тұрғысынан жұмбаққа айналған Алаша хан кесенесі кімге тән екенін анық білген Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Жошы ханның әкесі -Алаша хан» деген бір ауыз сөзімен ақиқатты анық жазып кеткенін ескерер болсақ, қанеки!

Оңғар Нақып, 

Қазақ үні