КОМПОЗИТОР ҚАЛДЫБЕК ҚҰРМАНӘЛІНІҢ ӘН КЕШІ ӨТТІ
Алматы жастарының сүйікті мекені – Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек, Отырар аудандарының Құрметті азаматы, белгілі композитор, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлінің шығармашылығының 25 жылдығына арналған ән кеші өтті.
Ұлттық әуезге деген ынтызарлық Қалдыбекті ұлттық өнердің белсенді жанашырына айналдырып, Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сынды көрнекті композиторларды халық жадынан өшірмеу үшін көп еңбек сіңіруге жетеледі. Көпшілікке іскер продюсер, ілкімді ұйымдастырушы ретінде таныла білген Қалдыбек Құрманәлінің композиторлық қабілеті де айрықша: әнді аз жазса да, саз жазады.
Әуелеген ән кешіне қоғам қайраткері, ақиық ақын, тіл жанашыры Мұхтар Шаханов, Ұлттық ғылым академиясының академигі Өмірзақ Айтбаев, Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек, қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, ҚР «Жекпе-жек» Федерациясының президенті Сабыржан Махметов, белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы, көрнекті ақын Қасымхан Бегманов, «Қазақ үні» газетінің директоры, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қазыбек Иса, саясаткер, суретші Әділ Несіпбаев және басқа да көптеген өмірдегі және өнердегі ниеттестері қатысып, кештің көркін қыздырды.
Көңілді кеш ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Жайықтың толқындары» атты әсем әнмен басталды.
Кештің шырайын Таңат Мамырханұлы, Шәкизада, Ералхан Әбішев, Тұрғынәлі мен Сая, жарасымды жұптар Мирас пен Құралай, Әділ мен Дана, Тоқтар мен Бейбіт, Ғани мен Бота, Заттыбек Көпбосынұлы, Сембек Жұмағалиев, Ғани Мәтебаев, Жеңіс Ысқақова, Асқар Жүнісбек, Тұңғышбай әл-Тарази, Жұбаныш Жексенұлы, Айкерім Қалаубаева, Тамара Асар, «Каспий» тобы, Тахмина Әшімбекова, Қанат Үмбетов, Шаба Әбенқұлқызы, «Ару» тобы сынды өнер тарландары қыздыра түсті.
«Достар» вокальды аспапты ансамблі Қалдыбек Құрманәлінің танымал әндерінен попурри орындап, көптің көңілін бір серпілтсе, композитордың ән падишасы – Шәмші Қалдаяқовқа әннен тұрғызылған ескерткіш істпетті «Ән аға» атты әнін нақышына келтіре орындаған әнші Сәкен Қалымов ел ықыласына бөленді.
Жиылған жұртты әсем әнмен тербеген кеште композитордың досы, ақын Қазыбек Иса «Ізінде жүрсің ізгі әннің» атты Қалдыбек Құрманәліге арнаған өлеңін оқып, жырдан шашу шашты.
Күрес қой өмір,
Күндерің өтер жарыспен...
Шаршаған кезде сырласып
қайтқын Арыспен...
Әнші боп кетпе,
әріптестерің секілді,
Қой қайтаратын дауыспен, – деп келетін Қазыбек ақынның жырын тыңдаған жұрттың езуіне күлкі үйіріліп, жақын достардың арасындағы жарасымды әзілге тәнті болды.
Әйтсе де, композитор ақын досының «қой қайтаратын дауыспен әнші болып кетпе» деген әзіл-ескертпесіне құлақ аспаса керек, Әділ Ботпановтың өлеңіне жазылған «Сәлеметсіз бе?» атты әнді Айкерім Қалаубаева, Нұрлан Ташев сынды әншілермен бірлесіп тамаша орындап шықты. Әсіресе, сахналық қойылымымен ерекшеленген бұл нөмір композитордың көрермендерге көрнекті тосын сыйы болды. Қазақтың «Ақбаяны» Мәдина Ералиеваның орындауындағы «Кірмеші жиі түсіме...» атты әннің әншінің өзінің орындауында бейнетаспа арқылы көрерменге ұсынылғанда, өмірден тым ерте кеткен жезтаңдай әншіміз арамызға қайта оралғандай күйге түстік.

Қазыбек Исаның сөзіне жазылған «Ұмытпа мені, аяулым» әнін нақышына келтіріп шырқаған Мирас пен Құралайды көрермендер жақсы қабылдады. Композитордың «Ән аға», «Шай ішіп кетсең қайтеді?», «Сырдария жағалауы» атты әндерін елшіл азамат, қылқалам шебері Әділ Несіпбаевтың көркем картиналары айрықша әрлендіре түсті.
Әндері әуезді, қабілеті қуатты Қалдыбекке 25 жылдық шығармашылық кешімен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов сынды ел ағаларынан құттықтау хаттары келді.
Асқар Мырзахметов өнер майталманына деген өзінің жүрекжарды лебізін білдіре отырып, алдағы тамыз айында композитордың шығармашылық кешін өткізуге оңтүстік жұртының әзір екендігін жеткізіпті. Мұның өзі композиторға туған халқының көрсеткен шексіз құрметі болса керек. Оңтүстіктің Бәйдібек ауданындағы Тасқұдық деген кішкентай ауылда шопанның отбасында дүниеге келген Қалдыбек Құрманәлі бүгінде табиғи талант, ерен еңбек, қарышты қарымының арқасында талайларды таң қалдырып, лайықты бағасын алған өнер саңлағы.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ