ЕЛ ІРГЕСІН ҚАЗАҚ ТІЛІ БЕКІТЕДІ
2022 ж. 03 сәуір
1641
0
«Тіл – ұлттың тұғы¬ры, ұрпақтың ғұмыры… Біле білсек,
ұлттық қа¬уіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады». Қ.Тоқаев
Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин журналист Мақсат Толықбайға берген сұхбатында «Жаңа Қазақстан» жайында өз ойларыңызды ортаға салыңыздар дегеннен кейін мен де «Жаңа Қазақстанда жалған сөйлеу болмасын!» деген бағытта осы мақаланы бастадым.
Расында да, Ұлттық идеология – қазақ тілінен, ділінен, қазақ халқының көне тарихынан бастау алады екен. Егер де біздің мемлекетіміз мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, рухын, тілін идеологияның басты тұғыры ретінде қабылдаса көпшілікті қазіргідей қиын жағдайға жеткізбес едік, опасыздар төңкеріс ұйымдастырып қайғылы қаңтарда қазақ қазаққа оқ атып түрмелерде жазықсыз жандарды қатыгездікпен жантүршігерлік қинаулар болмас еді деп ойлаймын.
Президент Қ.Тоқаев кезекті жолдауында «Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» – деді. Керемет тұжырым. Әйткенмен, сөзін әрі қарай жалғастырған мемлекет басшысының «орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие» дегенін өз басым аса қабылдай қоймадым. Сол кезде ойыма жазушы Дулат Исабековтің «Ендігі үлкен көтеріліс қазақ тілі үшін болады» деген сөзі еріксізден ойыма оралды.
Тiлдердiң қолданылуының құқықтық негiздерiн реттейтін «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» арнайы заңның 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деп көрсетілген. Демек, аталған заң Конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесін анықтап дамыта отырып қазақ тілі – мемлекетті басқару, заң шығару және iс қағаздарын жүргiзу тiлi деп бекітті. Заңдарды зерделей келе айтатынымыз Қазақстанда мемлекеттік ресми тіл біреу – ол қазақ тілі!
Осы айтылғанды Конституциялық Кеңес 2007 жылы 23 ақпандағы №3 нормативтік жалпыға бiрдей мiндеттi күші бар Қаулысымен былай деп бекітті, «Мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi мен ресми түрде пайдаланылатын орыс тiлiнiң тең қолданылуы бұл соңғысына (орыс тіліне) екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi берiлетiнiн білдірмейді. Мемлекеттiк тiл мәртебесiнiң үстем болуы оның жария-құқық саласында қолданылуының айрықшалығы не басымдылығы Конституцияда баянды етiлiп, заңдарда белгiленуi мүмкiн екендiгiн бiлдiредi».
Жоғарыда көрсеткеніміздей Конституцияда «орыс тілі ресми тіл» деген сөз, заң баптары мүлдеп жоқ, алайда аталған 7-баптын 2-тармағында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Ендеше «ресми түрде» деген сөз тіркестері бар, бірақ бұл «орыс тілі ресми тіл» дегенді білдірмесе керек.
Енді қай жерде, қалай орыс тілінің ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатының айтайын. Олар мемлекеттік ұйымдар – азаматтық заңдарда көрсетілген атап айтсақ: мемлекеттiк кәсiпорындар, мекемелер, шаруашылық серiктестiктер акционерлiк қоғамдар басқаша айтқанда құрылтайшысы меншік иесі мемлекет болатын компаниялар мен заңды тұлғалар, және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мәслихаттар. Осы айтылғаннан шығатын қорытындымыз, аталған мемлекеттік ұйымдарда қызмет ететін мамандардың барлығы қазақ және орыс тілдерін білуі міндетті.
Енді осыдан келіп мемлекеттік тiл – қазақ тілі елімізде мемлекеттік тұрғыда қалай қолданылуы керек. Осыны анықтау үшін біз күнделікті көріп естіп жүрген Қазақстан Президентi, Үкiметi, Парламентi және орталық атқарушы органдар министрліктер т.б. мемлекеттік тілді біліп сөйлеуге міндетті ме деген ой туындайды.
Конституцияға, заңдарға сараптама жасап осы аталған мемлекеттік органдарға, жоғарыда айтқанымыздай орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны жайлы бұларға қатысты ереже жоғын салыстырып білдік.
Өйткені мемлекеттік орган мен мемлекеттік ұйым ұқсас ұғымдар болғанымен Конституцияда бөлек қолданылған, және де олардың құқықтық мәртебесі мүлдем өзгеше. Мемлекеттік орган белгілері Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 4-бабында берілген, олар «жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық қағидаларын айқындайтын актілерді басып шығару; әлеуметтік маңызы бар қоғамдық қатынастарды басқару және реттеу; мемлекет белгілеген жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі функцияларды мемлекет атынан жүзеге асыратын мемлекеттік билік ұйымы». Осы кодексте көрсетілгендер арқылы біз мемлекеттік ұйымдарда аталған белгілердің функциялардың жоғын аңдадық.
Қазақстан Үкіметі туралы Конституциялық заңның III тарауында мемлекеттік органдарының тізбесі берілген, олар Президент, Парламент, министрліктер, жергiлiктi атқарушы органдар деп көрсетілген. Тек қана осы тізбеде 4-бапта берілген барлық белгілердің барын байқадық, осылай мемлекеттік органдардың ерекше айырмашылығын білдік. Айтылғаннан түсінгеніміз осы 7-баптын 2-тармағында көрсетілгендерден басқалалары - барлық мемлекеттік органдар Президент, Үкімет, Парламент, министрліктер, агенттіктер т.б. тек қана қазақ тілінде сөйлеп қызмет етуі керек; бұл – Конституция талабы.
Тағы осы ойымыздың дәлелдемесі ол Конституцияның 41-бабындағы Қазақстан Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын... мемлекеттік тілді еркін меңгерген, ...Республика азаматы сайлана алады делінуі. Бұдан байқағанымыз, Президент орыс тілін, қытай тілін, ағылшын тілін білсін деген талап жоқ, ал қазақ тілін білсін деген басты талап бар. Парламент палаталары төрағаларының мемлекеттiк тiлдi мiндеттi түрде еркiн меңгеруi керек деген бап та Конституцияда бар.
Конституциялық Кеңес 2007 жылғы нормативтік қаулысында мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының ресми тұлғалары көпшiлiк алдында сөз сөйлегенде, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының ресми бланкiлерi, ұлттық валютада, жеке басын куәландыратын құжаттарда қазақ тiлiне басымдылық берiлуi керек екенің бекітті. Бұл жазылғандар, Негiзгi Заң қазақ тiлiне жария-құқықтық маңыз бере отырып, оның мәртебесiнiң үстемдiгiн көздейтiнiн айғақтайды деді.
Неге мемлекеттік тiл – қазақ тілі деген сұраққа жауап іздесек, ол Конституциянын преамбуласында айтылған: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттілік құра отырып, ...қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» делінген. Басқаша айтқанда, жер де, ел де қазақтікі деп мойындап айтылған сөз.
Енді үкімет, министрлер, депутаттар 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда бүкіл Қазақстан халқы бірлесе келе бірауыздан қабылдаған Конституцияның мемлекеттік тiл – қазақ тілі деген талабын неге орындамайды деген үлкен сұрақ туындайды.
Конституциялық Кеңес қаулысында қазақ тiлi Қазақстан мемлекеттiлiгiн айқындайтын факторлардың бiрi болып табылады, оның егемендiгiн рәмiздейдi, деді.
Жоғарыда келтіргеніміздей, Қазақстан Президентi, Үкiметi, Парламентi және орталық атқарушы органдар т.б. тек қана мемлекеттік тілде іс жүргізіп, сөйлеуі керек. Бұл – Конституцияны бұлжытпай орындау. Қорытындылай келе, тұжырымдамамыз биліктің мемлекетті басқару, заң қабылдау қолдану тілі тек қана қазақ тілі.
Конституцияның 3-бабында мемлекеттік билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық делінген.
Президент мемлекет басшысы ретінде әрбір қазақ азаматын жалғызындай жақсы көріп қамқорлығына алуы керек, сонда ғана халық артынан еріп Ел Басы дейді.
Сөзімді ақын Мұқағали Мақатаевтың «Отан» өлеңімен аяқтағым келеді:
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан! Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен...
Айыпқан Мұхамадиев,
заң ғылымының кандидаты.