Тарихи сериалдарға бөлінетін қаражат мәселесін қайта қарау керек – Бақыттас Санитас

Тарихи сериалдарға бөлінетін қаражат мәселесін қайта қарау керек – Бақыттас Санитас

Алматыда Мемлекеттiк хатшы Қ.Көшербаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжанов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева, медиаменеджерлер, зиялы қауым өкілдері мен журналистердің қатысуымен 9 тарихи телехикаяның таныстырылымы өтті, деп хабарлайды «Қазақ үні» ақпарат агенттігі.

Шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.

Ұлт қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмабек Тәшенев, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев, Жәңгір хан мен Домалақ ананың өміріне арналған тарихи туындылар «Qazaqstan» арнасының эфирінен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көрсетіле бастады.

«Кино – ұрпақ санасын қалыптастыратын идеологиялық құрал. Жаһандану дәуірінде өмір сүріп, әлемдік мәдениеттің мың сан бояуы бір арнада араласып кеткен заманда есік-тереземізді қымтап, өркениеттен бөлектеніп өмір сүре алмасымыз анық. Осы ретте ұлттық идеологиямызды насихаттауда, ұрпаққа ұлағатты тәрбие беруде, ұлттық сипатымызды танытуда кино өнерінің алар орны ерекше. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» мақаласында аталған салаға айрықша басымдық берді. Президент мақаласында «Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын» деген болатын», деді шараның ашылуында ҚР Мемлекеттiк хатшысы Қырымбек Көшербаев.

Шараға қатысты ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, соңғы 5 жылда Қазақстанда 200-ден астам сериал түсірілгенін айтты. Оның төрттен бірі ел тарихынан сыр шертеді. 


Осыған байланысты «Қазақ үні» ақпарат агенттігінің тілшісі «Сарай сыры» тарихи сериалының қоюшы режиссері Бақыттас Санитаспен тілдескен болатын. 

- Сериал түсіру жұмысында өзіндік қиыншылықтар болды, әрине. Оны телеарна басшылары да айтып жүр. Мысалы, қаражат мәселесін қайта қарау керек. Экономикалық жағдайға байланысты 60-70 адамдық топпен жұмыс істеу барысында осындай жетіспеушіліктер орын алып жататыны жасырын емес. Біздің «Сарай сыры» сериалының түсірілімі екі кезеңге бөлінді. Жартысы студия ішінде декорация қойып жасалса, екінші кезеңде 20 күндей Алматы маңындағы Қараой деген ауылдың шетінде түсірілімдер өтті. Бір топ суретшілер сол жерде жұмыс істеді. Сол дәуірдің бейнесін ашу үшін кейіпкерлерге арнайы киім тіктірдік, - деді Б. Санитас.

Еске сала кетейік, "Сарай сыры" тарихи сериалы "Қазақстан" ұлттық арнасынан 10 қаңтардан бастап көрсетіле бастайды.