Алматыда жоғалған арулар
2021 ж. 10 желтоқсан
2121
0
Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ, жазушы
Қария: «Алматыда қыздар жоғалуда деп естідік, о не сөз, шырағым?»
Автор: «Оның мәнісі былай, ақсақал...»
– Жо-жоқ! Ешқандай мәлімет берілмейді... Тергеу ісіне кедергі келтіресіздер...
Келте қайырылған суық жауап бар үмітімізді үзіп, қарсы алдымыздан саңылаусыз темір қақпаны тарс еткізіп жаба салғандай, өте бір жайсыз әсер қалдырды.
Милицияның өмірі қат-қабат тіршілікке толы, бөгде жандар білуге міндетті емес құпия шаруалардан тұратынын білеміз ғой. Тіпті, соның ішінде өздері де сезбейтін небір шытырман істер болатынынан да ептеп хабардармыз. Сонда да біздің арнайы іздеп келген мәселемізге кезекшінің бұлайша мінез көрсетуін тілшілік құқымызбен санаспау деп қабылдадық.
Біздің білмек боп келіп отырғанымыз – мемлекеттік маңызы зор құпия емес, жергілікті оқиғаға қатысы бар белгісіз жайттің сырын ғана білу еді.
«Ауруда – шаншу, сөзде – қаңқу жаман», соңғы кездері Алматыда оқитын студент қыздардың ізім-қайым жоғалып кетуі – тікелей осы әңгіменің тұтануына себеп болды. Әйгілі Желтоқсаннан кейінгі күндердің ызғары басылмаған кез. Сыбырлап болса да, ел сондағы жоғалғандардың аз болмағанын оңашада бір-біріне айтып жүрді. Оның үстіне, бұл оқиғаның дақпырты қайта-қайта түрліше естіліп, алыпқашпа әңгімелердің тарауына тиек болған. Желтоқсан дүрбелеңі кейінгі қазақтардан өш алу үшін істелінген іс екен деп сәуегейлік танытқандар да бар. Бұған сеніп калғандар да жоқ емес.
Қалай дегенмен де, бұл әңгіме негізсіз емес еді. Соның алдында, республикалық Прокуратурада бір тапсырмамен жүріп, «1986 жылғы Брежнев алаңындағы оқиғаға байланысты сотталғандар» деген жазуы бар құжатты кездестіргенім бар. Сол қағазда хабарсыз кеткендердің есімдері жүрді. Бірақ олар да толық тізімін беруден бас тартты.
1989 жылы Парламенттік комиссияның іздеу жұмыстары басталған кезде, із-түзсіз жоғалған бірнеше адамның дерегін білгісі келген өтініштер түсті. Соның бірінде, Солтүстік Қазақстан облысынан келген шағымда былай деп жазылыпты: 1986 жылдың 16 желтоқсанында Алматыға кеткен сіңлім Ұмсынай Нұрғалиеваның осы күнге дейін табылмағанын хабарлаймыз. Ол 1961 жылы туған, Алматыдағы баспаханада жұмыс істеп, ҚазМУ-да сырттай оқып жүрген. Естуімізше, Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Өлі-тірі екенін осы күнге дейін білмейміз. Көмектесіңіздер. Іздеу салушы – әпкесі Күлжиян. Бұл хат бойынша айналысқан тиісті орындар ешттеңе шығара алмады. Кезінде Ұмсынай пәтерде тұрған ескі үй әлдеқашан құлатылып, орнына зәулім үй тұрғызылып кетіпті. Онымен бірге тұрған қыздардың аты-жөндерін де ешкім білмейді. Сонымен, бұл іс аяқсыз қалған.
«Ау, ағайындар, Алматыда қыздардың жоғалып жатқаны рас па, рас болса, неге үндемей отырсыздар?» деген хаттар газет редакцияларына да келіп, әсіресе бізге – журналистерге өкпе-реніш білдірген жұрт та аз емес. Бұқаралық ақпарат құралдарының белсенділігіне жан бітіп, өмірдің барлық саласында жариялылыққа жол ашылып отырған кезеңде, баспасөз қызметкерлерінің әлгі оқиғаға бей-жай қарауы – шынында да түрлі қауесеттің растығын үнсіз мойындаумен бірдей еді.
Қауесет – қашан да қоғам үшін аса қатерлі қасірет. Ол адамдар арасында бейберекет үрей туғызатын, ой-сезімін тұсап, еңбек ету белсенділігін төмендететін, күтпеген жерден ұшқары пайымдауларға итермелейтін әлеуметтік кесел. Осы кеселге тосқауыл болатын бір-ақ ем бар, ол тағы да – жариялылық. Шындық пен өтіріктің, дақпырт пен ақиқаттың аражігін ажыратып, өмірдің бар болмыс бояуын еш қоспасыз ашып көрсететін де сол. Ендеше, жергілікті құқық қорғау органдарынан аңыз бен ақиқаттың ақ-қарасын анықтап беруді өтінсек несі айып? Бұл жолы министрліктен бір-ақ шықтық.
– Еш айыбы жоқ, – деді республика Ішкі істер министрлігінің қылмысты істер іздестіру басқармасындағы жауапты қызметкерлердің бірі Мұрат Изатов мән-жайға қаныққан соң. – Біздің қалалық басқармадағы әріптестеріміз аздап сақтық шараларын күшейтуді ойластырған ғой. Оған бола бәрімізді бір желіге қосақтамаңыздар. Қолдан келгенше көмектесейік, қолдан келмегеніне ренжімейсіздер.
Осы мақалаға материал жинау барысында жүздесіп, пікірлескен милиция қызметкерлерінің арасында сыпайыгершілігімен ерекшеленген ол өзіндік нақты позициясы барын да танытты. «Ішкі істер органдары жүргізіп жатқан қылмыспен күрес шаралары жөнінде жұрт біліп отыруға тиісті» деп, сұраған құжаттарымызды алға тастады. Соның арқасында, кешегі тарс бекітілген темір қақпа да жартылай ашылды-ау. Оған да шүкір. Жартылай дейтінім, «Совершенно секретно» деп, айрықша белгі соғылған қағаздарды Изатов іріктеп алып қалды. Енді сол қолдағы құжат бойынша, елдің үрейін алған қайғылы оқиғаның ізімен жүріп көрейік.
...Каникулдан оралған студенттердің ең алдымен қаладағы туыстарына, жекжат-жақындарына барып сәлем беретіні ежелден қалыптасқан дәстүр ғой. Ауыл-аймағының соңғы жаңалығын жеткізіп, үлкен-кішінің амандығын білдіріп, қонақжай пейілдің аманатындай сыбағаны бөлісу – ауылдан келген қыз-жігіттердің бұлжымас әдетіне айналып кеткені қашан!
Сол әдетпен «Ағайымның үйіне барып келе қояйыншы» деген курстас құрбысының өтінішіне Гүлбану (ауылдағы ата-аналарының көңілдеріне қаяу түсірмес үшін есімдерін сәл өзгертіп отырмыз. – Авт.) қарсы болған жоқ. Құрбысы екеуі жатақханадан шығып, қала іргесіндегі «Горный гигант» поселкесіне тартып кетеді. Қолда түйіншек – ауылдың дәмі. Ертең, әрі мереке – 23 ақпан, Кеңес Армиясының құрылған күні. Сол мерекемен ағаларын құттықтау да ойда бар. Гүлбану ол үйде көп отырған жоқ. Неге екені белгісіз, көңілі алабұртып, шай ішілген соң қайтуға асықты. «Түн боп кетті ғой қарағым-ау, осында-ақ қона салсаңшы деп, ашық-жарқын пейілмен құрақ ұшқан үй иелеріне рақметін жаудырып, орнынан тұрды. «Ертеңгі сабаққа әзірленуім керек» деп, кешірім сұрағандай жымиып күлді. Сағат түнгі он боп қалған екен. – Онда біз сені шығарып салайық, – деді құрбысы қоса киініп. – Дала тым қараңғы екен, қорқып жүрерсің.
Олар сыртқа шыққанда, түнгі ызғар бетке соғып тұр еді. Ақпанның күшейе түскен шымшыма аязы қанша қалың киінсең де, бой тоңазытады. Жүгіре басып, Жуков көшесімен жүрген олар әл-Фараби даңғылындағы аялдамаға шықты. ҚазМУ қалашығы жаққа баратын ең соңғы автобустың бірі буы бұрқырап жүргелі тұр екен. Гүлбану ішке лып етіп кірді. – Ал жақсы, ертеңге дейін, – деді ол артына бұрылып, қолын бұлғап.
Сол түннен бастап, ҚазМУ-дың механика-қолданбалы математика факультетінің 2 курс студенті 21 жасар Гүлбану із-түзсіз, хабарсыз кетті...
Оны іздестіру жұмыстары еш нәтиже берген жоқ. Гүлбанумен бірге тұрған бөлмелес құрбылары: «Мүмкін, ауылына кеткен шығар» деп, ол жаққа да хабар берді. Жым-жырт.
Мұндай тосын оқиға, әсіресе студент қыздардың із-түзсіз жоғалуы, 1988 жылдың соңынан бері бірнеше рет қайталанғанын Алматы тұрғындары жақсы білетін. Миллионнан аса халқы бар үлкен қалада не болмайды дейсің? Бірақ дәл осындай сұмдықты бұрын-соңды естіп-көрмепті. Бойжеткен қыздары бар үйлер сақтықты күшейтті. Бейуақтағы жүріс азайды. Әйтсе де, тіршілік болған соң, адамдардың әрлі-берлі қарым-қатынасы таусыла ма? Біреу дүкенге барады, біреу кітапханаға барады. Осындайда еріксіз жалғыз-жарым жүретін қыздар болады. «Түнгі қарақшы» тура соларды аңдитынында сөз жоқ. Бір таң қалатын жағдай, студент қыздар әр айдың белгілі бір күндерінде ғана жоғалып отырыпты. Қараңыз: 1988 жылдың 22 қазаны. Қазақ университетінің тарих факультетінде оқитын төртінші курс студенті 24 жастағы Райгүл жатақханасынан шығып, қала жаққа бір шаруамен кеткеннен қайтып оралмаған... 22 қараша. Механика-қолданбалы математика факультетінің үшінші курс студенті 20 жасар Рафия орталықтағы өзінің тұрған жатақханасынан ҚазМУ қалашығына қонаққа бара жатып, белгісіз жағдайда ғайып болды... 21 қаңтар, 1989 жыл. Пушкин атындағы кітапханадан түнгі он мөлшерінде шығып, ҚазМУ-ға баратын № 100 автобусқа отырған жаратылыстану факультетінің 2 курс студенті 18 жасар Ғалия да бақытсыз құрбыларының тағдырын құшты...
Бұл не? Қазақ Мемлекеттік университетінің төрт бірдей студентінің араға бір-бір ай салып, ұшты-күйлі жоғалып кетуінің сырын кім түсіндіреді? Өмірде сирек қайталанатын кездейсоқтық па? Әлде, арман қуып астанаға келген бейкүнә қазақ қыздарының білім жолындағы тауын шағып, меселін қайтаруды көздеген теріс ниетті біреудің алдын ала әзірлеген қаскөй жоспары ма? Білмеймін. Бұл сұрақтарға тергеу барысы толық жауап бермесе, түйіні шешілмеген шикі іске болжам жасау қиын. Алайда, мені толғандырған сауал басқа: «Осы қылмыстардың жолын кесуге мүмкіндік бар ма еді?» деген мәселе. Қарамағында мыңнан аса қызметкері бар қалалық милиция басқармасы бұған қалайша тосқауыл қоя алмаған?
Майор Изатовпен әңгімеден кейін осы сауалды арқалап, қалалық ішкі істер басқармасына тағы келдім. Алдын ала жоғарыдан қоңырау түсірген соң, бұл жолы олар құрақ ұша қоймаса да, өткендегіден тәуірірек қарсы алды. Әуреге салған жоқ. Сұраған мәліметтерімді тауып беріп отырды. «Бірден министрліктен бастамағанымды қарашы» деп, біраз уақытымның босқа кеткеніне іштей өкініп те қалдым.
Қылмысты істер іздестіру бөлімшесінің бастығы милиция подполковнигі Валерий Рафхатович Садықов әлдебір суреттерді алдыма жайып салды. Жайып салғаны құрысын, төбе шашым тік тұрды! Мұндай сұмдық көріністі фашистер туралы кинодан да көрген емеспін! Суреттегі жалаңаш бейнелердің тізеден төмен аяқтары жоқ...
Дәтім шыдамай суреттерді кейін ысырдым.
– Жоғалған қыздар осылар, – деді подполковник өңі тұнжырап. –Айуандықпен қинап өлтіріпті, сұмырай! Алдымен, ұрып-соғып, абыройын төккен...
«Кім?».
Тамағыма кептелген осы сауалды жүзімнен оқыса керек, подполковник үнсіз басын шайқады. «Әзірше білмейміз».
– Сонда қылмыскер әлі бостандықта жүрген болды ғой?
– Солай боп тұр.
– Мәйіттерді... мәйіттерді қайдан таптыңыздар?
– Қайдан дерің бар ма? Төртеуі де сол ҚазМУ қалашығының маңынан қар кете табылды. Е-е, айта берсең әңгіме көп. – Подполковник Садықовтың үнінде әлдекімдерге деген реніш табы бар. – Қырағылық жоқ қой бізде, қырағылық.
Садықов осыдан кейін мына бір жайтты қынжыла отырып айтып берді. Бір күні университеттің механика-қолданбалы математика факультетінің деканатына Алматы облысындағы Ақши селосынан тосындау хат келеді. «Жоғалған қыздардың ата-анасының адрестерін салып жіберіңіздерші...» деп өтініпті хат иесі. Не үшін сұратқанын жазбапты. Бұл кез іздестіру жұмыстары тұйыққа тіреліп, мүлде тоқырап тұрған сәт. Кісі өлімі болған жерде ұсақ-түйек деген болмайды. Көңілге үміт ұялатар әрбір жылт еткен хабарға елеңдейміз. Тергеу тәртібі бойынша, қылмыстық іске қатысты кез келген мәлімет милицияға хабарлануға тиіс. Бірақ басшылардың бәріне алдын ала ескертілсе де, бұл талап орындалмады. Хат деканатта бір жарым ай керексіз, ескерусіз жатқан. Тексере келгенде, бұл хат жоғалған қыздардың ата-аналарына көмек қолын созған жанашырдан келген болып шықты. Мейлі, солай-ақ болсын. Десе де, айтыңызшы, адамгершілік, жауапкершілік деген сезімді ұмытуға бола ма?
«Қырағылық жоқ қой бізде, қырағылық». Себезгілеген жаңбыр астында ҚазМУ қалашығының темір қоршауын жағалап, кірер есікті іздеп келе жатқанымда, осы бір көңіл қынжылысынан шыққан сөз көңілімнен кетпеді. Жасыратын несі бар, көпшілігімізде қырағылық атты сезім жетіспейді. Жайбарақатпыз, енжармыз... Айналамызда болып жатқан оқиғаларға селқос қараймыз. Мұның соңы кейде орны толмас өкінішке ұласып жатады. Оған тәртіп сақшыларының енжарлығынан болған осы оқиғалар тізбегі куә. Иә, иек астында болып жатқан қылмысты алты ай қыс кабинеттен шықпай «тексеру» деген не сұмдық? Осылай демеске лаж жоқ. Қандықол қарақшының қолынан мерт болған арулардың мәйіті қар ерігенде барып табылды. Адамдар күнде өтіп жатқан күре жолдан таяқ тастам жерде.
Айналасы ат шаптырым, жалпы көлемі 99 гектар алқапты алатын студенттер қалашығы тым үлкен. Бірнеше оқу корпусы, ондаған жатақханасы бар. Асхана, клуб, шаруашылық үйлері де шашырай қонған. Әр-әр жерде қазылған қазаншұңқыр, бітпеген әлдебір құрылыс нысандары қылтияды. Айнала қалың ағаш. Осы қалашыққа кірер есік екеу. Бірі – қалаға шығар Тимирязев көшесінде. Екіншісі тау жақ бетте, әл-Фараби даңғылы жағында. Тергеушілердің айтуына қарағанда, барлық қылмыс осы елсіздеу, оңаша қақпадан кірер жолда жасалынған. Қылмыскер бұл жерді тегін таңдамағанға ұқсайды. Жолдың екі жақ қапталында қалың ағаш өскен. Шашылған қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Бір кездері ыстық су жүргізу үшін дайындап, кейін қалып кеткен зор құбырлардың сұлбасы байқалады. Бейкүнә бойжеткендерге қыс бойы «табыт» болған шойын құбыр! Қырсыздық пен қамсыздықтың куәсіндей, кім болса да жұтып қояр тойымсыз аждаһа секілді ұзынынан түсіп сұлап жатыр. Ештеңе білмеген, көрмегендей! Арнайы кран болмаса, орнынан қозғау да мүмкін емес.
Әлгінде айттым, қалашықта не көп, бітпеген құрылыс объектісі көп. Жатақханалар, спорт комплексі, тұрмыстық-мәдени, сауда нүктелері қаптап бой көтеріп келеді. Оларды тұрғызып жатқан құрылыс мекемелері де бөлек-бөлек, бір-біріне бағынышты емес. «Территорияны тазалау біздің міндетімізге жатпайды» деп шіренгенде үзеңгілері сықырлайды. Студенттердің жылына бір келетін сенбілігінде болмаса, саусақ қимылдатар жан табылмайды. Тау-тау боп үйілген кірпіш қалдықтары, темір-терсек, сынған шынылар апталап, айлар бойы жатады. Оған да көптің көзі үйренсе керек. Елді шулатқан қылмысты оқиғадан кейін барып қана, «түнгі қарақшының» мекені болған ұялы мекенге басшылардың назары түсті.
«Мен Гүлбануымның хабарсыз жоғалып кеткені үшін ешкімді кінәламаймын. Десе де, «бала – адамның бауыр еті» ғой. Алыс ауылда жатып, дәрменсіз шырылдаған біздің дауысымыздың ҚазМУ басшыларына жетпейтініне күйінеміз. Адам баласы түгілі, өрістен бес-алты қой жоғалса да ауыл болып шапқылап, сүргінге түсеміз, шопан байғұсты сотқа сүйрейміз. Ал, ай-күннің аманында із-түзсіз ғайып болған студенттер үшін жауап беретін біреулер бар ма? Бар болса, бұл оқиғаға ҚазМУ-дың ректорат, партия, комсомол ұйымы қандай баға беріп отыр?».
Жезқазған облысының Жезді поселкесінен жазылған қайғылы ата-ананың хатындағы осы орынды сауалға университет басшылары тұжырымды жауап қайтара алмады. Ал, осы оқу орнындағы тәртіпке тікелей жауап беретін партком хатшысының идеология жөніндегі орынбасары Қ.Жиреншиннің уәжі төмендегідей болды: «Төтенше мәселе партком жиналысында арнайы қаралды. Бүкіл жатақханалардағы кезекшілік тәртібін дұрыс жолға қою туралы деканаттарға тиісті нұсқау, тапсырмалар берілді. Қазір сол шешімдерді жүзеге асыруды қадағалаудамыз».
Айналасы жұп-жұмыр, теп-тегіс, ұстатпайтын сөз. Бірдеңе деп кінәрат тағу қиын. Бұдан кейін кездесіп сөйлескен кісім – университет кәсіподақ комитеті председателінің орынбасары Алмасбек Түкеев: «Студенттеріміздің жетпіс проценті жатақханамен қамтамасыз етілген. Олардың кешкі тіршілігі мұғалімдердің үнемі қадағалауында. Тәртіп бұзушылар жоқ. Ал, пәтерде тұратындарға біздің құзіретіміз жүрмейді» дегеннен әрі аса алмады. Сосын сауалмен жетеледім:
– Әңгіме студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жайында емес, басқада болып тұр ғой. Олардың әлеуметтік жағдайы мен жеке басының амандығын кім қорғайды деген мәселеге тіреліп тұр.
– Студенттер мектеп оқушысы емес, – деді кәсіподақ басшысы да айтқанынан қайтпай. – Бәрі де кәмелетке толған азаматтар. Өз бастарына толық жауап бере алады. Ал енді қалашықтағы тәртіп сақтау жайына келетін болсақ, тұрақты учаскелік инспекторымыз бар. Жасақшылардың оперативті комсомол отрядтары (ОКОД) жұмыс істейді. Демалыс, мереке күндері мұғалімдеріміз үзбей кезекшілікке шығып тұрады...
Бір қарағанда, бұл дұрыс қой. Кезекшілік, қадағалау, мәдени іс-шаралар өткізу дегеннің бәрі жатақхананың ішіндегі көрініс. Оны көзімізбен көрдік. ОКОД-тың сайдың тасындай екі жүз белсендісі шаш ал десең, бас алуға дайын. «Светті өшір», «музыка қойма деп дікеңдегенде, жер шайқалады. Әкесі келсе де жатақханаға кіргізбеуге бейіл. Ал, жатақхананың сыртындағы жағдайға кім жауап береді?
«Қазақ университетінде қазақ студенттерінің сан мөлшері 75,8 процентке жетті...». («Известия», 24.01.87.) деген көрсеткіштегі білім қуған жастардың көпшілігі үйсіз-күйсіз, ауылдан келгендер екені айтқызбай-ақ түсінікті. Рас, олардың біразы жатақханада тұру бақытына ие болса, кейбірі туыстарын сағалап, пәтер жалдап, қаңғырып жүр. Кез келген тетя Машаның, тетя Дашаның ауласындағы сарайды мекендеген екі-үш қара домалақты жолықтырасыз. Не газы жоқ, не суы жоқ лашықта өлместің күнін көріп, жүріп жатыр. Стипендиясының жартысын соған береді. Ал «Хозяйканың» сүйікті иті мұндай лас лашықта тұрмайды. Ваннаға түсіп, жылы жерде жатады. Бұдан өткен қандай қорлық бар қазақ баласы үшін? Студенттерге қоғамның толыққанды мүшесі ретінде, адам сияқты, еліміздің азаматы деп қарайтын күн туа ма, жоқ па?
Желтоқсанда, міне, тура осы мәселе ашық көтерілді емес пе? Арада бірнеше жыл өтсе де, ештеңе өзгермеген. Сол бейшара тірлік. Сол көзқарас. Оған енді келіп қазақ қыздарын ұрлау, қорқытып-үркіту қосылды. Мұның астарында не бар? Ұлтаралық араздық салқынының жалғасы емес пе? Көзіңді бақырайтып қойып, іргені шаңдатып, ойран салып жүрген кімдер? Іңір қараңғысында іргеден бұғып келіп, әлдекімнің әлпештеген аруын лақ бөктергендей көтеріп кетуге неге үнсіз төземіз?
Көңілде түрлі сауалдар бас көтереді. Қолынан ештеңе келмейтін қағаз жүзіндегі қоғамдық тәртіп сақшыларынан не үміт, не қайыр? Балық үйіріндей жосылып, «Кім не ішті, не жеді?» деп, жатақхана бөлмелерін аңдудан, апта құрғатпай үйлестіру кеңесінің көк езу мәжілісін өткізуден пайда қане? Тиіп-қашып кезекшілікке қатысқан болады. Әйтеуір, тұнып тұрған көзбояушылық.
Іздеу дегеннен шығады, алғашқы жоғалған қыз – Райгүлдің денесі үш күннен кейін (1988 жылдың 25 қазанында) университет қалашығындағы көп қалтарыстың бірінен табылған, оны күнделікті мәліметке тәртіп сақшылары сол кезде-ақ тіркеген екен. Бұл не деген немқұрайдылық? Соңы орны толмас ірі өкініштерге апарып соқтырған, тосын да қанды оқиғаға ешқандай мән берілмегендіктен, қатардағы ресми хабарламаның тасқынында жұтылып, ұмыт болған. Университет басшылары мұны тіпті естімеген де.
Өкінішке орай, болған оқиғадан тиісті қорытындының жасалынбауы бұдан кейін де (әр айдың 22-сі күндері) бірнеше рет қайғылы жағдайға апарып соқты.
Күнделікті ұсақ-түйек саналатын әлеуметтік-тұрмыстың нәрселерге жете мән бермеуден үлкен қателіктер басталатынына тағы да куә болғандаймыз. Әйтпесе, ҚазМУ қалашығының түнгі көшелерінде жарықтың жоқтығы, студенттерге арнайы маршрутпен жүретін автобустың бөлінбеуі, асхананың бірде ашылып, бірде ашылмауы – ұсақ-түйек пе? Ұсақ-түйек емес. Студенттердің алаңсыз білім алып, оқуы үшін көп нәрсе керек пе? Жоқ. Бұл енді халыққа білім беру мекемесі мен басқа да қоғамдық ұйымдарда отырған жауапты жолдастардың ар-ұятына сын.
Алматыны шулатқан аса қауіпті жауызды іздестіру жұмысы ұзап кетті.
Аштық қысқан 32-ші жыл емес...
Нәубет шалған 37-ші жыл емес...
Аласапыран 41-ші жыл емес...
Неге ғана күн шуағы төгілген бейбіт күнде, қатарымызда жүрген замандастарымыз – біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің жары, туысы-тумасы із-түзсіз, хабарсыз кетуде. Қалалық ішкі істер басқармасындағы мәліметтерге сүйенсек, бір жылдың өзінде Алматыда жасы әртекті 808 адам жоғалған, табылғаны – 707 (Мәліметтер Желтоқсан оқиғасынан кейін жинақталғандықтан, 1988 жылдың деректерін алып отырмыз. – Авт.).
Миллионнан астам халқы бар алып қалада әртүрлі кездейсоқ жағдайлар болып тұратыны рас-ау, бірақ жұмыр басты тірі пенделердің хабар-ошарсыз ғайып болуы ақылға сыймайды-ақ! Құс болып аспанға ұшпаса, балық боп суға кетпесе, «хабарсыз кетті...» дегенге кім сенеді? Адам – ине емес, шөп арасына түсіп табылмайтын. Аты-жөні, отбасы, тұрағы бар, соңында жоқтаушысы бар қоғам мүшесі. Әрбір қоғам мүшесінің өмір сүру құқын мемлекетіміз берік қорғайды. Соған қарамастан, хабарсыз кетушілер саны азаймай отыр. Одақ бойынша бір жылда 87 252 адам жоғалып, 69 835-і ғана табылса («Комсомольская правда», 18.03.89), республикамыздың үлесінде – 4975 адам (Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің дерегі. Табылғаны – 4088).
Ал Желтоқсанға қатысы жоқ мына бір мысалдар адам тағдыры ойыншыққа айналған жарымжан қоғамның қаны тамшылаған жарасын дәл көрсетеді. Шымкент облысы, Сайрам ауданы, Совет ауылының Қалдар Т. деген бір жас жұмысшысы 1987 жылдың 3 ақпан күні жора-жолдастарымен бірігіп, әлденені «жуу» үшін мейрамханаға барады. Жастар жүрген жер сауық-сайрансыз бола ма? Ұзағырақ қыдырған достар ертеңінде Қалдардың үйіне бармағанын естиді. Мүлде хабар-ошарсыз кеткен бейбақ сол беті табылмады. Бұдан кейін жоғалған інісін іздеп туған ағасы жолға шығады. Ол да ауыл-ауылды, тау-тасты, даланы кезіп жүріп, хабарсыз кетеді. Екі айдан кейін ауыл іргесіндегі тоспадағы судан ағасының мәйіті табылады. Қос бірдей перзентінің тауқыметі ойсыратқан ана жүрегі ауыр сырқатқа шалдығады. Балаларын іздеп, көше кезген кейуананың содан бері ашпаған есігі, аттамаған табалдырығы жоқ. Кім кінәлі?
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Төменарық селосындағы бір қайғылы оқиға да еске түседі. Аудан орталығындағы мектеп-интернатта оқитын он бес жасар Құттықыз М. деген бойжеткен 1987 жылы 31 наурызда ауылына қыдырып келіп, өзен жаққа сейілдеп кеткеннен оралмаған. Іздеушілер өзеннің жағасынан оның сырт киімін тапты. Бейкүнә қыздың анасы көлденең көк атты көрінсе алдынан жүгіріп шығып, перзентінің хабарын сұрап, осы күнге дейін елеңдеп жүр...
Мұндайдың бәрін тізе берсең, жазуға да, оқуға да ауыр.
Түн. ҚазМУ қалашығының аялдамасында бейсауат жан аз. Қолшатыр ұстаған қос бойжеткен жан-жағына сезіктене қарап, автобус күтіп тағатсыздануда. «Жеті түнде не іздеп шықты екен?» деген мазасыз ой санамызды шарлап өтті.
Күндіз басталған манағы ақ жауын әлі себезгілеп тұр.
Дәл қасымыздан қиқулатып, бебеулетіп, төбесіндегі қызыл жарығы жанып-өшіп, милицияның бірнеше машинасы өтті. Қала сыртына қарай жарыса құйындатып, ұшып барады. Күні кеше ортамызда күліп-ойнап бірге жүрген, бүгін «хабарсыз кеткендердің» тізімінде таңбаланған боздақтардың дерегін іздеп бара ма екен? Әлде...
***
Алматыдағы хабар-ошарсыз кеткен арулар тағдыры туралы «Хабарсыз кетті демеңіз...» деген тақырыппен «Қазақ әдебиетінде» жарияланған бұл мақаладан кейін, ҚазМУ-дың №5 жатаңханасында университет басшылары, ішкі істер қызметкерлері, партия, совет органдарының жауапты қызметкерлері қатысқан үлкен жиын өтті. Автор ретінде мен де шақырылдым. Басшылар мақалада айтылған мәселелердің орынды көтерілгенін және ерекше бақылауға алынғанын айтып, алдағы уақытта оң шешіледі деп үміттендірді. Әл-Фараби даңғылы жақтан келетін көшеге электр жарығы орнатылыпты. Қалалык партия комитетінің екінші хатшысы Ш.Омаров студенттер үшін орталық пен қалашыққа қатынайтын жеке автобус бөлінгенін хабарлады. Шенеуніктер, милиция басшысы тағы басқа атқарылған ұсақ-түйек шаруалар туралы бірдеңелерді айтып жатты. Ал студенттерді мазалайтын жалғыз-ақ сұрақ: «Қылмыскер қашан ұсталады?» еді. Оған ешкім нақты еш нәрсе айта алмады. Жауап сұйықтау болды.
Желтоқсанда жүрегі шайлығып қалған ел-жұртқа мақаланың қатты әсер еткенін редакцияға жауып кеткен хат тасқынынан білдік. Расы сол. Қазіргідей емес, ол кезде баспасөздегі қоғамдың пікірдің салмағы басым еді.
«Мен өзім ҚазМУ қалашығында тұрып, оқу бітірген кешегі студенттің бірімін. Студенттік жылдарымызда қалашық нағыз туған ауылымыздай болып, ыстық мекенжайға айналып кетіп еді. Жастардың әуелете салған әсем әндері мен жарасымды әзіл-күлкілері ешбір толастамайтын. Енді міне, «Естімеген елде көп», сол мәңгі жастың мекенін әлдебір қараниетті жауыздардың кеш болса торуылдайтынын, білім қуған қыз-жігітгердің арасында үрей туғызып, лаң салып жүргенін естідік. Өкінішті-ақ, тым өкінішті!» – деп жазды Жамбыл облысынан «Жаңа өмір» газетінің редакторы Аманкелді Әбілев. «Бұл мақала біздің отбасымыздағы қайғылы бір жағдайдың дертін қозғады, – депті тағы бір хат иесі, Қарағанды облысы, Нұра ауданынан Тәтті Жексенбина. Менің Мичурин атындағы совхоз-техникумның агрономия факультетінде оқитын кенже қызым 1987 жылдың 8 мамырында ауылға келе жатып, ұшты-күйлі жоқ болды. Автобусқа отырған дерегі бар, одан арғы тағдыры белгісіз. Бармаған жер, баспаған тауымыз жоқ. Әншейінде қоқиланып жүретін органдағылар да шарасыздың күй танытты. Басыңа іс түспесе, қиындық туралы ойламайды екенсің. Және адамдардан тек қана жақсылық күту де қате сияқты. Пенделер дүниеде айтуға аузың бармайтын жауыздық жасайтынын 33 күннен кейін айдаладағы өзен жағасынан қызымыздың мәйіті табылғанда білдік. Көзіміздің қарашығындай мәпелеп отырған балапанымызды әбден қинапты. Бірақ қанішер қылмыскер әлі күнге дейін табылмады. Оны жанын салып іздеп жатқан милицияны көрмедік». Ашу-ызамен үн қосушылардың арасында Латыш мемлекеттік университетінің студенті Төреғали Батырхановтың хатын кездестірдік: «Елден жырақта жүрсек те, сүйікті «Қазақ әдебиеті» газетін алдырып оқимыз, – деп бастапты ол. – Мақаладағы айтылған студент қыздардың ауыр трагедиясын естіп, жағамызды ұстадық. Егер, еліміздің мақтан тұтуға лайық ең басты оқу орнындағы жағдай осындай болып отырса, басқалардікі не сорым? Бұл оқиға жастар арасындағы қылмыспен күрестің тиімді шаралары алдын ала жүргізілмейтінін ғана емес, қазақ студенттерінің әлеуметтік мәселесі үкімет тарапынан мүлде тыс қалғанын көрсетеді».
Мақала жарық көрген соң, екі-үш күннен кейін, Бас редактордың орынбасары Оралхан Бөкеев телефонмен «Тез келіп кет» деп шақырды. «Тағы не боп қалды екен?» деп, жеткенше ойлап бардым. Барсам, кабинетінде Сафуан Шаймерденов, Әлжаппар Әбішев бастаған он шақты ақсақал жазушылар тізіліп отыр екен. Амандастым.
– Мақаланың авторы осы жігіт, – деді Орекең мені иегімен нұсқап. – «Лениншіл жастан» аттай қалап, шақыртып алдық, әзірше бағыты жаман емес.
Бастығы жылы сөз айтқанды кім теріс көрсін, іштей мерейленіп қалсам да, сыр бермеуге тырысып, әңгіменің соңын күттім. Ортада бір қырындап отырған Сафекең маған сынай қарады:
– Сен бала, мына жазғандарыңның дерегін толық тексердің бе?
– Әрине, аға, қылмыс тақырыбын тексермей жазуға бола ма екен? – деп, мен де өзіне сауал тастай, материалды қалай жинағанымды қысқаша баяндап бердім. Ақсақалдардың құлағында жүрсін деген оймен, тергеу органдары тарапынан кеткен енжарлықты да сипай қамшылап өттім.
«Бұл сұмдық екен! Он екіде бір гүлі ашылмаған қыздардың ажалы Алладан емес, адамнан келуі ақылға сыймайтын іс. Мұны тоқтаттырмасақ болмайды» десті олар бас шайқап.
Осы бәтуадан кейін, ақсақалдардың тапсырмасымен бірнеше қаламгер республика Ішкі істер министрлігіне барып, бұл мәселеге айрықша назар аударуды талап етті. Редакцияға келген хаттар мен мақала да қоса тапсырылды. Министрдің орынбасары Сайлау Серіков газетке жазған жауабында, қылмыс толық ашылғанға дейін қалам ұстаған азаматтардың неғұрлым байыптылық, байсалдылық танытуын сұрапты. Дұрыс қой. Бірақ байсалдылықтың да шегі бар емес пе? Ел зорлық-зомбылыққа қашанғы шыдайды? Улап-шулап көшеге шығып кетсе, екінші Желтоқсан туып кетпей ме?
Министрліктегілер де осыдан сескенді-ау деймін, университет қалашығын айналдыра құрамында 50 милиционері бар қарулы күзет қойылды. Арнаулы радио қондырғысы, қуатты шамы бар машиналар бөлінді. Нәтижесінде, түн жамылып қыздарға қастандық жасап жүрген қорқау – 1965 жылы туған Иван Манджиков деген ұсталды. Ол, тіпті, осы университеттің дәл іргесіндегі микроауданда тұратын келімсектің бірі болып шықты. Жауыздың қолынан қапияда мерт болған жазықсыз арулардың рухы, аңырап қалған аналардың омырауға тамған көз жасы жіберсін бе, қандықол қарақшы сотталып, ату жазасына кесілді.
Көп қиындықпен кешігіп болса да, әділеттік орнаған сияқты көрінгенімен, көңілде бәрібір ұмытылмас сыз қалды...
«Құдайдан қорық, пендеден ұял” демеуші ме еді қазақ. «Бұл дүниеде бір-біріңді сыйлаңдар, құрметтеңдер, ей, пендем!» демеуші ме еді, қасиетті Құранда. Ендеше, өзін имандымын, хақ жолында жүрмін деп санайтын ақ жүректі әрбір пенде осы қағиданы берік ұстауға, ізгілік, мейірімділік сияқты қасиеттерді пір тұтып, барша адамзатқа бауырмалдық танытуға тиіс.
Бірақ бұл «Таспен атқанды аспен ат» деген сөз емес. Оның дәурені баяғыда өткен. Қазір «Сыйға – сый...», «Еруліге – қарулы...» дейтін сесті заман. Өйткені, Құдайдан қорықпайтын, Құранды оқымақ түгілі, қолына ұстап көрмеген, жаһан тілдерінде білім алса да, рухани өспеген, көкірегі көрсоқыр, іші аяр келімсектер маңайымызда топ-тобымен жүр. Тістері ақсия күліп, қолтығымызға кіруде. Жымсия қарап, кең байтақ жерімізге көз тігуде. Енді біреулері ауыл іргесіндегі қорбаңдаған аюдай бейбіт жатқан еліміздің тыныштығын аңдуда. Алда-жалда ағайын арасына іріткі түссе, тырнағын батырмасына кім кепіл? Бабаларымыз да, сірә, осыдан кейін «Жау жоқ деме, жар астында...» дегенді айтқан болар.
Иә, ғасырлар бойы аңсаған ұлы Тәуелсіздігіміздің Туы мәңгілік желбіреуін тілесек, еңсесін енді ғана тіктеген еліміздің өскелең ұрпағы кешегі Желтоқсанда жасындай жарқ етіп, қыршынынан қиылған Ләззат, Сәбира, Ұмсынай, Кенжегүлдердің, ғұмыры қызғалдақтай ерте үзілген бейкүнә қыздардың тағдырын құшпасын десек, бізден осы сақтықты ұмытпауымызды тарих талап етеді.
«Сақтансаң, сақтаймын!» деген көк Тәңірі де.
qazaquni.kz