Алматы сөзiнiң арғы төркiнi – Алмалы

Алматы сөзiнiң арғы төркiнi – Алмалы

Олжас Сүлейменов Алматы қаласының атауын қайтадан «Алма-Ата» деп өзгерту жөнінде ұсыныс жасап: «Сочинением новых названий занимались не ученые, а простые работники акиматов, которых поджимали сроки. Надо было избавиться от имен деятелей компартии и политических терминов советского времени. Заменить их именами из этнической истории, а научное знание прошлого не уходило глубже XVIII века – эпохи джунгарского нашествия. Это знание и отразилось в географии наших городов», – деп білгішсініпті. Ал Алматы қаласының қазіргі атауы Жоңғар шапқыншылығы түгіл «жоңғар» деген этнос пайда болмай тұрған кезден бұрын бар болатын.

Алматы қаласының көне атауы – Алмалық. 1390 жылы тарихи жазбаға «Алмату» деп таңбаланған. Яғни сол кездерде ол «Алматы» атала бастаған деп ой түюге болады. Мен кеңес өкіметінің тұсында «Немқұрайдылықты немен түсіндіреміз?!» атты мақала жазып, сол кездегі “Социалистік Қазақстан” газетінің 1989 жылғы шілденің 21-і күнгі №168 санында жариялағанмын. Мақалада Қазақстанның әр өңіріндегі топонимдер жөнінде мәселе көтеріледі. Сіздердің назарларыңызға сол мақаланың Алматы атауына қатысты пікір айтылатын тұсын үзіп алып ұсынғалы тұрмын: «Белгiлi қазақ жазушысы Бексұлтан Нұржекеев “Өзендер өрнектеген өлке” (Алматы, “Жалын”, 1984) атты кiтабында: “Орта ғасырдағы Орта Азия картасында Алматы қала ретiнде көрсетiлген. Және ол кезде де осылай аталған деген пiкiр бар. Бiрақ бiздер Алматыны 1854 жылдан берi ғана бар деп жүрмiз. Мәдениетi жоғары халықтар қала тарихын ең алғаш қаққан құрылыс қазығынан бастайды, бiздiң де бұл мәселеде ойлануымыз керек сияқты.

Алматы сөзiнiң де арғы төркiнi – Алмалық пен Алмалы. Алмаға бай, алмасы көп жер деген мағынаны бередi. Ал алманың атасы деп түсiнетiндер мүлде қателеседi. Кезiнде сан рет қирап, сан рет қайта қалпына келген Алматының кейiнгi қирауы Моңғол шапқыншылығына байланысты ма деймiз. Моңғол басқыншыларының қала орнатуға, кәсiпшiлiкпен айналысып, отырықты өмiрге көшуге бейiм болмағаны тарихтан белгiлi. Соның салдарынан Алматы да бiр күнде болмаса да бiрте-бiрте қаңырап, бос қалып барып қираған қала сияқты. Ал оның қайта тiрiлуi, қайтадан Алматы аталуы да Жетiсуда қазақ хандығының орнауымен байланысты болу керек. Ырғайты, Жаманты, Бөгетi, Сөгетi, Бұланты сияқты атаулар да “-ты”, “-тi” қосымшалары арқылы жасалған және ертеден сақталып келе жатқан, топонимикалық мәнi зор атаулар”,– деп жазды (20–21-беттер).

Жазушының бұл пiкiрiн археолог Карл Байпақов та үстей түседi: “В Илийской долине находился Алмалык (Алмату). У Шараф ад-дина Йазди Алмалык упоминается при описании похода Тимура в Моголистан в 1390 г. …В начале ХVI в. Алмалык (Алмату) лежал в развалинах. Город можно отождествить с одним из городищ на территории современной Алма-Аты” (Байпаков К.М., “Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья”. Алма-Ата, “Наука”, 1986. Стр. 37)».

Археолог Карл Байпақов «акиматтың қызметкері» емес екенін Олжас Сүлейменов білетін шығар...

Байбота Қошым-Ноғай, 

Қазақ үні