МЕКТЕП ҮШІН КҮРЕС – МЕМЛЕКЕТТІҢ БОЛАШАҒЫ ҮШІН КҮРЕС
2021 ж. 12 шілде
2918
0
Күні кеше әлеуметтік желіде жарияланған Дәулеткерей Кәпұлының «Қазақстан кімдердің мемлекеті? Нұр-Сұлтан кімдердің қаласы?» атты тебіреністі мақаласы көптің көңілінде жүрген көкейкесті мәселені қозғап, саналы оқырманға ой тастады. Елорда төріндегі 92 мектептің 36 ғана таза қазақ тілінде білім беретіні бізді де қынжылтады. Аралас мектепте қазақ сыныбында білім алатын оқушылар өгей баланың күнін кешетіні, ондай ортада қазақ тілі тасада қалатыны, қазақтың рухы сезілмейтіні шындық. Пушкин сөзімен айтқанда, ол мектептерде: «Там руский дух, там Русью пахнет». Аралас мектептегі мемлекеттік тіл мен ұлттық рухтың жағдайын тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі деген мақалмен жеткізуге болады. Осындай шындықты көзбен көрген соң айта аламыз. Үйімізге жақын тұрғаннан кейін балаларымызды іргедегі мектепке бердік. Алайда аралас мектептегі жағдайдың біз ойлағандай түзелмейтініне көзіміз жеткен соң, ақыры көпір асып, балаларды қатынауға шалғай қазақ тілінде білім беретін оқу орнына ауыстыруға мәжбүр болдық. Шындығына келгенде, орыс және аралас мектепті бітірген түлектің көбі болашағын Қазақстанмен байланыстырмайды. Ендеше ол мектептер Қазақ мемлекетінің емес, көрші елдің мүддесіне жұмыс істейді.
Бәріміздің асыл мұратымыз – Ел Тәуелсіздігінің тұрақтылығы, Қазақ елінің бүгін және жарқын келешекте баянды болашағы. Ол үшін басты алғышарттардың бірі де бірегейі – халқымыздың мемлекеттік тіл төңірегінде тұтасуы, бір тілде сөйлеуі, қазақ тілі мәртебесінің жыл озған сайын арта беруі дер едік. Осы орайда орта мектебіміз қазақ тілінде сөйлемесе, қоғам да қазақыланбайтыны айдан анық ақиқат екендігі түсінікті. Ел астанасындағы мектептің 39 пайызы ғана таза қазақ тілінде сабақ беретініне білік те, мемлекеттік идеология да, орыс сыныбына баласын апарған қазақ ата-ана да кінәлі деп ойлаймыз.
Осы орайда алаш білімпазы Қошке Кемеңгерұлының «Мектеп қай тілде болу керек?» атты мақаласын тағы да еске алғымыз келеді. Ұлттың болашағын ойлаған мақала 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрді. Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, онда айтылған өзекті мәселенің көбі өз маңыздылығын әлі де жоймағанын байқаймыз. Орта мектепте оқу неше жылдық болу керек сынды мәселені қозғап, қаламгер мектептегі оқу қай тілде жүргізілу қажеттілігін көтереді: «Кейбір жолдастар орта мектеп орыс тілінде болсын дейді. Ондағы дәлелдері: 1) Қазақ тіліндегі орта мектепті бітіргендер орыс тіліндегі жоғары мектептерге түсе алмайды. 2) Жеткілікті қазақша оқытушы жоқ. 3) Орта мектепте жеткілікті қазақша кітап жоқ дейді». Осылайша, қазақ халқының болашағы үшін аса өзекті мәселе талқыға салынады. Мақала «Алаш ісі» даярланып, ұлт қайраткерлері қуғынға ұшырай бастаған мезгілде жазылғанын ескереміз. Голощекин Қазақстанда «Кіші Қазан» төңкерісін жасаймын деп ел билігіндегі алаш қайраткерлерін, қоғалысқа ниеттес азаматтарды ығыстырып болған уақыт. Ұлт зиялылары айдауға ұшырай бастаса да, ұлттық мәселедегі құнды ой-пікірлерін жазып үлгеруге тырысып баққан шақ.
Орта мектеп орыс тілінде болсын деген жолдастар жарым-жарты қазақ тілінде оқытқан педтехникумдерді, институттарды бітіргендер орыс тіліндегі жоғары мектептерге түсе алмайды деп уәж білдіреді дейді. Қазақ шәкірттерінің орыс тіліне шорқақтығын мойындай отырып, оның басты себебі орыс тілі қазақ балаларына орыстарға арналған әдіспен оқытылғанында деген пікір айтады. Қазақ баласы орыс тілін меңгермегеніне айыпты емес, оған дұрыс әдіс қолданып оқыта алмаған оқытушы кінәлі деген пікір айтады: «Осы күнде орыстарда неміс, ағылшын тілдері қандай әдіспен оқытылса, бізде де орыс тілі сондай әдіспен оқытылу керек».
Мектепте оқу қазақ тілінде жүргізілу керектігін алаш қайраткері былай түсіндіреді: «Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса бізден еш уақытта жеткілікті оқытушы шықпайды. Ұлт мектептері, ұлт мәдениеті болмайды. Және басқа түрік ұлттары орта мектебін өз тілінде жүргізіп жатқанда қазақтың өз алдына ауа жайылуы қисынсыз. Орта мектеп орыс тілінде жүрсе қазақ тілінде кітап басылудың қажеті болмай қалады. Пән кітаптары қазақ тіліне аударылмайды».
Мектептегі оқу орыс тілінде болса, жеткілікті оқытушы шықпайды, түрік ұлттары орта мектебін өз тілінде жүргізіп жатыр, қазақ тілінде кітап басудың қажеті болмайды, пән кітаптары қазақ тіліне аударылмайды деген уәждердің бәрі де маңызды. Дегенмен осы айтылған себептердің ішінде ең құндысы – ұлт мектептері, ұлт мәдениеті болмайды деген пікір деп айтамыз. Алаш қайраткерлері билікке большевиктер келген кезден бастап ұлт-азаттық күрес амалын өзгертуге мәжбүр болды. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы бастаған арыстар қаламға қабілеті бар қазақ оқығандарын оқулық жазуға жұмылдырды. Санаулы жыл ішінде гуманитарлық, қоғамдық, жаратылыстану пәндерінен орта мектепке арналған аударма, төл оқулықтар жазылды. Соның бәрі ұлт мектебін, ұлт мәдениетін қалыптастыру үшін жүргізілген астыртын да қажырлы күрес болды. Қ.Кемеңгерұлы: «Жеткілікті кітап жоқ деген күшті дәлел емес. Бірсыпыра кітап шығып қалды»,- дегенде алаш білімпаздарының жиырмасыншы жылдарда жазған оқулықтары мен оқу құралдарын айтады. Қ.Кемеңгерұлының тілтанымдық мұрасы бойынша ғылыми диссертация қорғап, монография жазған алаштанушы Орынай Жұбаева аталған тарихи кезеңде тіл тағдырына қазақ зиялыларының алаңдағанын, баспасөзде осы зәру мәселе бойынша мақалалар жазғанын орынды атайды: «ХХ ғасырдың басы қазақ тарихында рухани ояну дәуірі болғаны белгілі. Ұлттың өзіндік белгісін сақтап қалатын негізгі қасиеттерінің бірі – тіл екенін терең түсінген қазақ зиялылары өз беттерінше білімін жетілдіре отырып, қазақ тілі бойынша оқулықтар жазған, баспасөз бетінде түрлі пікірталастар ұйымдастырып отырған» (Жұбаева О. Қазақ тіл білімінің қалыптасып, даму жолдары / Жауапты редактор: ҚР ҰҒА академигі Р. Сыздық. – Алматы: Дайк-Пресс, 2011. – 272 б.).
Орта мектеп бітірген бала ойлаған жоғарғы оқу орнына түсе алу үшін алдымен оған жаңа түрмен орыс грамматикасын қазақшаға үйлестіру, «Орысша-қазақша толық тілмаш» шығару, орыс тіліндегі әдебиет, пән кітаптарын түсініп оқырлық дәрежеге жеткізу, орысша сөйлеу, орысша сөз, сөйлеммен дұрыс құрастыруға дағдыландыру керек дейді. Қазақ мектебінде тиісті пәндерде толық мағлұмат алып, орыс тілін үйреніп шыққан шәкірт орыс тіліндегі жоғарғы оқу орнына даусыз түсе алады деп жазады. Қаламгердің орыс тіліндегі жоғарғы оқу орнына түсе алады дегенінен, ол уақытта қазақ тілінде оқытатын жоғарғы оқу орны енді ғана ұйымдастырылып жатқандығын ескереміз. Мақала баспаға шыққан уақыттан екі ай бұрын ғана, 1926 жылдың 29 қазанында Ташкент шаһарында Қазақ жоғарғы педагогикалық институты ашылған болатын. Жоғарғы оқу орнына баруға ниет қылған қазақ шәкірті ол кезде орыс тілін тиісті деңгейде білуі қажет еді.
Жаңадан ашылып жатқан, ашылатын мектептерді қазақ тілімен жүргізу үшін мамандарды реттеп алып, оларға жоғарыда аталған әдістерді үйретуге үш айлық курс ашу қажет. Оған орыстың атақты оқытушыларын шақыртып отыру керек дейді. Сонда енді бір бес жылда қазақ тілінде білім беретін орта мектептерге оқытушылар еркін жетеді деп үміттенеді. «Орта мектеп қазақ тілінде болса, жоғары мектеп те бара-бара қазақшаға айналады»,- деп Қазақ елінде ұлт мәдениетін жасайтын білімді ұрпақ өседі деп алдағы күннен жақсылық күтеді.
Кеңес кезінде тұрғын саны миллионнан асқан астанамыз Алматы қаласында бір ғана қазақ мектебінің қалғаны – қазақ ұлтына қарсы жасалған отаршылдық саясаттың шарықтау шегіне жеткенін көрсетеді. Туған жерінде өгей жұрттың күйін кешкен, ұлттық намысы тапталған қазақ халқы өз баласын мектепте ана тілінде оқытуға мүмкіндігі болмады. Осының барлығын зерделегенде, ұлт болашағы ұлттық мазмұндағы мектепте екенін жақсы білген алаш боздақтарының қажырлы күресі не үшін болғанын түсінеміз. Азаттық жолында құрбан болған алаш арыстарының аманатына адалдық жасасақ, тәуелсіз Қазақ елінде бүгінгі билік қазақ мектептерінің санын арттырып, қазақ ата-аналар ұлттық рухты сіңіретін сондай жерде баласын оқытуы керек.
Қайырбек Кемеңгер,
Қазақ үні