Жақында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей бастамасымен «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ Астананың Конгрес холл сарайында «Біздің ел осындай!» атты республикалық ақындар айтысын өткізді.
Айтысқа Қызылорда және Өскемен қалаларында өткен алғашқы және екінші айналымдарында топ жарған айтыскерлер ғана қатысты. Екінші ерекшелік – осы айтыста жеңімпаз атанған айтыскер «Алтын домбырамен» марапатталды. «Алтын домбыра» Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің 999 пробалы 1 килограмм алтынмен апталды.
Бұл айтысқа халыққа кеңінен танымал Балғынбек Имашев, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов, Әсем Ережеқызы, Мейірбек Сұлтанхан және Мұхтар Ниязовтар қатысты. Жұптар жеребе тастау арқылы анықталып, ақтық сынға көп ұпай жинаған Мейірбек Сұлтанхан және Мұхтар Ниязов шықты.
Айтысқа төрелік жасаған халық ақындары Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбеков, ақын Ақұштап Бақтыгереева және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, публицист Жүрсін Ерман Мұхтар Ниязовты жеңімпаз деп тапты.
Жеңімпаз Мұхтар Ниязовқа бас жүлде «Алтын домбырамен» қатар 3000000 теңге ақшалай сыйлық берілсе, екінші орын алған Мейірбек Сұлтанханға 1500000 теңге табысталды. Жандарбек Бұлғақов 1000000 теңге ақшалай сыйлықпен үшінші орынды иеленді. Қалған үш айтыскер 750000 теңге ынталандыру сыйлығына ие болды.
Атап өтетін негізгі жайт, жеңімпаз ақын «Алтын домбыраны» иелену үшін бұдан кейін өтетін республикалық айтысты екі рет жеңіп шығуы қажет.