“ЖАН ТУЫСТЫҒЫН ЖОҒАРЫ ҰСТАҒАН АЗАМАТ”
2012 ж. 30 қараша
3255
0

“ҚАН ТУЫСТЫҒЫНАН, ЖАН ТУЫСТЫҒЫН ЖОҒАРЫ ҰСТАҒАН АЗАМАТ”
немесе "Исабеков әлемі" жалғасуда
Фестивальдің соңын іле-шала 26 қазанда Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың шақыруымен Конгресс-Холлда жазушы-драматург Дулат Исабековтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Исабеков әлемі» атты шығармашылық кеш өтті. Қазақ мәдниетінің ошағы саналатын Алматы қаласында басталған мереке астанамыз Астанада жалғасты. Бұның алдында ғана жазушы Төлен Әбдіковтің 70 жылдық мерейтойына орай шығармашылық кешін өткізген Астана жұртшылығы бұл жолы да сол ынта-ниеттерінен айнымай, Құрбан Айт мерекесімен тұспа-тұс келгеніне де қарамастан халық көп жиналды. Кешті Қазастанның Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов жүргізіп отырды. Фестиваль кезінде ешқайсысы қара көрсетпеген Үкімет басшыларынан Мәдениет және Ақпарат министрі Дархан Мыңбай мырза келіп, Президент Н.Назарбаевтың құттықтау хатымен кештің шымылдығын ашты. Мұнан кейін сөз алған Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың жарты сағаттық баяндамасы тыңдалды. Ауруханада емделіп жатқан ағамыздың бір күн бұрын дауысы да шықпай қалған екен. Бірақ жазушы інісіне деген ағалық құрметі дәрігерлерді бір күннің ішінде аяқтан тұрғызып, қолдарынан келер бар ем-домдарын жасатуға, сөйтіп ертеңіне келіп сахнада сап-сау күніндегідей баяндама оқуға жеткізді. Сөзі де, ісі де мығым Ә.Нұрпейісов ағамыз баяндамасын сонау 60 жылдары әдебиет әлеміне аяқ басқан жазушыларымыздың бүгінгі күнге дейін жасаған нық қадамдары мен жаңалықтарына, асу белестеріне шолу жасай келіп, солардың ішіндегі жанына жақын тұтатын, іні-жазушы Д.Исабековтің шығармашылық әлемін, болмысын даралай талдап өтті. Әншейінде ұзақ-сонар баяндаманы тыңдауға құлқы соға бермейтін қарапайым жұртшылық тырп етпестен жазушының оқыған әрбір сөзінің астарына үңілді де отырды. Мұнан кейін Ш.Айманов атындағы АҚ «Қазақфильм» киностудиясы мен «Қазығұртфильм» киностудияларының бірігіп түсірген «Исабеков әлемі» атты деректі драмасының алғашқы көрсетілімі болды. Фильмді бұған дейін «Абай» атты бес бөлімнен тұратын деректі драманы түсірген режиссер Н.Садығұлов түсіріпті. Фильмнің продюсері – С.Әбдіхалықов. Фильм формасы мен стилі жағынан өзіміз көріп үйренген деректі фильм табиғатынан өзгеше екенін айта кету керек. Алматы қаласында өткен халықаралық театр фестивалі Д.Исабековтің драматургиясына саяхат есепті болса, ал Астана жұртшылығына ұсынылған аталмыш фильм жазушының балалық шағынан бастап драматург дәрежесіне жеткенге дейінгі өмір жолын шығармашылығымен байланыстыра отырып, «Бодау», «Талахан–186», «Дермене», «Гауһар тас», «Біз соғысты көрген жоқпыз», «Тіршілік», «Сүйекші» сияқты басты-басты повесть-әңгімелерімен қатар «Әпке», «Бонапарттың үйленуі», «Мұрагерлер» сияқты драмалық шығармаларының да туылу тарихына автордың өмірде басынан өткерген оқиғаларымен бірге өріле отырып көрсетіледі. Фильмде сондай-ақ, бала Дулаттан студент, солдат Дулат, жазушы Дулат, драматург Дулатқа дейінгі жазушының әр жастағы бейнесін жас актерлердің ойнауынан көре аламыз. Жазушыны танығың келсе, шығармашылығын оқу керектігін, оның әрбір шығармасының әрбір бұлтарыс-қалтарыстарында өмірінің шындығы жататындығына куә боласыз. Фильм сонысымен де құнды. Өмірі мазмұнды адамның шығармашылығы да, ол тудырған туындылары да сондай салмақты, қызғылықты болмақ. Фильмді тамашалап отырған көрерменнің де көңіл-күйі әрқилы толқу сәттерін басынан өткергенін байқап отырдық. Кештің келесі бөлімі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері А.Үлкенбаева, Халықаралық фестивальдің жүлдегерлері Ү.Шетебаева, А.Шалқар, Мемлекеттік «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Т.Асар, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері А.Жорабаева сынды елімізге белгілі әрі жазушының сүйіп тыңдайтын әншілері мен апалы-сіңілі сиқыршы Алтынай және Ләззат Байтоқановалардың концерттік бағдарламаларымен ұласты.«Дулат Исабеков феномені»
М.Әуезов атындағы ғылым академиясы қазан айының 30-да «Дулат Исабеков феномені» атты тақырыпта ғылыми конференция өткізді. Конференцияда Д.Исабековтің драмалық шығармаларына, оның ішінде 10-16 қазан аралығында өткен Халықаралық театр фестивалінде көрсетілген спектакльдерге талдау жасалып, баяндамалар оқылды. Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы А.Қалиева, Өнертану кандидаты М.Жақсылықова, Өнертану кандидаты А.Мұқан сияқты академияның ғылыми қызметкерлері баяндама, талдауларын жасап өтті. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Е.Обаев сөз алып, Е.Біләл, Г.Шыңғысова сияқты актерлер «Жаужүрек» спектаклінен үзінді ойнап жалғастырды. Жазушылар Одағының «Драматургия» бөлімін басқарып отырған жазушы, драматург С.Балғабаев өз сөзінде «Исабеков әлемі» атты халықаралық театр фестивалінің қазақ әдебиеті мен театрының тарихындағы елеулі оқиға екенін, осындай іс-шараның болашақ жас драматургтерге шабыт беретінін айта кетті. Ғылым академиясының драматург шығармашылығына арнап «Д.Исабеков феномені» деген атпен өткізген ғылыми конференциясы театртанушы, әдебиеттанушы жас ғалымдар мен студенттерге берері мол айтулы кеш болды.
Оңтүстік төріндегі «Исабеков әлемі»
«Исабеков әлемі» атты керуен 9 қазан күні Шымкент қаласына, 10 қазанда жазушының туған өлкесі Арыс қаласына да келіп жетті. Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан драма театрында өткен жазушының шығармашылық кеші Президенттің құттықтау хаты мен облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің сөзімен ашылды. Кешке жазушының қаламдас, замандас досы жазушы-драматург Төлен Әбдік те келіп, өзінің достық лебізін білдіріп өтті. Сондай-ақ, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қазыбек Иса «Исабеков әлемі» атты өлеңін, жазушы Мархабат Байғұт, сықақшы Көпен Әмірбек сынды іні-достары да сөз сөйлеп, өздерінің өлеңдерін арнап жатты. Оңтүстік жұртына да «Исабеков әлемі» атты деректі драма көрсетіліп, кеш соңында жазушының спектакльдеріндегі кейіпкерлері шығып, жазушыны бір құшақ гүлге көмкере сахнаға алып шықты. Кеш соңында жазушы Оңтүстік жұртына, оқырманына, облыс әкімшілігіне үлкен алғыс білдірді. Дәл осы күні кешкісін ОҚО әзіл-сықақ және сатира театрында Д.Исабековтің «Бонапараттың үйленуі» атты спектаклінің көрсетілімі болды. Спектакльдің қоюшы-режиссері әрі театрдың көркемдік жетекшісі Мақсат Айтжанұлы жас та болса талантты әрі алғыр режиссер екенін байқатып өтті. Әзіл-сықақ театрының Ж.Ақшора бастаған Н.Әбдіжалил, Ғ.Қалыбаев, Н.Құлшынбаев, Г.Сазанбайқызы, М.Оразметов, Е.Тәшімбетов, Д.Абдиев, Ғ.Қаппаров сияқты жас актерлер құрамы актерлік ойнау шеберліктерімен ерекше көзге түсті. Актерлердің ойнау шеберліктерінде әзіл-сықақ театрына тән ойынды, сөз ойнату, ым-ишараны көре алдық. Спектакль соңында сөз алған Д.Исабеков қойылымның көңілінен шыққанын, фестивальден кейін сахнаны сағынып жүргенін және фестиваль кезінде Санкт-Петербург театрының «Құстар фестивалі» қойылымынан соң орыны ойсырап қалған олқы тұсын «Бонапарттың үйленуі» спектаклі толықтырып өткендей болғанын жасыра алмады. Қазақы әзілі мен юморы мол комедияны актерлар да өмірдің дәл өзіндей ойнап шығып, көрермендерді күлкіге қарық қылды. Арыс қаласы да туған топырағынан түлеп ұшқан Д.Исабеков сынды ардақты азаматының мерейтойын тойлауға белсене кіріскен екен. Қалаға кіре беріс тоғыз жолдың торабына саңлақ сатирик, жазушы-драматург Садықбек Адымбековтің туылғанына 90 жыл және жазушы, драматург «Дулат Исабеков 70 жаста» деп үлкен жарнама-тақтаға суреттерін іліп үлгеріпті. Қаланың іші де жазушының мерейтойымен құттықтаған безендірулерге толы. Осыдан-ақ қала әкімдігі мен ел-жұртының жазушы ағаларының мерейтойлық кешіне зор ықыласпен дайындалып жатқандарын байқауға болады. Сайланғанына көп бола қоймаған Арыс қаласының жаңа әкімі Сейіт Ертай өзінің көрегендігін байқатып, інілік лебізбен жазушы ағасына арнап «Арыс ақиқаты» атты қалалық газетке «Қан туыстығынан жан туыстығын жоғары ұстаған азамат» деген тақырыпта мақала жазған екен. Тақырыбының өзі мазмұнын ашып тұрған мақалада Дулат ағасының шығармашылығымен етене таныс екенін, Халық жазушысы Ә.Нұрпейісовтің, мәдениеттанушы, сыншы Ә.Бөпежанованың, сыншы Ә.Меңдекенің жазған мақалаларынан пікірлер келтіре отырып, өз ой топшылауын да жеткізеді. Сөз соңында Сейіт Ертай інілік жүрекжарды тілегін «…Қалғыған қазағымыздың намысын қамшылап, жаңа шығармалар жаза беріңіз. Сіздің тойыңыз – біздің тойымыз!» деп аяқтайды. Осындай қазақтың қара сөзінің қадірін білер азамат басқарып отырған Арыс өңірінде руханиятқа, әдебиетке көңіл бөлмеу мүмкін де емес. Қала әкімі жұртшылық алдында әзілі жарасқан қаламдас, замандас Дулат Исабеков пен Төлен Әбдік екі ағасын 70 жылдық мерейтойларымен құттықтап, шапан жапты. Алаштың тойындай өткізген кештің мазмұнында әсіре мақтау мен қолпаштаудың ізі де байқалмады. Кішкентай бүлдіршіндердің топырлай кеп жазушы аталарын гүлмен көмкеріп сахнаға алып шығуы, әкімнің құттықтау хаты мен бөрікті шапандары, әсем әуендері кешті ажарландыра түссе, «Исабеков әлемі» атты деректі фильм жалпы жұртты өткенімен қауыштырып, көздеріне жас алдырып, көңілдерін бір тазартқан әдемі кешке ұласты. Шығармаларынан орын алған («Бодау» әңгімесіндегі) Тәкежаны мен Мәдені, Қамажайы мен Сафурасы, Молдарәсілі мен Омашы, Сүйекшісі – бәрі де деректі драма арқылы өз ортасына қайта тіріліп келгендей күйде қалды. Ауылдың аңғал да аңқау кемпір-шалдары фильмдегі бала Дулат пен жас Дулатты «Япырма-ай, кезінде қалай түсіріп алған. Мынау шын Дулаттың өзі ме?» деп таңырқасып жатса, енді бірі Зүлпия жеңгесі мен Күләйнә, Бибіқали атты апаларының (Д.Исабековтің екі туған әпкелері) көз алдарына қайта тіріліп келгендей бейнелерін көргенде еріксіз көз жастарына ерік беріп жатты. Мұның бәрі де фильмге деген жұрттың шын ықыласы мен берген бағасы демеске лажың жоқ. Фильм біткеннен соң фильмге түскен ауыл балалары мен кейіпкерлері сахнаға шығып, жұртшылыққа таныстырылды. Бұдан өзге жазушының шығармаларындағы кейіпкерлер де шығып, авторға деген өз аттарынан арнау өлеңдерін оқып, жұртты ерекше толқытып жатты. Жазушы бақыты да бәлкім осы бір сәтімен құнды болар. Қаншама тағдырлардың галереясын оқырманына жайып салған жазушы қаламы әлі де ақ парақтың бетіне сүрлеу сала беретініне сенеміз.
«Әпке» пьесасы мектеп сахнасында
Жазушының 70 жылдық мерейтойы мектеп оқушыларының да назарынан тыс қалмады. Жақында Алматы қаласындағы «Айгерім» ықшам ауданының №149 жалпы орта мектебі жазушы ағамызбен шығармашылық кездесу кешін өткізді. Мектеп директоры Манкеева Ғалия Қайырбекқызы сүйікті жазушылары Дулат Исабековті оқушыларымен бірге құшақ жая қарсы алып, салынғанына екі-үш жыл ғана болған жаңа ғимаратты аралатып шықты. Кейінгі жаңа үлгімен салынған мектеп ғимаратында оқушылар мен ұстаздарға қажетті мүмкіндіктің бәрі жасалған екен. Бұрынғы орыс-қазақ аралас мектебі бұл күнде қазақ балаларының санының артуына байланысты екі ғимаратта өз алдарына еншілері беріліп, таза қазақ мектебі болып бөлініпті. 1200 балаға арнап салынған ғимаратта 2000-нан аса оқушы білім алуда. Мектептегі оқу-білім, тәрбие жүйесі де жақсы қолға алынған екен. Соның бір дәлелі, мектепте оқушылардан құралған театр үйірмесін де ашып үлгеріпті. Театрда Д.Исабековтің мектеп бағдарламасындағы «Әпке» пьесасы сахналанып, мектеп көрермендеріне біраз уақыттан бері көрсетіліп келеді екен. «Әпкенің» әр қойылымын көрген сайын көзіне жас алатын жазушы ағамыз бұл жолы да Қамажайдың бауырларының қамын ойлап, шыр-пыры шығып жүргенін көріп, сахнада іштей толқып, сезімін жасыра алмады. Қамажайдың ролінде ойнаған Берікболқызы Еркежан есімді оқушы қыз қойылым біткеннен соң да образдан шыға алмай, біраз уақытқа шейін көз жасына ерік берумен болды. Кештің екінші бөлімінде оқушылар жазушы ағаларына өз көкейлеріндегі сұрақтарын қойып сұхбаттасса, одан кейін сөз алған мектеп директоры Д.Исабековке алғысын білдіріп, сый-сияпатын көрсетіп жатты. Кеш соңы естелікке суретке түсіп, қолтаңба алумен жалғасты. Мектеп ұстаздарының елге белгілі ақын-жазушы, актер, режиссер сияқты ардақты азаматтарымен жиі-жиі кездесулер өткізіп тұруды дәстүрге айналдыруы оқушылардың есінде мәңгі қалар, әдемі естеліктерге толы бола бермек. Мұндай іс-шаралар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шындап, болашаққа деген қадамын нық басуға үлкен сабақ болмақ. Тәуелсіздіктің жас ұрпағы аға буынмен осылай қауышты.Ақмоншақ АХМЕТ