ҚАЗАҚ КИНОСЫНДАҒЫ ОПЕРАТОРЛЫҚ ӨНЕР
2012 ж. 23 шілде
4498
0
Қазақ киносының тарихында ұлттық режиссура мектебі, актерлық, операторлық өнер салалары ішінде әлі күнге дейін тиянақты түрде зерттелмеген тақырыптар баршылық. Оның ішінде операторлық өнер мектебіне қатысты бірінші, екінші буын операторлық өнер тарландары туралы азды-көпті жеке-дара жазылған материалдар бар болғанымен, жеке тұлғалар қалдырған қолтаңба ерекшеліктері тұрғысынан жинақталып, сол шығармашылық портреттер арқылы қазақ ұлттық операторлық өнер сатыларының дамуына тұжырымды баға берілмей келеді. Ал, қазіргі таңдағы қазақ киносындағы операторлық өнердің бағыт-бағдары мүлдем зерттелмей жатыр. Қазақ киносы тарихының әр кезеңінде операторлық шеберлік үлгісін көрсете білген дарынды тұлғалар өз шығармалары арқылы ұлттық операторлық өнер тарихын да қалыптастырды.
Қазақ елінде дара туған дарындар аз емес. Ол тұлғалар өнерде де, ғылымда да, саясат саласында да баршылық. Ұлттық кино өнеріміздің аз да болса өзіндік ерекшелігімен айқындалған тарихи кезеңдерінде ерекше орын алған саласы кино болса, ондағы операторлық мектептің қалыптасуы да дара тұлғалар қолтаңбаларымен айқындалды. Ұлттық дәстүр өнерлері арқылы өркендеткен алғашқы операторлық мектеп өкілдері Ескендір Тынышбаев, Михаил Аранышев, Марк Беркович, Асхат Ашрапов, Әбілтай Қастеевтер болса, олардың ізбасарлары – ағайынды Әнуар, Бахыт Дауылбаевтар, Федор Аранышев, ағайынды Әубәкәр, Болат Сулеевтер кинооператорлық бағыттың тағы бір сипатын айқындап берді. Ал, бүгінгі буын операторлар қатарында өздерінің кәсіби дайындығымен ерекше орын алатын Ренат Қосай, Павел Казаков, Борис Трошев сынды мамандар бірінші және екінші буын операторлық мектеп өкілдерінің ісін жаңа бағытта сәтті жалғастыруда. Жалпы кино өнерінің жаңа технологиялық суреттер шешімдері ғасырына аяқ басып отырған бүгінгі даму сатысында жоғарыда аталып өткен операторлық өнер шеберлерінің салып кеткен жолдарын жалғастырып, ізденімпаздығымен көзге ілініп жүрген Азамат Дулатов, Александр Плотников, Қайрат Темірғалив, Азиз Жанбакиров, Талғат Бектұрсынов сияқты кейінгі буын жас операторлардың да табысты жұмыстары қазақ киносының операторлық өнері қоржынына қосылған жетістіктердің бірі болып табылады.
Қазақстан өңірінде тұңғыш көрсетілім 1910 жылы болды. Бірақ бұл күн кинематографияның елімізде кеңінен тарала бастаған уақыты деп есептелмейді. Бұл тек пайданың көзі болды десек те болады. Сол кезеңде кинотехниканың нашарлығынан, экономикалық жағдайдың төмендігінен фильмдер өте сирек және кейбір жерлерде ғана көрсетілді.
Ал 1919 жылы 19 тамызда Халықаралық Комиссарлар Кеңесінің «Фотографиялық және кинематографиялық сауда мен киноөндіріс орындарын мемлекеттендіру» жөніндегі Декретке В.И.Ленин қол қойған сәттен бастап, бұрын Ресейдің отары болған, енді «азат етілген» елдерде кино өнерін дамыту жұмысы қолға алына бастайды. Қазақстанның өмірі тек жиырмасыншы жылдардың ортасында ғана экранда пайда болды. Бұған дейін қазақтың тыныс-тіршілігі бірде-бір сюжетте бейнеленбеген. Фотограф Е.Блехман 1924 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбор қаласына С.Буденныйдың келуін пленкаға түсіріп алады. Сюжет Мәскеуден шығатын киножурналдардың бірінде көрсетіледі. Бұл – Қазақстанның шеңберінде түсірілген алғашқы сюжет болатын. Осы сюжеттен кейін іле-шала «Қызыл әскер», «Ликбез мектептері», «Ауылдағы кооператив» сияқты очерк мәнерінде түсірілген сюжеттер пайда болады. Негізгі тақырыбы – революцияның қазақ жеріне ала келген алғашқы өзгерістері. Барлық сюжетке тән ортақ мақсат – Кеңес үкіметі жүргізіп жатқан шараларға жергілікті халықты қоса жұмылдырып, үгіттеу болды. «Қызыл әскерде» алғашқы қазақ жастарының қызыл әскер қатарына өтуі, олардың әскери шеберлікті меңгеріп, Кеңес Одағын адал қорғауға шақырады. «Ликбез мектептері» сюжетінде қарттар мен жастардың, әйелдер мен ер-азаматтардың білім алудағы алғашқы қадамын бейнелейді. Бұл алғашқы хроникалық ақпараттар нақты үгіттеу міндетін атқарды.
Елімізде киноның бірінші қадамдары 1925 жылдан бастау алды. Бұл Қызылорда қаласындағы Республика Кеңесінің V съезі туралы хроникалық съемкалар еді. Қазақстан туралы ең бірінші деректі фильмі – «Годовщина существования КАССР» 1925 жылы пайда болды. Кино ақырындап қазақ халқына тарала бастады. Ауыл аймақтарға көшпелі хроника, деректі фильмдер арқылы, агитациялық пропагандыларды да жүргізе бастаған.
Қазақстанға арналған ең тұңғыш көркемсуретті фильмдер экранға жиырмасыншы жылдардың аяғында, отызыншы жылдардың басында шықты. Бұл киноларда («Мятеж», «Песни степей», «Жұт», «Түркісіб», «Тайна Каратау», «Вражьи тропы») қазақ халқының тұрмыс тіршілігі суреттелді. Міне, осыдан қазақ киносының өнеріне фундамент құрылды.
Жоғарыда аталған сюжеттердің бәріне тән кемшілік – оқиғалардың бір нүктеден жалпы планда түсірілуі, кадрлардың ұзақ бөлшектермен монтаждалуында болды. Ірі пландар өте сирек кездеседі. Монтаждау әдісінің қарапайым, яғни мазмұны бірінен бірі өрбіп отыратын кадрлардың өзара біріктірілуі. Себебі, ол жылдары операторлық өнер болғаны мен техника дамымаған еді. Фильмдер камераны бір орынға қозғалтпай орнатып қоятын, көріп отырған көрермен спектакль тамашалап отырғандай болатын. Яғни, қозғалыс кадрдың ішінде ғана, ал камера мүлдем қозғалмайтын. Бірақ уақыт өте келе кино өнері даму жолында, онымен қоса операторлық өнер де өз белестеріне жете бастады.
Қазақ кинематографистерінің операторларлық жұмыстарын саралай отырып, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының көркемсуретті фильмдерінің деңгейі, совет кезеңіндегі операторлар мектебінің деңгейімен тең болды деп толық айтуға болады. Қазақ кинематографистері Ескендір Тынышбаев, Михаил Аранышев, Марк Беркович, олардың із басарлары: Асхат Ашрапов, Әбілтай Қастеев, ағайынды Әнуар, Бахыт Дауылбаевтар, Федор Аранышев, ағайынды Әубәкәр, Болат Сулеевтер, жас операторлар: Ренат Қосай, Паша Казаков, Александр Костылов, Борис Трошев, қазіргі таңдағы операторлар: Азамат Дулатов, Александр Плотников, Қайрат Темірғалив, Азиз Жанбакиров, Талғат Бектұрсынов және т.б. операторларсыз құрылмас еді.
Қазақ киноөнерінде операторлық мектепті қалыптастырушылардың бірі Ескендір Тынышбаев. Қазақ киносында ең бірінші қозғалмалы түсірілімдерді түсірген. Ескендір Тынышбаевты қазақтың кино мен телевидениясының ақсақалы деп те атап кеткен.
Тәуелсіз кезеңіндегі 1991 жылдан бастау алған қазақ киносындағы «жаңа толқын» ағымы кезінде түсірілген фильмдердің операторлық жұмыстарында біршама өзгерістер байқалды. Он жыл ішінде (1988-1998ж) Қазақстанда 98 көркемсуретті толықметрлі фильмдер жарық көрді, олардың ішінен 21 фильм ғана «жаңа толқын» өкілдері мен түсірілді.
Француз киногері Клот Лилуш: «Жаңа толқын кезеңі кинооператорлардың революциясы болды»,– деп айтқан болатын. Бұл жерде «революция» деп отырғаны, қазақ «жаңа толқын» режиссерлары мен операторлары түсірілім кезіңде ең бірінші павильондардан, жасанды жарықтан, дыбысты қабаттастырудан, және құрама (комбинированный) түсірілімдерден бас тарты. Экранда дәл қазір болып жатқан жағдай, өз өміріміздегідей шынайы және дәйекті түрде көрсетілу керек деген қатал талаптар қойылды. Жанрдан толығы мен бас тартты және авторлар кәсіби актерларды өз фильмдерінде көп түсіре бермеді. Кәсіби актерлер алынбады. Мақсаттары жоғарғы технологиялардан қол үзіп, көрермендерге шынайы өмірді көрсету болды. Қазақ киносында шын мәнінде жаңа кезеңдік фильмдер қатары заманауи, тарихи мен мелодрама жанрларынан мүлдем малшақтап, авторлық стильдің элементтері мен ашық коммерциялық фильмдер түсірілді. Қазақ киносының тарихына үңілер болсақ, бұл ағымның негізгі элементтері 1988 жылы жарық көрген режиссер Қалыбек Салықов, операторы Әубәкір Сулеевтің «Балкон» фильмінен айқын байқалады. Дәл осы фильм «жаңа толқын» ағымының бастамасы болып табылады.
Бүгінгі күні қазақ киносының деңгейін соңғы он жылдықпен салыстырар болсақ, біршама өскендігі байқалады. Бұған себеп, экономикамыздың өркендеуі және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының соңғы заманауи технологиялармен жабдықталуы жоғарғы сападағы туындыларды шығаруға ықпал етуде. Соның арқасында көрермендер режиссер мен қоса фильмнің киноопера-
торлардың да еңбектерін назардан тыс қалтырмайды. Қазақ киносының тарихында өзіндік қолтаңбаларын қалдырған кинооператорлардың шәкірттері де аз емес. Олардың біразы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының операторлық шеберханалардың түлектері. Оның ішінде: Ренат Қосай, Генадий Ройтман, Әубәкір Сулеев, Леонид Кузьминский, Александр Нилов және т.б. Бұл жас мамандар Қазақстаның барлық телеканалдарында жеке студияларда шығармашылықтарын шыңдап жүр. Телевизиялық жобалар, телесериалдарда, бейне клиптерді түсіру жұмыстары осы мамандардың еңбектері. Бұл мамандық қазіргі күні «сәнді» кәсіп болып алған іспетті. Олардың ішінде елімізде танылып келе жатқан жас киногерлер: Азамат Дулатов –Махмұт Сағатов шеберханасынан, Талғат Бектұрсынов –Александр Нилов шеберханасынан, Қайрат Темірғалиев пен Сәбит Семетаев – Әубәкір Сулеевтың шеберханасынан, ал Айдар Оспанов, Айвар Кыдырбаев, Еркінбек Птыралиев – Болат Сулеевтың шеберханасынан шыққан түлектер. Осы жас операторлар Қазақстанда операторлық мектепті жалғастырушы талантты киногерлер.
Операторлық өнерді танып, білу өте қызық үрдіс. Бұл өнер түрі өте жан-жақты. Кинооператорлар бір жағынан дарынды суретшілер, екінші жағынан техника мамандары. Қазақ кино тарихымыздағы кинооператорлар өз шеберліктерін пленкаға түсіріп жүретін. Пленкаға кино түсірген оператор өзін ұқыптылыққа, көріністің нәзік болуына, дұрыс түсіруге тәрбиелейді. Пленканың өзінің артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Ал, қазір техниканың, интернеттің дамыған заманында пленканың орнын цифралық камера басып отыр. Жарық пен кеңістіктің дұрыс қолданылуы кинода көркемдік жағының басты бөлігі. Экранда көрсетілген кеңістік – жарықтың дұрыс орнығуы, сатикалық немесе камера қозғалысының характеріне тікелей тәуелді.
Заманауи қазақ фильмдерінде артхаус, комедия немесе балалар киносы болсын барлығында жарық дәстүрлі орналасқан. Көркемдік жағын бақылайтын жарық барлық жерде бірдей қолданылады. Ал, есімізде болса оператордың басты міндеті әр фильмнің көркемдік жағы бір-бірлеріне ұқса-
мау керек. Мысалы батыс шеберлері фильмнің көркем жағын ұлғайту, әсемдеу үшін сирек пленкаға тапсырыс беруге, жаңа линзаларға, әр-түрлі фильтрларға, пленкаларды атақты химиялық құрам мен тазалауға ақшаларын еш аямайды. Осының бәрін фильмнің көркемдік жағы сапалы болу үшін жасайды. Ал, біздің қазақ киносында әлі күнге дейін өзге міндеттемелер, фильмдерімізде техникалық жағы сапалы болмаса да, ең бастысы қымбат көрінсе болғаны. Әрине қазіргі таңдағы түсірілген фильмдерімізде камера қозғалып, өз мүмкіндіктерін қолдануда, бірақ фильмде бұл камера қозғалысы еш мағыналы болмай жатыр. Фильмде әр қозғалыс маңызды, әр ракурс ойланып қолдану керек, ал қазақ киносында бұл мәселе аса маңызды қарастырылып жатқан жоқ. Бұл біздің операторлық өнерге деген немқұрайлы қарағанымыздың арқасы.
Қазақ киносындағы операторлық өнердің проблемалары туралы кинооператор Игорь Вовнянко өзінің бір мақалаларында былай дейді: «Қазақ кинематографистердің жұмыстары әлі күнге дейін тым қарапайым, суық түстер мен экраннан көркемдігі жағы нашар, нақты көрінбейді, сезілмейді де, бұл фильмнің кинематографиялық көрінісін жұтаңдата түседі. Кейбір операторлардың жеке жұмыстары техникалық жақтарын профессионалды тұрғыда пайдаланбайды...». яғни, айналып келгенде бұл қазақ киносы деңгейінің жоғары болуына себепкер жұмыстың бірі. Сол себепті кино өнерімізді дамыту үшін жаттанды айтылып жүрген «драматургиямыз нашар, режиссерлық жұмыс төмен» деген пікірлерді қайталай бермей операторлық мамандықты да қолға алған дұрыс.
Гаухар Аспандиярқызы
