Асылы Осман: ТІЛІҢ ЖОҚ БОЛСА, ТҮГІҢ ЖОҚ ЕКЕНІН ТҮСІНЕТІН КЕЗ ӘЛДЕҚАШАН ЖЕТКЕН

ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЛЫҢ ЕЛДІҢ ҚОЛДАУЫ -отыз жылда болмаған орасан зор ЖЕҢІС!

 Күні бүгінге дейін күн тәртібінен түспей келе жатқан қазақ тілінің мәселесін тұрақты түрде көтеріп келе жатқан «Қазақ үні» ұлттық порталында Мемлекеттік Тіл туралы заңды талап еткен зиялы қауым өкілдерінің Ашық хаты оқырман назарына қайта ұсынылған-ды. Мемлекеттік тілді қолдап қол қойғандардың саны 6 күнге жетпей  60 мыңнан асуы – отыз жылда болмаған орасан зор жеңіс. Осы мәселеге орай, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман апамызға хабарласып, ол кісінің ой-пікірін білген едік.

МЕНІҢ КӘСІБІМ ДЕ, НӘСІБІМ ДЕ – ҚАЗАҚ ТІЛІ

– Асылы Әлиқызы, күні бүгінге дейін тіл жанашыры ретінде қазақ тілінің мәселесін көтеріп келе жатқаныңыз көпке аян. Осы уақытқа дейін де біраз нәрсе айттыңыз. Дегенмен, қазақ тілі өз биігіне көтерілгенше, бұл жолдағы күрес те тоқтамауы керек шығар... – Мен бұрыннан айтып келе жатқанымдай, менің кәсібім де, нәсібім де –қазақтың тілі мен мүддесі. Қазақтың тілінің үнділігін, тазалығын шұрайлылығын, неге кейбіріміз жан дүниемізбен сезіне алмаймыз?! «Ащщы мен тәттіні татқан білер, алыс пен жақынды жортқан білер» демекші, қазақтың тілінен сусындап, ләззат алған адам ешуақытта ләззатына тоймайды да, сусынын да қандыра алмайды. Сондықтан, қазақтың тілін білмейтіндер, үйрену керек, үңілу керек. Қазақтың тілін ұғынғанда ғана оның қадіріне де жете аламыз. Қазақстанның иесі де киесі де қазақ. Қазақтың тілі өз елінде ғана қолданылып, өз елінде ғана мемлекеттік тіл бола алатынын түсіну үшін асқан ақылдылықтың қажеті жоқ. Қазақстандықтарға қажет болмаған қазақтың тілі кімге керек? Қазақтардың өздері қазақ тіліне қырын қараса, сырттан өзге біреу келіп біздің тіліміздің маңдайынан сипамайды-ғой айналайындар. Сондықтан, өз елімізде, өз жерімізде мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін өгейсітіп, өзектен тепкенді қоюымыз керек. Әншейінде, қит етсе, шетелге қарап, үлгі алғышпыз, шет елге қарап бой түзегішпіз ғой осы. Ендеше, неге біз ана тіліміз – қазақ тілін әлем елдері өздерінің мемлекеттік тілін қандай биік дәрежеде ұстаса, неге бізде сондай жоғары дәрежеге жеткізбейміз? Біздің қолымызды біреу қағып отыр ма? Туған тіліміз – қазақ тілін өз тұғырына қондыра алмасақ, сонда біздің егемендігіміз қайда, елдігіміз қайда?! – Дәл қазіргі кезде қазақтың тіліне не керек? Бізге керегі – ҚАЖЕТТІЛІК, СҰРАНЫС, ТАЛАП. Ең бастысы қазақ тілі өмірдің барлық саласында қолданылуы керек. Күнделікті өмірде қолданбасақ, оны айтудан да жазудан да пайда жоқ. Сонымен қатар, ЖАНАШЫРЛЫҚ, НИЕТ, ЫҚЫЛАС керек. Ол үшін әлбетте барлық нәрсе заң жүзінде шешілуі керек. Конституциямыздың 7-бабының 2-тармағында орыс тілі – ресми тіл деп өзге тілге төрімізден орын бергендіктен, әлі күнге дейін әрқайсысы қай тілде сөйлегісі келсе, сол тілде сөйлеп, тайраңдап жүр. Ал, бұл тармақты түбегейлі алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдап, онда: қазақтың бір ғана мемлекеттік тілі бар – ол қазақ тілі деп тайға таңба басқандай жазып қоюымыз керек. Және ол тек құжат жүізіндегі заң емес, іс жүзінде орындалатын заң болуы керек. – Қазақ тілінің кемел келешегі жолында қандай қадамдар жасалуы керек? – Шынымды айтсам, қазақ тілінің жайын ойласам жүрегім қарс айрылады. Отыз жылдан бері өзінің орнын таппаған тіліміздің келешегі қандай болмақ деп көңілім күпті күй кешемін. Осындай күңіреніп жүрген күннің бірінде ҚР Президенті болып Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындалып, «қазақ тілі ұлтаралық тіл болуы керек» дегенде көктен сұрағаным жерден табылып, қатты қуандым. Өкінішке орай, біздің елімізде мемлекет тарапынан бұл бағытта қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр дей алмаймын. Керісінше, биліктің түрлі салаларына бірінен бірі өткен қазақ тілінен мақұрұм мамандар келіп, халықтың жүйкесіне тиіп жатқанын көз көріп жүр. Тіл ұлттың даны, рухының үні, ең құнды дүниесінің алтын қоймасы. Неге осыны ұқпаймыз? Қазақтың тілін білмеген адам қазақтың кім екенін де білмейді, тарихына да тереңнен бойлай алмайды. Ондай адамдар жауапты қызметті атқарып та жарытпайды. Оған сенімім кәміл. Егер қазақ тілінің болашағы жарқын болсын десек, онда ертең емес, дәл бүгін арнайы сынақ жүргізу арқылы өз тілін білмейтіндерден түгел құтылуымыз керек. БАР ҮМІТІМІЗ – ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ТУ ЕТКЕН АТПАЛ АЗАМАТТАРДА –  «Тіл үшін күрес – күрестердің ұлысы» деп ұлт қайраткері Мұхтар Шаханов айтқандай, қазақ тілі нағыз мемлекеттік тіл болуы үшін бұл тұрғыдағы жасалып жатқан жұмыстардың өз нәтижесін беретін күні де алыс емес-ау... – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Ұлттық Кеңес құрылып, оның мүшелік құрамында белгілі ұлт жанашыры Қазыбек Иса бар екенін көргенде,  ұлттық мүддеміздің ұпайы түгенделетін болды деген бір үміт қылаң берді. Айтқанымдай, Ұлттық Кеңес төрінен төбе көрсеткен Қазыбек Иса Мемлекеттік Тіл туралы заң қабылдау керектігін шегелеп тұрып айтқанда, қуанышымда шек болмады. «Болар елдің баласы бірін бірі батыр дер» демекші, ұлттық мүддеге келгенде біз бір-бірімізді қолдауымыз керек. Әйтпесе, бүгінгідей сын сағатта бір-бірінің балағынан тартатындар жетіп артылады. Бүгінде жарық көре бастағанына 20 жыл толып отырған «Қазақ үні» газеті өзінің алғашқы санынан бастап, қазақ тілі үшін суға түсіп, отқа да күйіп келеді. Газеттің тұрақты оқырманы ретінде басылымның қазақ тілінің көсегесін көгерту жолындағы көтерген әрбір мәселесі көз алдымда. Шындығын айтқанда, бар үмітіміз – ұлттық мүддені қорғап, қазақ тілін қайтсем өзінің тұғырына қондырам деп жүрген Қазыбек Иса сынды атпал азаматтарда. Күні кеше, осыдан бірнеше жыл бұрын жарияланған Мемлекеттік Тіл туралы Ашық хатты «Қазақ үні» порталы қайта жариялағанда, 6 күнге жетпей 60 мыңнан астам адам қолдап, қол қойғанын көргенде қатты қуандым. Бұл отыз жылда болмаған орасан зор – ЖЕҢІС! Тілім дегенде жүрегі тілім-тілім болатын, қазақ тіліне шынайы қорған болатын қара орман халқым тұрғанда, қазақ тілінің болашағы жарқын болатынана осыдан кейін жан жүрегіммен сендім. Ендігі жерде осындай халықтың жаппай қолдауына ие болған Ашық хатпен, ондағы көтерілген мәселелермен билік санасып, халықтың талабын орындайды деген үміттемін. Тас мұқалып құм болады. Темір тозады, адам өмірден озады, әдетіңді де ғұрпыңды да, салтыңды да,  сақтайтын әрі қарай жалғастыратын – көмейдегі сөз бен таңдайдағы тіл ғана. Сондықтан барымызды бағалап, қазақ тілінің қадіріне жете білейік, ағайын! Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ qazaquni.kz