Қазыбек Иса. БІР ҚҰШАҚ ГҮЛ.
2012 ж. 08 наурыз
4918
4
Түнде түсіме анам кіріп оянсам,
бір ағамыз: «Анаң мен келінді мерекелерімен
құттықтап қойғын»-деп, көңілімді босатты...
Кірді анашым түсіме бүгін тағы, Ерке күнін іздеумен жүр ұрпағы... Күресі мен күрмеуі көп өмір ғой, Кездесе де бермейді ұрымталы... Кірді анашым түсіме бүгін тағы... Наразы боп жүрсің бе тірлігіме, Намазы көп бұзылған бұл күніме... Қисық кетіп, қысылған кездерімде, Түске кіріп қинайсың ұлды міне... Жүр ме екенсің дәметіп аяулы анам, Анық бейнең... берді ғой аян маған... Жеті шелпек пісірді келініңіз, Бағыштады ұл дұғасын... баяулаған. Сүйегіңіз саудырап талай келген, Сол баяғы Алматы арай көрген. Ақын ұлың жүруде аман-есен, Қайта-қайта ауылға қарай берген... Келешекке беттеуде керегелер, Әжені іздеп ән салар немерелер... Теріп жүрмін терменен несібемді, Тірі пенде барлығын көре берер. Әперем деп үйдегі құлыншаққа, Сен таппаған бар ұлттық қуыршақ та... Сөйлейді олар қазақша... Тек адамдар, Қуыршаққа жетпей жүр қуынсақ та... Сізге де айтып кеттім-ау арызымды, Бұл өмірде қайтейін, бәрі зілді... Қалам алып жүрген соң... Қазағыма Қайтарсам деп ойлаймын қарызымды... Айтпақшы, апа, елуге келеді ұлың, Алла жазса, елге есеп береді ұлың. Мерекені мейрамдап жатыр бәрі, Босап отыр көңілім неге бүгін?.. Өзіңізбен бірге атқан талай таңы, Әңгімемен әкем кеш қарайтады. «Ауылға қайт» дегенді әлі айтады... Сексеннің де, әрине, бар айтары: «Кемпір әпер» дегенді кемітуде, Сізді өйткені бұл күнде көп айтады... Кірді анашым түсіме бүгін тағы, Жапырағын жаюмен жүр ұрпағы. Аманатың аналық жүрегімде, Ұмытпайды уәдесін ұл ынталы. Кірді анашым түсіме бүгін тағы... Үздіккенмен жетер тек үркерге әнің, Бір кем дүние деген ғой, бір кем халің... Жал көрсетіп, жан сырдың бүркем бәрін... Апам еске түскенде... елуде де, Жасыра алмай... жасымды ірке алмадым... Шын қысқанда кім шерін шығармаған, Әкесінің сезімін ұғар балам... Жүрсің бе, апа, алаңдап ол жақта да... Бір-ақ медет тілеймін бір Алладан! 08 наурыз 2012 жыл
БІР ҚҰШАҚ ГҮЛ
Сегізінші наурыз күні мен саған, Алматыдан ұшып жеттім- Шыдар ма жан аңсаған... Ұшағыма көтеріп мен мінгем-ді, Құшағыма сыймай тұрған гүлдерді Сыйлап едім- Қарап тұрды қанша адам... НАУРЫЗДАҒЫ СОЛ БІР ДАЛА ГҮЛДЕРІ, ӘЛІ КҮНГЕ САҒЫНДЫРЫП ЖҮР МЕНІ... Бір күн көрмей қалсам сені қиналам, Жүрегіме күнде шуақ сыйлаған Жүзің неткен нұрлы еді!.. Жауқазындар сол бір ерте көктемгі, Екеумізге қалдырған-ды көп белгі... Тұнып тұрған сезімді кім тұсапты, Гүлдер исі жеңілдетіп ұшақты, Уақыттан бұрын ұшып жеткен-ді... Майлыкенттің майда жұпар самалы, Бусандырып жатқан еді даланы... Екі ғашық содан есін жия алмай, Сол күндердіі, бал күндерді қиалдай, Бірін бірі ынтықтырып барады... Сағынышқа айналып әр сапарым, Ғашықтардың толтырдық біз қатарын... Әрбір күнім әсер сыйлап не түрлі, Сегізінші наурыз күні секілді, Саған жаным, ұшып бара жатамын!.. 08.03.2002 жыл БЕС МЕЗГІЛДІҢ БЕДЕРІ Түсте күн төксе, шуағын, Түсім де менің жылынар... Елесіңді ессіз қуамын, Емімді сенсіз кім ұғар... Жүрсің ғой күтіп қырда сен, Сыршыл ғой Сырдың толқыны. Бір сәт те шыдап тұрмас ем, Жеткізер емес жол түбі... Екінді кез де езді мұң, Шөлдетті саған жер шөлі. Көркейту үшін көз нұрын, Көруім керек мен Сені... Қызылдың құмын қыздырған, Қызарып батқан күн қандай?!. Жолыма болған жүз құрбан, Жол қарап күнім тұрғандай... Жүзгенді бұтап, нан көміп, Жүзіңде арай жүзді ме? Жаратқан Ием жар болып, Жар болған маған қыз міне... Жайнаған шоқтай реңі, Жайлаған жұлдыз көкті де... Жүрекке түскен біреуі, Үзіліп көзден... кетті ме?.. Жолығар қашан туар күн, Жолыма жүрсің елеңдеп. Түн болса, сондай қуандым, Түсімде Сені көрем деп... Бітірген өзін төзімнің, Бітпеді-ау менің сапарым. Ажарың сынды сезіндім, Арайлы таңның шапағын. Жазымыз елге болды аңыз, Жемісін төгіп жетер күз... Жолығып едік жолда біз, Жол қарап мәңгі өтерміз!.. 06.09.1998. Қазыбек ИСА