Димаш Американы өнеріне табындырды

Дәл қазір Нью-Йорктегі Barclays Center аренаның сахнасында әлемге танымал қазақстандық өнер жұлдызы Димаш Құдайбергеннің концерті үлкен аншлагпен өтті, деп хабарлайды dimashnews.com тілшісі.

Әнші «Arnau tour ENVOY» аясындағы осы жолғы сапарында көрермендеріне жаңа бағдарламасын ұсынуда. Оның барлық қойылымдарынан ұлттық нақыш, қазақтың менталитеті жаңаша кейіпте байқалып тұрды.

Концерт алдында Димаш концерттік бағдарлама көрермендерге қазақтың төл өнерін қазіргі заманғы интерпретациямен таныстырады деген еді. Десе дегендей-ақ, әншіні бүкіл әлемге қазақ мәдениеті мен музыкасының, тіпті ұлттық болмысының хабаршысындай сезіндіреді.

«Космос және Әлемнің шексіздігі» атты шоуда Нұр-Сұлтанда өткен жазғы концерттің ең жақсы сәттері қамтылған. Димаш оркестрдің сүйемелдеуімен «Адай» күйін, өзге де композицияларды нәшіне келтіріп орындады. Бағдарлама барысында Бекболат Тілеухан орындайтын «Елім менің» әнінің көрініс табуы көрермен көңілін сергітеді.

Әлемнің 60 астам мемлекетінен жиналған тыңдарманның Димашпен бірге «Әлемде бірлік болсын!», «Отаным – Қазақстаным» деп ұрандауы, сахна төріндегі алып экраннан Мемлекеттік туымыздың желбіреп тұруы, Димаштың домбырамен күй шертіп отырып, арнайы қондырғымен көкке көтерілуі концертке әр мемлекеттен келген қонақтарға айрықша әсер сыйлады.

Тіпті, қандастарымыздың көздеріне жас алып, толқуы олардың атажұртқа деген аңсарын, сағынышын аңғартты. Димаш «Дайдидай-ау» әнін бала кезінде әлемге танытуды армандаған болса, бүкіл Американы өнеріне табындырған осынау кеште де бұл туынды көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды.

«Бүкіл концерт бойы тақымымды қысып отырғаным жасырын емес. Ұлы атқа қонса, алаңдамайтын ата-ана жоқ шығар, сірә. Ең бастысы, біз мақсат-мүддеміздің үдесінен шықтық. Қазақстанды танытуды, қазақ жұртының өнерімен тамсандыруды, қазақ мәдениетінің осал еместігін, кез келген мәдениетпен бәсекелесе алатындығын көрсеткіміз келген. Міне, кеш бойындай осындай идеямызға сай, ұлттық нақыш есіп тұрғандығын бәрі байқады деп ойлаймын», деді Димаштың әкесі Қанат Айтбаев. Айта кетейік, Димаш әндерді қазақ, ағылшын, орыс, француз, итальян және қытай тілдерінде орындады.