Жарнамалар жаппай тексерілуде

Елордада Тілдерді дамыту және архив ісі басқарма­сы­ның қолға алуымен «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» акциясы жүріп жатыр. «Акцияның негізгі мақсаты – тілдерді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын қадағалау, заңнаманы бұзғандардың жауапкершілігін күшейту, мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін өсіру, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінде кездесетін қателердің алдын алу», – дейді әкімдік өкілдері. Биылғы сәуір-мамыр айларында қаланың 68 көшесі мен 14 даңғылында орналасқан шағын және орта бизнес субьектілерінің жарнама мәтіндері тексерілді. Кәсіп иелеріне заңнама талаптары түсіндіріліп, кемшіліктер түзетілді. Рұқсатсыз орналастырылған 400-ден астам жарнама алынып тасталды. Ұйымдастырушылар акция­ның аралық қорытындысын «дөңгелек үстел» отыры­сында жариялайды. Оған қала әкімдігінің басшы­лығы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министр­лігінің Тіл саясаты комитеті, прокуратура, қалалық кәсіпкерлер палатасы, аудан әкімдіктері, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, Инвестиция­лар және кәсіпкерлікті дамыту басқармалары және тағы басқа мем­лекеттік мекемелердің өкілдері, сондай-ақ қоғам қай­раткерлері мен арнайы шақырылған дәріскерлер қатысуда. qazaquni.kz