ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН ҚАҚПАШЫЛАР
2025 ж. 04 қазан
569
0

ТИБО мен ШЕРХАН
Қазақ қақпасын қорғап қалған қайсар қақпашы Темірлан Анарбек қазақ футболына әлемнің чемпиондар лигасының қақпасын ашып берді…
Ал футбол әлемінің қақпасына секіріп кірген Шерхан баланы әлем қақпашыларының әкесі Тибо Куртуа құшақ жайып қарсы алды. Арқасынан қағып, футболкасын сыйлап, екеуі футболкаларын ауыстырып киді! Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына Шерхан Қалмырзаның суретін салып қойды.
Бұл - қазақтың қақпашы баласы Шерханды әлемнің үздік қақпашысы Тибоның мойындауы!
Бұл - үлкен футболға алғаш қадам басқан қазақ баласының ғана емес, әлемнің бар қақпашысы армандайтын құрмет!
Сәтті түсірілген суретке қарасаңыз, бойы 2 метр қарағайдай Тибоның қалақтай Шерханға қарап тұрған жүзінен шуақ шашқан әкелік мейірім әдемі көрініп тұр.
• Тибо Куртуа 2018 жылы Әлем чемпионатындағы ең үздік қақпашы.
Лигадағы ең аз гол жіберген қақпашы) — бірнеше рет (мысалы, Атлетико Мадрид кезінде және Реал Мадридта) және 2016-17 ж. Челсидегі үздік таза қақпа сақтаған рекордтар иесі.
Қазақтың қара баласына әлемнің дара қақпашысы құрмет көрсетіп жатқанда қазақ қақпашыларының көшбасшысы Құралбек Ордабай стадион төрінде, алыстан көз салып, сүйсіне қарап отырған еді…
Айтпақшы, шіреніп тұрып тепкен добын серпіліп тұрып қайтарған шыбықтай Шерханға шынардай Мбаппенің шынайы риза болып, бұрылып тұрып, ұзақ тесіліп қарауы - көөөөп нәрсені айтып кетті…. Әркімге олай мойын бұра қоймайтын әлемдік әйгілі жұлдыздың қазақ қақпашысына ерекше назар аударғаны тегін емес…
ЖАРАҚАТТАР АШҚАН ЖАҢА ЕСІМДЕР
Иә, біз негізі, әлемдік чемпиондар лигасын сөз еткенде әңгімені Темірланнан бастауымыз керек!
Жазушы-драматург Думан Рамазан бауырым турасын айтқандай, “Бәріне кінәлі “Ақтөбе” футбол командасы!” Сол командамен ойында Темірланның жағы сынып, жарақат алды… Ауылдың ойынын қазақ тарихында Қазақстанға алғаш аяқ басқан әлемдік “Реалмен” кездесуден кейін-ақ өткізсе, аспан айналып жерге түсердей болыпты “Ақтөбе” клубының басшысы….
Кесепаттығы “Қайратқа” ғана емес, қазақ футболына кесірін тигізді!
Өйткені, “Қайраттың” қақпасы - Қазақтың қақпасы!
Біріншіден, “Қайраттың” бірінші қақпашысының жарақат алуы - 2025 жылы 26 тамыздағы Алматыдағы чемпиондар лигасына іріктеу ойынында “Қайрат” - Селтик футбол командаларының жекпе-жегінде Темірланның бағын ашып берді. Ол пенальтиде 5 доптың 3-еуін қайтарып, әлемде сирек кездесетін сенсация жасады. Солай жеке футбол клубындағы екінші қақпашы “Қайраттың” ғана емес… Қазақтың бірінші қақпашысына айналды.
Баяғы “Қайраттың” даңқты қақпашысы Құралбек Ордабаевты еске түсірді.
ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫНЫҢ ТЕМІРЛАНЫ - АТЫНА САЙ ҚАЗАҚ ҚАҚПАСЫН ҚОРҒАП ҚАЛДЫ!
“Қайратты” чемпиондар лигасының негізгі ойына алып шыққан да, әлем жұлдыздары ойқастаған әйгілі “Реалды” тарихта тұңғыш рет Алматыға, Қазақстанға, тіпті Азияға алдырған да Темірлан бауырымыз! Алла жар болып, Жұлдызы жарқырай берсін!
Ал енді сол чемпиондар лигасы ойындарына жағың сынып, жарақат алып қалып, шыға алмау, аңыз болған “Реалмен” ойынға қатыса алмай жай көрерменге айналу - жауыңа тілемейтін қиын жағдай!
Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, Темірланның “Ақтөбе” клубымен ойында жағы сынып, жарақат алуы Чемпиондар лигасының негізгі жарысындағы алғашқы ойында футбол отанына айналған Португалияның “Спортинг” командасымен кездесуде ойынға шығып, бір пенальтиді және қауіпті шабуылдарды қайтарған қақпашы Шерханның атын айдай әлемге жарқ еткізіп, бағын жандырды… Атынан ат үркетін атақты “Реалмен” ойында жеңілсек те, бірнеше қауіпті доптарды қайтарды. Шерханның бойындағы рух, алаңдағы намыс үшін жанталасқан айқайы “Қайраттың” үшінші қақпашысынан команда капитанына айналып кеткендей болды…
Әйгілі суреттегі Тибо арыстан, Шерханға қарасақ, қабылан сияқты. Айтпақшы, арыстан - біздің бала. Өйткені, “Шер-хан” деген сөздер парсыша “аң патшасы -арыстан” дегенді білдіреді. Иә, Шерхан алаңда атына сай арыстанша айқасты.
Келбеті баласымен жасты көрінетін Шерханның жап-жас шешесі Сәуле Рабай туралы жазбаған сайт жоқ, ал әкесі туралы ешкім үндемейді. Кейін белгілі болғандай, қазір бөлек тұратын әкесі Елдар Жамбыл облысындағы Жуалыдан екен. Жуалы - әйгілі жазушы Шерхан Мұртазаның ауылы. Осыдан-ақ Шерхан аты қалай қойылғанын айқын біле беруге болады.
Ал Шерханның шебер қақпашы болуына бала күннен жаттығуға тасыған, сол үшін Астанадан Алматыға көшкен, өзі де футболдан Астананың қыздар командасын республика чемпионы жасаған кәсіби мықты бапкер, Түркістан облысындағы Шардараның шаңын шығарып, талай футбол ойнаған нағашы атасы Еділ Рабайға шексіз алғыс!
Енді әлем біліп, шулап жатқан екі қазақ қақпашысы Темірлан мен Шерхан қазақ футболының даңқын дүрілдетіп тұр.
“Қайраттың” қақпасын темір қақпаға айналдырған Темірланның тезірек жазылып, атқа қонып кетуін тілейік.
Алда әлі талай “Реал” секілді әлем алпауыттарымен айқас бар!
“Shoqan” брендінің негізін қалаушы кәсіпкер Ұлықбек Шәріпке көп рахмет! Бір кемшілігі, ақыр көлік бергенін жарнамалайды екен, кәсіпкердің өз тіліне сауаты жетпеген бе, Ресей тілінде сөйлепті. Шерхан әрине, амалсыз сол тілде жауап беруде… Екеуінің сөзін естісе Тибо мен Мбаппе :Бұл қазақтардың өз тілдері жоқ па?”-деп аяныш білдіретіні анық…
“Казахтардың” намыссыз құл саналылығына күйіп кетіп: “Қазақтар, Алма-Ата - столица мира” деген сөзді неге қазақша айтып айқайламайсыңдар, орысша емес?!”- деп айқай салған Ресейден келген “Реалдың” жанкүйері, орыс азаматына мың алғыс! Әй бірақ, біздің ана тіліне миы жетпейтін мәңгүрттерге бәрібір?!.
Айтпақшы, қазақ футболын айтқанда, әлемнің әйгілі “Челси” клубы құда түсіп, қалап алған Дастан Сәтбайымыз да бар екен ғой?!.
Дастанның да дастаны жазылар күн жақын деп білейік!
Сонымен бірге “Қайраттың” тағы бір талантты футболшысы, жартылай қорғаушы, Шардарадан шыққан Олжас Байбек “Реалдың” ойыншылары өте жылдам және физикалық күшпен ойнайды — оларды қуғанда қиын, ойын ауыр болды.”-деп жауап берді журналистерге.
Олжас - 2025 жылғы маусымда жасөспірімдер арасындағы Еуро-2027 іріктеу кезеңінде Андорраға қарсы матчта жеңіске жеткізген жалғыз голдың авторы.
Алла жар болып, Жұлдыздарың жарқырай берсін бауырларым!
ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫНА АҚ ЖОЛ!
2021 жылы әлем чемпионатына іріктеуде Қазақстанның ұлттық құрамасы Франциядан 8:0 болып ұтылып, масқара болды! Қайтарымсыз 8 голдың жартысын, 4 голды кешегі Алматыға келіп 3 гол соғып кеткен дүлей Мбаппе соқты. Сонда біз парламентте “Миллиардтарды футболға әлемде масқара болып жеңілу үшін жұмсап жатырмыз ба? Гол салмайтын, тек қазынаға қол салатын, қол салғанда мол салатын қазақ футболына милиардтарды шашуды тоқтататын уақыт жетті!”-деп дабыл қаққан едік. Сол кездегі “Ақ жол” фракциясының осыдан төрт жыл бұрын көтерген барлық футбол клубтарын жекешелендіру, легионерлерге қаржы төлеуді тоқтату, балалар футболын дамыту үшін академиялар ашу, дамыған елдерден 10 есе көп, заты түгілі аты белгісіз 180 спорт түрін қаржыландыруды күрт қысқарту туралы талабы қазір заңмен бекітіліп орындалуда. Біздің талаптарымыздың нәтижелігін “Қайрат” жеке футбол клубы жетістіктері айқындап келеді.
Кәсіби бапкер Fazylbek Absattaruly құрған, тек қазақ балаларынан құралған, халықаралық жүлделерге ие болған “Арландар” футбол клубының түлектерінің Португалияда үздік ойын көрсетіп жүргенін ойласақ, спортта ұлттық рухтың, бір тілде сөйлеудің үлкен рөл атқаратынын көрсетеді.
Өткен ғасырдың басында құрамында ұлы жазушымыз Мұқтар Әуез болған “Ярыш” командасы бастаған Алаш футболының болашағы алда.
Қазақ футболына Ақ жол тілейміз!
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты