«Тізеңді батырдың. Мен кештім»: Тұңғышбай Жаманқұлов Асанәлі Әшімовке жазба арнады

«Тізеңді батырдың. Мен кештім»: Тұңғышбай Жаманқұлов Асанәлі Әшімовке жазба арнады

Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов аңыз актер Асанәлі Әшімовтің қазасына қатысты толғауы терең жазба жариялады.

«Асқар тауымыз едің - аласармадың, төменге көз қиығын салмадың... Төбесі салқын таудың етегінде де өзің сияқтылар бары қаперіңде болмады... Аспандап жүрдің, ақыры аспанға кеттің... Мәдиіңді ойлап мұң байладың... Сағиыңды сағынып сал шекпен жамылдың... Қатарыңнан жалғыз едің - соңдарынан кеттің... Қатарымнан жалғызбын - арттарында қалдым.... Ағалық жасап арқамнан қақпадың - әлжуаздықтан сақтадың... Көкем болып, іш-баурыңа тартпадың, көңілімді өсірмедің - кіші болмай жақпадым... Жығылғанымда жебемедің, қарсы жағыма шықтың, ізі нас арзан шенді мен босөкпе аярдың сөзін сөйледің - аққа құдай жақ деген... Құламадым... өз күшіме сендім, өзім тіктелдім... Жалалы кезімде сүйеніш болмадың - жансірілікке үйреттің... Тірегім болмадың - табаным таймастай өзім тағаландым... Бетімнен қақтың, белімді бумадың - бекемдікке баулыдың... Алдымда болдың, саған жетсем, қасыңда қатар жүрсем деп адымымды ұзарттым... Соңыңда қалдырмадың - ізіңді басып жүрсем де, қолың созып, жасы үлкендік жасамадың... Қатарлас-құрдасымның тағдырын аяусыз тептің... Тізеңді батырдың... Ардан аттадың... Білмеген бола алмадым, мұныңыз не дедім - меселімді қайтардың... Жерге қараттың... Өкпеледім... Өткенге салауат - Мен кештім... Биіктігіңмен қоса тым төмендеген Пенделігіңді көзіммен көріп, куә болғаным үшін, күйзеліп, қапалық кешкенім үшін - Өзің де кеш... Өкпеге қисам да, Өлімге қимап едім... Қайткенде де ірі едің, сен кеткен соң айналам жәй алданыш, майда-шүйде... Алдымда Сен бар едің - өзіңдей Таумен теңелсем, иықтасып жүрсем деген үкілі үміттің үстінде едім... Маңайлатпадың... Әманда Арлы Азаматтығың мен Биіктігіңді ғана көрсем деп аңсаушы едім... Мен кішілік ізетімнен аспаған едім, артық сөзсайысқа, ғайбаттаған әбестікке бармаған едім... Болмады... Өзіңе ғана жарасымды жасанды кінәздігің, кейде ерсі көрінер сайқы-сылқымдығың да өзіңмен кетті... Дәтіңе берік қаттылығың да жібімеген күйде өзіңде қалды... Кеттің... Жоқсың... Жоқтардың санын көбейттің... Енді Сен де Сарыуайымға, кермекті Сағынышқа айналдың... Әзірге бар бола тұрғаның жақсы еді... Мұнша аяқ астынан, асығыс аттанар деп ойламағам... Екіұдай күйдемін... Не амал... Қош көке... Бақұл бол...», – деп жазды Т. Жаманқұлов.

Қазақ үні