Түркістан облысында 57 мыңнан астам тұрғын сенбілікке шықты

Түркістан облысында 57 мыңнан астам тұрғын сенбілікке шықты

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасының орындалуы тұрақты бақылауға алынған. Өткен аптада өңір бойынша 201 тазалық шарасы өткізіліп, оған 57 654 тұрғын қатысып, 177 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде баяндалды.

Мәжіліс барысында облыс басшысы барлық аудан, қала әкімдеріне елді мекендерде санитарлық тазалық жұмыстарын күшейтуді, рұқсатсыз қоқыс төгілген орындарды анықтау және жою бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, рейдтер ұйымдастырып, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау жұмыстарын да күшейту қажеттігін атап өтті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қабылданған жоспарлар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Өткен аптада ұйымдастырылған «Таза жағалау» акциясына 7 110 мемлекеттік қызметкер мен тұрғын қатысып, 1 016 шақырымға жуық өзен жағалауы тазаланды. Нәтижесінде, 143 тонна қоқыс шығарылған.

Бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да қарқын алған. «TazaQazBot» жүйесі арқылы тұрғындардан 3 104 өтінім қабылданып, оның 3 192-сі орындалған, 12 өтінім орындалу үстінде.

Санитарлық талаптарды сақтамаған тұлғаларға қатысты да тиісті шаралар қабылданып жатыр. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда тәртіп бұзған 16 993 жағдай тіркеліп, жалпы сомасы 502,7 млн теңге болатын айыппұл салынған. Оның 270,9 млн теңгесі өндірілген.

Апта сайын облыс бойынша жұмысшы топтар мониторинг жүргізіп келеді. Дегенмен, рұқсатсыз қоқыс төгілетін орындар әлі де азаймай отыр. Анықталған фактілер бойынша аудан және қала әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Тазалық жұмыстары жалғасады.

Аппарат мәжілісінде бұдан өзге жылыту маусымына дайындық барысы мен «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылыс жайы қаралып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.