Түркістан облысында мәдениет саласын дамыту бойынша кешенді шаралар атқарылуда

Түркістан облысында мәдениет саласын дамыту бойынша кешенді шаралар атқарылуда

Түркістан облысында мәдениет саласында негізгі алты бағыт бойынша халыққа жүйелі түрде қызмет көрсетіліп келеді. Олар — театр, концерттік ұйымдар, музей, кітапхана, тарихи-мәдени мұра нысандары, тілдерді дамыту және ономастика салалары. Осы бағыттар бойынша облыстық мәдениет басқармасына қарасты 24 мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Аппараттың апталық мәжілісінде аталған мекемелердің қазіргі жағдайы мен даму әлеуеті сараланып, саланы жандандыру мәселелері қаралды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәдениет саласының маңыздылығына тоқталып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Оның айтуынша, мәдениет – облыстың рухани дамуының тірегі, сондықтан бұл бағытта жүйелі кемшіліктерді дер кезінде анықтап, нақты шешім қабылдау қажет. Сонымен қатар, облыс көлемінде өткізілетін іс-шаралардың мазмұны мен форматына өзгеріс енгізу, креативті идеялар мен заманауи тәсілдерді қолдана отырып, ұсыныстар дайындау тапсырылды. Әкім мәдениет саласын дамыту бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын бекіту, кітапханалар мен мәдениет үйлері, клубтардың жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігін де атап өтті.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың мәліметінше, өңірдегі үш театрда 2025 жылдың 9 айында 15 жаңа спектакль сахналанып, 245 қойылым өткізілген. Оларды 35 мыңнан астам көрермен тамашалады. Жыл соңына дейін тағы 15 жаңа қойылымды сахналау жоспарланып отыр. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде 145 мәдени іс-шара өткізіліп, 85 500 көрермен қамтылған.

Облыстағы 24 музейде 552 көрме, 5983 экскурсия және 482 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 205 178 адам музей қызметін пайдаланған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға артқан. Жыл басынан бері 2167 жаңа жәдігер жинақталып, облыстағы музейлердегі жалпы жәдігер саны 178 134-ке жеткен.

Бүгінде облыс бойынша 388 кітапхана жұмыс істейді. 9 ай ішінде 9987 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, кітапхана қорына 23 985 дана жаңа кітап қосылған. Жалпы кітап қоры 6 054 726 данаға жетіп отыр. Оқырмандар саны 351 096 адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,5%-ға өскен.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 7 мәдениет нысанында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олар Бәйдібек, Мақтаарал, Түлкібас, Сауран, Кентау және Төлеби аудандарында орналасқан. Нысандарды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар 2026 жылға дейін тағы 9 мәдениет нысанын (Сауран – 1, Түлкібас – 2, Сарыағаш – 3, Келес – 1, Ордабасы – 1, Жетісай – 1) пайдалануға беру көзделіп отыр. Жергілікті бюджет есебінен Түркістан қаласындағы 500 орындық мәдениет үйі ел игілігіне берілді.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда «Artsport.kz» ақпараттық жүйесі арқылы облыс бойынша 221 өнім беруші арқылы 676 шығармашылық үйірме ұйымдастырылып, 18 575 бала тегін қатысып жүр. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауға алынған.