Түркістан облысында инвестициялық жобалар қарқынды дамуда

Түркістан облысында инвестициялық жобалар қарқынды дамуда

Түркістан облысында жалпы аумағы 2397,3 гектарды құрайтын 20 индустриалды аймақ құрылған. Бүгінгі таңда бұл аймақтарда жалпы құны 39,5 млрд теңгеге 50 инвестициялық жоба іске қосылып, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта жалпы құны 112,4 млрд теңгеге тағы 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру және қосымша 3 812 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Аталған жобалар құрылыс материалдары мен дайын металл өнімдерін өндіру, металлургия, машина жасау, пластмасса өнімдерін шығару, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі салаларында жүзеге асырылуда. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте мәлімделді.

Облыс басшысы жиын барысында инвестициялық ахуалды жақсарту, индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын толық қамтамасыз ету және инвесторларға нақты қолдау көрсету бойынша бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, инвестиция тарту мен өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытындағы жұмыстарға басымдық берілуі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, индустриалды аймақтардағы мәселелерді шешу үшін нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және әр апта сайын атқарылған жұмыстар туралы есеп беруді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстарды сапасыз орындаған басшылардың жауапкершілігі қаралатынын ескертті.

Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын жүргізуге 12,35 млрд теңге қаржы жұмсалған. Бюджеттен бөлінген әрбір 1 теңгеге 12,3 теңге көлемінде жеке инвестиция тартылған.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында индустриалды аймақтарда орналасқан кәсіпорындардың өндірген өнім көлемі 12,5 млрд теңгені құрап, бюджетке 756,6 млн теңге салық түскен. Бүгінде жалпы құны 78,1 млрд теңгеге бағаланатын 28 жаңа инвестициялық жоба индустриалды аймақтарға орналастырылып, нәтижесінде 2 370 жұмыс орны ашылды.

Мәжіліс барысында облыс аумағындағы аудан және қала әкімдері индустриалды аймақтардың қазіргі жағдайы мен жүзеге асырылып жатқан жобалар бойынша баяндама жасады. Жауапты басқарма мен әкімдерге инфрақұрылым жүйесіне қажетті қаржы көлемін есептеу, жер алып, жұмысын бастамаған кәсіпкерлерден жерді қайтару, зауыттарды салық органдарына тіркеу және жаңа жобаларды көбейту бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.