Түркістанда «Абай жолы» романы таратылды
2025 ж. 14 тамыз
566
0

Түркістанда Абайдың 180 жылдығына орай «Абай жолы» романы таратылды.
Абай мерейтойы мен Жастар күні аясында өңір жастарына Мұхтар Әуезовтің төрт томдық «Абай жолы» романы сыйға берілді.
Түркістанда ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы және «Жастар күні» аясында рухани іс-шара өтті. Абай ескерткіші жанында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған көшпелі кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров белсенді жастармен кездесіп, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының төрт томдық жинағын тарту етті.
– Мемлекет басшысы әр шаңырақта Абайдың кітабы мен «Абай жолы» романы болуы керектігін айтқан. Осы бастаманы қолдау үшін 180 жылдық мерейтойға орай 180 жинақты таратуды жөн көрдік, – деді өңір басшысы.
Жастар рухани сыйға ризашылықтарын білдіріп, Абай мұрасын қастерлейтіндерін жеткізді. Кітап көрмесінде ақын өмірі мен шығармашылығына арналған экспозициялар және «Бал текстиль» компаниясы тарту еткен, Абай бейнесі салынған қабырға кілемшесі жұрт назарына ұсынылды.
Шара Түркістан жастары үшін «Абай күні» мен «Жастар күнін» айрықша мазмұнмен айшықтады.